ПАЯЕВ
АЙБЕК
МИНАИМБЕКОВИЧ

Депутат, член Комитета по финансам и бюджету Мажилиса Парламента Республики Казахстан

Обращение к депутату
Депутаттық сауалға жауап

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің

«Қазақстан Халық партиясы» фракциясының депутаттарына

(тізім бойынша) 

Құрметті депутаттар!

Қазақстан Республикасының Үкіметі тұрақты негізде халық табысын арттыру және әл-ауқатын жақсарту бойынша жұмыстарды жүргізуде.

Қазақстан Республикасында ең төменгі жалақы деңгейін арттыру үшін қабылданған шаралар бойынша

«Ең төмен әлеуметтік стандарттар және олардың кепілдіктері туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі - Заң) 11-бабына сәйкес ең төменгі жалақы еңбек саласындағы ең төмен әлеуметтік стандарттардың бірі болып табылады. Ол Еңбек кодексінің 104-бабына сәйкес тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы Қазақстан Республикасының заңымен жыл сайын белгіленеді және ең төменгі күнкөріс деңгейінен кем болмауға тиіс.

2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап жалақының төменгі мөлшері
1,5 есеге (28 284 теңгеден 42 500 теңгеге дейін) арттырылды, бұл мақсатқа республикалық бюджеттен қосымша 259 млрд теңге бөлінді және тұтастай алғанда халықтың орташа жалақы мөлшеріне оң әсерін тигізді.

Жалақының төменгі мөлшерін арттыру мақсатында арнайы Жол картасы әзірленеді. Оның шеңберінде жалақының төменгі мөлшерін арттырудың негізгі тәсілдері мен тетіктері зерделеніп, ең төменгі жалақыны белгілеу әдістемесі жетілдіріледі.

Жалақының төменгі мөлшерін арттыру республикалық бюджеттен қосымша шығыстарды талап етеді. Осыған байланысты бұл мәселе елдегі экономикалық жағдайға және мемлекеттік бюджеттің нақты мүмкіндіктеріне қарай қаралатын болады.

Қазіргі уақытта Үкімет елдің макроэкономикасына жалақының ең төменгі мөлшерін арттырудың әсерін бағалауға байланысты зерделеу жүргізуде және оның нәтижесінде Қазақстан Республикасы азаматтарының әл-ауқатын арттыруға бағытталған қажетті шаралар қабылданатын болады.

Ең төменгі күнкөріс деңгейін есептеу әдістемесін өзгерту бойынша қабылданған шараларға қатысты

Заңның 16-бабына сәйкес ең төменгі күнкөріс деңгейі (бұдан әрі – ЕТКД) әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы ең төмен әлеуметтік стандарттардың бірі болып табылады.

Халықаралық және ұлттық сарапшыларды тарту арқылы жүргізілген зерттеу нәтижесінде ЕТКД есептеу әдістемесін жетілдіру бойынша шараларды екі кезеңмен жүзеге асыру қарастырылды.

Біріншіден, 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап ЕТКД-нің құрылымы қайта қаралып, азық-түлік емес тауарларының үлесі 40%-дан 45%-ға дейін өсті. Нәтижесінде ЕТКД мөлшері 2017 жылмен салыстырғанда (24 459 теңгеден                     28 284 теңгеге дейін) ұлғайды және 3 млн астам азаматтың кірісіне оң әсер етті. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен қосымша 386 млдр теңге бөлінді.

2020 жылы елдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты ЕТКД мөлшері 10%-ға немесе 29 698 теңгеден 32 668 теңгеге дейін көтерілді. Сәйкесінше, ЕТКД мөлшерімен есептелген әлеуметтік төлемдердің мөлшері ұлғайтылды. Осы мақсатқа қосымша 140 млрд теңге жұмсалды.

Екіншіден, соңғы жылдары халықтың азық-түлік өнімдерін тұтынуында болған өзгерістер, елдің азық-түлік нарығының ерекшеліктері және Қазақ тамақтану академиясының ұсыныстары ескеріле отырып азық-түлік тауарларының тізімін 43-тен 51 атауға дейін арттыру, азық-түлік тұтыну мөлшерінің тәуліктік қуаттылығын 2 175 ккал-дан 2 330 ккал-ға дейін көтеру мәселесін қарастыру жоспарланып отыр.

ЕТКД-нің мөлшерін мемлекеттің базалық әлеуметтік төлемдерін есептеудің негізі ретінде, тұтыну себетінің нақты құнын көрсете отырып, тұрақты негізде қайта қарау Қазақстан Республикасы Президентінің 2018 жылғы 15 ақпандағы № 636 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының
2025 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарына сәйкес жүзеге асырылады.

Халықаралық өлшемдер мен қазақстандық қоғамның сұраныстарына сәйкес Қазақстан Республикасында өмір сүру сапасы мен деңгейінің әлеуметтік стандарттарын әзірлеуді жоспарлау бойынша

2015 жылы Қазақстан БҰҰ-ға мүше елдермен бірге «Біздің әлемді өзгерту: 2030 жылға дейінгі орнықты даму мақсаттарындағы күн тәртібі» атты  жаңа күн тәртібін қабылдады.

Аталған ауқымды іс-қимыл жоспары азаматтардың әл-ауқатын қамтамасыз етуге бағытталған. 2030 жылға дейін есептелген 17 Орнықты даму мақсаты мен 244 индикатор экономикалық, әлеуметтік және экологиялық әл-ауқаттың тепе-теңдігін қамтамасыз етеді.

Қазіргі уақытта Үкімет жанында Орнықты даму мақсаттары жөніндегі үйлестіру кеңесі жұмыс істейді, оның басты міндеті Қазақстан Республикасында орнықты даму мақсаттарын алға жылжыту бойынша ұсыныстар әзірлеу болып табылады.

Орнықты даму мақсаттары қол жеткізу жөніндегі іс-шаралар кешенін әзірлеу және жүзеге асыруды қамтамасыз ету үшін 5 ведомствоаралық жұмыс тобы құрылды және қызмет атқарады (Адамдар, Планета, Гүлдену, Бейбітшілік, Әріптестік).

Бүгінгі күні Орнықты даму мақсаттарының сапалы жетістігін қамтамасыз ету үшін және оларды Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарына енгізу бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Сонымен бірге қазіргі уақытта Әлеуметтік кодекс тұжырымдамасының жобасы әзірленуде, оның шеңберінде халықты әлеуметтік қамтамасыз ету жүйесін жетілдіру бойынша іс-шаралар кешені қарастырылатын болады.

Аталған бағыттар бойынша жұмыс жалғасуда және Үкіметтің бақылауында.

 А. Мамин