Садибеков
Уласбек

Член Комитета по аграрным вопросам Мажилиса Парламента Республики Казахстан

Обращение к депутату
Сапалы заң шығару - басты міндетіміз. Егемен Қазақстан газеті 16 қараша 2013 жыл

Сапалы заң шығару – басты міндетіміз

Жарияланды 16.11.2013 06:58

Қаралды: 41

Парламент

"Егемен Қазақстанның" арнаулы беті

* Депутат дауысы

Парламенттің бесінші шақырылымы үшінші сессиясының ашылуында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы заң шығару ісінде парламентшілер негізгі бес бағытқа баса назар аударуы тиіс екенін атап өтті. Елбасы алға қойған міндеттердің барлығы бірінші кезекте мемлекет пен халық үшін атқарылатын істердің заңнамалық негізін қалыптастыру мақсатын көздейді.

Президент Нұрсұлтан Назар­баев үшінші сессияны ашып тұрып: «Парламентіміз жоғары саяси жауапкершілік режімінде жұмыс істеп, халық өкілі ретіндегі өз міндетін абыроймен атқарып келеді. Алдағы уақытта да осы қарқыннан таймау қажет. Себебі, біз дамудың ең шешуші сатысы – «Қазақстан-2050» Стратегиясын жүзеге асыру кезеңіне аяқ бастық. Бұл стратегияның алға қойған не­гізгі мақсаты – әлемдегі ең да­мыған 30 мемлекеттің қатарына кіру. Бұл барша Қазақстан хал­қына, оның ішінде сіздерге айрықша міндеттер жүктейді», деп парламентшілерге үлкен сенім артып, қабылдануға тиісті негізгі заңдарға тоқталып өтті.

Осы парламенттік сессия барысында Үкіметтен бірқатар кодекстердің жобалары және көп­теген заң жобалары келіп түседі. Соның барлығын толыққанды талқылап, сапалы заң шығару жолында еңбек ету – негізгі жұмысымыз. Қазақстан экономикасын тұрақты ұстауда, заңмен жұмыс істеуде ілгері кетіп бара жатырмыз деп ойлаймын. Сондықтан қоғамдық дамуды алға бастыратын және халыққа аса қажетті заңдар қабылдануы тиіс.

Парламентте «2014-2016 ­жыл­­дар­ға арналған респуб­ликалық бюд­жет туралы» заң жо­басы­ қы­зу талқыланды. Мә­жіліс Төр­­ағасы Н.Нығматулин әріп­тес­теріне біздің міндетіміз рес­публикалық бюджетті бекіту­мен шектелмей, әрбір бағдар­ла­маның тиімді орындалуына мән беруіміз қажет екенін айтқан еді. Өйткені, Есеп комитетінің мәліметіне сүйенсек, өткен жылы 55 млрд. теңге көлемінде қаражат игерілмей қалды. Сондықтан бюджет жобасын қараған кезде осы мәселелерге де баса назар аударылды. Биыл бюджет жоспарын қарауда жаңа тәсіл енгізілді. Палата жетекшісінің тапсырмасы бойынша Мәжілістің әрбір комитеті өз саласына қатысты бюджеттік бағдарламаларды мұқият зерделеді. Мысалы, ауыл шаруашылығына бағытталатын қаржы шығыстары Аграрлық мәселелер комитетінде жан-жақты талқылаудан өтті. Өзім осы комитеттің мүшесімін.

Қазіргі уақытта Қазақстанда мақта саласы өз деңгейінде дамып кете алмай отыр. Оның бір­неше себептері бар. Соның бірі – мақта саласын дамыту туралы қолданыстағы заңнаманың жетілдірілмеуі. Осы орайда, депутаттар Розақұл Халмұрадов, Айқын Қоңыров және осы жол­дардың авторы үшеуміз жаңа заң жобасын әзірледік. Біз бастамашылық жасаған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мақта саласын дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы жуырда Мәжілістің қарауына енгізіледі.

Көп жағдайда мақта мен бидай бірдей бағаланып жатады. Әр өнімнің өзіндік ерекшелігі бар. Сонымен қатар, мақта оңтүстік өңірде ғана өндіріледі. Қазақстанның мақта саласындағы атын шығарып отырған Мақта­арал ауданы. Халықта мақтаны «ақ алтын» деп бекерге айтпайды. Алайда, осы байлығымызды дұрыс пайдалана алмай отырмыз. Мақтаның бағасына, мақ­та қолхаттарын енгізуге, сон­дай-ақ мақта өңдейтін өнді­ріс орындарының құрал-жабдық­та­рына қатысты шешуді қажет етіп тұрған көптеген мәселелер бар.

Мақтаарал ауданының тұр­ғын­дары депутаттармен өткізген кездесулерде мақта мәселесін жиі көтереді. Мақта жинау әлемдегі ең ауыр еңбек түрінің бірі екені анық. Ал соған лайықты табыс ала алмаса, күні-түні ауыр жұмыста жүрген адамдардың еңбегінің еш болғаны емес пе? Мақта шаруашылығымен айналысатындардың алған жер учаскелері де әртүрлі. Біреудің бір-екі гектар ғана жері бар. Ол екі гектар жерімен қалай несие алады? Соған орай біз ұсынған заң жобасында ұсақ шаруашылықтарды бір қауымдастыққа біріктіру мә­селесі де қозғалады. Бұл өз қа­лауымен баламалы түрде болмақ. Жеке болып қала беруіне де, бір орталыққа бірігуіне де болады.

Бүгінгі таңда мақта саласы­на нақты қолдау қажет. Сондықтан заң жобасында Қазақстанның мақта саласын мемлекеттік қол­дау жөніндегі бірқатар жүйелі шараларды заңнамалық деңгейде бекітіп беру ұсынылады. Атап­ айтқанда, мақта рыногын­ қа­лып­тастыру және реттеу,­ оның инфрақұрылымын да­мы­ту, мақ­та рыногына қатысушыларды мемлекеттік қолдау, ішкі және­ сыртқы рыноктарда мақта­ рыногына қазақстандық қаты­су­шылардың экономикалық мүд­делерін қорғау, мақта саласында ғылым мен инновациялық қыз­метті дамыту бекітіледі. Заң жобасында, сондай-ақ, мақта саласын дамытудың арнайы салалық бағдарламаларын қабылдау ұсы­нылады, онда мақта саласын­ да­мыту мен мақта рыногын рет­теу­дің орта мерзімді кезеңге арналған мақсаттары мен негізгі бағыттары, мақта саласын дамытудың негізгі көрсеткіштері мен болжамы, көзделіп отырған іс-шараларды қамтамасыз ету және іске асыру тетіктері айқындалған.

Мемлекет басшысының 2010 жылғы 19 наурыздағы Жарлы­ғы­мен бекітілген Қазақстан Рес­публикасын үдемелі индус­трия­лық-инновациялық дамыту жөніндегі 2010-2014 жыл­дар­ға арналған мемлекеттік бағ­дарламаның ережелерін іске асы­ру мақсатында заң жобасымен мақта өңдеу ұйымдары үшін кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға салынатын тыйымдарды алып тастау көзделеді. Аталған түзетулерді қабылдау мақта өңдеу ұйымдарына кәсіпкерлік қызметпен айналысу бойынша барлық шектеулерді алып тастауға, кредиттік ұйымдарға өз мүлкін кепілге бере отырып, шитті мақтаны ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерден сатып алуды жүзеге асыруға қатысуына, сондай-ақ шитті мақтаны өсіру үшін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді фьючерлік келісімшарттар жасасу арқылы қаржыландыруды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Бір сөзбен айтқанда, басталған парламенттік сессияның жүгі ауыр, жұмысы жауапты болмақ.

Ұласбек СӘДІБЕКОВ,

Мәжіліс депутаты,

«Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшесі.

http://www.egemen.kz/kz/bilik-2/29470-sapaly-za-shy-aru-basty-mindetimiz