Садибеков
Уласбек

Член Комитета по аграрным вопросам Мажилиса Парламента Республики Казахстан

Обращение к депутату
"Президенттің сөзі ерекше қуат береді", Айқын газеті 29 қараша 2013 жыл

Президенттің сөзі ерекше қуат береді

29.11.2013

Ұласбек СӘДІБЕКОВ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшесі

2011 жылы 12 желтоқсанда Қазақстан Парламенті «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» қолданыстағы заңға толықтырулар енгізді, соған сәйкес 1 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні болып белгіленді.
Биыл еліміз бұл мерекені екінші рет атап өткелі тұр. Бұл айтулы күннің мәні мен маңызын әлі терең ұғынған жоқ сияқтымыз. Өйткені Тұңғыш Президент күні дегеніміз – біртұтас еліміздің елеулі мерекесі, елдік мақсаттар ортаға салынатын күн деп ойлаймын. Бұған дейін қандай жетістіктерге жеттік, келешекте қандай межелерді бағындыруымыз қажет? Осы атаулы күн – атқарған істерімізге қорытынды жасап, алдағы міндеттерді бір саралап алатын күн. Әсіресе, жас ұрпақтың бойына патриоттық тәрбие негіздерін сіңіруде бұл айтулы күннің ықпалы өте зор.Елбасы өзінің 2012 жылғы «Қазақстан-2050» стратегиясын белгілеп берген, жаңа межелерге қол жеткізуді алға қойған Жолдауында «Жаңа қазақстандық патриотизм» тақырыбына арнайы тоқталды. Шынымен де, азаматтарымызда болашаққа деген зор сенім болғанда ғана, тәуелсіздігі берік, іргесі мықты мемлекет құра аламыз. Мемлекет басшысы: «Өз бойымызда және балаларымыздың бойында жаңа қазақстандық патриотизмді тәрбиелеуіміз керек. Бұл ең алдымен елге және оның игіліктеріне деген мақтаныш сезімін ұялатады» деді.

Елбасы жас ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеу туралы айта келіп: «2050 жылға қарай біз Қазақстанның кез келген азаматы ертеңгі күнге, болашаққа өте сенімді болатындай саяси жүйе құруымыз керек» деген оймен түйіндеген болатын. Осы тарихи Жолдауда Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан 2050 жылға қарай әлемнің ең дамыған отыз елінің қатарында болуға тиіс деген елдік мұратын жария етті. Міне, бүгінгі таңда осынау жетістікке жету үшін еліміздің барша азаматтары бір мақсат жолында бірігіп отыр.

Бұл – халық қолдаған жаңа бастама. Сондықтан алдағы уақытта бұл күнді бүкілхалықтық деңгейде, кең көлемде атап өтудің өзіндік дәстүрі қалыптасады деген сенімім мол.

Бұл мерекені тек ресми мемлекеттік органдар ғана емес, бүкіл Қазақстан халқы айрықша бірлігімен кең ауқымда атап өтетіндей жағдай жасалуы тиіс. Ел бірлігі, ұлтаралық келісім мәселелері айтылуы керек. Бұл мереке – еліміздегі барша ұлт пен ұлыстар Қазақ елінің ұлы шаңырағының астында бір мақсат, бір мүдде жолында бірігетін күн!

Биыл тәуелсіздік алғанымызға 22 жыл толғалы тұр. Осы кезеңде қол жеткізген табыстарымыздың барлығы Елбасының ерен еңбегінің арқасында іске асқаны анық. Бұл бесенеден белгілі, айдан анық.

Мемлекет басшысының саясатын жүргізіп келе жатқан азаматтардың бірі болғаным мен үшін – үлкен мәртебе, аса зор жауапкершілік. Елбасының Қазақстанды дамыту жолындағы атқарған істері баршаға аян, жас мемлекетіміздің әлемдік қоғамдастықтағы рөлін қалыптастырғанын, беделін арттырғанын халқымыз жақсы біледі. Бейбітшілікті қолдайтын, биік мақсаттарды көздеген еліміз бар екенін дүниежүзі мойындады.

Бүгінгі таңда ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың сыртқы және ішкі саясаттағы ұстанымдарын әлем біліп отыр. Осы шағын мақаламда оның бәрін қайталамай, мен Елбасының сын сағаттарда қабылдаған шешімі туралы, өзім куә болған жайтты баяндағалы отырмын. Өзім Оңтүстік Қазақстан облысының Сарыағаш ауданының әкімі болған кезімде тұрғындарды үлкен дүрбелеңге салған су тасқыны орын алды. Су тасқынына Елбасы шұғыл түрде назар аударып, қиналған халықты далада қалдырмай, мемлекеттен тиісті қаржы бөлдіріп, бұл мәселені өзінің назарында ұстады. Осы апатқа ел болып көмек көрсетуге шақырды. Ол ұсынысы халық тарапынан қолдау тауып, елдің барлық өңірінен көмек келіп жеткен болатын.

Айта кету керек, сол су тасқыны Үкіметтің не жергілікті биліктің ие бола алмай қалғандығынан болған жоқ. Дария тасып кеткен жоқ. Ол – табиғат апаты. Бірден алтынкүрек желі соғып, жердегі қатқан тоң еріп үлгермей жатып, мол жиналған қардың суы еріп кетіп, үлкен аумаққа жайылып кетті. Халықты қатты әбігерге салды. Бұл оқиға ақпан айында, қыстың қаһары кете қоймаған тұста болды, тұрғындар үй-күйсіз далада қалды. 36 елді мекен суға кетті! Елбасы Үкіметке шұғыл түрде тапсырма берді, сол кездегі Премьер-министр Кәрім Мәсімов екі күннің ішінде ауданға келіп, барлық мәселемен жан-жақты танысты. Одан кейін арнайы құрылған мемлекеттік комиссия келді. Елбасының сол кездегі қамқорлығын сарыағаштықтар ешуақытта ұмытпайды.

Су тасқынынан зардап шеккен тұрғындар үшін алты айдың ішінде Сарыағаш ауданында 1453 тұрғын үй салынды. Ол өңірде көпбалалы отбасылар көп екенін ескеріп, бір шаңырақта бес адам бар деп есептегенде, яғни 8 мыңдай адам жаңа үйге кірді. Тікелей Елбасының қамқорлығының арқасында апаттан зардап шеккендер күзде жылы да жайлы үйлерге қоныстанып үлгерді.

Алғашқы тұрғын үйлер берілген кезде тұрғындардың қуанышына ортақ болып, халықтың қоныстойына Елбасының өзі келіп қатысты. Білім беру, денсаулық сақтау саласына арналған нысандарды аралап көрді. Елбасы сөзінен рух алған тұрғындардың болашаққа деген сенімдері нығая түсті. Сол сәтте аудан көлемінде атқарылған жұмыстар жөнінде, ең бастысы, осы су тасқыны зардаптарын қалпына келтіру мәселелері бойынша нақты баяндап бердім. Мемлекет басшысы азғана уақыт ішінде атқарылған ауқымды істердің бәрін өз көзімен көре келіп, жұмыстарымызға оң бағасын берді. Бұл 2008 жыл болатын.

2009 жылы «Нұр Отан» партиясының кезекті съезіне еліміздің барлық өңірінен делегаттар жиналды. Съезден кейін Елбасы Үкімет мүшелерін және барлық деңгейдегі әкімдерді Ақордаға жинап, алқалы кеңес өткізді. Сол басқосуда үш әкімге сөз берілді, бірі Солтүстік Қазақстан облысынан, екіншісі Батыс Қазақстаннан және Оңтүстік Қазақстан облысынан мен сөз сөйлеп, ел Президентіне өңірдің тыныс-тіршілігі, міндеттердің орындалуы туралы баяндап бердім. Атап өтер жайт, өз сөзімде су тасқынынан зардап шегіп, ел мен Елбасының арқасында барша қиындықты еңсере білген Сарыағаш ауданы тұрғындарының алғысын жеткіздім.

Сондай-ақ кейін «Нұр Отан» партиясының Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалында жұмыс істеп жүрген кезімде Елбасымен жүздесіп, өңірдегі сайлау өткізудің іс-шаралары жөнінде баяндап берген едім. Соның ішінде парламенттік және президенттік сайлау барысында «Нұр Отан» партиясы филиалының атқарып жатқан жұмыстарына тоқталдым. Міне, Нұрсұлтан Әбішұлымен осындай тікелей кездесулердің, көкейкесті мәселелер бойынша өз ойымды жеткізудің сәті түскен еді. Бір анық байқағаным, Елбасының қасында тұрғанда, өзіңді сенімді сезінесің. Президенттің сөзін тыңдағанда бойыңа күш-жігер пайда болады. Бұл әсірелеп айту емес. Шын мәнінде, солай.

Өткенге көз жүгіртсек, көп жайтқа қаныға түсеміз. Мысалы, 1995 жылы мен Бәйдібек (бұрынғы Алғабас ауданы) аудандық спорт және жастар бөліміне жетекшілік жасадым. Сол кезде республикалық жастар делегациясы құрамында Гремания мен Франция елдеріне іссапармен барып келдік. Ол кезде біздің елде азаматтарымыз жалақы ала алмай жүретін, зейнетақы да өте төмен, мұғалімдер мен дәрігерлер сияқты бюджеттік мекеменің мамандары айлап жалақы алмай жүрді. Әлеуметтік маңызды объектілердің өзінде жылу жоқ, электр жарығы сөніп тұратын. Өте қиын кезең еді. Еліміздің сондай мүшкіл жағдайын көріп келіп, Париждің көшелерінде жүріп: «Осы Еуропадағыдай тамаша жағдайды менің немерелерім көре алар ма екен?» деп ойладым. Ал содан бері 18 жыл уақыт өтті. Осы кезең ішінде біздің еліміз қарышты қарқынмен дами отырып, дамыған елдерді қуып жетті. Бүгінгі таңда бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарында тұрмыз. Қалаларымыз да, өңірлеріміз де кең ауқымда өркен жайып келеді. Одан кейін де бірнеше шетелге шығып, әлем жетістіктерімен таныстым. Дамыған елдермен арадағы айырмашылық мүлдем азайды.

Қазіргі уақытта алпауыт елдермен тереземіз тең болып отырғанын өз көзіммен көріп келе жатырмын. Аз ғана уақыттың ішінде әлеуметтік-экономикалық, мәдени тұрғыда осынша қарқынды дамығанымыз, ел ішіндегі бірлік пен саяси тұрақтылықтың мызғымастай болып қалыптасуы – Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың ерен еңбегі, көрегендік саясаты.

ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев – әлем елдері басшыларының ішінде өз орны бар тарихи тұлға. Елбасымызды қазақ халқының маңдайына, Қазақстанның қарышты даму жолына берген бақ деп білемін.

Жаңадан егемендік алған тұста, жағдайымыз қалай болды? Бірде-бір тұтас көлік, не заманауи құрал-жабдық шығаратын өндіріс орны болған жоқ. Фабрикаларымыз, негізінен, шикізатты алғашқы өңдеуден өткізетін өндіріс орны болса, зауыттарымыз қосалқы бөлшектер шығарумен айналысқанын жасыра алмаймыз. Біздің елде астық өндіруге баса мән берілгені анық. Кеңес Одағының құрамында біз донор болдық. Ірі өндіріс орындары, негізінен, Ресей, Украина, Беларусь елдерінде шоғырланған еді.

1991 жылы КСРО тараған кезде, әрбір саналы адам «Енді болашағымыз қалай болады? Одақтан кеттік, қиындыққа ұшырап қалмаймыз ба?» деп ойлады. Сол тұста кейбір теріс ниетті адамдардың біздің елді «өзара дау-жанжалға тап болып, бастары бірікпейді» деген сәуегейлік айтқаны да есімізде.

Міне, осындай кезеңде Елбасымыз бүкіл халықты ұлт пен ұлысқа бөлмей, бәрін бір тудың астына біріктіріп, бір мақсатқа жұмылдырып, кездескен қиындықтардан, экономикалық дағдарыстардан қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай алып шықты. Сонымен қатар ХХІ ғасырдың басында Сарыарқаның төрінен Астана тұрғызды. Астана – мәңгілік елдің символы! Астана – елдің әрбір азаматының болашаққа деген сенімінің алтын қазығы! Өзім Елорданың көшесімен күнде келе жатып, көңілім марқайып жүреді. Астананың халықаралық әуежайына ұшақпен қонып жатқан кезімізде, түнгі Астананың көркіне сүйсініп, Аллаға тәубе етемін. Өзім осы қаладағы Целиноград ауыл шаруашылығы институтын бітіргенмін. Ол кезде 200 мыңның үстінде тұрғыны болды. Қазақтардың үлесі өте аз еді. Егер сол кезде біреу маған көріпкелдік жасап: «Мына Целиноград 20-30 жылдың ішінде мемлекеттің елордасы болады, сол жағалау деген пайда болады, әлем назарын өзіне аударған заманауи көркейген қала болады» десе, мен оны бұл дені сау адам емес деп ойлар едім. Міне, аз ғана уақыттың ішінде зәулім қала бой көтерді. Бұл – Елбасының жүзеге асқан ғасырлық жобасы!

Біріншіден, қазақ болғанымды, екіншіден, осы елде тұрып, Қазақстанның Нұрсұлтан Назарбаевтай басшысы бар болғандығын мен әрдайым мақтан етемін.