Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
11.06.2012

2012 жылғы 4 - 11 маусым аралығында Қазақстан Республикасы Парламентінің қызметі туралы жарық көрген бұқаралық ақпарат құралдарындағы жарияланымдарға Ш О Л У


 

2012 жылғы 4 - 11 маусым аралығында

Қазақстан Республикасы Парламентінің қызметі туралы

жарық көрген бұқаралық ақпарат құралдарындағы жарияланымдарға

Ш О Л У

 

Ақпарат-талдау бөлімі сіздердің назарларыңызға «Бұқаралық ақпарат құралдары Парламент туралы» ақпараттық шолуды ұсынады. Шолуға қазақ баспасөзінде және республикалық телеарналар мен ақпараттық агенттіктерде, сондай-ақ Интернет-басылымдарда жарық көрген материалдар енгізілді. Парламент қызметі туралы мемлекеттік тілде барынша жиі, шұғыл және егжей-тегжейлі ақпарат ұсынған мемлекеттік тілдегі БАҚ арасынан «Егемен Қазақстан», «Айқын», «Алаш айнасы», «Заң газеті», «Алтын Орда», «Ана тілі», «Нұр Астана», «Халық сөзі», «Түркістан» және «Жас Алаш» газеттерін, «ҚазАқпарат», «BNews.kz», «Kazakhstan Today», «ҚазТАГ», «Қазақстан жаңалықтары», «Интерфакс-Қазақстан» ақпараттық агенттіктерін және «Қазақстан» ТРК, «Хабар» телеарналарының жаңалықтар қызметін атап өтуге болады.

 

Шолуда қамтылған кезең ішінде баспасөзге жасалған мониторинг мынаны көрсетті: Парламент тақырыбы бұқаралық ақпарат құралдарының 70 материалында көрініс тапты, олардан 13 жарияланым – Парламент жұмысының заң шығару мәселелеріне, ал қалған 57  жарияланым қоғамдық-саяси жұмыс қырларына қатысты болды.

Атап айтқанда, заң шығару қызметіне орай, 6 маусым күні өткен жалпы отырыста қаралған мәселелер «Егемен Қазақстан», «Айқын», «Алаш айнасы», «Халық сөзі», «Заң»  газеттері, «ҚазАқпарат», «BNews.kz» «КТК», «Хабар»  ақпарат агенттіктері арқылы қалың жұртшылыққа жеткізіліп отырды.

Мәселен, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің жетекшілігімен өткен жалпы отырыс Алматы облысының  «Арқанкерген» бекетінде қазақстандықтардың тыныштығы мен қауіпсіздігін сақтау қызметінде қаза  тапқан шекарашыларды Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Өкімімен жарияланған ұлттық аза тұту жалғасындай бір минут үнсіздікпен еске алумен басталды.  Осы күні Қазақстан Республикасы Үкіметінің және есеп комитетінің 2011 жылғы республикалық бюджетінің атқарылуы туралы есептері талқыланды.

Сондай-ақ жалпы отырыста бірқатар маңызды заң жобаларына, атап айтқанда: «Қазақстан Республикасындағы тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы туралы» ҚР Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасындағы көлiк туралы» және «Сауда мақсатында теңізде жүзу туралы»  Заңдарына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы заң жобасы, «Жылжымалы жабдыққа қатысты халықаралық кепілдіктер туралы конвенцияны және Жылжымалы жабдыққа қатысты халықаралық кепілдіктер туралы конвенцияға Авиациялық жабдық жөніндегі хаттаманы ратификациялау туралы» Заңының жобалары  бойынша қорытынды әзірлеу мәселесі қаралды. Бұл заңнамалық актілер Палатаның салалық комитеттеріне жіберілді.

Келесі кезекте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне техникалық реттеу және метрология мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы екінші оқылымда мақұлданды. Жалпы отырыстың соңында әдеттегідей депутаттар  депутаттық сауалдар жолдады.

 Парламенттің қызметі бойынша шолуда қамтылған баспасөз материалдарының негізгі бөлігін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің парламенттік фракциялар жетекшілерімен кездесуін атап өтуге болады. Мысалы,  5 маусым күні «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген «Халыққа барынша жақын болу қажет» атты мақалада  «Нұр Отан» ХДП депутаттық фракциясының жетекшісі Нұрлан Нығматулин, «Ақ жол» депутаттық фракциясының жетекшісі Азат Перуашев,  «Халық коммунистері» депутаттық фракциясының жетекшісі Владислав Косарев қатысқан кездесу барысында парламенттік фракциялар қызметінің мәселесі мен шағын және орта бизнесті дамыту жөніндегі жұмысты алға апару перспективасы, халықтың әл-ауқатын арттыру және жұмыспен қамту мәселелері талқыланды,- деп хабарлайды осы газеттің тілшісі.

Шолуда атап өтерлік тағы бір мәселе баршамызға мәлім Алматы облысындағы «Арқанкерген» бекетінде шекарашылардың қайғылы қазаға ұшырауына байланысты.  Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары қапыда қаза тапқан сарбаздардың отбасына қайғыра көңіл айтқандығы және  бір күндік жалақыларын қайғыға ұшыраған отбасыларға аудару туралы шешім қабылдағаны жайында көптеген БАҚ беттерінде айтылған. («Егемен Қазақстан», «Хабар» агенттігі, «Айқын», «Алаш Айнасы»,  «Қазақстан ТРК» және т.б.).

         Шолудың «Түсініктемелер мен сұхбаттар» бөлімінде депутаттардың елдегі қоғамдық-саяси өмірдің маңызды мәселелері жөніндегі пікірлері, мақалалары мен сұхбаттары жинақталды. Олардың арасынан Мәжіліс депутаты Уәлихан Бишембаевтың 5-ші маусым күні «Егемен Қазақстан» газетінде «Қазақстан әлеуметтік жаңару жолында» атты мақаласы, сондай-ақ осы газеттің 6-ші маусымында шыққан Мәжіліс депутаты Камал Бұрхановтың «Съезд желісіндегі заманауи қоғам және оның проблемалары» атты мақалаларын ерекше айтуға болады.

Сонымен бірге, Парламент депутаттарының ақпарат құралдары беттерінде қоғамды толғандырып отырған мәселелер бойынша өз көзқарастарын білдіргенін де атап өткен жөн.

БАҚ беттерінде талқыланған өзекті мәселелердің біріне айналған, Мәжіліс Төрағасының орынбасары Сергей Дьяченконың жетекшілігімен «Қазақстан Республикасын үдемелі индустриялық-инновациялық дамыту жөніндегі 2010-2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысы туралы»  деген тақырыптағы «үкімет сағаты» өткізілді. Аталған мәселе бойынша Қазақстан Республикасы Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев баяндама жасады.  Депутаттар министрге көптеген сұрақтар қойып, өз пікірлері мен ұсыныстарын талқыға салды.  («Хабар» агенттігі, «Айқын», «Kazakhstan Today»,  «Алаш айнасы», «Заң газеті», «BNews.kz», «Қазақстан ТРК»).

 

 

 

 

 

       Шолуды Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Аппараты Ақпарат-талдау бөлімінің бас консультанты Рауза Жәйшиева  дайындады.

 

 

 

 

 

 

 

 


ЗАҢ ШЫҒАРУ ҚЫЗМЕТІ


 

 

Жаңа жоба «Қолжетімді баспана» бағдарламасына халықтың қалың жігінің қатысуына жағдай жасайды - С. Нокин

 

/«ҚазАқпарат». 05.06.2012. Қанат Мәметқазыұлы./ -  Бүгін Мәжілісте «Қазақстан Республикасындағы тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының таныстырылымы болып өтті.

Мәжілістің Қаржы және бюджет комитеті ұйымдастырған шара барысында Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігінің төрағасы Серік Нокин баяндама жасап, жобаның жаңалықтарын депутаттарға таныстырды.

Заң жобасы Мемлекет басшысының ағымдағы жылғы Жолдауында жүктелген міндеттерді жүзеге асыру үшін әзірленген. Құжаттың мақсаты - бүгінгі күні іске асырылып жатқан тұрғын үй құрылыс бағдарламасына, әзірленіп жатқан «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасына халықтың қалың жігінің қатысуына жағдай жасау. Сондай-ақ ел азаматтарының тұрғын үй жағдайларын жақсартудың қолжетімді құралы ретінде тұрғын үй-жинақ жүйесін одан әрі жетілдіру болып табылады.

«Заң жобасының басты өзгерістеріне келер болсақ, қолданыстағы редакцияда алдын ала және аралық қарыздар азаматтардың белгілі бір санаттарына (жас отбасылар, мемлекеттік қызметшілер, бюджеттік мекеме жұмысшылары) берілетіндігі көрсетілген. Осындай қарыздарды халықтың басым бөлігіне беру мүмкіндігіне қолжеткізу үшін аталған шектеуді алып тастау ұсынылады. Бұндай түзету 2011-2014 жылдарға арналған Тұрғын үй құрылыс бағдарламасына, сондай-ақ дайындалып жатқан «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасына Қазақстанның барлық азаматтарының қатысуына мүмкіндік береді», - дейді Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігінің төрағасы Серік Нокин.

Оның айтуынша, заң жобасында енгізілген түзетулер арқасында 2011-2014 жылдарға арналған Тұрғын үй құрылысы бағдарламасы мен әзірленіп жатқан «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасына ықтимал қатысушылардың саны арта түседі. Бұдан бөлек, жұртшылық салымы нарығындағы тұрғын үй құрылысы жинағы жүйесінің үлесі де артып, аталған жүйеге қатысушылар арасында экономикалық белсенді халық санының ұлғаюына да септігін тигізетін болады.

 

 

Бағдарлама бабында емес

 

/«Заң газеті». 08.06.2012. А. Тұрмағанбетова./ -  Үкімет «Қолжетімді тұрғын үй» бағдарламасын жасау үстінде. Ондағы мақсат – азаматтардың барлық санатын арзан баспанамен қамтамасыз ету. Оның негізгі құралы бүгінгі таңда тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесін одан әрі дамыту болып отыр. Осы аптада Парламент Мәжілісінде тұсауы кесілген «ҚР-дағы тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы туралы» 2000 жылғы 7 желтоқсандағы заңға өзгерістер енгізу туралы» заң жобасы осы бағыттағы іс-шаралардың құқықтық негізін дәйектемек.

Депутаттар алдында заң жо­ба­сын таныстырған Тұрғын үй құрылысы агенттігінің төра­ға­сы Серік Нокиннің айтуынша, жаңа құжат бойынша енгізіліп отырған басты түзету бюд­жет қарыздары есебінен бері­ле­тін алдын ала және аралық қа­рыз­дарға белгіленген шектеулерді алып тастау болып отыр. Қол­да­ныстағы заң бойынша,  бұл несиелер бұған дейін жас отбасылар, мемлекеттік қызметшілер, бюджеттік мекемелердің  және кәсіпорындардың жұмыс­шы­ла­рына ғана ұсынылатын. Енді заң жо­басы қабылданса, аталмыш қар­жыға тұрғын үйге мұқтаж аза­мат­тардың барлық категориясы ие бола алады. Бұл үшін, әрине, олар Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне салымшы болуы керек. Және белгілі мерзім көлемінде аталмыш банкте ашылған есепшотына қаржы салып отыруы қажет.

Серік Кеңесұлы заң жобасы­ның және бір маңызды жаңалығы осы мәселеге қатысты екенін назарға салып өткен еді. Оның ай­туынша, қолданыстағы заң бо­йынша қаржы жинақтау мерзі­мінің бес жылдан үш жылға кемуі, әсіресе, жас отбасылар үшін өте қолайлы болмақ. «Ұсынылып отырған өз­ге­рістер жүйеге қа­тысушылар үшін барынша қолайлы жағдайға сай келеді. Яғни, азамат тұрғын үй қарызын алса, онда одан мемлекет сыйақы алады. Ал, қатысушы шартты  бұзып, банк есепшотына жинаған қарызы үш жыл мерзімді қамтыса, оны мемлекеттік сыйақымен алуға құқылы болады», – деді осы ретте агенттік төрағасы.

Ол, сонымен қатар, заң жоба­сы бойынша қарыз алу­дың бір­қатар амалдары да жеңіл­де­тіліп отырғанын ортаға салды. Төраға­ның айтуынша, олар негізінен, алдын ала және аралық қарыз алу шараларын қамтиды. Қолданыстағы заңға сәйкес, банк тұтынушысы осы қарыздарды алып, одан соң тұрғын үй қарызын алуға тілек білдірсе, өз алдына бөлек қарыз шарттарын жасауға міндетті болып келді. Жаңа құжат бойынша, азаматтар бұл әуреден құтылатын болып отыр. Яғни, тұтынушы төлем қабілеттерін қайта растау, банктік қарыз шарттарын қайта рәсімдеу, кепілдікті қамтамасыз етуді қайта тіркеу, сақтандыру полистерін қайта рәсімдеу сияқты қаптаған қағазбастылықтан арылмақ. Мұ­ның өзі тұрғын үй қарызын мейлінше қысқа уақытта алып, кәдеге жаратуға мүмкіндік бермек.
Жаңа құжатта жеке тұлға­лар­мен қатар, заңды тұлғалардың да есепшотқа ақша аудару тетіктері ұсынылып отыр. Серік Нокиннің айтуынша, бұл ірі компаниялардың өз қызметкерлерін тұрғын үймен қамтамасыз етуінің бір мүмкіндігі. Сонымен қатар, осындай мақсат­қа бөлінген ақшаның тиісті дең­гей­де қорғалуының жолы да. Бү­гінде мұн­дай қаражаттардың көп жағ­дайда екінші деңгейлі банктерге жинақталып, олардың көбісінің құмға сіңген судай жоқ болып кететін жағдайлары аз емес екен. Заң жобасында Тұр­ғын үй құрылысы жинақтау банкі­нің қаржылық тұрақтылықты қам­тамасыз ету мақсатында лицен­зияны қажет етпейтін қызмет түр­лерімен айналысу құқықтары дә­йектеліп отыр. Серік Нокиннің өз басы бұл өзгерістердің 2011-2012 жылдарға арналған тұр­ғын үй құрылысының және «Қол­жетімді баспана–2020» бағ­дар­ла­масына қатысушылар қа­тарын арттырудың зор мүмкін­дігі болатынына сенімді.

Алайда, тұсаукесерге қатыс­қан кейбір депутаттар бұған күмән келтірді. Соның бірі, осы­дан аз ғана уақыт бұрын аза­мат­тардың бірқатар санаттары, әсіресе, жас отбасылардың тиісті қаржы көлемін жинай алу мүмкіндігінің тым аздығын атап көрсетіп, мемлекеттің жинақ­талған қаржыны тиімді сыйақы көлемімен ынталандыру қажеттігі жөнінде Үкімет басшысына сауал жолдаған Тұрсынбек Өмірзақов ұсынылып отырған өзгерістер егер өзі айтқан мәселелер шешілмесе, еш нәтиже бермейтінін айт­ты. «Сіздер осы құжат бойынша банк салымшылары артады дейсіздер. Меніңше, жасалып отырған түзетулер, керісінше, ке­мітеді. Өйткені, азаматтардың дені үш жыл ішінде баспана сатып алуға мүмкіндік беретін қар­жының елу пайызын жинай алмайды. Бұл деңгей, сондықтан, 25 пайызға азайтылып, қалған бөлігі бюджет қаражаты есебінен толықтырылуы керек», – деді ол. Сонымен қатар, ол үш жыл ішінде қажет қаржыны жинап қой­ғандардың сыйақы көлемінің аз қаржы жинақтағандардан артық болуы қажет деген пікір айтты. Осы ретте ол тағы кейбір са­лым­шылардың бірнеше есепшот ашып, кейде оларын басқа адамдарға сатып, өз салымдарын баюдың құралы етіп алғандығын, заң жобасы бойынша осыған тоқтау салынса деген ұсыныс қосты.

Жиынға қатысып отырған Тұр­ғын үй құрылыс жинақ банкінің тө­р­а­йымы Нұрбибі Наурызбаева бұл ескертпелердің ешқайсысымен келіспеді. Алдымен ол депутаттың салымшылар қатары азайып кетеді деген қаупін сейілтуге тырысып бақты. Төрайымның айтуынша, мұның еш негізі жоқ. Былтыр 17 мыңға жуық болған салымшының қатары биыл 80 мыңға артыпты. Мына заң қабылданса, тіпті, көбейетіні еш күман тудырмайды. Сондықтан, банк қазірдің өзінде жер-жердегі филиалдарын барынша көбейтіп, олардағы қыз­меткерлер қатарын өсіру үстінде екен.

Сол секілді Наурызбаева ханым  жинақ көлеміне қатысты ескертпенің де орынсыз екеніне көз жеткізбек болды. Оның айтуынша, бұл әлемдік деңгейдегі тәжірибеге негізделген деңгей. Жинақ көлемін төмендету бюджеттік қаржының көп жұмсалуына әкеліп соқтырады. (Онсыз да жем­қорлардың жемсауында ке­тіп жатқан қаржы бір мезгіл ха­лықтың қажетіне жұмсалса, несі бар екен?!) Бұл қаржының тұ­рақ­тылығына, оның кірісі мен шығысының үйлесімділігіне нұқ­сан келтіреді. Ақырында, тұр­ғындардың қажет қаржыны уа­қытында алуына көлеңкесін түсіреді-мыс. Ал, аталмыш мерзім ішінде тұрғын үйді сатып алуға қажет қаржының жартысының жинақталуы несие портфелінің кеміп қалмауының алдын алатын бірден-бір тетік көрінеді. Оның айтуынша, бұл жүйеде азаматтардың қаржының елу пайызын жинай алмайтын жағ­дайы да қарастырылып отыр. Ол – азаматтардың алдын ала және аралық қарыз алу мүм­кіндігі. Жылдық өтеу пайызы төрт пайыздан аспайтын бұл не­сие­лер нақ осы жинақталған қар­жы тиісті деңгейге жетпеген жағ­дайда ұсынылады. Ол, сонымен қатар, «Қолжетімді баспана» бағ­дар­ла­масына қатысушылар үшін де беріледі. Бұл несие бюджет қыз­мет­керлерінің, әскери қыз­мет­шілердің жеңілдікпен үй алатын азаматтар санатынан шығып, оларға беретін сапасы төр­тінші деңгейдегі емес, одан әлдеқайда жоғары өлшемдерге сай келетін баспанаға қол жеткізуге мүмкіндік береді. Мұнда олар баспананы әкімшіліктен жал­ға алады да, аталмыш несие ар­қылы өз меншіктеріне иеленеді. Төрайым осылай дейді.

Сонымен қатар, бір адамның бірнеше шот ашып, оны сататын жағдайларына шек қою қажет емес. Нұрбибі Сейітқазықызы бұл ретте банкте тек үй алу үшін емес, жөндеу жұмыстары үшін, үй салатын жер алу үшін де қаржы жинау мүмкіндіктері жасалғанына назар аудартты. Жалпы, жинақтаған ақша азаматтың жекеменшігі болып табылатынын, оған қол сұғу Ата Заңға сай емес екенін айтып, Тұрсынбек Қазенұлына қысқаша заң кеңесін де беріп қойды.

Бір қарағанда, бәрі тамаша. Алайда, бұл біздің көптеген аза­мат­та­ры­мыз­дың қазіргі ай­лығы шайлығынан артылмайтын  жағ­да­йына сай ма?  Өйткені, Тұр­ғын үй құ­рылыс жинақ банкі жүйе­сінің озық тәжірибесі ретінде Наурызбаева ханым негізінен Батыс елдерін, оның ішінде, Гер­ма­нияны атады. Экономикасы шығандап кеткен бұл елдің салтын бәсекеге қабілетті елдердің  сапына енді кіруге талпынып жатқан Қазақстанға телу қаншалықты дұрыс? Бағдарламаны жасаушылар осы жағын назардан шығарып алғандай.


Мәжіліс 2011 жылғы бюджеттің атқарылуы туралы есепті Сенатқа жолдады

 

/«ҚазАқпарат». 06.06.2012. Қанат Мәметқазыұлы./ -  Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары ҚР Үкіметінің және Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің 2011 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерін талқылап, құжатты Сенаттың қарауына жолдады.

Аталған есеп жоғары палатаның талқысынан өткен соң Парламент палаталарының бірлескен отырысына шығарылатын болады.

Мәжіліс комитетінің қорытындысына сәйкес, 2011 жылғы республикалық бюджеттің игерілмеген қаражаты 42 млрд. 349 млн. теңгені құрады. Аталған игерілмеген соманың басым бөлігі Қаржы министрлігіне - 10 млрд. теңге, Ұлттық қауіпсіздік комитетіне - 9,8 млрд. теңге, Төтенше жағдайлар министрлігіне - 6,5 млрд. теңге, Денсаулық сақтау министрлігіне - 3,1 млрд. теңге, сондай-ақ Индустрия және жаңа технологиялар министрлігіне - 2,8 млрд. теңге тиесілі болып отыр.  Сонымен қатар, бюджет қаражаттарының дебиторлық борыштары 2011 жылы 74,1 млрд. теңгені құраған.

Бюджеттің атқарылуы туралы есепті талқылай келе, Мәжілістің комитеттері Үкіметке бірқатар ұсынымдар әзірледі.

Ал Есеп комитеті есепті кезеңде бюджеттік заңнаманың бұзылуына байланысты 272 млрд. теңгенің заң бұзушылығын анықтаған. Игерілмеген сома 2010 жылмен салыстырғанда 15 пайызға көп.

Парламенттің пәрмені

 

/«Егемен Қазақстан». 07.07.2012. Асқар Тұрапбайұлы./ - Депутаттар ұқыпсыз басшылардан жауап талап етуге өкілеттігіміз жетеді деп отыр.

Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің жетекшілігімен өткен палатаның кешегі кезекті жалпы отырысы «Арқан­кер­ген» бекетінде қаза тапқан шекарашыларды бір минут үнсіздікпен еске алу шарасымен басталды. Артынан Үкі­мет пен Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жө­ніндегі есеп комитетінің 2011 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептері тыңдалды.

Күн тәртібіндегі мәселе бойынша депутаттар алдында Қар­жы министрі Болат Жәмішев пен Республикалық бюджеттің ат­қарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрағасы Омар­хан Өксікбаев баяндама жа­сады. Министрдің сөзіне қа­рағанда, өт­кен жылы 2011-2013 жылдарға арналған республикалық бюджетке Елбасының Жолдауын жү­зе­ге асыруға бағытталған екі рет түзетулер енгізілген. Тағы бір бел­гілі болғаны, өткен жылы тауар экспорты 88,1 миллиард АҚШ доллары болса, импорт 38,0 миллиард долларды құ­ра­ған. Ал жыл­дық инфляция 7,4 пайыз, жұ­мыссыздық деңгейі 5,4 пайыз бол­ған. Өткен жылдың қаңтар-желтоқсан айларындағы жұмыс­кер­лерге төленген орташа айлық жалақы 89 959 теңге. Ал Brent мар­калы мұнайдың бар­релі­не деген баға жыл басында 65 АҚШ доллары (90 АҚШ долларына де­йін өсті) болса, ры­ноктағы құны 110,9 долларға дейін көтерілген.

Сонымен, өткен жылы рес­пуб­ликалық бюджеттің кіріс бө­лігі 4 451 683 073,2 мың теңге көлемінде бекітілген. Бюджеттің шығыс бөлігі 4 605 079 721,7 мың теңге деп қарастырылған. Осы ретте игерілмеген қаржы сомасы 42 349 911,3 мың теңге болғандығын айта кету керек. Соның қомақты көлемі, яғни 10 миллиард теңгесі Қаржы ми­нистрлігіне тиесілі болса, Ұлт­тық қауіпсіздік комитетінің жарата алмаған қаржысы 9,8 миллиард теңге екен. Одан кейінгі орында Төтенше жағдайлар ми­нис­трлігі – 6,5 миллиард теңге, Ден­саулық сақтау – 3,1 миллиард, Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі 2,8 миллиард теңгені игермегені анық­талған.

Қаржы игермеудің басты себептері ретінде бюджет әкім­ші­лерінің тиімсіз басқаруы, мем­лекеттік сатып алу тәр­ті­бінің бұ­зылуы, жоспарлаудың дұрыс ұй­ымдастырылмауы сияқ­ты орын­­сыздықтар айтылды. Бұл жө­нін­де Есеп комитетінің төрағасы Омархан Өксікбаев жан-жақты мәлім­деп кетті. Оның айтуынша, Үкі­мет республикалық бюджетті әзір­леген кезде оның шығыс және кіріс бөліктерін төмендетіп көр­сет­кен. Соның салдарынан бюджет 25 рет түзетіліп, Парламент кү­шімен екі рет нақ­ты­лан­ған. Жос­парланған мұнай баға­сы 65 АҚШ долларынан 110,9 долларға дейін өскен. Осындай жос­пар­лау­дың салдарынан есеп­тік жылдың бюджетіне қаржы 511, 7 миллиард теңге артық түскен. Шы­ғыс­тар 282,4 миллиард теңгеге ұлғайған.

Үкімет үш жылдық бюджетті Парламент арқылы бекіткен кезде оны нормативтік тұрғыдан іс­ке асыруды қамтамасыз ете алмайтыны да жария етілді. Мә­се­лен, Щучинск-Бурабай курортты аймағының инфрақұрылымын дамыту инвестициялық жобасы бойынша 2010-2012 жылдарға ар­налған үшжылдық бюджетте қа­растырылған жобаның құны бұ­рын­ғы үшжылдық бюджеттің құ­нымен салыстырғанда 2010 жылы 4 есеге (1,3 миллиард теңгеге), ал 2011 жылы 2,6 есеге немесе 1,5 миллиард теңгеге ұлғайған.

Есеп комитетінің төрағасы республикалық бюджеттің кіріс бөлігін толықтыруға айтарлық­тай резервтердің бар екендігін де мәлімдеді. Салықтық және кедендік әкімшіліктер қателік­тері­нің орын алып отырған­дығы да көлденең тартылды. Мәселен, еліміздің салық органдарында есепте тұрған кор­пора­тив­тік салық төлеушілердің тек 26 пайызы ғана салық салынатын кірістерін мәлімдеген болса, 74 пайызы өздерінің декларацияларында шығын шеккендіктерін және қаржы-шаруашылық қыз­мет жүргізбегендіктерін көрсет­кен. Салықтық тексерулер барысында қосымша есептелген және төленетін 332 миллиард теңгенің бар болғаны 19 миллиарды ғана (0,5 пайызы) өндіріліп алынған. Тәуекелдің аса жоғары дәре­же­сіне жатқызылған салық төлеу­ші­лерге жүргізілген 406 салықтық тексерудің нәтижесі бойынша әрбір салық төлеушіге қосымша есептелген салықтар мен төлем­дер жиынтық жылдық табы­сы­ның 0,1 пайызын ғана құраған. Есеп комитетінің төрағасы қа­зіргі уақытта жалған кәсіп­орын­дар қызметінің ауқымы мемле­кеттің ұлттық қауіпсіздігіне қауіп төндіруде дегенді мәлімдеді. 2012 жылы 1 қаңтардағы жағдай бойынша сот шешімімен 1044 салық төлеуші жалған кәсіпорын деп табылған. 2011 жылы жалған кәсіпорындардың қызметтерін пайдаланғаны анықталған контрагенттер мемлекетке 110,5 миллиард теңге зиян келтірген. Сол қаржының бюджетке 3 миллиард теңгесі ғана қайтарылған.

Кедендік әкімшілік етуде бір­қатар проблемалар бар. Кеден ода­ғы комиссиясының шешім­де­ріне сәйкес, қолданылатын тауарлар құнын бақылау тетігі жетіл­дірілмегендігі анықталып отыр. Осының салдарынан 2010-2011 жылдары Украинадан 4,9 мың тонна кедендік баж салығы салынбайтын тропикалық өсімдік майлары импортталған. Осы тауарды әкелген кездегі берілген тарифтік жеңілдіктер 214 миллион теңгені құраған. 2011 жылы межеленген орында кедендік рә­сімдеу үшін транзит көлеміне шақ­қандағы жеткізілмеген тауар­лардың үлесі 2010 жылмен са­лыс­тырғанда 5 есе өскен. Кон­тра­бандаға қарсы күрес көңіл көн­шіт­пейді. Алматы қаласы мен об­лысының Кеден бақылау депар­та­менттері 2010-2011 жылдары қытай тауарларын контрабан­да­лық жолмен әкелу ісі бойынша бар-жоғы бір іс қозғаған.

Үкіметтің қаржыны игер­меуі­не байланысты сөзінде Есеп ко­митетінің төрағасы оның жартысы даму бағдарламаларына тие­сілі екендігін ерекше атап кетті. Ұлттық холдингтер мен акцио­нер­лік қоғамдардың есеп-шоттарында игерілмеген 96 миллиард теңге жатқаны да назардан тыс қалмады. Жоспарлаудағы қателік­тер, бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің бөлінісінде бір типті объектілердің әр түрлі жо­ба­лық құндарының болуы, қыз­мет­тер құнының өзгешілігі, түпкі нәтижеге қол жеткізуде нақты жауапкершіліктерінің қаралмауы сияқты кемшіліктер орын алған. «ҚазАгро» акционерлік қоғамы­на жылдық 0,1 пайыз сыйақы ставкасымен өткен жылы 78 миллиард теңге бюджеттік кредит бө­лінсе, аталған қоғам өзінің ен­шілес ұйымдарына кредит беріп, 500 миллион теңге таза табыс тапқаны анықталып отыр. Ал атал­ған қоғамның еншілес ұйым­дары жылдық 3-5 пайыз сый­ақы­сымен шаруаларға кредиттер берген.

Бюджет есептерін қорытын­ды­лай келе, Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин былай деді: «Құрметті Үкімет мүшелері, бү­гін­гі айтылған мәселелерден, сөй­ленген сөздерден байқаған­дары­ңыздай, Парламент өз ұс­танымын нығыздай түсетін болады деп ойлаймын». Өйткені, ел басшыларының экономикалық модель құруы бүгінгідей жай­шылық емес кезеңде, ашық айт­қанда, рынок қорлары шатқаяқ­тап, шикізат бағасы құлдырап, әрбір тиын құнды болып, оны тиімді жарата білу миллиард­таған қаржылар үлкен сеніммен тапсырылған министрліктер мен ведомстволарды басқарып отыр­ған мемлекеттік менеджерлерге байланысты болғандықтан, оңай­ға соқпай отыр. Осы ретте спикер бірде-бір жеке меншік компания ұрлық жасаған менеджерді ұс­тамас еді, қайта жауапқа тартқан болар еді дегенді де тілге тиек етті.

«Бүгінгі біздің білетіндеріміз айқын дәлелдер. Парламенттің мәртебесі жайында айтар болсақ, өздеріне заңмен берілген құқық пен мүмкіндікті білмей немесе пайдалана алмай отырған ми­нистрліктер мен ведомстволар­дың ұқыпсыз басшыларынан сұ­рақ алуға өкілеттігіміз жетеді деп ойлаймын, – деді Нұрлан Зай­роллаұлы. – Біз бәріміз бір кемеде отырмыз, кемедегінің жаны бір. Бәріміз бюджеттің орындалуына ортақ жауапкерші­лік­теміз, өйткені, бюджет Парламент қа­быр­ғасында қаралады. Сон­дық­тан бүгінгі талқылау ми­нистр­ліктер мен ведомстволар­дың басшыларын мемлекеттік бағдар­ла­малардың орындалуы жайлы есеп пен мемлекеттің бюд­жеттік қаржысын үкіметтік бағдарла­ма­ларға тиімді игеру жөнінде дұрыс бағытқа бұрады, оларға негіз болып, өздері де соған әзір тұрады деп ойлаймын».

 

 

Ағымдағы жыл бюджеті талқыланды

 

/«Алаш айнасы». 07.06.2012. Қанат Қазы./ - Кеше Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар 2011 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы Үкімет есебін талқылады.  Байқағанымыз, бюджетке қатысты қордалы һәм күрделі мәселе баршылық. Сондықтан болар, депутаттар Үкіметтің алдында Парламенттің құзырын кеңейтуге дейінгі бірқатар ұсынымдарды айтып қалды.

Үкімет бюджетке қатысты Парламент ал­дына екі келеді. Оның бірі  бюджетті бе­кітерде болса, екіншісі сол бекіген бюд­жет­тің атқарылуы туралы есеп бергенде. Сон­дықтан да атқарушы биліктің жұмысын бағалау үшін бұл – Парламентке берілген зор мүмкіндік. Депутаттар елдік есеп-қи­сап­тың сауаттылығын ғана емес, орындалу са­пасын бағалайды. Мұндай жағдайда мә­жілісмендер алдымен Үкімет өкілін тың­дап, соңынан Есеп комитетінің базынасын ес­тиді, сөйтіп, екеуінің есебін қорытып ба­рып атқарушы биліктің жұмысын ба­ғалайды. Бұл – бұрыннан қалыптасқан дәс­түр. Кешегі отырыс та сол дәстүрден ауыт­қусыз өтті. Алдымен сөз алған бас қар­жыгер Болат Жәмішев баяндамада де­путаттардың көңілін күпті қылатын мә­се­леге баса назар аударғаны байқалады. Мә­селен, соңғы бірнеше жыл бойы бюд­жетке қатысты басты проблема қаржының иге­рілмей қалуы болатын. Былтырғы бюд­жеттен де 42,3 млрд теңгеге жуық қалдық қа­лыпты. Әрине, бұл аз көрсеткіш емес. Де­генмен қаржы министрі аталған со­ма­ның сүбелі үлесі объективті себептен тұ­ра­тынын жікке бөліп қарастырды. Ай­туын­ша, игерілмеген қаражаттың 10,6 млрд теңгесі үнем­деуден тұрады, 4,7 млрд теңге мер­дігерлерге байланысты орындалмаған шарт­ты міндеттемелерден, 5,9 млрд теңге  қа­жет болмай, «қалтада қалған» қаражат та­ғысын тағы. Дегенмен біраз бөлік әкім­ші­лердің жауапсыздығынан да орын алған. Осындай жіктеуден соң министр Болат Би­дах­метұлы игерілмеген бюджет та­қы­рыбынан қандай да бір трагедия жа­са­мау­ды сұрап, әлемдік тәжірибені алға тартты. «Син­гапурде бюджет қаражатының 5 па­йызы, АҚШ, Англия, Германия елдерінде 5-тен 10 пайызға дейін игерілмеуі орын алып отырады. Бұл елдердің қаржылық жү­йесі нәтижеге бағдарланған. Осыған бай­ланысты олардың салалық ми­нистр­лік­те­ріне бюджеттің пайдаланылмаған қа­ра­жаттарын көзделген мақсаттарға қол жет­кізу үшін келесі жылдарға ауыстыруға мүм­кіндік берілген. Бұл заңбұзушылық бо­лып табылмайды», – дейді Болат Би­дах­метұлы. Бюджетке қатысты ұдайы кө­терілетін екінші бір маңызды мәселе бюд­жет қаражаттарының банк де­по­зиттерінде орналастырылуына қатысты бо­латын. Министрдің мәліметінше, биыл­ғы жылдан бастап бұл мәселе заң жүзінде рет­телетін болады. «2012 жылғы 1 мау­сымдағы жағдай бойынша қазынашылық ор­гандарында квазимемлекеттік сектор субъек­тілерінің 19 қолма-қол ақша ба­қы­лау шоттары ашылды. Оларға бюджеттік бағ­дарлама әкімшілері 28,3 млрд теңге ау­дарды», – дейді Болат Жәмішев.  Бұдан соң министр бірқатар фактілермен, кіріс пен шығыстың негізгі есеп-қисабына тоқ­тал­ды. Ал Есеп комитеті өз қорытындысында Үкі­меттің бюджеттік негізгі параметрлерді орын­дап шыққанын айтады. «Әрине, Үкі­меттің сыртқы һәм ішкі келеңсіз фак­тор­ларға қарамастан, экономиканың белгілі бір дәрежеде  өсуіне қол жеткізгенін, осы өсі­мнің өз кезегінде ел бюджетінің ат­қа­ры­луына жағымды әсер еткенін айта кету ке­рек. Бұл қол жеткізілген жақсы нәтижелер біз­дікі, оны ешкім тартып алмайды, де­ген­мен кемшіліксіз дүние де болмайды», – деп түйіндейді Есеп комитетінің төрағасы Омархан Өксікбаев. Сөйтіп, бюджетте кей­бір кемшіліктер мен орынды сынға тұратын ол­қылықтар да баршылық. Қаржы ми­нистрінен соң сөз алған Есеп комитетінің тө­рағасы, негізінен, осы тұрғыдағы мә­се­лелерді тізіп баяндады.

Жалған кәсіпорындар қызметі ұлттық қа­уіпсіздікке қатер төндіріп тұр

Жыл басында-ақ сот еліміздегі 1044 са­лық төлеушіге қатысты «жалған кә­сіп­орын» деп тану туралы шешім шы­ғарыпты. «Бұл ретте 2011 жылы жалған кә­сіпорын қызметтерін пайдаланған контрагенттер мемлекетке 110,5 млрд теңге мөлшерінде зиян келтірді. Ал осы қаражаттың тек 3 млрд теңгесі ғана бюджетке қайтарылды», – дейді Есеп комитетінің төрағасы Омархан Өксікбаев. Оның пікірінше, ел эко­но­ми­ка­сында қолма-қол ақша айналымының жер­гілікті жерде кеңінен таралуы жалған кә­сіпорындардың көбеюіне ықпал етіп отыр­ған факторлардың бірі болып та­бы­лады. Тек соңғы үш жылдың ішінде заңды тұлғалар арасында жыл сайын шамамен 1,4 млрд теңге қолма-қол айналымда жүр екен. Ендеше, Омархан Нұртайұлы мұндай бе­рекетсіздікке тоқтам болуы тиістігін айтады.

Есеп комитетінің назарында болған екін­ші басты мәселе – кедендік әкімшіліктегі про­блемалар. Осыған орай Омархан Нұр­тай­ұлы елімізге контрабандалық жолмен әке­лінетін тауарлардың жолын кесуге бай­ланысты құқық қолдану практикасының кө­ңіл көншітпейтінін алға тартады. «Әсі­ресе Алматы облысы мен Алматы қаласы бо­йынша кедендік бақылау департа­мент­теріндегі ахуал мәз емес. Мәселен, 2010-2011 жылдары аталған департаменттер Қы­тай тауарларын контрабандалық жол­мен әкелу фактілері бойынша бар болғаны бір ғана қылмыстық іс қозғады», – дейді Омар­хан Өксікбаев. Соңғы жылдары күн­шығыс қақпадағы кеден ісіне қатысты күр­делі мәселелердің орын алып отырғанын айт­сақ, шынымен де, Есеп комитеті келтірген деректің мардымсыздығына наразылық білдіруге болады.

Ал қаржы министрі жіктеп берген иге­рілмеген қаражаттарға қатысты Есеп ко­ми­тетінің де өз ұстанымы баршылық. «Иге­ріл­меген қаржының жартысы даму бағ­дарламаларының үлесіне тиеді. Со­нымен қатар депутаттардың назарын пай­да­ланылмай қалып қойған, ұлттық хол­динг­тер мен акционерлік қоғамдардың есеп­шоттарында жатқан 96 млрд теңгеге ау­дарғым келеді. Мұны да игерілмей қал­ған қаражаттың есебіне кіргізсе болады», – дейді Омархан Өксікбаев. Оның па­йы­мын­ша, бюджеттің игерімсіздігіне, негізі­нен, жос­парлауда кеткен қателіктер себеп бо­­лып отыр. Тоқтала кететін тағы бір жайт, өт­кен жолы төтенше жағдайлар министрі де­путаттардың алдында тұрып, бюджет қаражатын үнемдегені үшін өзінің алғыс талап етуіне де болатынын жеткізген еді. Бұл да Омархан Нұртайұлының қаперінде қал­са керек. «Естеріңізде болар, осы мін­беде бір министр қаражатты үнемдегені үшін өзіне алғыс беруді сұраған. Егер сол бас­шының игермеген сомасын талдасақ, ми­нистрлік жұмысының нашарлығынан бюд­жет қаражатының пайдаланылмай қал­ғаны білінеді», – дейді комитет бас­шысы.

Баяндама барысында Есеп комитетінің төрағасы бюджеттік бейберекетсіздіктерге қатысты бірқатар мәселелерді нақты фак­тілермен айшықтап, керек болса мысал да келтірді. Әсіресе «ҚазАгро» холдингіне қа­тысты қадау-қадау сын айтылды. «Ауыл ша­руашылығы тауарларын өндірушілерді қол­­дау жөніндегі іс-шараларды жүзеге асы­­руға «ҚазАгро» АҚ-қа жылдық 0,1 па­йыз сыйақы ставкасымен өткен жылы 18 млрд теңге бюджеттік кредит бөлінген бо­ла­тын. Алайда аталған компания бюджет қа­­ражатын өзінің еншілес ұйымдарына жыл­дық 0,15 ставкамен кредитке беріп, еш қиындықсыз 500 млн таза табыс тапты. Өз кезегінде еншілестер түпкілікті қарыз алу­шы шаруаларға жылдық 3-5 пайыз са­ра­ланған сыйақы ставкасымен бюджеттік кре­­дит берген», – дейді Омархан Өк­сік­баев. Осылайша шаруалар мемлекеттен бе­­рілген кредитті «ҚазАгро» арқылы едә­уір қымбатқа, дәлірек айтқанда, 300-500 есе артық ставкамен алған болып отыр. Дәл осы мәселеге бірқатар депутаттар шүй­­ліккен болатын.

Талқы барысында депутаттар бюджет мә­селесінде жылдан-жылға жалғасып келе жатқан жүйелі кемшіліктерді шешуге қа­тыс­ты ұсынымдар жасады. Әсіресе рес­публика бюджетінің кірісіндегі шикізат сек­торының төмендетудің кешенді шаралары қа­жеттігін айтады. Талқыдан соң бюджет есе­бі Сенатқа жолданды. Айтпақшы, бюд­жеттің орындалуына қа­тысты соңғы шешім Пар­ламент палата­ларының бірлескен оты­рысында шыға­ры­латын болады.  Дегенмен де­путат Да­­­ри­ға Назарбаева «Парламент мәр­те­бесі, мүмкіндігі мен оның өкілеттігін ке­ңейту туралы мәселені» көтерді. «Бүгінгі күні Парламент Үкіметтің тең құқылы се­ріктесі бола алмай отыр, бұл  – шындық», – дейді Дариға  Назарбаева.

 

 

2011 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуына оң баға берілді

 

/«Kazakhstan Today». 07.06.2012./ - 2011 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуына оң баға берілді, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

Депутаттар алдында Қаржы министрі Болат Жәмішев, Есеп комитетінің төрағасы Омархан Өксікбаев есеп берді. Сондай-ақ Мәжілістің Қаржы және бюджет жөніндегі Комитетінің мүшесі Татьяна Яковлеваның да қосымша баяндамасы тыңдалды.

"Қаржы және бюджет комитеті қорытынды ескертулер мен ұсыныстарды есепке ала отырып, Үкіметтің 2011 жылғы республикалық бюджетті орындауын оң бағалап отыр. Республикалық бюджетті бақылау жөніндегі Есеп комитетінің де есебі көңіл толтырады", - деді Парламент Мәжілісінің отырысында Татьяна Яковлева.

Қаржы және бюджет комитетінің қорытынды есебінде Үкімет 2011 жылғы республикалық бюджетті игеру кезінде Елбасының "Жаңа онжылдық - жаңа экономикалық өрлеу" атты 2010 жылдың 29 қаңтарындағы Жолдауы мен "Болашақтың іргесін бірге қалаймыз" атты 2011 жылдың 28 қаңтарындағы Жолдауында айтқан тапсырмаларын орынау үшін елдің әлеуметтік-эконмикалық дамуындағы негізгі макроэкономикалық көрсеткіштерге қол жеткізгені аталып өтілген.

"2011 жылы 2011-2013 жылдарға арналған республикалық бюджет екі рет нақтыланды. Аталмыш қаражат Елбасының "Болашақтың іргесін бірге қалаймыз" атты 2011 жылдың 28 қаңтарында жариялаған Жолдауының тапсырмаларын орындауға, сондай-ақ бірқатар аймақтық мәселелерді, әлеуметтік салалардағы іс-шараларды іске асыруға, Мемлекеттік үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыруға жұмсалды", - делінген Қаржы және бюджет комитетінің қорытынды баяндамасында.

 

42 млрд кәдеге жарамай қалды

 

/«Заң газеті». 08.06.2012. Айша Құрманғали./ -  Республикалық бюджет қаржысы өткен жылы тағы да игерілмей қалды. Кәдеге жарамай қалған ақша бақандай 42 млрд 349 млн теңге болып отыр.  Осы аптада Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында Үкімет пен Есеп комитетінің 2011 жылғы бюджеттің атқарылуы туралы есептері қаралу барысында осы мәселе қызу талқыланды.

Алдымен баяндама жасаған Қаржы министрі Болат Жәмішевтің айтуынша, игерілмеген қаражаттардың деніне объективті себептер әсер еткен. Мәселен, орнын таппа­ған қаржы санатындағы 10,6 млрд теңге – үнемдеу, 4,7 млрд теңге мердігерлерге бай­ланысты орындалмаған шартты міндеттемелер қаржысы. Сонымен қатар, игерілмеу фактілері қажет болмаған қалдықтар, енді бір бөлігі негізсіз жоспарлау мен шарттарды уақытылы жасамауға қатысты да орын алған. Министрдің пікірінше, бюджет қаржысының осылайша кәдеге жарамай қалуы дүниежүзілік тәжірибе. Бұл ретте, ол бюджет қаражатының АҚШ, Англия, Германия елдерінде 5-тен 10 пайызға дейін игерілмегенін мысалға кел­тірді. «Олар­дың қаржылық жүйесі түпкі нәтижеге бағдарланған. Сондықтан, салалық министрліктерге бюджеттің пайдаланылма­ған қаражаттарын негізгі мақсаттарға жету үшін келесі жылдарға ауыстыруға мүмкіндік берілген. Бұл заңбұзушылық болып табылмайды», – деді.

Бірақ, бұл дәлелдемелер, әдеттегідей, жауырды жаба тоқу секілді. Шын мәнін­де, қаржының игерілмей қалуының субъек­тивті, яғни, жоспарсыздық, жүйесіздік, жа­уапкершіліктің төмендігі, бейкәсібилікке байланысты орын алу себептері көп болып отырғанына дерек көп. Мәселен, осы жиында жасалған Рес­публикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі Есеп комитетінің төрағасы Омархан Өксік­баевтың баяндамасында келтірілген мәлі­меттер, айтылған сындар осындай ойға жетелейді.
Комитет төрағасының айтуынша, бюджет қаражатын игермеушілердің алдында Қаржы министрлігі тұр екен. Бұл құзырлы орынға былтыр бөлінген 10 млрд теңге орнын таппаған. Одан соңғы тізімді 9,8 млрд теңге қаржымен – Ұлттық қауіпсіздік комитеті, 6,5 млрд теңгемен – Төтенше жағдайлар министрлігі, 3,1 млрд теңгемен – Денсаулық сақтау министрлігі, 2,8 млрд теңгемен Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі жалғастырып отыр. Өксікбаевтың пікірінше, бюджет қаражатын игермеудің негізгі себептері – бюджеттік бағдарлама­лар әкімшілерінің бюджеттік бағдарламаларды тиімсіз басқару салдары. Олар қаржыны негізсіз жоспарлауға жол берген. Сонымен қатар, мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру кезінде бәсекелестік ортаның болмауы, конкурстардың кейін шегерілуі де әсер еткен.

Жалпы, былтырғы макро­эконо­ми­калық жоспардың болжануы респуб­ликалық бюджеттің сапасына өз ық­палын белгілі мөлшерде тигізіпті. Осы себептен іс жүзінде кірістер бастапқы Парламент бірінші мақұлдаған 511,7 млрд теңгеге, ал, шығындар 283,4 млрд теңгеге асып түскен. Осы ретте Омар­хан Өксікбаев (суретте) еліміз­де әлі де кі­ріс­тердің басым бөлігі шикізат сек­то­рына тиіп отырғанына назар аудартты. Олар былтыр бұрнағы жыл­мен салыстырғанда төрт пайызға дейін артып, 60,1 пайызға өскен. Бұл елімізде жүзеге асырылып жатқан Үдемелі индус­триялық-инновациялық даму бағдар­ла­ма­сының кемшіліктерге толы екенінің бірден-бір дәлелі.

Есеп комитеті былтыр 264 нысанда барлығы 42 бақылау шарасын жүргізіп, жалпы сомасы 270 млрд теңгенің бюджеттік және басқа да заңнамалардың бұзылуын анықтапты. Бұл был­тырғы жылмен салыстырғанда 15 пайызға көп. Омархан Өксікбаевтың айтуынша, бюджет қаражатына байланысты заңбұзушылық барлық саланы қамтыған. Соған қарамастан оларға тосқауыл қою, алдын алу шаралары күшейтілмей отыр. Мәселен, бүгінде республикамызға контрабандалық жолмен әкелінетін тауарлар көп. Әсіресе, Алматы облысы мен Алматы қаласы бойынша Кедендік бақылау департаменттеріндегі ахуал мәз емес. 2010-2011 жылдары аталған де­пар­таменттер Қытай тауарларын кон­трабандалық жолмен әкелу бойынша бар болғаны бір ғана қылмыстық іс қозғапты. Сол секілді, қолма-қол ақша айналымының жергілікті жерде кеңінен таралуынан ел экономикасына тиіп отырған зиян аз емес. Бұл жалған кәсіпорындардың көбеюіне ықпал етіп отырған факторлардың бірі болып отыр. 2011 жылы осы жалған кәсіпорынның қызметтерін пайдаланған контрагенттер мемлекетке 110,5 млрд теңге мөлшерінде зиян келтірген. Ал, осы қаражаттың тек 3 млрд теңгесі ғана мемлекетке қайтарылған.
Заңсыздықтың орын алуының бір себебі – бюджет қаражатын жұм­саудағы ашықтықтың болмауы. Әсіресе, ұлттық холдингтердің көп­буынды құрылымдылығы осындай ке­леңсіздік тудырып отыр. Омархан Өксікбаев бұл ретте компаниялардың бюджеттік несиелерді қосымша табыс табуға пайдаланып жүргенін мысалға келтірді. Мәселен, ауылшаруашылық тауарларын өндірушілерді қолдау үшін былтыр «ҚазАгро» АҚ-ға жылдық 0,1 пайыздық өсімімен 18 млрд теңге бюджеттік несие бөлінген. Алайда, бұл ұйым бюджет қаражатын өзінің еншілес ұйымдарына жылдық 0,15 пайыздық ставкамен кредитке беріп, ешқандай қиындықсыз 500 млн теңге таза табыс тауыпты. Ал, шаруаларға тиісті несие жылдық 3-5 пайыз ара­лығындағы өсімақымен берілген.
Қысқасы, бюджеттің атқа­ры­луын­да орын алған кемшілік, заң­бұзу­шылықтың фактісі ұзын сонар. Бұл жөнінде жылда айтылады. Осындай кемшіліктерге жол берген жауапты адамдар жазаланып та жататын көрінеді. Болат Би­дах­мет­ұлының айтуынша, былтыр мың жа­рымға жуық шенеунікке шара қолданыпты. Алайда, одан еш нәтиже жоқ.
Талқылау барысында депутаттар осының себебін білгісі келді. Бірақ, Қаржы министрі мен Есеп комитетінің төрағасын қайта-қайта сұрақтың ас­тына алып, тығырыққа тірегенмен, олар айтқан жауап әдеттегі қалыптан аспады. Министр сол баяғысынша: «Бюджет үш жылдық болғандықтан иегерілмеген қаржы жылдан-жылға ауысып отырады» десе, бас есепшіміз «анықтаудамыз, ұсыныс берудемізбен» шектелді. Мұны депутаттардың көбі жауапсыздық деп атап көрсетті. Әсіресе, коммунистердің жетекші­сі Владислав Косарев қатты кетті. Ол бірден қаржы министріне шүйлігіп: «Үкіметтің сіз секілді қандай олқылықты болсын бүркемелеп, жауапкершіліктен құтқарып отыратын қорғаны бар. Бұл ретте оның жолы болған. Алайда, сіздердің, біздердің әрбір іс-қимылдарымыз бұқаралық ақпарат құралдары арқылы елге мәлім болып отырады. Біз халық сені­мін арқалап жүрген жандармыз. Сон­дықтан, олардың алдында адал болуы үшін мен үкіметті доғарысқа жіберу керек деп санаймын. Атқарушы билік мұндай жұмыспен елді алға жылжытпайды», – деді.
Депутат Серікбай Нұрғисаев заң­сыздықтың орын алу себебі оған жол берген шенеуніктердің жазасыз қалуынан деген пікірін ортаға салды. «Мыңнан астам адамға шара қол­данды дейсіздер. Бұл жөнінде еш жерде ешқандай ақпарат жоқ. БАҚ-та көрсетілмейді. Меніңше, осы мәселе жабық жағдайда шешіледі де, заң бұзғандар жеңіл жазамен құтылып кетеді. Оларға қолданылатын ең ауыр жаза басқа қызметке ауыстыру болады, көбіне. Бұдан соң жемқорлық, заңбұзушылық қайдан жойылсын», –
деді ол. Оны Палатаның Әлеуметтік мәдени даму комитетінің төрайымы Дариға Назарбаева да құптады. «Заң­бұзушылық жылдан-жылға артып бара жатыр. Бізге беріліп отырған мәліметтер Есеп комитетінің қамтып үлгерген жұмысының жартысы ғана екенін ескеретін болсақ, түйткілді мәселелер өте көп» дей келіп, бюджет қаржысының заңдылыққа сай толыққанды атқарылуын қамтамасыз ету үшін бақылау, қадағалау, жазалау шараларын күшейту қажеттігін атап көрсетті. Оның айтуынша, заңбұзушылық үшін әкім мен ми­нистр жауапқа тартылып, жазала­нуы керек. Есеп комитетінің өкі­лет­тігін кеңейту, Есеп комитеті, Үкі­мет Парламент мүшелерінен жұмыс тобын құру да өзекті болып тұр. Дариға Нұрсұлтанқызы осы ретте Пар­ламенттің құзыретін, мүмкіндігін Үкіметпен теңестіру жөнінде Мәжіліс спикерінің алдына мәселе қойды. Оның айтуынша, бүгінде бюджеттің атқарылуы секілді маңызды мәсе­ле­лерді жеткілікті түрде зерделеп, зерт­теуге заң шығарушы орынның мүмкіндігі сай емес. Бұл ұйымның арнайы ғылыми зерттеу, сараптау орта­лықтары болуы тиіс.

Бұдан соң жиынды басқарып отыр­ған Палата спикері де үнсіз қала ал­ма­ды. Нұрлан Нығматулин заң шыға­рушы ұйымның өз міндеттерін дұ­рыс атқармаған үкімет мүшелерінен жа­уапкершілікті талап етуге құзыреті толық жететінін айта келіп, бюджеттің орындалуына Парламенттің де жа­уап­ты болатынын атап көрсетті. «Өйт­кені, бюджет Парламент қабыр­ға­сында қаралады. Сондықтан, бү­гін­гі талқылау министрліктер мен ве­домстволардың басшыларын мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы жайлы есеп пен мемлекеттің бюджеттік қаржысын үкіметтік бағдар­ламаларға тиімді игеру жөнінде дұрыс бағытқа бұрады, оларға негіз болып, өздері де соған әзір тұрады деп ой­лаймын», – деп өз ойын білдірді. Сөйтіп, бюд­жеттің ат­-қарылуы жөніндегі есепті Мәжіліс депутаттары құп алып, Сенатқа жіберді.



«Медициналық заң» неге асықты?

 

/«Айқын». 08.06.2012. Айхан Шәріп../ - Жоғарғы сотта судьялардың ауысуы жалғасуда. Қайрат Мәмидің төрағалығымен өткен Сенаттың кешегі жалпы отырысында осыған қатысты шешім қабылданды. Жоғарғы палатаның жиыны жұмысын бастамас бұрын, сенаторлар төрағаның ұсынысымен, «Арқанкерген» бекетінде қаза тапқан шекарашылардың рухына құрмет көрсетіп, оларды бір минут үнсіздікпен еске алды.

Осыдан кейін Сенат депутаттары Елбасының ұсынуымен, Қа­зақстанның Жоғарғы сотының 3 судьясын лауазы­мынан босатты. Президент Н.Назар­баев­тың ұсы­нымын Президент Әкім­шілігі басшысы­ның орын­баса­ры - Жоғарғы сот кеңесінің төрағасы Тал­ғат Донақов жария етті: «Бағдат Ах­метовті, Ғалихан Бапақовты, Алек­сандр Кравченконы Жоғарғы сот судьясы қызметтерінен түсуіне бай­ланысты, оларды босату туралы Мем­лекет басшысы Нұрсұлтан Назар­баев­тың ұсынымдарын Сенатқа енгізіп отырмыз, - деді ол. - Аталған судьялар зейнеткерлік жасқа жетті. Осыған орай олар отставкаға кету туралы арыз жазған. Судьялар сот жүйесінде қызмет атқарған аралықта өздерін беделді және тәжірибелі судья ретінде көр­сетті». Мемлекет басшысының ұсы­нысын құптаған сенаторлар еш сөзге келмей, демалуды, енді өмірді басқа маңызды істерге және жеке бастың қызығына арнауды жөн деп тапқан «билерді» лауазымдарынан босатты. Бұл ретте төрден сөз қосқан төраға Қай­рат Мәми бұл судьялардың құр­мет­ті отстав­каға кетуіне байланысты олардың қызметіне жоғары бағасын беріп, сенаторлар атынан алғыс біл­дірді.
Ал бірқатар сот мантиясының иегерлері, керісінше, кеше мансаптық сатының биігіне көтерілді. Жоғарғы палата Президенттің ұсынуымен, «Жо­ғарғы сот судьясы» лауазымына Бағдат Мақұлбековті, Жаңылсын Арқарованы, Гүлнәр Рысбекованы, Айгүл Сапарованы және Бауыржан Жұмағұловты (Білім және ғылым министрі Б.Жұмағұловтың інісі) сайлады.

Бір қызығы, «аты шулы алты судьяға» қатысты ел ішін дүрліктірген оқиғадан кейін Жоғарғы сот басшысы Бектас Бекназаров жаңа «бас билерді» таңдауда тиісті алдын алу шараларын қабылдаған. Осы орайда әлгі бес кандидатураның «Жоғарғы сот судьясына» ұсынылатындығы туралы ақпар Жоғарғы сот сайтында біраз уақыт бұрын жарияланып, олардың теріс, сот атына кір келтіретін қандай да бір әрекеттеріне қатысты ақпар-айыптары барларды хабарлау сұралды. Бірақ бұл кісілердің ақыры Сенатқа ұсынылғандығына қарағанда, олардың артынан сөз ермеген сияқты.

«Жоғарғы бас бидің» қасында оты­ратын «бас билер» атанған бұл аза­маттар осы жалпы отырыста Сенат депутаттары алдында жаңа да жауапкершілікті ла­уазымдарында әділ төрелік жасауға ант қабылдады. Бір айта кетер жайт, Жоғарғы сот судьяларына жаңадан тағайын­далғандардың соттағы жұмыс өтілі 12-ден 26 жылға дейін көрінеді. Олардың барлығының жоғары білікті судья саналатындығы атап өтілді.

Осы күнгі жалпы отырыстарында сенаторлар ұлттық заңнаманы «электр энергетикасы, табиғи монополиялар мен реттелетін нарық субъектілерінің инвестициялық қызметі мәселелері бойынша» өзгертетін заңның жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Бұл жоба электр стансаларының инвестициялық қызметінің ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған. Құжатты қорғаған Эко­номикалық даму және сауда ми­нистрі Бақытжан Сағынтаев қазіргі кезде Қазақстандағы жылу электр стан­саларының 41 пайызының, ал гидро­электр стансаларының 68 пайы­зының «жасы» 30 жылдан асқандығын, яғни тоза бастағандығын мәлім етті. Яғни жаңғырту мен жаңарту шараларын алға тартып, олардың өз тарифтерін жаппай көтере бастайтын шақ туды. Егер олар­дың сол инвестициялық қаражатты тиіс­ті жеріне, яғни құрал-жабдықтарды, құрылымдарды жаңартуға жұмсауын Үкімет қадағаламаса, олардың тариф­терінің қымбаттай беруіне тоқтау бол­майды! Бұл жағдайда стансаның құ­­рал-жабдықтарының тозуы оның қо­­­­жа­­­йынына тиімді болып, оны ол пай­да көзіне айналдырып алуы мүмкін. Алай­д­а халықтың да төзімі шексіз емес.
Оның үстіне министр Б.Сағынтаев елге қуат беретін, жүзін жарық етіп, бойына жылу жүгіртетін стансалардың тозуы «ел экономикасының дамуы­на қатер төндіретіндігін» мәлімдеді. Электр тапшылығы туындап, Қазақстан­ның көрші елдерге тәуелділігі артпақ. Де­мек, мұндай заң - өмір талабы. «Қарастыры­лып отырған түзетулер қуат өндіретін ұйымдардың, табиғи монополия және реттелетін нарық субъектілерінің өз­де­рінің инвестициялық міндеттемеле­рін орындауы үшін жауапкершілігін артты­руды, электр қуаттылығы нарығын ен­діру арқылы олар көрсететін қызмет­тердің сапасын көтеруді көздейді» деді Экономдаму министрі.

Сенат депутаттарының қарауына «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» заңының жобасы кеше тек бірінші оқылымда шығарылған болатын. Бұл жобаға бір топ депутат бастамашы болған.

Сенатор Светлана Жалмағам­бето­ваның түсіндіруінше, қазіргі кезде Ден­саулық сақтау министрлігінің Меди­циналық қызметтерді төлеу комитетінің аумақтық бөлімшелері мен өңірлердің денсаулық сақтау басқармалары «тегін медициналық көмекке» кіретін медици­налық мақсаттағы препараттар мен бұ­йымдарды және медициналық қыз­меттерді, «Мемлекеттік сатып алулар туралы» заңының нормаларын қол­дан­бай, өз беттерінше сатып алып оты­рады. Өйткені «созылмалы дерттерге» душар болған, демек, тиісті дәрі-дәрмек пен көмекке үздіксіз де ұдайы зәру адамдар тендердің өтуін күтіп отыра алмайды.

Алайда 2011 жылдың 8 шілдесінде Қазақстан ратификациялаған, Кеден одағына кіретін бір түркі және қос сла­вян елі арасында бекітілген «Мем­лекеттік (муниципалдық) сатып алулар туралы» Келісім мемлекеттік сатып алулар процедураларын жүргізусіз сатып алу жағдайларының нақты тізбесін белгілеп, шектейді. Шенеуніктер ай қарап отырған ба, кім білсін, бірақ бұл тізбеге «тегін медициналық көмектің кепілді көлемі» (ТМККК) аясында медициналық қызметтерді, дәрі-дәр­мекті және медициналық техниканы сатып алу жағдайы кірмей қалыпты.

Қазақстанға биылғы жылдың 13 қаңтарында ұлттық «Мемлекеттік сатып алулар туралы» заңын әлгі Келісімге сәйкес өзгертуге тура келген. Нәтиже­сінде алдағы ай басында, 1 шілдеден бас­тап «тегін меджәрдемнің» дәрі-дәр­мектері мен қызметтері енді тек тендер арқылы ғана сатып алынады. Яғни сыр­қаттар шенеуніктердің ол тендерлерді өткізуін айлап күтуге мәжбүрленбек. Осы орайда «бұл - «ТМККК» аясында дәрілер мен ем-домды сатып алуды қиындатып жібереді және денсаулық сақтау ұйымдарға медициналық жәр­демнің үздіксіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік бермейді» деп тапқан Мәжіліс депутаттары осы жаңа заңның жобасын жасап шыққан. Бұл құжат мемлекеттік сатып алулар туралы Қазақстан заңының «азаматтарды «ТМККК» тізбесіне кіретін медицина­лық қызметтермен, сондай-ақ медициналық мақсаттағы дәрілік құралдармен және бұйымдар­мен қамтамасыз ету бөлігіндегі құқықтық қатынастарға» таралуын шектемек. Бұл жаңа заң 2012 жылдың 1 шілдесіне дейін күшіне мініп үлгеруі қажет. Ал қос пала­та депутаттарының жазғы каникулға кететін уақыты болса, таяп қалды. Осы­ны ескерсе керек, талқылаулар қоры­тындысында Сенат депутаттары «меди­циналық» заңның жобасын бірден екі оқылымда қабылдау туралы шешім қабылдады. Жақында бұл жоба қол қоюы үшін Елбасыға жолданбақ.

 

 

Парламент медициналық көмекке қатысты құқықтарды қалпына келтіретін заңды қабылдады

 

/«ҚазАқпарат». 07.06.2012. Қанат Мәметқазыұлы./ - Бүгін ҚР Парламенті Cенатының жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын екінші оқылымда мақұлдап, құжатты қабылдады.

Енді аталған заң Мемлекет Басшысының қол қоюына жіберіледі.

Аталған құжаттың негізгі мақсаты Қазақстан азаматтары мен оралмандарының тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне коституциялық құқықтарын іске асыруды қамтамасыз ету болып табылады. «Бұл құқық қазіргі уақытта екі заңмен реттеліп жүр.

Атап айтқанда, олар: «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексі және «Мемлекеттік сатып алулар туралы» заңы. Бұл тұрғыда айта кететін жайт, 2007 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін тегін медициналық көмектің тізбесіне кіретін медициналық қызметтерді сатып алуды, медициналық мақсаттағы бұйымдар және дәрі-дәрмектерді сатып алуды заңнан тыс ерекше тәсілмін, Үкімет қаулысымен жүргізіп келеміз. Алайда, қалыптасқан тәртіп 1 шілдеден бастап өзгеруі мүмкін. Өйткені, осы арада Бірыңғай экономикалық кеңістік шеңберінде мемлекеттік сатып алу туралы келісім қабылданған болатын. Ал сол келісімге сәйкес тізбе жасалып, оған жаңағыдай медициналық қызметтер, дәрілік заттар енгізілмеген. Сонымен қатар, 2012 жылғы қаңтардағы қабылданған заңға өзгерістер енгізілген болатын. Мұның бәрі қолданыстағы тәртіптің күшін жоюға және халықты тегін медициналық көмектің көлемімен қамтамасыз ету қызметін жүзеге асыруды болғызбай тастауы мүмкін», - дейді сенатор Светлана Жалмағамбетова.

 Сондай-ақ, қолданыстағы заңның теріс салдарына тоқталған депутат, келісімнің «2009 жылы енгізілген бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесіне, оның  басты принцптеріне балта шабатынын» атап өтті. «Екіншіден, ол пациенттің бірнеше құқықтарын бұзылуына әкеледі. Атап айтқанда, медициналық көмекке қолжетімділігі, пациенттердің клиниканы таңдау құқығы, медициналық көмекті үзіліссіз алу құқығын бұзады. Ал бүгін қабылданған заң сондай қайшылықтарды болдырмау үшін жасалып отыр», - дейді депутат.

С. Жалмағамбетованың түсіндіруінше, аталған заң бес жылдан бері Қазақстандағы денсаулық сақтау жүйесінде қалыптасқан тәртіпті сақтап қалу үшін енгізіліп отыр. «Халыққа қызмет ететін заңда басқаша өзгерістер қамтылмаған», - деді ол.

 

Сенат денсаулық сақтау мәселелерін қамтитын жобаны бірінші оқылымда мақұлдады

 

/«ҚазАқпарат». 07.06.2012. Қанат Мәметқазыұлы./ - Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Аталған құжаттың мақсаты мемлекеттік сатып алулар туралы ратификацияланған келісімге және 2012 жылдың қаңтарында қабылданған заңға байланысты туындаған пациенттің медициналық ұйымды еркін таңдау құқығы мен халыққа медициналық көмек көрсетудің қолжетімділігін қамтамасыз ету жөніндегі олқылықты жою болып табылады.

Бұл ретте «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексіне және «Мемлекеттік сатып алулар туралы» Заңына өзгерістер қарастырылады. Атап айтқанда, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін көрсету жөніндегі қызметтер берушіні таңдау және денсаулық сақтау ұйымдарының шығындарын өтеу шаралары қарастырылады.

Сондай-ақ, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдарды сатып алу бөлігінде тиісті түзетулер енгізіледі.

Бірінші оқылымда мақұлданған заң жобасы, екінші оқылымға әзірлеуге тапсырылды.

 

 

Қазақстан экономикасының электр қуатына қажеттілігі заңмен реттеледі

 

/«ҚазАқпарат». 07.06.2012. Қанат Мәметқазыұлы./  -  Бүгін ҚР Парламенті Cенатының жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне электр энергетикасы, табиғи монополиялар мен реттелетін нарық субъектілерінің инвестициялық қызметі мәселелері бойынша толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Заң жобасы энергия өндіруші ұйымдардың, табиғи монополиялар және реттелетін нарық субъектілерінің инвестициялық міндеттемелерін орындау үшін жауапкершілікті күшейтуге бағытталады. Сонымен қоса, осы бағыттағы көрсетілетін қызметтер сапасын, энергия өндіруші ұйымдардың инвестициялық қызметінің ашықтығын арттыру қарастырылады. Инвестициялық бағдарламаларды бекіту регламенттеліп, инвестициялық бағдарламаларды орындамаған жағдайда олардың игерілмеген қаражаттары тұтынушыларға қайтарылатын болады. Бұдан бөлек, электр стансыларының инвестициялық қызметінің ашықтығы қамтамасыз етіледі. Оның ішінде, осы бағдарламаға қатысты міндеттемелердің барлығы БАҚ-та жарияланып тұратын болады. Сонымен қатар, инвестициялық міндеттемелердің орындалуына бақылау тетігі күшейтіледі. Олардың инвестициялық міндеттемелері тарифтік табыс деңгейіне сәйкестігі қадағаланады.

«Жалпы заң жобасының негізгі мақсаты Қазақстан экономикасының электр қуатына қажеттілігін қамтамасыз ету болып табылады. Сондай-ақ, құжат еліміздегі электр стансыларының инвестициялық қызметтерінің ашықтығын қамтуды көздейді», - дейді заң жобасы бойынша баяндаған Экономикалық даму және сауда министрі Бақытжан Сағынтаев.

 

 

Сенат мемлекеттік монополия мәселесін қамтыған құжатты Мәжіліске қайтарды

 

 /«ҚазАқпарат». 07.06.2012. Қанат Мәметқазыұлы./  - Бүгін ҚР Парламенті Cенатының жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік монополия мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екі оқылымда талқылады.

Сенат тарапынан құжатқа бірқатар өзгеріс енгізілгендіктен, жоба Мәжіліске қайтарылды.

Заң жобасы экономикаға мемлекеттің араласуын азайтуды қарастырады. Бұл ретте ұлттық қауіпсіздікті, мемлекеттің қорғаныс қабілеттілігін, қоғамдық тәртіпті, халық денсаулығын қорғау мақсаттарында кәсіпкерлік қызметке мемлекеттің қатысуы талап етілетін айрықша жағдайларда ғана мемлекеттік монополия енгізу көзделетін болады.

«Қолданыстағы 10 заңнамалық актіде мемлекеттік монополия туралы нормалар қамтылған. Алайда оның іске асыру тетігі ашып көрсетілмеген. 14 заңнамалық актіде қызмет мемлекеттік монополияға тікелей жатқызылмаған, алайда мемлекеттік кәсіпорынның осы қызметті жүзегеа сыруға айрықша құқығы нақты бекітілген»,  - дейді заң жобасы бойынша баяндаған Экономикалық даму және сауда министрі Бақытжан Сағынтаев.

Оның айтуынша, заң жобасына сәйкес, мемлекеттік монополияда тек 18 қызмет түрі ғана қалады. Бұдан бөлек, екі қызмет түрі мемлекеттік функцияға жатқызылады.

Заң жобасына бірқатар нақтылау сипатындағы түзетулер енгізілді. Осыған орай, заң жобасы Мәжіліске қайтарылды.

 

 

Сенат Конституцияның 78-бабын іске асыруды қарастыратын құжатты Мәжіліске жіберді

 

/«ҚазАқпарат». 07.06.2012. Қанат Мәметқазыұлы./ - Бүгін ҚР Парламенті Cенатының жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасы Конституциясының 78-бабын іске асыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда талқылады.

Құжатқа бірқатар түзетулер енгізіліп, заң жобасы Мәжіліске қайтарылды.

Аталған жобаға Мәжіліс депутаттары бастамашылық жасаған болатын. Сондай-ақ, құжат ҚР Конституциясының 78-бабын қолдануға байланысты қолданыстағы кейбір заңнамалық актілердегі олқылықтарды жою мақсатында әзірленген. Атап айтқанда, Ата заңның  13-бабында белгіленген әркімнің сотта қорғалу құқығы адамның және азаматтың конституциялық құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз етудің кепілдігі болып табылады. Ал, мұндай конституциялық құқық, сондай-ақ соттардың ҚР Конституциялық Кеңесіне жүгіну мүмкіндігі жолымен іске асырылуы мүмкін. Қазақстан Республикасының Конституциясының 78-бабы нақты қылмыстық және азаматтық істерді, сондай-ақ әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарау кезінде Конституциялық Кеңеске жүгінуінің құқықтық шарттарын жасайды.

Сонымен бірге депутаттар конституцияның аталған бабының ережелерін іске асыру іс жүргізу заңнамасында орын алған олқылықтармен қиындатылғанын, онда Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің нормативтік-құқықтық актіні немесе оның бөліктерін конституциялық емес деп табудың құқықтық салдары реттелмегенін алға тартады. Осыған орай, заң жобасын қабылдау соттың Конституциялық Кеңеске жүгінуіне байланысты сот ісін жүргізуде туындайтын бірқатар құқықтық қатынастарды реттеуге мүмкіндік беретіні көзделген болатын.

Ал Сенаттағы талқылаулар барысында заң жобасына бірқатар өзгерістер енгізілді. Атап айтқанда, сенаторлар құқық қолданушы органдар болып табылатын мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардың тізбесін нақтылады.

«Соттар сот төрелігін іске асыруда тәуелсіз болғандықтан және тек Конституция мен зңға бағынатындықтан, заң немесе өзге де нормативтік құқықтық акт Конституциялық кеңестің нормативтік қаулысымен сәйкестендірілгенге дейін, соттардың заңды немесе өзге де нормативтік құқықтық актіні Конституциялық Кеңестің шешімін ескере отырып қолдануына мүмкіндік беретін норма алынып тасталды», - дейді сенатор Людмила Полторабатько.

Тағы бірқатар түзетулер енгізілгендіктен заң жобасы Мәжіліске қайтарылды.

 

 

Рәміздерді қорлағандарға қылмыстық іс қозғалады

 

/«Алтын Орда». 07.06.2012./ -  ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшесі, Заң жобасы бойынша құрылған жұмыс тобының жетекшісі Майра Айсина бұл туралы былай дейді:

– Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаев: «Мемлекет азаматтарының оның рәміздеріне көзқарасының көрсеткіші – адамдар қаншалықты өздерін осы елдің азаматы ретінде сезетін, оның болашағына сенетін, патриоты болуы», – деді.

24 мамыр күні Мәжілістің жалпы отырысында қолданыстағы заңнамаға мемлекеттік рәміздер туралы тиісті өзгерістер енгізетін заң жобалары талқыға салынды.
«Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық заңына Үкіметтің енгізген өзгерістері мен толықтырулары  мемлекеттік рәміздерін жасау қызметін лицензиялаудан босату және жеке нотариустарға Қазақстан Республикасының мемлекеттік Елтаңбасын бейнелейтін мөрінің болуына құқық беруді көздеген болатын.
Жұмыс тобы заң жобасының таныстырылымы кезінде және өзінің бірнеше отырыстарында жоғарыда айтылған лицензиялау түрін жоюы қазіргі таңда әлі ерте деген бір тоқтамға келді. Мемлекеттік рәміздерді жасау үшін қолданатын стандарттарын өндірушілер қатаң түрде орындауы керек, ал уәкілетті мемлекеттік органдар тарапынан бұл саладағы Заңның орындалуы жөнінде тиісті бақылау мен қадағалау үнемі жүргізілуі қажет.

Халықаралық тәжірибеге назар аударсақ, Қазақстан Республикасының, әсіресе, ТМД елдері мен алыс шет елдердегі серіктестері мемлекеттік рәміздерді жасау мен қолдану процесін толық және қатаң мемлекеттік бақылауға алған.

Осыған байланысты мемлекеттік рәміздерді жасау кезіндегі лицензиялау қызметі туралы нормалары бұрынғы редакцияда қалды.

Ал жеке нотариустарға қатысты бөлігінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік Елтаңбасын бейнелейтін мөрінің болуына құқық беруді көздейтін норма қолдау тапты.
«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік рәміздер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына Мәжілістің салалық комитеттері мен депутаттары тарапынан Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерін дайындау мен пайдалануды реттейтін заңнамаларды бұзғаны үшін жауапкершілікті күшейтетін бірқатар нормалар енгізілді. Соның негізінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерін қорлауға жол бергені үшін қылмыстық жауапкершілік күшейтілетін болады.

Мемлекеттік рәміздерді дайындау кезінде ұлттық стандарттарды бұзғаны үшін, сондай-ақ олардың бейнелерін қисынсыз қолданған материалдық объектілерге әкімшілік жауапкершілік белгіленеді.

Мемлекеттік рәміздерді пайдалану тәртібін бұзғаны үшін де жауапкершілік белгіленді.

Қазақстан аумағындағы спорттық іс-шараларды және шетелдердегі әлемдік және халықаралық спорттық іс-шараларды  өткізу кезінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы заңнамаларын сақтауды қамтамасыз етудің, сондай-ақ спортшылардың Мемлекеттік Әнұранның музыкалық редакциясы мен мәтінін білуді қамтамасыз ететін жаңа нормалар енгізілді.

Палатаның жалпы отырысында заң жобалары бірінші оқылымда мақұлданды. Енді аталған заң жобалары екінші оқылымға дайындалады.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 


 

ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛДАР


 

Арысты шағын қалаларды дамыту бағдарламасының тізіміне енгізу керек –

Қ. Айтаханұлы

 

/«ҚазАқпарат». 07.06.2012. Қанат Мәметқазыұлы./ -  Бүгін ҚР Парламенті Cенатының жалпы отырысында сенатор Қуаныш Айтаханұлы Үкімет басшысының атына сауал жолдады.

Онда депутат елдің оңтүстігіндегі Арыс қаласының әлеуметтік-экономикалық жағдайын көтеру жолдарын қарастыруды сұрады.

Сенатордың айтуынша, бүгінгі таңда Арыс қаласында 50 мыңға жуық халық тұрады. Теміржолдың үш бағыты түйісетін Арыс қаласының негізгі кіріс көзі осы темір жол болып саналады. Кеңес үкіметі кезінде Орта Азия қақпасы аталатын Арыс стансасында күніне 125 поезд құрастырылып, 3 бағытта жөнелтіліп жатты. Қалада локомотив, вагон деполары, шпал өңдеу зауыты және тағы басқа көптеген темір жол мекемелері, сауда, қоғамдық тамақтандыру орындары жұмыс істеп, жергілікті тұрғындар жұмыс орындарымен толық қамтылған болатын. «Ал соңғы 20 жылда Арыс теміржол стансасының жүк қозғалысы 5 есе азайып, тиісінше жұмысшылар саны да қысқаруға ұшырады.  1904 жылы іске қосылған Орынбор - Ташкент теміржолында жұмыс істейтін теміржолшылардың алтыншы буыны бұл күндері жұмыссыздық пен  жұмыстан қысқартылу қаупімен моральдық және материалдық тұрғыда қиындықтар көруде», - дейді сенатор Қуаныш Айтаханұлы.

Оның пайымынша, аталған мәселені шешудің бірден-бір жолы - Елбасы Н. Назарбаевтың Жолдауында айтылған бір саланы тірек ететін шағын қалаларды дамыту бағдарламасының тізіміне Арыс қаласын енгізу. Осы арқылы озық технологиямен жұмыс істейтін, теміржол саласына қажетті бөлшектер шығаратын өндіріс орындарын ашу. «Бұл, теміржолшылар қаласы атанатын Арыстың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартып, қала тұрғындарын жұмыспен қамтуға ықпал етер еді», - дейді депутат.

 

 

Мәуелі ағаштың саясы

 

/«Заң газеті». 08.06.2012./ -   Осы аптада Парламент Мәжілісінде Палата спикері Нұрлан Нығматулиннің жетекшілігімен жалпы отырыс болып, онда депутат Нұрлан Жазылбеков Қазақстан Рес­пуб­ликасының Премьер-министрі Кәрім Мәсімовке депутаттық сауал  жолдады. Нұрлан Әбдіжаппарұлы еліміздегі азық-түлік баға­ларын тұрақтандыру мақ­сатында  бекітілген шаралардың жүзеге асырылу барысына алаңдаушылық білдірді. Оның айтуынша, азық-түлік нарығына әлеуметтік кәсіпкерлік корпорацияларының енуі негізгі мақсатқа жетуге кедергі бо­лып тұр.

«Тиісті мемлекеттік органдар мен ұйымдарға бағаларды тұрақтандыру үшін бизнес құрылымдарды тарту, аймақ­тар­дың мамандандырылған бағытын есепке ала отырып, ауыл­шаруашылық өнімдері өндірісін субсидиялаудың нормативін қабылдау және жоғарыда көрсетілген шараларды заң жүзінде бекіту тапсырылды. Алайда, бүгінгі таңда бағаларды тұрақтандыру қажеттілігін желеу етіп, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларының жарғылық капиталы ұлғайтылуда және оларға қосымша түрде қаржы да бөлініп, ал, кәсіпкерлік субъектілерін тарту мәселесі тысқары қалып отыр. Бұл  басты бағаларды тұрақтандыру мақсатына сай емес.

Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларын «Тұрақ­тан­дырушы қор» деп танудың еш негізі жоқ. Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, кәсіпкерлер қызметіне араласпау арқылы елеулі тұрақтандыруға қол жеткізуге болады. Бұл істе әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы түріндегі тағы бір делдалдың қажеті не?

Бүгінгі таңда кәсіпкерлермен меморандумдар жаса­ғанда әкімдіктер әлеуметтік мәні бар тауарларды 10%-дан аспайтын, ал, нан өнімдерін 2%-дан аспайтын  үстеме баға­сымен сатуға мәжбүрлейді. Арзан қоймалар  мен сатушы сөрелерінің нормасы жоқ; ӘКК қойма үй-жайларының жеткіліксіз саны немесе жоқ болуы; ескірген тоңазытқыш және мұздатқыш жабдықтар; ӘКК-ға түсетін, түрін өзгерткен және жағымсыз иісі бар тауарларға бастапқы сұрыптаудың жоқ болуы; 20%-ға дейін жететін ӘКК тауарының жарамсыздығы (бұзылып кеткендігі) және басқа факторлар кәсіпкерлерді ӘКК-мен өзара әрекеттесуден бас тартуға себеп болады.

Маусымдық тауарлардың жартысынан астамын Қазақстан көрші елдерден сатып алатынын ескерсек, отандық тауар өндірушілерге неге қолдау жасалмайды деген сұрақ туындайды. Еліміздің жылы өңірлерінің бірі өз тұрғындарын көкөніс өнімімен неге қамтамасыз ете алмайды? Мәселен, Кедендік бақылау департаментінің мәліметтері бойынша, тек Жамбыл облысы биылғы жылдың бірінші тоқсаны үшін шетелден 44 мың тоннадан астам ауылшаруашылық өнімдерін кіргізді. Тиісті шешімдер қабылданып, шаралар қолданбаса, бұл жағдайдың таяу арада өзгермесі анық», – дейді депутат.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 


 

ДЕПУТАТТЫҚ ҚЫЗМЕТ


 

Бұл нәубетті ұмытуға болмайды

 

/«Қазақстан ТРК». 04.06.2012. Әуесбайдың Қанаты, Жайнагүл Төлеміс, Айқын Дөлел./ - ХХ-ғасыр ғұламасы Ахмет Байтұрсынұлы 1915 жылы: «Әлһамдулилла, аз емеспіз, алты миллион қазақпыз» деген екен. Ұлт қайраткерінің бұл сөзін патшалық Ресейдің 1897 жылғы жүргізген санағы да растай түседі. Алаш жұртының саны сол кезде 4 миллион 980 мың деп жазылыпты. Бірақ, 1916-1945 жылдар аралығында сол алты миллион қазақ «мың өліп, мың тірілді». Бірінші Жаһан соғысы, ақпан, қазан төңкерістері, Әскери коммунизм. Біріне-бірі мінгесе келген қос бірдей ашаршылық нәубеті, саяси репрессия, одан кейінгі екінші дүниежүзілік соғыс тауқыметі ұлтымыздың қастерлі дәуренін қасіретті дәуірге айналдырды.  Бас-аяғы 30 жылда болған осынау ойранда ормандай жұртымыз орны толмас шығынға ұшырады. Халықтың үштен екісі қырылып, 1,5 миллионы ғана аман қалды. Қазақ­стан­да 1926 жылдан бастап, көш­пелі тірлікпен күрес қарқын алды. Қызыл билетін қылыштан бетер жалаңдатқандар ірі байларды бір тықсырып алған соң, қолды қорадағы малға салды. Күшпен ұжымдастырды, салықтың сан түрі енгізілді. Осындай жолмен елдің мүмкіндігінен 17 есе артық астық жоспары орындалды. 1928-1932 жылдар аралығында халықтан 6 мил­лион 509 мың сиыр, 18 миллион 566 мың қой, 3 миллион 516 мың жылқы жиналыпты. Алдында малы жоқ елдің кеудесіндегі жанын алу аса қиын емес, өздігінен қырылып жатты. Бұқара басы ауған жаққа шұбырды. Сүрінген жерінде сүйегі қалды, жығылған жерінде жан тапсырды. Аштық жайламаған аймақ қалмады. Бір сора­қысы, сол кезде большевик­тер адамның мәйітін емес, малдың шығынын сана­ған. Соның кесірінен, қасақана қырғында қаза тапқандар туралы мәлімет әрқилы. Мұстафа Шоқайдың дерегіне жү­гінсек, 30 жылдары аштан өлген қазақтардың саны 2 миллион 287 мыңға жетеді. Ал қазіргі тарих­шылар «қатар келген қос ашаршылықта қырылғандар 4 миллионнан асады», деп жүр. Неде болса қазақ халқының сол бір зобалаңда көрген қорлығы, шеккен азабы «Ақтабан шұбырын­дыдан» асып кеткені анық. Биыл 30-жылдардағы ашаршылықтың 80 жылдығы. Ал, сталиндік репрессияға 75 жыл толып отыр.  Бар қазақ үшін азалы күнді ел болып еске алдық. Астанада, Павлодарда тағы басқа аймақтарда ашаршылық нәубетіне арналған ескерткіштер орнатылды.  

«Нан болса, ән де болады» деп тәмсілдейтін халық едік. Өзекті өртейтіні, ел тарихында әннен гөрі жоқтау айтып, зарлаған зар заман тұс көп болды, рас. Ашаршылық соның бірі. Өткен жылы  27  миллион тонна бидай  ордық. Ас атасы өзімізден артылып жатыр.  Бірақ тоқ  заманның қадірін білу үшін, қазақты баудай түсірген жалмауыз жылдарды  ұмытпау парыз. Зұлматтың зорына  ескерткіш орнатуға – зиялы қауым да  үн қосты. 80 жылдыққа орай  -жаңа белгі соғылды. Тарихи әділеттілік. 

 Нұрсұлтан Назарбаев, ҚР Президенті:

Ресей, Украина, белорус жерлерін қамтыған алапат ашаршылық   7 миллион  адамның өмірін жалмады. Сондағы қазақ – «жасанды   дауылдан» ең қатты зардап шеккен  халық. 1932-1935 жылдары   ең кемі бір 1,5  миллион адам  ажал құшты. Мұны  әлі зерттеу керек. Ол кезде басшылардың  есебі   өзіне пайдалы болды.  Тағы 200   мың қандасымыз жер аударылып кетті.

 Қуанышбайдың Қабидені ашаршылық құрбанының ұрпағы. Сол зұлматтың кесірі ғой, атасының бүкіл отбасы аштықтан өзегі талып, бұратылып, қиналып қынадай қырылып қалды, қапыда. Сүйектері далада ақсөңке болып, шашылып жатты бей-берекет. Қайғыдан қан жұтқан Жұманқұл отағасы әулет сақтау үшін көрші Қытайды паналайды. Ел болып, ес жинайды, тағы түтін түтетеді. Қазақстанда 6 баласы тірідей қыршын кетсе, Қытайда үш ұл, алты қыз сүйіпті. Қабиден жігіт  Жұманқұл ақсақалдың немересі. Тарихи отанына оралып, қатарға қайта қосылды.                           

Қабиден Қуанышбай, ашаршылық құрбанының немересі:

Қытайда туылдық. Бүгін, міне біз ұрпақтары тәуелсіз Қазақстанымызға, елімізге келіп отырмыз. Бірінші, Алла-тағалаға, екінші, атамызға мың да бір рахмет айтамын. 

 Үдере көтерілген сол көште   депутат - Оразгүл Асанғазының  арғы аталары да болды.  Азын-аулақ малы бар әулет  отызыншы жылдары Ауғанстанға ауып кеткен.  Аға буын жақындарынан  естіп-білгенін жадында жаттап, көкейінде түйіп  жүр, содан бері.    

 Оразгүл Асанғазы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» ХДП фракциясының мүшесі:

«Сарыарқадан Жезқазғанға жеткенге дейін өліктің үстімен бардым», деген екен. Осылай болған, қайтыс болды. Бәрінің басынан өткен. Осы жерден өткенде ой тарқатса, тағылым алса, қасына барып, кітап оқыса, ал  режиссерлар жақсы, жақсы фильм көрсетсе.

 Сәулеттік композиция екі бөліктен тұрады.  Екеуін  екі бөлек сәулетші түзді.  Композицияның   негізгі бөлігі  тәңірге  жалбарына  қол созып тұрған әйел- ана. Биіктігі төрт жарым метрге жуық. Етегінде –   аштықтан  құр сүлдесі қалған қусирақ ұл бала тұр. Бос үзеңгі шылбырды ұстаған күйі қалшиған. Бұл барынан, малынан айрылған  шаңырақтың сұрықсыз кейпіндей азалы.  Бірақ,  көкке ұмсынған  қазақ әйелі ертеңгі күнге үміт артады.    

 Валерий Пирожков, мүсіндердің авторы:

Әйел-қасиет. Оның  тілегін  тәңір қалайды.  Көкке   қол созып араша сұраған  ананың  қолын қайыру мүмкін емес.  Идея бірден, тіпті өзінен-өзі туындады. Кезінде билік  бүтін  ұлтты қырғысы келгенімен, ұлттың жанын, тәнін тілгілегенімен, жоя алмады. Ана жанындағы бала - жарқын күнге деген үміт.

 Дөңгелек  жер ошақ  бейнесіндегі шеңбердің   ішінде ана мен бала бейнелерімен    бірге  ескі қорымдарда  болатын балбал тастар   қойылған. Бұл көлеңкелі кеше мен бүгіннің арасындағы  сабақтастық.   Ескерткішке қараған  әркім  әрқилы  ой түйеді.

 Роберт Киндлер,  неміс   тарихшысы:

Екі жылдан бері қазақ тарихын зерттеп жүрмін. Жаппай ашаршылықтың ақиқаты мен  ұжымдастыру  жөнінде біраз мағлұмат тердім. Мені таң қалдырғаны  қазақтардың  өз  жақынын, туысын, бауырын   сақтап қалу үшін үлкен құрбандықтарға барғаны.  

 Композицияны жағалай орналасқа қабырға  «Қасірет керегесі»  аталады.  Кереге қазақта- шаңырақтың тұғыры. Оның  отанасы, бала мүсінімен қатар орналасқаны қиындыққа қазақтың мойымағанын, сағын сынбағанын меңзейді.

 Әуесбайдың Қанаты, тілші:

Біздің халық - не көрмеген халық?! Әлгі әйгілі әнде айтылғандай, тағдырдың тезінен, тозақтың өзінен аман-сау қалған халық. Тәуменді тарихтың арғысын қаузамай-ақ, бергісін ғана айтайық. Біздің халық үшін өткен ғасырдың 1920,1930, 1941-1945, тіпті кешегі 1986 жыл да қаншалықты қасиетті болса, соншалықты азалы да. Сол халық бүгінде шүкір десіп жатыр. Азапты жылдар боздақтарының рухтары азаттық жылдарында еңселі ескерткіш кейпінде қайта-жаңғырып жанданды. Солардың рухына мың тағзым.           

 

 

«Қызылағаш: сын сағатта» атты кітаптың тұсаукесері өтеді

 

/«ҚазАқпарат». 04.06.2012./ - Бүгін, 4 маусымда сағат 15.00-де  ТЖМ Республика-лық дағдарыс орталығында  Парламент Мәжілісінің депутаты С. Нұрғисаевтың  «Қызылағаш: сын сағатта» кітабының таныстырылымы болады.

Кітапта Алматы облысының Ақсу ауданындағы Қызылағаш ауылында болған су тасқынының себеп-салдары, төтенше оқиғаны жою және ауылды қайта қалпына келтіру жұмыстары туралы кеңінен айтылған.

Шараға  Парламент Мәжілісінің депутаттары, «Нұр Отан» ХДП, Қазақстан халқы Ассамблеясы өкілдері, Алматы облысы және Ақсу ауданы әкімдіктерінің басшылығы қатысады.

 

 

Мәжіліс депутатының «Қызылағаш: сын сағатта» кітабының тұсауы кесілді (толығырақ)

 

/«ҚазАқпарат». 04.06.2012. Марлан Жиембай./ - Бүгін ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің ғимаратында Мәжіліс депутаты Серікбай Нұрғисаевтың «Қызылағаш: сын сағатта» атты кітабының тұсаукесері өтті.

Шара барысында Қызылағаш ауылында болған қасіретті оқиғаның себеп-салдары, төтенше оқиғаны ауыздықтау жолындаңғы мемлекеттік органдардың бірлесіп атқарған жанкешті қимылдары, отандастарымыздың сол бір қиын кезеңдегі береке мен бірлік үдесінен табыла біліп, аз уақытта қираған ауылды қайта қалпына келтіруі кеңінен сөз болды.

ҚР  Төтенше жағдайлар вице-министрі Валерий Петров өз сөзінде бұл апатты кейінгі ұрпақ үшін сабақ деп атай отырып, кітаптың тарих үшін өте құнды екендігіне тоқталды.

Кітаптың тұсаукесер рәсіміне Парламент Мәжілісінің депутаттары, «Нұр Отан» ХДП, Қазақстан халқы Ассамблеясы өкілдері, Алматы облысы және Ақсу ауданы әкімдіктерінің басшылығы қатысты.

 

 

Бүгін – Мемлекеттік рәміздерді ұлықтау күні

 

     /«Қазақстан ТРК». 04.06.2012. Мөлдір Нұрман./ - Тәуелсіз қазақтың көк Туының желбіреп, елдік таңбасының таңбаланғанына да биыл 20 жыл толды. Бүгін – Мемлекеттік рәміздерді ұлықтау күні. Бұл күн тәуелсіз ел тарихында мәңгі сақталады. Себебі, мемлекеттің мызғымас түп қазығы – қастерлі рәміздер. Егеменді елдің әрбір азаматы оларды құрметтеуге және мақтаныш етуге тиісті. Оларды пайдалану тәртібі Коституциялық Мемлекеттік рәміздер туралы  Заңда көрсетілген.

Шегендеулі шекарасы бар кез-келген мемлекеттің елдігін білдіретін Туы мен Елтаңбасының, ұран әні мен Ата заңының болуы шарт. Қазақтың нышандары мәні мен сәні жағынан жоғары бағаланады. Көк байрағымыз – қыран мінезді халқымыздың санасының сәулесін, шексіз аспандай пейілінің кеңдігін көрсетеді. Ал қастерлі Елтаңбамыз қанатты пырақтай қалықтаған қазақтың болмыс-бітімін, тұрмыс-тіршілігін, салт-дәстүрін түгел бейнелейді.

Жандарбек Мәлібек, Елтаңба авторы:

Егемендік алып жатқан кезде мен шет жақта жүрдім ғой. Біріншіден елді сағыну, Отанды сағынудан туған дүние.  Оның қадір-қасиетін шетте жүргенде біледі екенсің. Бір жағынан Қазақ деген намысы мықты халықпыз ғой, намыстан шыққан дүние.  

Мемлекеттік рәміздер заңмен қорғалады. Оны қорлағандар жазаланады. Жуырда оңды өзгертулермен толықтырылған «Мемлекеттік рәміздер туралы» Заң Мәжілістің мақұлдауынан өтіп, Сенаттың қарауына жіберілді.

Майра Айсина, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» ХДП фракциясының мүшесі:

Дайындаған кезде, пайдаланған кезде олқылықтар болмауы қатаң түрде қарадық. Менің ойымша, Мемлекеттік рәміздер тәуелсіздігіміздің ажырамас белгісі ғой. Сондықтан, қылмыстық немесе әкімшілік Кодекстерге сүйенбей-ақ, біздің қазақстандықтар соны өздері, әр азамат өздері сыйлап, құрметтеуі  дұрыс деп ойлаймын.

Қазақтың Елтаңбасын жасауға байқау жарияланғанда 245 жоба ұсынылыпты. Ішінен оза шыққаны Жандарбек Мәлібеков пен Шотаман Уалихановтың туындысы болды. Ал,  байрақтар бәсекесінде Шәкен Ниязбековтың дүниесі өтті. Сол кезде комиссия құрамында болған Ербол Шаймерден «әр үміткердің жүзінен отансүйгіштік нұр төгіліп тұрды», дейді. Жақында Мемлекеттік рәміздер туралы көптеген кітаптардың авторы тағы бір дүние жасақтап, Ресейде өткен байқауда бас жүлдені жеңіп алды.  

Ербол Шаймерден, рәмізтанушы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері:

130-дан астам жұмыс түскен екен. Ол үш тілде шыққан кітап. Бірнеше бөлімнен тұрады. Үш-төрт бөлімнен тұрады. Жақсы көркемделді. Менің жеке архивімдегі суреттерден басқа, Қазақстандағы белгілі фотосуретшілердің еңбектері пайдаланылды. Соның нәтижесінде жақсы еңбек болып шықты.

Осы еңбек арқылы қазақтың көк байрағы мен Елтаңбасы тағы біраз жұртқа танылатын болды. Құнды кітап 10 мемлекеттің кітапханаларына таратылып беріледі. 20 жылды еңсерген елдігіміздің нышандары тұғырлы болғай, әрдайым.

 

 

Қ.Мәмидің төрағалығымен Сенат бюросының отырысы өтті

 

 

/«ҚазАқпарат». 05.06.2012. Серік Қаражан./ -  - 4 маусым күні  Қайрат Мәмидің төрағалық етуімен Парламент Сенатының бюро отырысы болды.

Бюро отырысында Сенаттың тұрақты комитеттері мен палата Аппаратына Парламент Мәжілісі мақұлдаған заң жобалары берілді.

Атап айтқанда, Әлеуметтік-мәдени даму комитеті «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен  толықтырулар енгізу туралы» және қолданыстағы кейбір заңнамалық актілерге денсаулық сақтау және мемлекеттік рәміздер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыру  енгізу туралы заң жобалары бойынша бас комитет болып белгіленді.

Экономикалық даму және кәсіпкерлік комитеті «Магистральдық құбыр туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне магистральдық құбыр және салық салу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобалары бойынша бас комитет болып белгіленді.

Қолданыстағы заңнамаға агроөнеркәсіптік кешенді дамыту және қолдау мәселелері бойынша  өзгерістер  мен  толықтырулар  енгізу  туралы заң жобасы Табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту  комитетіне зерделеуге берілді.

Бюрода бұдан басқа, 2012 жылғы 7 маусымда болатын жалпы отырыстың күн тәртібіне ұсыныстар қаралды.

Отырыста депутаттар Жоғарғы Соттың судьяларын қызметке сайлайды және босатады, денсаулық сақтау, мемлекеттік монополия, электр энергетикасы, табиғи монополиялар мен реттелетін нарық субъектілерінің инвестициялық қызметі мәселелері бойынша заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобалары бірінші оқылымда талқыланады.

Сондай-ақ «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасы Конституциясының 78-бабын іске асыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екінші оқылымда қарау көзделіп отыр.

Отырыс соңында Қ.Мәми үстіміздегі жылғы 30-31 мамырда Астанада болған Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің IV Съезінің қорытындыларына тоқталды.

Төраға әлемнің 40 елінен 85 делегация қатысқан діни форумның табысты өткенін атап өте келіп, Президент Н.Назарбаевтың бастамасымен дүниеге келген Съездің мәдениеттер мен діндердің жаһандық үнқатысуын дамыту және Шығыс пен Батыс арасындағы көпір қалыптастыру үшін маңыздылығына тоқталды.

Съезді ұйымдастыру және оның өткізуге белсенді қатысқаны және жемісті жұмысы үшін Президент Әкімшілігі, мемлекеттік органдар, Астана қаласы әкімдігі, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, Парламент палаталарының қызметкерлері Парламент Сенатаның Құрмет грамоталары және Парламент Сенаты Төрағасының Алғыс хатымен марапатталды.

 

Мәжіліс бақылау функциясына ие және біз мемлекеттік бағдарламалардың орындалуын, әсіресе мемлекеттік қаражаттың мақсатты орындалуын қатаң талап етуге тиіспіз – Н.Назарбаев

 

/«ҚазАқпарат». 05.06.2012. Н.Нұрахмет./ -  Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің парламенттік фракциялар жетекшілерімен кездесті.

Бұл туралы Президенттің баспасөз қызметінен мәлім етті.

Кездесу барысында парламенттік фракциялар қызметінің мәселесі мен шағын және орта бизнесті дамыту жөніндегі жұмысты алға жылжыту перспективасы, халықтың әл-ауқатын арттыру және жұмыспен қамту мәселелері талқыланды.

«Парламент Мәжілісі біраз уақыттан бері жұмыс істеп келеді. Парламенттің төменгі палатасы - бұл жақсы демократия мектебі. Қазір Мәжілісте 3 партияның өкілдері, оған қоса Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері бар. Төменгі палата құрамының 60 пайызға жуығы жаңартылды. Сіздер қысқа мерзім ішінде 28 заң жобасын мақұлдадыңыздар. Қазір уақыт болса - күрделі. Әлемде дағдарыс белең алып келеді. Біз жағдайға үнемі мониторинг жүргізіп келеміз және даму үрдістерін қадағалап отырамыз. Бүгін мен сіздерді тыңдап, алдағы жұмысымыз туралы пікірлесу үшін кездесіп отырмын», - деді Мемлекет басшысы.

«Нұр Отан» ХДП депуаттық фракциясы Сіз бесінші сайланымдағы Парламенттің бірінші сессиясының ашылуында алға қойған міндеттерді орындауға, сондай-ақ Мемлекет басшысының «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту - Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Жолдауын және біздің партияның сайлауалды тұғырнамасын іске асыруға топтасқан. Осыған байланысты, біз сапалы заң жобаларын белгіленген мерзімде қабылдауға назар аударудамыз. Жалпы, 4 айда Палатаның жұмысына алынған 63 заң жобасының 28-і мақұлданып, Сенатқа жолданды, 16 заң жобасы Сіз қол қойғаннан кейін заңды күшіне енді. Фракция депутаттары өздерінің заң шығарушылық бастамалары бойынша конституциялық құқықтарын белсенді пайдаланып келеді. Қызмет атқарып отырған кезең ішінде депуттаттар бастамашы болған 3 заң жобасы қабылданды. Сонымен қатар, депутаттық сауал қою тәжірибесі бір жүйеге келтірілді, яғни барлық депутаттық сауал алдын-ала депутаттық фракция президиумында талқыланады. Біздің жұмыстың тағы бір маңызды бағыты - тұрғындармен өзара іс-қимыл орнату. Біз осы уақыт аралығында 2 мәрте кездесулер ұйымдастырып, 1,5 мыңнан астам азаматтармен кездестік. Парламент Бюросының құрамына кіретін өзге фракциялармен белсенді ынтымақтастық орнаттық. Біз Мемлекет басшысының бағытын одан әрі іске асыру жөніндегі өзіміздің біліміміз бен тәжірибемізді топтастыруға дайынбыз. Бұдан біз Президент және еліміздің азаматтары алдындағы өз жауапкершілігімізді көреміз. Біздің партия бізге көрсетілген сенім мандатын ақтауға ұмтылады», - деп атап өтті Парламент Мәжілісінің Төрағасы, «Нұр Отан» ХДП депутаттық фракциясының жетекшісі Нұрлан Нығматулин.

«Парламент Мәжілісі бақылау функциясына ие және біз мемлекеттік бағдарламалардың орындалуын, әсіресе мемлекеттік қаражаттың мақсатты орындалуын қатаң талап етуге тиіспіз және бұл ретте ымыраға келуге жол берілмеуі керек. Өздеріңіз білесіздер, Парламент Конституцияға сәйкес жұмыста жіберілген олқылықтары немесе мемлекеттік қаражаттың елеулі түрде игерілмегені үшін кез келген министрге сенімсіздің танытуы мүмкін. Басқаша болмайды, депутаттар мемлекеттік органның әр басшысынан оған жүктелген міндеттің орындалуын қатаң түрде сұрай алады. Халық сіздерді сол үшін сайлады», - деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев.

«Ақ жол» партиясының саяси тұғырнамасы қазақстандық қоғамның негізін құрайтын: бірлік, тұрақтылық және демократиялық институттардың одан әрі дамуы тәрізді құндылықтарға құрылған. Кәсіпкерлікті қолдау саласында біздің партия заң шығаруды одан әрі ырықтандыруды, бизнес пен іскерлік ахуалды енгізу жағдайын жақсартуды қолдайды. «Ақ жол» партиясы мен кәсіпкерлік топ еліміздің алдына қойған мемлекеттік бағдарламалар мен міндеттерді іске асыруда Сіздің тірегіңіз болады. Біздің тарапымыздан ауылда кәсіпкерлікке қолдау көрсету жөнінде жұмыстар жүргізілуде, кедендік және салық рәсімдерін төмендету жөнінде ұсыныстар бастама ретінде көтерілуде. Осы орайда, қазір ТМД елдерімен және Шығыс Еуропамен салыстырғанда ең төменгі салық мөлшерлемесі біздің елімізде. Батыс Еуропа - Батыс Қытай автомагистралының құрылысы, «Жаңа Жібек жолы» жобасы және орталық-азия аймағында біздің еліміздің көлік хабы ретінде қалыптасуы - отандық экономиканың дамуына қуатты серпін береді. Бұдан тұп-тұра 20 жыл бұрын, 1992 жылғы 4 маусымда Сіз жеке кәсіпкерлікті қолдау туралы заңға қол қойдыңыз. Мұндай қолдау көрсету кәсіпкерлерге отандық экономиканы және тәуелсіз мемлекеттің құрылысын дамытуға белсенді атсалысуға мүмкіндік жасады», - деп тоқталып өтті өз сөзінде «Ақ жол» депутаттық фракциясының жетекшісі Азат Перуашев.

«Осындай мазмұндағы кездесу үшін Сізге зор алғыс айтамын. Бұл біз үшін тарихи және біздің партияның өмірінде үлкен мәні бар кездесу. Біз Сіз жүргізіп келе жатқан саясат біздің бағдарламалық мақсатымызға толығымен сәйкес келетінін үлкен қанағаттанушылық сезіммен атап өтеміз. Әлеуметтік прогресс жөніндегі бастама мемлекеттен басталып, халыққа қызмет етуі керек. Бұл біздің партия жүргізіп отырған және жүргізе беретін бағытқа дәл жауап береді. Партияның сәуір пленумында біз Үкіметпен, орталық және жергілікті атқарушы органдармен біздің құқығымыз бекітілген партиямыздың стратегиясын қабылдадық. Біздің тарапымыздан жер ресустарын пайдалануға ерекше мән берілген. Біз өз жерінде еңбек етіп жатқан әрбір азамат оның нақты пайдасын көріп, өз игілігіне жаратқанын қалаймыз. Сіздің Жолдауыңыз, сондай-ақ Парламент сессиясының ашылуында, экономикалық форумда сөйлеген сөзіңізді - біз партиямыздың пайдасына жаратамыз», - деп атап өтті «Халық Коммунистері» депутаттық фракциясының жетекшісі Владислав Косарев.

«Қазір барлық қажетті бағдарлама қабылданған. Енді олардың тиімді іске асырылуын, мемлекеттен бөлінген әр тиын қалай жұмсалып жатқанын, тексеру мен бақылау қызметін қысқарту жөнінде жұмыстар қалай жүргізілгенін қадағалау маңызды. Елімізді индустрияландыру аясында біз бизнесмендердің жаңа толқынын тәрбиелеу жөнінде жұмысты жүргізуіміз керек. Сонымен қатар, әрдайым біздің назарымыздағы халықты жұмыспен қамту ісі де маңызды. Біз азаматтарымызды оқытып, жұмысқа орналастыру үшін барлық жағдай жасаудамыз. Егер біз осыны іске асыратын болсақ, онда бұл - азаматтарымыз үшін үлкен игілік болар еді. Өзін-өзі қамтыған деп аталатындар - үлкен мәселе. Жеке шаруашылығы мен үй жанында жері бар адамды өзін-өзі қамтыған деп қалай атуға болады? Егер ол уақытша жүкші немесе базарда тұрып сауда жасайтын болса - оның жөні бір басқа. Ал егер ол өз өнімін базарға апарып сататын болса және солай істей тұрып статистикадан және зейнетақы есебінен сырт қалатын болса - бұл мүлде басқа мәселе. Осы санаттағы азаматтарға зейнетақы аударымының маңыздылығын ұғындырып, осы мәселені ретке келтіру қажет. Жер ресурстарын пайдалану бойынша мен мақсатты пайдаланбаған барлық жер телімдеріне ауқымды тексеріс жүргізуге тапсырма бердім. Осы бағытта сіздерді де үлкен жұмыс күтіп тұр. Дәл осы мәселелерде Парламент депутаттары белсенділік танытып, өздерінің халыққа жақын екендіктерін көрсетулері тиіс. Әрине, егер партиялар еліміздің одан әрі дамуы жөнінде жаңа идеялар әзірлеп, нақты ұсыныстар білдіретін болса, онда мен оларды қарауға әрдайым дайынмын», - деді Мемлекет басшысы.

Елімізде 2012 жылғы 15 қаңтарда болып өткен парламенттік сайлаудың қорытындысы бойынша «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы 83 орын, «Ақ жол» партиясы - 8 орын, Қазақстанның коммунистік халықтық партиясы - 7 орын алды.

 

 

Астанада Қаақстандағы қоғамдық-саяси жағдайға және Парламент қызметіне арналған әлеуметтік сауалнама қорытындыларымен брифинг өтеді

 

/«ҚазАқпарат». 05.06.2012./ -  АСТАНА. 5 маусым. ҚазАқпарат -  Бүгін «Нұр Отан» ХДП Орталық аппаратында «Қазақстандағы қоғамдық саяси жағдай және Қазақстан Республикасы Парламентінің қызметі» тақырыбындағы әлеуметтік сауалдама қорытындылары бойынша брифингі өтеді.

Бұл туралы партияның баспасөз қызметі хабарлады.

Сауалдаманы 1-3 маусым аралығында «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының Парламентаризм институты өткізген болатын.

 

 

Халыққа барынша жақын болу қажет

 

/«Егемен Қазақстан». 05.06.2012./ -  Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің парламенттік фракциялар жетекшілерімен кездесті.

Кездесу барысында пар­ла­менттік фракциялар қызметінің мәселесі мен шағын және орта бизнесті дамыту жөніндегі жұ­мысты алға апару перспективасы, халықтың әл-ауқатын арттыру және жұмыспен қамту мәселелері талқыланды.

– Парламент Мәжілісі біраз уақыттан бері жұмыс істеп ке­леді. Парламенттің төменгі палатасы – жақсы демократия мек­те­бі. Қазір Мәжілісте 3 пар­тияның өкілдері, оған қоса Қа­зақстан халқы Ассамблеясының өкілдері бар. Төменгі палата құрамының 60 пайызға жуығы жаңартылды. Сіздер қысқа мер­зім ішінде 28 заң жобасын мақұлдадыңыздар. Қазіргі уақыт өте күрделі. Әлемде дағдарыс белең алып келеді. Біз жағдайға үнемі мониторинг жүргізіп ке­ле­міз және даму үрдістерін қада­ға­лап отырамыз. Бүгін мен сіздерді тыңдап, алдағы жұмысымыз туралы пікірлесу үшін кездесіп отырмын, – деді Мемлекет басшысы.

– «Нұр Отан» ХДП депутаттық фракциясы Сіз бесінші сайла­ным­дағы Парламенттің бірінші сессиясының ашылуында алға қойған міндеттерді орындауға, сондай-ақ Мемлекет басшы­сы­ның «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Жолдауын және біздің партияның сайлауалды тұғырнамасын іске асыруға топтасқан. Осыған байланысты біз сапалы заң жобаларын бел­гі­ленген мерзімде қабылдауға назар аударудамыз. Жалпы, 4 айда Палатаның жұмысына алынған 63 заң жобасының 28-і мақұл­да­нып, Сенатқа жолданды. 16 заң жобасы Сіз қол қойғаннан кейін заңды күшіне енді. Фракция депутаттары өздерінің заң шы­ға­ру­шылық бастамалары бойынша конституциялық құқықтарын бел­сенді пайдаланып келеді. Қызмет атқарып отырған кезең ішінде депутаттар бастамашы болған 3 заң жобасы қабылданды. Сонымен қатар, депутаттық сауал қою тәжірибесі бір жүйеге келтірілді, яғни барлық депутаттық сауал алдын-ала депутаттық фракция төр­алқасында талқыланады. Біздің жұ­мыстың тағы бір маңызды бағыты – тұрғындармен өзара іс-қимыл орнату. Біз осы уақыт аралығында 2 мәрте кездесу ұй­ымдастырып, 1,5 мыңнан астам азаматтармен кездестік. Парламент Бюросының құрамына кіре­тін өзге фракциялармен белсенді ынтымақтастық орнаттық. Біз Мемлекет басшысының бағытын одан әрі іске асыру жөніндегі өзі­міздің біліміміз бен тәжірибемізді топтастыруға дайынбыз. Бұдан Президент пен еліміздің азаматтары алдындағы өз жауап­кер­шілігімізді көреміз. Біздің партия өзімізге көрсетілген сенім мандатын ақтауға ұмтылады, – деп атап өтті Парламент Мәжілісінің Төр­ағасы, «Нұр Отан» ХДП депу­таттық фракциясының жетекшісі Нұрлан Нығматулин.

– Парламент Мәжілісі бақы­лау функциясына ие және біз мем­ле­кет­тік бағдарламалардың орындалуын, әсіресе мемлекеттік қара­жат­тың мақсатты орындалуын қа­таң талап етуге тиіспіз және бұл рет­те ымыраға келуге жол беріл­меуі керек. Өздеріңіз біле­сіздер, Парламент Конституцияға сәйкес жұмыста жіберілген олқы­лықтары немесе мемлекеттік қа­ражаттың елеулі түрде игері­л­ме­гені үшін кез келген министрге сенімсіздік танытуы мүмкін. Бас­қаша болмайды, депутаттар мем­лекеттік органның әр басшысынан оған жүктелген міндеттің орындалуын қатаң түрде сұрай алады. Халық сіздерді сол үшін сайлады, – деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев.

– «Ақ жол» партиясының саяси тұғырнамасы қазақстандық қоғамның негізін құрайтын: бір­лік, тұрақтылық және демо­кра­тия­лық институттардың одан әрі дамуы тәрізді құндылықтарға құрылған. Кәсіпкерлікті қолдау саласында біздің партия заң шы­ғаруды одан әрі ырықтандыруды, бизнес пен іскерлік ахуалды ен­гізу жағдайын жақсартуды қол­дай­ды. «Ақ жол» партиясы мен кәсіпкерлік топ еліміздің алдына қойған мемлекеттік бағдар­ла­малар мен міндеттерді іске асыруда Сіздің тірегіңіз болады. Біздің тарапымыздан ауылда кә­сіпкерлікке қолдау көрсету жө­нінде жұмыстар жүргізілуде, кедендік және салық ресімдерін төмендету жөнінде ұсыныстар бас­тама ретінде көтерілуде. Осы орайда, қазір ТМД елдерімен және Шығыс Еуропамен салыс­тырғанда ең төменгі салық мөл­шерлемесі біздің елімізде. Батыс Еуропа – Батыс Қытай автома­гис­тралінің құрылысы, «Жаңа Жібек жолы» жобасы және Ор­та­лық Азия аймағында біздің елі­міздің көлік хабы ретінде қа­лыптасуы – отандық экономи­ка­ның дамуына қуатты серпін береді. Бұдан тұп-тура 20 жыл бұрын, 1992 жылғы 4 маусымда Сіз жеке кәсіп­керлікті қолдау туралы Заңға қол қойдыңыз. Мұн­дай қолдау көр­сету кәсіпкерлерге отандық экономиканы және тәуелсіз мемле­кеттің құрылысын дамытуға белсенді атсалысуға мүмкіндік жасады, – деп тоқ­талып өтті өз сөзінде «Ақ жол» депутаттық фракциясының же­текшісі Азат Перуашев.

– Осындай мазмұндағы кездесу үшін Сізге зор алғыс айтамын. Бұл біз үшін тарихи және пар­тия­мыздың өмірінде үлкен мәні бар кездесу. Біз Сіз жүргізіп келе жат­қан саясат өзіміздің бағдар­ла­малық мақсатымызға толығымен сәйкес келетінін үлкен қана­ғат­танушылық сезіммен атап өтеміз. Әлеуметтік прогресс жөніндегі бастама мемлекеттен басталып, халыққа қызмет етуі керек. Бұл біздің партия жүргізіп отырған және жүргізе беретін бағытқа дәл жауап береді. Партияның сәуір пленумында Үкіметпен, орталық және жергілікті атқарушы органдармен біздің құқығымыз бекі­тілген партиямыздың стратегиясын қабылдадық. Біздің тарапымыздан жер ресурстарын пай­да­лануға ерекше мән берілген. Біз өз жерінде еңбек етіп жатқан әрбір азамат оның нақты пайдасын көріп, өз игілігіне жарат­қа­нын қалаймыз. Сіздің Жол­дауы­ңыз, сондай-ақ Парламент сес­сия­сының ашылуында, экономи­ка­лық форумда сөйлеген сөзіңізді – біз партиямыздың пайдасына жаратамыз, – деп атап өтті «Ха­лық коммунистері» депутаттық фракциясының жетекшісі Владислав Косарев.

– Қазір барлық қажетті бағ­дарлама қабылданған. Енді олар­дың тиімді іске асырылуын, мемлекеттен бөлінген әр тиын қалай жұмсалып жатқанын, тексеру мен бақылау қызметін қысқарту жө­нінде жұмыстар қалай жүргі­зілгенін қадағалау маңызды. Елі­мізді индустрияландыру аясында біз бизнесмендердің жаңа тол­қы­нын тәрбиелеу жөнінде жұмысты жүргізуіміз керек. Сонымен қа­тар, халықты жұмыспен қамту ісі де маңызды. Біз азаматтарымызды оқытып, жұмысқа орналастыру үшін барлық жағдай жасаудамыз. Егер осыны іске асыратын болсақ, онда бұл азаматтарымыз үшін үлкен игілік болар еді. Өзін-өзі қамтыған деп аталатындар – үлкен мәселе. Жеке шаруа­шылығы мен үй жанында жері бар адамды өзін-өзі қамтымаған деп қалай атауға болады? Егер ол уақытша жүкші немесе базарда тұрып сауда жасайтын болса, оның жөні бір басқа. Ал егер ол өз өнімін базарға апарып сататын болса және солай істей тұрып статистикадан және зейнетақы есебінен сырт қалатын болса – бұл мүлде басқа мәселе. Осы санаттағы азаматтарға зейнетақы аударымының маңыздылығын ұғындырып, оны ретке келтіру қажет. Жер ресурстарын пайдалану бойынша мен мақсатты пай­даланбаған барлық жер телімде­ріне ауқымды тексеріс жүргізуге тапсырма бердім. Бұл бағытта сіздерді де үлкен жұмыс күтіп тұр. Дәл осы мәселелерде Парламент депутаттары белсенділік танытып, өздерінің халыққа жақын екендіктерін көрсетулері тиіс. Әрине, егер партиялар еліміздің одан әрі дамуы жөнінде жаңа идеялар әзірлеп, нақты ұсы­ныс­тар білдіретін болса, онда мен оларды қарауға әрқашан дайынмын, – деді Мемлекет басшысы.

Елімізде 2012 жылғы 15 қаң­тарда болып өткен парламенттік сайлаудың қорытындысы бойынша «Нұр Отан» халықтық-демо­кратиялық партиясы 83 орын, «Ақ жол» партиясы – 8 орын, Қазақстанның коммунистік халықтық партиясы – 7 орын алған еді.

 

 

Сарапшылар сөзі

 

/«Егемен Қазақстан». 05.06.2012./ -  Жаңаөзен оқиғасына байланысты Ақтаудағы сот отырысының жұмысына қатысты өз ойын Парламент Мәжілісінің депутаты Камал Бұрханов былай деп білдірді:

Жаңаөзен қаласындағы оқиға салдары қай­ғылы жағдайға соқтырды. Ғимараттар өртеніп, кәсіпкерлердің дүние-мүліктері талан-таражға түсті. Сондықтан мұның бәрін қасірет деп өкініш білдіреміз. Енді осы оқиғаға байланысты сот үкімі де шықты. Сотталып жатқан адамдар сырттан келген жаудың балалары емес. Олар да еліміздің азаматтары. Мұнайшылар, яки полиция қызмет­керлері болсын, кәсіпкерлер, әкім­діктегі азаматтар болсын, олардың барлығы да өзіміздің бауырларымыз екендігі сөзсіз. Олардың әрқай­сысының отбасы, бала-шағалары бар. Міне, бұлардың да бірқатарына заңға сай тиісті сот шешімдері шықты.

Заң жүзінде осы шешімдердің бәрі де қажет. Өйткені, біз еліміздің, мемле­кеті­міздің, балала­рымыздың болашағын ойлайтын болсақ, соттың шығарғандай шешімдеріне баруымыз дұрыс. Ол келешек үшін қажет. Бұл оқиғаны кім ұйым­дастырды, бұзақылыққа кім шақырды, солардан бастап кінәлілер түгел сотталуы тиіс. Себебі, елдің заңын ешкімге де бұзуға болмай­тындығына бәрінің көзі жетуі керек. Біреуді біреу өлтіруге, то­науға, ұрып-соғуға, дүние-мүліктерін тартып алуға, бүлдіріп, қиратуға, өртеуге еш қақысы жоқ. Егер мұндай жағдай орын алса кім кімде жауап беруге тиіс. Сондықтан мұндай жағдайларда соттың дұрыс шешімдері өте қажет.

Ал сот отырыстарының қалай өтіп жат­қандығын бұқара халық көріп, біліп отыр. Оны бастан-аяқ шетелдік сарапшылар, халықаралық бақылаушылар, бұқа­ралық ақпарат өкілдері, үкіметтік емес ұйымдар, түрлі қоғамдық ұйым­дар өкілдері бақылады. Екі тараптың да тума-туысқандары, қорғаушылар қатысты. Сон­дықтан өткен сот процестерінің жариялы, ашық жүр­гізілгеніне жұрттың бәрі куә деп есеп­теймін.

Ақпарат және талдау орталы­ғы­ның директоры Толқын Сәметова:

Жаңаөзен оқиғасы, сарапшылардың басым бөлігінің мәлімдеуінше, еліміздегі қоғамдық-саяси жағдайға айтарлықтай әсер етуге тиіс болатын. Уақыт және қоғамдық-саяси жағдайды өлшеу өз нәтижелерін көр­сетті. Жалпы, тұрғын­дардың 85 пайыздан астамы аталған оқиға жөнінде хабардар болған екен, ал негізгі ақпа­рат көздері ретін­де, әрине, БАҚ болды. Енді сот шешім­де­ріне негізделе отырып саяси сана деңгейінен орын алған оқиғаға баға беру дең­гейі байланысты болмақ. Әрине, жеткіліксіз ақпарат алғандықтан күмәнданушылар мен жалпы билікті сынаушылар және мұнай­шыларды жақтаушылар сотқа дейін жеткілікті болған еді. Бірақ біз, ашық сот оты­рысының куә­герлері болдық, оған халықаралық бақылау­шылардың қатысуларымен қатар, қоғамдық бақы­лау мен қоғамдық сараптау тетіктері қолда­нылды. Қоғамның, билік тармақтары қызметтерінің нақты бөлінуі арқылы қа­лыптасу процесі, Жаңаөзен негізінде, халықтың билікке деген сенімін арттыра түсті және жағымды өзгерістер орын алуда деп білемін.

Мемлекеттік тілді Президенттік дамыту қорының директоры Азат Шауеев:

Ақтаудағы сот процесі басынан бастап ашық режімде жүргізілді. Бұқаралық ақ­парат құралдары үшін арнайы зал жаб­дықталды, мүдделі тараптар үшін бейне монитор орнатылды. Ал сотталу­шы­лардың тума-туысқандары сот процесіне тікелей қатысты. Міне, осылайша сот талқылау барысын бұқаралық ақпарат құралдары мен халық­аралық және қазақстандық қауым­дастықтың өкілдері толықтай бақылай алды. Демек, менің ойымша, процесс барысы шынайы жарияланып, сот тал­қылауына мүдделі жандардың бәрі қатысты. Осылайша ең бас­ты қағида – транспаренттілік сақталды.

«Нұр Отан» ХДП Маңғыстау облыстық филиалы төрағасының бі­рінші орынба­сарының міндетін атқа­рушы Мұханбет Жүнбасов:

Сот процесі күрделігіне орай ұзақ уақытқа созылды. Енді соттың бұл оқиғаны қарау бойынша талқылау барысына төменгі инстанция нүкте қойды. 37 адамға сот үкімі шықты. Оның ішінде 24 адам қамаудан босатылды. Олардың бірқатары кінәсіз деп табылып, бірқатарына рақымшылық жасалса, енді біреулеріне шартты сынақ мер­зімдері тағайындалды. Ал қалған 13 адам түрлі дәрежедегі жазаларға кесіліп, 4,5,6 жыл мер­зімдерге сотталды. Бұлардың бәрі жаппай тәртіп­сіздіктерге қатысқандар болып табылады.

Мен бұл соттың шешіміне, елдің азаматы ретінде де, Елбасы құрған тәуелсіз респуб­ликалық комиссия төрағасының орынбасары ретінде де біржақты пікір айта алмаймын. Бұл мемлекет атынан шығарылған соттың өз шешімі. Сот біздің елімізде тәуелсіз. Сондықтан ол тек еліміздің Конс­титуциясының талаптары мен заңдарын арқау ету арқылы ғана өз пайымдарына сүйенеді. Осылайша жоғарыдағы сот ше­шімі шықты, ол шешімді біз қабыл­дауымыз қажет.

Бірақ біз алдан әлі үмітімізді үзбеуіміз керек. Алда әлі апелляциялық, кассациялық және Жоғарғы Сот сатылары бар. Міне, осы сатыларда мына сотталған адамдардың қорғаушылары олар­дың жазасын әлі де жеңілдетуге тырысулары керек деген қоры­тындыға келдім. Сонымен қатар, өзімізді құқықтық мемлекет деп әлемге жария­лаған екенбіз, ендеше, бәріміз де ортақ тәртіпке бағынуымыз керек.

 

 

Еліміздің сейсмикалық қауіпсіздік жүйесін жетілдірудің жолдары қандай?

 

/«Алаш Айнасы». 05.06.2012. Ләззат Билан./ -  Жақыпбай Досаев, география ғылымының док­то­ры, профессор:

– Бірінші кезекте, жұртшылықтың дайынды­ғы­на айрықша мән беру керек. Балабақшадағы ба­лалар­дан бастап, мекемелердің барлығында жаттығу шаралары жиі өткізілуі тиіс. Әйтпесе адам­дар, Құдай бетін ары қылсын, осындай жағ­­­дайда не істерлерін білмей, абдырап қала­ды. Есте­ріңізде болса, Жапо­ния­дағы зілзала ке­зін­де тұр­ғындардың жер селкі­нісіне қанша­лық­ты дайын  екендігін барша байқады. Сон­дай-ақ са­лынып жатқан құрылыстардың жер сіл­кінісіне төзім­ділігін қатаң бақыламаса бол­майды. КСРО ке­зінде құрылыс орындарының тө­зім­ділігін зерт­тейтін арнайы институт бола­тын. Сондай инс­титутты қайта құру керек. Тағы бір айта кетерлігі – стра­­тегиялық нысандардың бар­­лы­ғы­на арнайы құ­рылғы орнатпаса, мұндай нем­­құ­райдылықтың зар­дабы өте ауыр бола­ды.

Амалбек Тшан, мемлекет және қоғам қайраткері:

– Өкінішке қарай, қазіргі кездегі еліміздің сейсмикалық қауіпсіздік жүйе­сіне еш көңілім толмайды. Тиісті орындар соншалықты бейқам, нем­құ­райды қарайды. Сонау КСРО кезінде дайындық та, бақылау да күшті бо­ла­тын. Уақыт өте соның барлығы келмеске кетті. Зәулім-зәулім үйлер салып жа­тыр, солардың барлығының жер сілкінісіне төзімділігіне күмәнім бар. 1995 жылы бірнеше ғалым болып Алматы қаласының Әл-Фараби даң­ғы­лында жаңадан салынған бір үйдің 7 балдық жер сілкінісіне төзімділігін тек­серген едік. Қазір сондай сы­нақ­тар мүлде  жүргізілмейді. Депутат болып тұр­ған кезімде осы мәселе бойынша депутаттық сауал жолдағаным бар. Құ­лақ салған бір жан болса ше? Мұндай жағдайда не айтуға болады? Әйт­песе сейсмикалық қауіпсіздік жүйесін жетіл­дірудің жолдары жетерлік. Тех­ни­ка дамыған. Сол қолданыстағы қауіпсіздік ша­ра­ларының барлығын жү­зе­ге асырып отырсақ, соның өзі жаман болмас еді. Десем де, сауалға бай­ланысты былай дер едім: ең бірінші, тұрғындар арасындағы жаттығуды кү­шейту; екінші, ғимараттардың сейсмикалық төзімділігін аса қатаң бақы­лау­ға алу; әлеуметтік және стратегиялық нысандарға арнайы құрылғылар ор­нату. Әрине, жер сілкінісі қай кезде болатынын нақты болжап беретін құ­рыл­ғыны әлі ешкім ойлап тапқан жоқ, бірақ шамалап беретіндері бар ғой. 

Светлана Романовская, Мәжіліс депутаты:

– Зілзала – адамзат баласына құпия құбылыс емес. Оның айтып келмейтін апат екендігін де жақсы білеміз. Қаншама ғасырлар бұрын белгі берген мұндай зілзала осы күнге дейін сандаған қаланы қиратып, миллиондаған адамды жер жастандырған. Қысқасы, апаттың алдын алу мүмкін болмаса да, соның салдарынан орын алатын түрлі зардаптарды жеңілдетудің жолдары баршылық. Осы тұрғыда әлем ғалымдары жылдан-жылға жаңарып отырған техни­калық құрал-жабдықтар ойлап табуда. Міне, солардың барлығын қолданысқа енгізіп, пайдалануымыз керек. Оның көмегі орасан болмақ. Сондай-ақ әсіресе сейсмикалық қауіпті аймақтарда тұратын тұрғындар арасындағы дайындық шараларын мейлінше жан-жақты жүргізу керек. Жалпы, еліміздің әрбір азаматы, баладан бастап қартқа дейін, сейсмикалық қауіпсіздік жағынан сауатты болуы тиіс. Көпшілік елдегі сейсмикалық қауіпсіздік жүйесіне сындар айтып жатады, менің ойымша, қолдан келгені жасалып жатыр. Алайда оны бұдан да жақсартуға болады.

 

 

Аза тұту күніне байланысты Мемлекеттік ту төмен түсірілді

 

/«Қазақстан ТРК». 05.06.2012./ - Бүгін - Алматы облысындағы «Арқанкерген» бекетінде шекарашылардың қайғылы қазаға ұшырауына байланысты ұлттық аза тұту күні. Осыған байланысты Мемлекеттік ту еліміздің барлық өңірлерінде төмен түсірілді. Сондай-ақ, осы күні республика көлемінде бүкіл телеарналар мен ойын-сауық кешендеріндегі көңілді шаралар тоқтатылады.

Ауыр қаза арқаға аяздай батты. Өйткені, өрімдей ұлдарымыз қапыда өлім құшты. Қайтеміз енді, жүрек қағып, жан жылады. Шекара шебін, мемлекеттің жерін қорғаған қас сарбаздардан айырылып, артында ата-ана аңырады. Ел де егілді. Түгел дерлік тебірендік.

Аманжол Зайнуллин, облыстық мәслихат депутаты, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты:

Бейбіт күнде жалпы халқымыздың басына жай түскендей есеңгіретіп тастады. Өрімдей жастардың өміріне осындай қастандық жасайды деп кім ойлаған. Бұл бүкіл қазақ үшін де үлкен қаза. Себебі, мұндай жастар, балалар және армия қатарындағы балалар соғыссыз ешбір ұрыссыз, даусыз қыршынынан кетуі ата-аналарына, тума-туыстарына үлкен қаза. Сондықтан, тума-туыстарына көңіл айтамыз. «Болғанға болаттай бол» деген бар. Ауыр жағдайда бәріміз қолданатын сөзіміз. Соны айта отырып, қазақта тағы бір мақал бар ғой. «Бөрі жоқ деме бөрік астында, жау жоқ деме жар астында» деген бар ғой. Сондықтан, осындай заманда, дүние астан-кестен болып, бір-бірімен тартысып, жатқан жағдайларын естіп, көріп, отырып біздің елдің тыныштығы біреулерге ауырлау соғып жатқан жағдайы болар, біреулердің арнайы жоспары болар. Сондықтан, біз халқымыздың бірлігін, елдің ынтымағын сақтап, отаншылдық рухта жастарды тәрбиелеп, біз қашанда өзіміздің еліміз, жеріміз аман-есен сақтап, бейбітшілікті аман сақтап қалу үшін әрқашан қырағы жүру керек деп есептеймін.

 «Оқыста ойда жоқтан сойқанды салған лаңкестер жазасыз қалмайды». Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осылай, деді. Сөйтіп, сарбаздар мен әскерилердің ата-аналарына көңіл айтты. Жан азасы күнін жариялады. Бесінші маусым, яғни бүгін. Мемлекеттік тулар төмен түсірілді, түннен бастап. Жұрт қара жамылды. Ұлт болып, аза тұтты бұл күнді.

Арыстанбек Мұхамедиұлы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

Қазақстан әр кезде осындай келеңсіз жағдайларға дайын болуымыз керек. Ол жеке бір азаматтардың қайғысы емес, ол бүкіл еліміздің қайғысы.

Ел шеті дүрлікті. Іргені сөгіп, іріткі салды. Кімдер болса да, басы бұғауланар. Тек жазылмас жара түсті жүрекке. Шекара күзетіп, күндіз күлкі, түнде ұйқыдан айырылған сарбаздарымыздың өлімі өзекті өртеді. Қапыда қан жылатты. Бірақ, ертеден ер қадірін білген қазақ деген елміз. Есіл ерлеріміздің есімі, қалың жұрттың жадында қалады.

Құсайын Уәлиев - ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

Оқиға – бұл ойлану керек, байқау керек, көру керек. Неге десеңіздер, жалпы Қазақстанда бірінші рет осындай жалпы ойламаған жерден болып отыр.  Жалпы, басымызды иеміз. Неге десеңіздер, жап-жас балалар. Жалпы, аналары бар, әкелері бар, тусқандары бар. Сол себепті бұл күнді қаралы күн ретінде айтты ғой.

Қыршын жастардың қаны бір жандары қайғы халінде. Алладан сабыр тілейміз, алаш елі түгелдей. Қолдан келер осы дәрменіміз дәтке қуат болсын. Қазаққа қашанда қайғы – ортақ.

 

Депутаттар елмен бірге аза тұтуда

 

/«Қазақстан ТРК». 05.06.2012./ -  Парламент Мәжілісі баспасөз қызметінің хабарлауынша, депутаттар бір күндік жалақыларын қайғыға ұшыраған отбасыларға аудару туралы шешім қабылдаған. Қапыда қаза тапқан сарбаздардың отбасына көңіл айтқан Параламент депутаттары да елмен бірге егіліп, аза тұтуда. Бұл қайғысы және ел тыныштығын күзетуде сақтықты күшейту керек, дейді олар.

Бақытбек Смағұл, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» ХДП фракциясының мүшесі:

Меніңше, мұндай оқиға бұрын біздің шекарашыларда орын тапқан емес. Енді шыдамдылық керек. Мұндай оқиға болмаса екен деймін. Ол оқиғаның қиыншылығын болдырмауымыз керек. Мен ойлаймын, өкінішті, қайғылы оқиғаны болмас үшін барған азаматтар жаны ашып береді деп.

 Мұхтар Алтынбаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

15 шақты адам қаза тауып, жастарымыз еліміздің шекарасын қорғап, еліміздің тыныштығын қорғап, осындай еліміздің болашағын ойлағаннан кейін жандарын қиып отыр. Ол өте қайғылы жағдай. Қазақ тапқан жас жігіттер бұл қиыншылық тек қана жақын туыстарға ғана емес, бүкіл Қазақстанға тиіп жатыр. Осы жағдайға орай, сақ болу керек. Қандай жағдайда болмасын осы еліміздің тыныштығын, еліміздің тұтастығын, осы шекарамыз бекітілі болу үшін сақтықты көтеру керек. Және Елбасы айтқандай, ауызбіршілік болу керек Қазақстанда

 

 

Шекарашылар қайғысы – барша Қазақ еліне ортақ қайғы

 

/«Қазақстан ТРК». 05.06.2012. Дулат Абибуллаев./ -  «Көңіл айтылған сайын, қайғы азаяды». Шекара шебінде тұрып қаза тапқан сарбаздардың отбасылары мен жақын туыстарының қайғысына ортақтасып, зиялы қауым өкілдері де көңіл айтуда. 

 Несіпбек Айтұлы, ақын-жазушы:

Бұл оқиға біздің қашанда сергек болуға, Қазақстанның әр азаматы, тіпті шекара күзетінде болсын, осы қарапайым далада, қалада жүрсек те сақ болуға, Отанды қорғау әр азаматтың міндеті екеніне, сергек болуға шақырады. Өйткені, «жар астында жау жоқ деме» деген атамыз. Сондықтан, жаулар біздің ішімізде де жүруі мүмкін. Сондықтан, барлық азамат мемлекетіміз, құзырлы органдардың барлығы өте сақ болып, Отан, шекара күзетіне бұдан былай жауапкершілікпен қарау керек екендігіне бұл оқиға куә.

 Смағұл Елубай, жазушы:

Тікелей біздің азаттығымызға қатысы бар, мемлекеттің мемлекеттігіне тікелей қауіп төндірушілердің қолынан біздің 15-тен аса Отан қорғаушымыз опат болды. Осыған орай, құрметті ағайын, Қазақстан зиялы қауымы да қайғырып отыр. Опат болғандардың отбасына, бала-шағасына, ағайын-туыстарына көңіл айтамыз. Бұл оқиға жалпы, Тәуелсіз елдің кез келген азаматын ойландыратын, елең еткізетін оқиға болды. Сонымен қатар, бұл оқиға тек қана шекарашыларды емес, жалпы әрқайсымызды мынау жас Отанымызды оның шекарасын, оның рәміздерін, абыройын, оның ғұмырын баянды ету жолында сақ, әрі сергек болуға жұмылдыратын қайғылы оқиға болды деп білемін.  

 Бақытбек Смағұл, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» ХДП фракциясының мүшесі:

Бүгінгі мынау азалы күн қазақ даласында бұрын-соңды болмаған, өте ауыр жағдай. Бұл тек қана бір отбасының ғана, я болмаса оның жақын-жуықтарының қайғысы емес. Бұл біздің отанымыздың ауыр қайғысы. Сондықтан да, мынау «қайғыны бөліскен, қайғыны жеңілдетеді, қуанышты бөліскен, қуанышын тасытады» демекші атам қазақ қашаннан да төзімді, иманды болған. Сондықтан, Елбасының өзі қозғағанның өзінде жәй бекер емес. Сондықтан, біз сол боздақтарымызды еске алып, қайғыра отырып, бүгінгі таңдағы күн бейбіт жоқ десек те шекарамыздың барлық аймағының жауынгердің емес, әрбір азаматтың жауапкершілігін жеңілдетпеуге тиісті. Себебі, бүгінгі таңда жауапкершілікті бөлісе алатын осы қоғамда қай уақытта да әрқайсымыздың бойымызда Отанға деген махаббат, Отанға деген өзіміздің сүйіспеншілігімізді ісімізбен дәлелдеп және қырағылықты қажет етеді деп ойлаймын. Сондықтан да, бұл істің барлығын дабырмен емес, сабырлықпен шақырып, халқымыздың қазасын бірге көтеріп, әлі де болса, біздің Ұлттық Қауіпсіздік Комитеттері ол жапа шеккен бауырларымыздың ақ-қарасын ажыратып, әлі де лаңкестікке барған, сұрқиялыққа барған қанды қолдардың, қарақшылардың ізін жоймастан құрықталады деп сезіп отырмын.

 

 

Қалың ел қаралы күнге үн қосты

 

 /«Қазақстан ТРК». 05.06.2012. Алмат Әбдіраман./ -  Қалың ел қаралы күнге үн қосты. Жұрт ұлттық аза тұту күні ұлтты біріктіреді, дейді. Еліміздің барлық аймағындағы бұқара бір кісідей қаза тапқан сарбаздардың ата-аналарына көңіл айтып, қайғыларына ортақ екендіктерін жеткізіп жатыр.

 Ауыр қаза арқаға аяздай батты. Өйткені, өрімдей ұлдарымыз қапыда өлім құшты. Қайтеміз енді, жүрек қағып, жан жылады. Шекара шебін, мемлекеттің жерін қорғаған қас сарбаздардан айырылып, артында ата-ана аңырады. Ел де егілді. Түгел тебіренді.

 Аманжол Зайнуллин, облыстық мәслихат депутаты, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты:

Әскери қызмет атқарып жүрген балалардың осылай соғыссыз, ешбір ұрыссыз, даусыз, қыршыннан кетуі ата-аналарына тума-туыстарына үлкен қаза. Сондықтан, олардың тума-туыстарына көңіл айтамыз.

 Жан азасы күні жарияланды жаппай. Мемлекеттік Тулар бір тәулікке төмен түсірілді. Қалың бұқара қара жамылды.

 Арыстанбек Мұхамедиұлы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

Түгелімен құптаймын. Неге десеңіз, ол жеке бір азаматтардың қайғысы емес, ол бүкіл еліміздің қайғысы.

 «Қаралы күн жариялануы дұрыс. Елді біріктіреді. Жұмылған жұдырықтай ауыр жағдайды бірге арқалайды» дейді таңертең тұрып, жұмысына шыққан жұрт. Ұнжырға түскенімен, ұлт ұйысты. Бұл күнді ауылдағы ағайын, қаладағы халық аза тұтуда осылай.

 Бейбіт күнде қаза тапқан жас сарбаздардың өмірлері алда еді. Ата-аналарына ауыр тиді, әрине. Қайғыларына ортақпыз. Сабырлық танытуы керек, енді. Елбасы айтты ғой, қылмыскерлер табылады, деп. Біз соған сенеміз.

 Қаралы күннің жариялануы ол ұлтты біріктіреді. Қазақтың «ағайын қуанғанда, сосын қорыққанда бірігеді», дейді. Осы енді қиын нәубетті күндер ғой. Шекарадағы он бес азаматтың мерт болуы.  

 Сарбаздарымыздың өлімі өзекті өртеді. Қапыда қан жылап қалдық. Десек те, ертеден ер қадірін білген қазақпыз. Есіл ерлеріміздің есімдері ел есінде мәңгілікке есіледі.   Құсайын Уәлиев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

Жалпы, басымызды иеміз. Неге десеңіздер, жап-жас балалар. Ол балалардың аналары бар, әкелері бар, туысқандары бар. Сол себепті, бұл күнді қаралы күн ретінде айтты ғой.

Қыршын жастардың қаны бір жандары қайғы халінде – ортақпыз. Құдайдан сабыр тілейміз, Қазақ елі түгелдей. Қолдан келер осы дәрменіміз дәтке қуат болсын.

 

 

Мәжіліс депутаттары қаза тапқан шекарашылардың отбасыларына біркүндік жалақыларын аударды

 

  /«ҚазАқпарат». 05.06.2012./ -  Бүгін Қазақстан халқы 15 адамның өмірін жалмаған қайғылы оқиғадан қара жамылып отыр.

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары өздерінің бір күнгі еңбекақыларын Алматы облысының  «Арқанкерген» бекетінде қаза тапқан шекарашылардың отбасыларына көмек ретінде аударады. Бұл туралы Мәжіліс Аппаратының баспасөз қызметінен мәлім етті.

Кеше Елбасы, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев мәлімдеме жасап, елімізде бір күндік ұлттық аза тұту жариялады.

 «Шекарашылар елдің шебін қорғау кезінде, қазақстандықтардың тыныштығы мен қауіпсіздігін сақтау қызметінде тұрғанда қаза болды.  Олар Қазақстанның бейбітшілігі мен болашағы жолында қыршынынан қиылды. Бұл трагедия қаза тапқандардың отбасылары мен ағайын-туғандарының ғана емес, барша қазақстандықтардың қабырғасын қайыстырып отыр»,- деді өз мәлімдемесінде Мемлекет басшысы.

 

 

Мәжілісте нұротандық-депутаттардың кеңейтілген отырысы өтті

 

 

  /«ҚазАқпарат». 05.06.2012./ - Бүгін Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінде төменгі палатаның басым көпшілігін құрайтын «Нұр Отан» Халықтық демократиялық партиясы президиумы  фракциясының кеңейтілген отырысы өтті.

Нұротандық-депутаттар ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың халық қалаулыларымен болған жүздесуде парламенттік үш фракция жетекшілерінің алдына қойған мақсаттарын талқылады.

Мәжіліс Төрағасы, «Нұр Отан» фракциясының жетекшісі Нұрлан Нығматулин Ақордада өткен кездесуде Мемлекет Басшысына атқарылып жатқан істер мен билеуші партияның қызметі жайында баяндады. Нұротандықтар Президенттің Қазақстан халқына жасаған Жолдауында нақтыланған және сайлауалды тұғырнамада белгіленген мақсаттарды бағытқа алып  отырғандықтарын  мәлім етті.

Сондай-ақ, Нұрлан Нығматулин  партиялық әріптестерін  Президенттің  елімізді жаңарту стратегиясын тиімді жүзеге асыру үшін жаңа заңдарға бастамашыл болып,  сапалы заңдар қабылдау мен келешектегі жұмысты жетілдіруді іспен дәлелдеу  қажеттігін атап өтті.

Сонымен бірге, фракция депутаттары қабылданған заңдардың орындалуын және мемлекеттік салалық бағдарламаларды қадағалауға басты назар аударатын болады.

 

 

Қазақстандықтардың басым бөлігі елдегі саяси партиялардың белсенділігі жоғары деп санайды - Әлеуметтік зерттеу

 

 /«ҚазАқпарат». 05.06.2012. Қанат Мәмбетқазыұлы./ -  «Нұр Отан» Халықтық демократиялық партиясы жанындағы Парламентаризм институты 2012 жылдың 1-3 маусым аралығында Қазақстанның тұрғындары арасында «Қазақстандағы қоғамдық-саяси ахуал және Қазақстан Республикасы Парламентінің қызметі» тақырыбында сауалнамалық зерттеу өткізген болатын.

Осыған орай, бүгін Парламентаризм институты әлеуметтік зертеулер нәтижелеріне арналған баспасөз мәслихатын өткізді.

Зерттеу барысына еліміздің 14 облыс орталығы мен Астана және Алматы қалаларында тұратын 18 жастан жоғары 1 мың 120 адам сұралды. Бұл ретте зерттеуді жүргізушілер респонденттерді іріктеу үшін кездейсоқ таңдау тәсілін қолданды. Сондықтан да, мамандардың пікірінше, сауалнама қорытындыларының ауытқушылықтары 95 пайыздық сенімділік интервалында (+; -) 5 пайызды құрайтын болады.

«Сауалнамаға қатыстырылып сұралғандардың 57,8 пайызы Қазақстанның саяси партиялары жоғары белсенділік танытуда және тұрақты іс-шаралар өткізіп жатыр деп санайды. Ал 22,5 пайыз респонденттің партиялар туралы әлдеқандай хабарлары болғанымен, олардың нақты тұрақты жұмысы сезілмейтіндігін атап өтеді. Сұралғандардың 10,2 пайызының пікірінше, еліміздегі партиялардың белсенділігі төмен. Олар «сайлаудан кейін партиялар көрінбейді, олардың үні естілмейді»   деп көрсеткен», - дейді брифинг барысында Парламентаризм институтының аға сарапшысы Қайратбек Жаманғұлов.

 

Мәжілісте Парламент пен мәслихат депутаттарының өзара іс-қимылының негізгі бағыттары талқыланды

 

 /«ҚазАқпарат». 05.06.2012. Қанат Мәметқазыұлы./ -  Бүгін Мәжілістегі «Нұр Отан» ХДП фракциясы жанындағы Өңірлік саясат және мәслихаттармен жұмыс жөніндегі кеңесінің отырысы болып өтті.

Басқосу «Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісіндегі  «Нұр Отан» ХДП фракциясы депутаттарының барлық деңгейлердегі мәслихаттар депутаттарымен өзара іс-қимылының негізгі бағыттары» тақырыбына арналды.

Жиынның ашылуы барысында депутаттар Алматы облысының  «Арқанкерген» бекетінде қаза тапқан шекарашыларды үнсіздікпен еске алды.

«Елбасы ағымдағы жылғы Жолдауында өңірлерді дамытудың ел дамуындағы маңызына айрықша назар аударған болатын. Бүгінгі таңда жүзеге асырылып жатқан бағдарламаның барлығы дерлік өңірдің дамуына тікелей қатысы бар. Парламент қабырғаларында қаралып жатқан, қабылданған заңнамалар да еліміздің дамуына өз ықпалын тигізері сөзсіз. Осыған орай, өңірлік саясатты жүргізу, дамыту және оны  заңнамалық қамтамасыз етудің маңызы зор болмақшы», - дейді жиынды ашып сөз сөйлеген депутат Гүлнар Сейтмағанбетова. Оның айтуынша, қай өңірде қандайлық проблемалар бар екендігі мәслихат депутаттарына барынша айқын. Сондықтан да, осы деңгейдегі депутаттардың жұмыс тәжірибесі, проблемаларды шешу жолдары Парламент депутаттары үшін де маңызды.

Сондықтан, бүгінгі жиынның мақсаты - өңірлік саясатты, оның заңнамалық жолдарын әрі қарай жетілдіруді айқындау үшін әртүрлі деңгейдегі депутаттар арасында тиімді, өзара іс-қимыл тетіктерін қалыптастыру.

 

 

Қазақстан халқы Арқанкергенде әскери борышын орындау барысында қаза тапқан сарбаздарымыздың қазасын аза тұтуда

 

 /«Хабар» агенттігі. 06.06.2012./ -  Еліміз тәуелсідік алған 20 жылдың ішінде бұрын соңды болып көрмеген бұл қайғылы оқиға барша жұрттың қабырғасын қайыстырып, қайғыға бөледі.

Бақытбек СМАҒҰЛ, ҚР ПАРЛАМЕНТ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

-Қазақ елінде бұрын соңды болмаған орны толмаған қайғылы, қаралы күн. Бұл тек қана олардың отбасының, иә жақын туыстарының ғана қайғысы емес, Отанымыздың қайғысы есебінде қабылдап, сол отбасының, бауырларын, боздақтарын, балаларын жоғалтқан отбасыларға және халқыма қайғырып көңіл айтамын. Бұл кеде шекарада отырған әрбір жауынгердің жауапкершілігін жеңілдетпеуге тиісті. Қашанда тәуелсіз Қазақ елінің тұрақтылығы үшін қырағылықты қажет етеді. Ешқашан біздің халқымыз басын имесін, аналарымыз қайғы жамылғы кимесін деп тілеймін.

 

 

Сенатор Ж. Нұрғалиев пен Қостанай облыстық мәслихатының депутаттары Венгрия Мемлекеттік Жиналысының депутатымен кездесті

 

 /«ҚазАқпарат». 06.06.2012. Серік Қаражан./ -  Парламент Сенатының депутаты Жеңіс Нұрғалиев пен Қостанай облыстық мәслихатының депутаттары Венгрия Мемлекеттік Жиналысының депутаты Гьенгези Мартонмен кездесті.

Онда екі ел Парламенттерінің арасындағы байланыстарды одан әрі нығайту мәселелері талқыланды.

Сенатор Ж.Нұрғалиев атап өткендей, қазақ және венгр халықтарын тарихы терең тамырластық байланыстырады, ал бірлескен халықаралық жобаларды іске асыру көп ғасырлық достық қатынастар мен ынтымақтастықты одан әрі нығайтудың куәсі болып табылады.

Кездесу барысында «Тұран-Мадияр» халықаралық қорының «Тұран ұрпақтарынан...» жобасын іске асыру мәселелері талқыланды. Бұл жобаның аясында Жанкелдин ауданындағы Саға ауылында венгр сәулетшісі Н.Сандор жобалаған «Бәйтерек» биік кешені орнатылды.

Қостанай облысына барған сапары барысында Венгрия сыртқы істер министрінің өкілі К.Энри, осы елдің Қазақстандағы елшісі И.Ласлоцки, Халықаралық «Тұран-Мадияр» қорының басшысы Б.Золта Жанкелдин ауданындағы ескерткіштің ашылуына қатысты.

 Венгр делегациясының аймаққа жасаған сапары аясындағы шараларға Парламент Сенатының депутаты Серік Ақылбай, сондай-ақ жергілікті активтің, облыстық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

 «Венгрия-Астана» маршруты бойынша жолға шыққан салт атты «Еуразия» тарихи экспедициясының екінші кезеңі шілденің алғашқы күндерінде аяқталады.

 

 

Мәжілісмендер пленарлық отырысты бір минуттық үнсіздікпен

еске алудан бастады

 

/«BNews.kz». 06.06.2012./ -  Парламент мәжілісі депутаттары бүгінгі пленарлық отырысты Алматы облысындағы «Арқанкерген» шекара бекетінде шекарашылардың қазаға ұшырауына байланысты бір минуттық үнсіздікпен еске алудан бастады, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.

Естеріңізге саламыз, қайғылы жағдай өткен аптада орын алған болатын. Жұма күні барлық БАҚ-тар Алматы облысындағы «Арқанкерген» шекара бекетінде шекарашылардың қаза тапқаны туралы хабар таратты.

Дәл сол күні шекара қызметі 13 адамның сүйегі табылғанын, оның 12 шекарашы, ал біреуі қорықшы екенін мәлімдеді. Жұма күні тағы да екі адамның денесі табылды.

Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаев құқыққорғау органдары басшыларымен кездесуінде бұл жағдайды террористік акт деп атады. Мемлекет басшысы үкіметке қаза тапқан шекарашылардың отбасына жан- жақты қолдау көрсетуге тапсырме берді. Кеше 5 маусымда Қазақстанда шекарашылардың қаза табуына байланысты қаралы күн жарияланды.

 

 

Президент қойған міндеттер талқыланды

 

/«Егемен Қазақстан». 06.06.2012./ - Кеше Парламент Мәжілісінде төменгі палатаның көпшілігін құрайтын «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы фракциясы төр­алқасының кеңейтіл­ген отырысы өтті.

Нұротандық депутаттар ел Пре­зиденті Нұрсұлтан Назар­баев­тың халық қалаулыларымен бол­ған жүздесуде парламенттік үш фракция жетекшілерінің алдына қойған мақсаттарын тал­қылады.

Мәжіліс Төрағасы, «Нұр Отан» фракциясының жетекшісі Нұрлан Нығматулин Ақордада өткен кездесуде Мемлекет басшысына атқарылып жатқан істер мен жетекші партияның қызметі жайында баяндаған еді. Нұротан­дықтар Президенттің Қазақстан халқына Жолдауында нақтылан­ған және сайлауалды тұғырна­мада белгіленген мақ­­сат­­тарды бағытқа алып отыр­ғандықтарын мәлім етті.

Сондай-ақ Нұрлан Нығма­тулин партиялас әріптестерін Президенттің елімізді жаңғырту стратегиясын тиімді жүзеге асыру үшін жаңа заңдарға бастамашы болып, сапалы заңдар қа­былдау мен келешектегі жұмыс­ты жетілдіруді іспен дәлелдеу қажеттігін атап өтті.

Сонымен бірге, фракция депутаттары қабылданған заң­дар­дың орындалуы мен мемлекеттік салалық бағдарламаларды қада­ға­лауға басты назар аударатын болады.

 

 

Ең белсенді партия қайсы?

 

/«Айқын». 06.06.2012. Қанат Махамбет./ - Партиялардың сайлаудан кейінгі бел­сенділігі артты ма, төмендеді ме?

Саяси ұйымдар сайлаушылардың сені­мін ақтады ма, ақтай алмады ма?
Партиялар тұрақты жұмыс жасап жа­тыр ма, әлде тиіп-қашып жүр ме? Осы тек­тес сұрақтарға жауап алу мақ­сатында «Нұр Отан» ХДП Парла­ментаризм инсти­тутының әлеуметтік қызметі 1-3 маусым аралығында ел азаматтары арасында «Қа­зақстандағы қоғамдық-саяси ахуал және Парламент қызметі» деген тақырыпта теле­фон ар­қылы сауалнама жүргізді.

Сауалнамаға еліміздің барлық об­лыс­­тары мен Астана, Алматы қалала­рында тұратын 18 және одан жоғары жастағы 1120 адам қатысты. Респон­денттерді ірік­теу үшін кездейсоқ таңдау тәсілі қол­да­нылды. Мұндағы қате кету мүмкіндігі 95, сенімділік интервалында ± 5 пайызды құрады.

Сауалнамаға барлық әлеуметтік-де­мографиялық және әлеуметтік-кәсіби топ­тардың өкілдері жұмылдырылды. Жи­нал­ған деректерді өңдеу мен талдау әлеу­меттік ақпаратты өңдеудің SPSS 18.0. ар­наулы статистикалық пакетін пайдалану арқылы жүргізілді.
Зерттеу қорытындысы бойынша, cұ­ра­л­ғандардың 57,8 пайызы еліміздегі саяси партиялар аса жоғары белсенділік танытып жатқандығын және тұрақты жұ­мыс атқарып отырғандығын алға тартса, 22,5 пайызы партиялар туралы хабарлары бар екенін, алайда олардың жұмыстарына көңілдері толмайтынын жеткізген. Рес­пон­денттердің 10,2 пайызы партиялардың белсенділігі төмен екенін атап көрсетіп: «Сайлаудан кейін мүлде көрінбей кеткен партиялар бар. Олардың не істеп жатқан­дығынан хабарсызбыз. Өйткені олар­дың дауыс­тары естілмейді» деген пікір білдірген.

«Ең белсенді партия қайсы?» деген сұраққа сауалнамаға қатысқандардың 81,7 пайызы «Нұр Отан» деп жауап берген. Екінші орынға табан тіреген Қазақстан­ның коммунистік халықтық партиясының көрсеткіші 3,8 пайызға пара-пар болса, «Ақ жол» партиясын «белсенді» деп таны­ғандардың саны 3,6 пайызды құраған. Ал «Әділет» партия­сының белсенділігі бас­қаларға қараған­да едәуір төмен болған. Оларды сұрал­ғандардың 1,3 пайызы ғана қолдаған.

Қойылған сұрақтарға жауап берген­дердің 71 пайызы «Парламент Мәжілі­сінде «Нұр Отан» партиясынан сайлан­ған депу­таттар белсенді жұмыс атқарып жатыр. Нұротандықтар қоғамның өткір мәселе­лерін жиі қозғайды» десе, тура осындай жауаптың 4,2 пайызы «ком­мунистерге», 4 пайызы «ақжолдық­тарға» тиесілі бол­ған.

«Қазақстандағы саяси партия­лар­дың белсенділігін еліміздің әрбір екін­ші аза­маты «жоғары» деп бағалайды. Әрбір бе­сін­ші қазақстандық партия­лар­дың бел­сен­ділігін «орташа» деп қабылдайды. Ал әрбір оныншы адам «төмен» деп есеп­тей­ді» деді брифингте журналистерге инс­титут қызметкер­лері Салтанат Ерма­ханова.



Дариға Назарбаева Есеп комитетінің мәртебесіне алаңдап отыр

 

/«BNews.kz». 06.06.2012./ -  Бүгін ҚР Парламент мәжілісінде өткен пленарлық отырыста Дариға Назарбаева республикалық бюджеттің орындалуын бақылаушы Есеп комитетінің мәртебесі жайлы мәселе көтерді.

«Жыл сайын республикалық бюджеттің  орындалуына қатысты жағымсыз статистиканы естіп келеміз. Сіздердің жұмыстарыңыздың бар нәтижесі тек ғана ұсыныс білдірумен шектеледі. Үкіметте ешкім де ұсыныстарыңызды қаперлеріне алмайды, тиісінше қазіргі таңда бюджетті жоспарлауда, оны орындаудағы келеңсіздіктер жыл сайын жүйелі түрде қайталанып келеді. Осыны ескере келе Есеп комитетінің мәртебесін жоғарылатуға қандай шараларды қолға алу керек деп санайсыз» деп сауал тастады Д.Назарбаева Есеп комитетінің төрағасы Омархан Өксікбаевқа.

Өксікбаев өз кезегінде Есеп комитеті үкіметпен тығыз қарым -қатынаста жұмыс істеу қажеттігін айтты.


Қазақстан сенаторлары мен БҰҰ ЖКББ өкілдері мемлекеттік көші-қон саясатын жетілдіру мәселелерін талқылады

 

/«BNews.kz». 06.06.2012./ -  Қазақстан сенаторлары мен БҰҰ ЖКББ өкілдері мемлекеттік көші-қон саясатын жетілдіру мәселелерін талқылады. Бұл туралы ҚР Парламенті Сенатының баспасөз қызметінде хабарлады.

Ақпаратқа сәйкес, бүгін Парламент Сенатында «Қазақстан Республикасындағы босқындар мәселелерін халықаралық тәжірибеге сәйкес заңнамалық қамтамасыздандыру (жай-күйі мен перспективалары)» тақырыбы бойынша дөңгелек үстел отырысы болды.

Әлеуметтік-мәдени даму комитеті мен БҰҰ Жоғары Комиссарының Босқындар істері жөніндегі басқармасы ұйымдастырған шараға Парламент депутаттары, мемлекеттік органдардың өкілдері мен халықаралық сарапшылар қатысты.

Дөңгелек үстелді аша келіп, Сенаттың салалық комитетінің төрағасы Ақан Бижанов аймақта және әлемде болып жатқан көші-қон үдерістері барысында талқылаудың маңыздылығын атап өтті.

Орталық Азия мемлекеттері ішінде келген көшіп-қонушылардың саны бойынша Қазақстан алғашқы орындардың бірін иеленетінін атап өте келіп, сенатор босқындар құқықтарын қорғау және халықтың көші-қон үдерістерін реттеу мәселелеріне тоқталды.

2010 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енген «Босқындар туралы» заңда шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға баспана, сондай-ақ босқын мәртебесін беру мәселесі реттелген болатын. Сонымен қатар, баспана іздеп жүрген адамдарды заңмен қорғау қарастырылып, Қазақстан аумағындағы босқындардың құқықтары мен міндеттері бекітілді.

Қазақстандық заңнамаға сәйкес, босқындардың дәрігерлік көмек қызметін алуына, еңбек етуге, кәсіпкерлік қызметке, мүлікті және мүлікке жатпайтын игіліктері мен құқықтарын сотпен қорғануға құқықтары бар. Халықаралық құқық ережелері негізінде Қазақстанда босқындардың балаларына, оның ішінде жолақы құжаттарын беруге қатысты арнайы ережелер енгізілді.

Сонымен бірге, сенатор А.Бижанов осы саладағы халықаралық тәжірибеге сәйкес және отандық тәжірибені ескере отырып, құқықтық базаны одан әрі жетілдіру мәселесі Қазақстан Республикасы Парламентінің ұдайы назарында екенін атап өтті.

Талқылау барысында сөз алған БҰҰ ЖКББ Орталық Азиядағы Аймақтық үйлестіруші С.Азам босқындар туралы ұлттық заңнаманы Босқындар мәртебесі туралы 1951 жылғы конвенцияның ережелері мен халықаралық тәжірибеге сәйкестендіруге назар аударды.

БҰҰ ЖКББ Орталық Азиядағы Аймақтық Өкілінің орынбасары Ф.Ремус ұлттық заңдар мен заңнан кейінгі актілерді азаматтығы жоқ адамдарды қысқарту, босқындардың қоғамға кіріктіру, тіркеу, азаматтығы жоқ адамдарды қорғау және әлеуметтік көмек көрсету мәселелері бойынша жетілдіру жайында ұсыныстарын айтты.

Отырыста ішкі істер министрінің орынбасары К.Тыныбеков, ІІМ Көші-қон полициясы комитетінің төрағасы П.Нокин, ЖКББ халықаралық қорғау департаменті штаб-пәтері директорының орынбасары Д.Маршалл босқындар құқықтарын заң бойынша қорғау, халықаралық стандарттар мен ұлттық құқықтарды үйлестіру мәселелері туралы өз ойларын ортаға салды.

Дөңгелек үстел отырысын қорытындылай келіп, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы А.Бижанов мемлекеттік көші-қон саясатының құқықтық тетіктерін одан әрі жетілдіру үшін талқылаудың маңыздылығын атап өтті.

 


 Нұртай Сабильянов 50 жаста

 

/«Қазақстан ТРК». 06.06.2012. Бибігүл Ғаділбекқызы./ -  Елімізде нар тұлға азаматтар аз емес. Солардың бірі - Нұртай Сабильянов. Қазақ азаттыққа ұмтылған, жастары бастап бұлқынған «Желтоқсан оқиғасы» кезінде қоғамға танылды. Мәрт мінезінен бір танбаған азамат қашаннан көптің сөзін ұстап келе жатыр. Бүгінде Парламент төрінен ұлт мүддесін қызғыштай қорып жүрген, халықтың шын қалаулы ұлы.

Нұртай Салихұлы қашанан белсенді азамат. Өз үні, өз мінезімен, өткірлігімен, қызметіне адалдығымен көпке сыйлы. Тізе қосып, бірге жұмыс істеп жүрген депутатар осылай дейді. 

 Оразгүл Асанғазы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» ХДП фракциясының мүшесі:

 Жастарға, қазақ жастарына үлгі болуы керек. Кешегі Желтоқсанның кезінде біздің осы ұлттың намысы  сынға түскенде қасқайып, сол алаңда өзінің ойын білдіріп. Біздің әр күніміз желтоқсан, қазір. Депутаттың әр күні халқының жақсы өмір сүруі үшін дұрыс былайша айтқанда. Сол үшін күрес. Осы күресте өзінің халқының мұңын мұндап, жоғын жоқтап келе жатыр деп ойлаймын.

 Нұртай Сабилянов «жетім көрсең, жебей жүр» деген қазақы қағидатты мықты ұстанады. Деміл-деміл жетім балдырғандарға көмек береді, демеу жасайды. Тіпті өз туған күнінде де дамылдап жатпай, жетім балалар үйіне барып, көмек қолын созуды дәстүрге айналдырған. Бұл да Нұртай Салихұлының азаматтығын көрсетсе керек.

 Қуаныш Сұлтанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» ХДП фракциясының мүшесі:

Нұртай мына қоғамдық қайраткер ретінде, бір саналы азамат ретінде ылғи өсу үстінде. Нұртаймен ұлт мәселелері жөнінде  әр түрлі көзқарастарды сарапқа салуға болады  ұлттың мүддесінде және мемлекеттің мүддесінде өзінің көзқарасы өте ширақ және осындай азаматтар болса екен деп айтқызатын жігіт. 

 Нұртай Сабильянов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» ХДП фракциясының мүшесі:  

Неғұрлым адам қарапайым болса, соғұрлым халықпен, адамдармен жақын араласады да, соғұрлым қоғамға жақын болады. Қазіргі жастардың бойында мен ұлтына деген жақындық, патриоттық сезімі болса, деймін. Және мына еңбекке деген жақсы бір көзқарас, білімге деген ұмтылыс болса, Қазақстанның дамуы да, жастардың болашағы да жарқын болады. 

 Көп ішінде қашанда өз мәрттігінен таймайтын, бірмінезді, көпке сүйкімі бар азаматтар болады. Нұртай Сабильянов  сондай санаулылардың бірі. Халықтың қалаулысы кезінде «Алтын жүрек» сыйлығын да алған. Ердің жасы елуге толған депутат ел мүддесін үнемі биікте ұстарына сеніміміз кәміл.

 


Қаза тапқан шекарашылардың аты-жөндері анықталды (толығырақ)


        
/«Қазақстан ТРК». 06.06.2012. Нұрбек Бекбау./ -  Мемлекет басшысы Қытайдағы сапары барысында Арқанкерген шекара бекетіндегі қайғылы оқиғаға байланысты журналистердің сұрақтарына жауап берді. Елбасы бұған сыртқы күштердің қатысы жоқ екенін және тергеушілердің өте маңызды ақпаратқа қол жеткізгенін айтты. Шейіт болған 14 шекарашының денесін тану үшін Астанаға сарбаздардың мәйіттері жіберіліп еді. Бүгінде «гендік сараптама» түгендеп шықты. Опат болған сарбаздардың аты-жөндері белгілі. Еліміздің әр аймағынан әскерге алынған екен.

Арқанкерген шекара бекетінде болған қазалы оқиға қазақтың қабырғасын қайыстырып кетті. Халықты қуаныш пен қайғы біріктіреді,-деген. Бүкіл Алаш жұрты шекарада шейіт кеткен 14 жауынгерді еске алып, кеше Ұлттық Аза тұту күнін өткерді. Мешіттерде қол жайып, Құран бағышталды. Ендігіде мұндай суыт хабардың болмауын, елдің амандығын тілесті жамағат. Әрі қылмыскердің табылып, тиісті жаза аларына сенді. Әуелгіде айтылған нұсқа: «ішкі кикілжің» себеп болуы мүмкін деген расқа айналды. Тиісінше, қанды оқиғаға ешбір сыртқы күштің жоқтығы анықталды. Елбасы бүгін Бейжің сапарында осындай мәлімдеме таратты.

 Нұрсұлтан Назарбаев,  ҚР Президенті:

Өте маңызды ақпарат бар. Бұл туралы айтуға әлі ертерек. Ал қазіргі ақпарат бойынша, менің бар айтарым сырттан ешқандай араласу болмаған. Бұл нақты анықталды. Ешқайдан ешкім келмеген. Бүгінде шекарашылардың бірі ұсталды. Түсініктеме беріп жатыр. Әзірге күтелік. Менің ойымша, бұл болжамның негізі бар.

 Іздестіру жарияланғаны – 15-ші шекарашы еді. Ол табылды. Дұрысы, ұсталды. Мұндай ақпаратты еліміздің Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов айтты.

 Қалмұханбет Қасымов, ҚР Ішкі істер министрі:  

Табылған шекарашы сол күні кезекші болған, одан командирдің қаруы табылды. Ол болған жайтты егжей-тегжей түсіндіріп жатыр. Сарбаздың психикалық жағдайына байланысты сараптама тағайындалды. Бұл оқиға, ішкі жағдайға байланысты орын алды, деген болжам анықталуда.

 Қазір тергеу тексеру жұмыстары жүріп жатыр. Енді шекарада әскери борышын атқарған сарбаздар кімдер еді деген тақырыпқа көшсек.

 Павлодар облысынан - Денис Рай (19 жаста);

Алматы облысынан – контракт  бойынша Ерлан Акишев (24 жаста),Талғат Сәрсенбаев (28 жаста), Рүстем Ақылбаев (21 жаста);

Атырау облысынан - Мейірхан Иманов, Жеңіс Сағынғалиев, Данияр Балғабаев, Бекзат Әмірғалиев;

Батыс Қазақстан облысынан -Алтынбек Кереев («Арқанкерген» постының командирі, офицер, жасы 28-де).

Қарағанды облысынан - Нұрлан Мұқышев (21 жаста); Владислав Челах (20 жаста)

Жамбыл облысынан - Жанат Ілиясов (20 жаста), Нұржас Үсіпәлиев (21 жаста);

Ақтөбе облысынан - Қамбар Ағанас (20 жаста), Әли Мақсұтов (19 жаста); 

 Бұл - Арқанкерген шекара бекетінде борышын өтегендер саны. Осы 15 жауынгердің 14-і шейіт кетті. Әскери міндетін өтеп, енді бір 3 айда еліне қайтуы тиіс еді. Алайда, жазмыш солай болыпты. Сонымен, тізімде аты-жөні түгенделген жауынгерлер кім еді? Шекарада опат болған 3 сарбаз, Ерлан Ақышев, Рүстем Ақылбаев және Талғат Сәрсембаев - Алматы облысы, Алакөл ауданының азаматтары. Жергілікті әкімдік елдің тыныштығын күзетіп, Отан қорғау жолында опат болған марқұмдардың жанұяларына көмек көрсету жолдарын қарастырып жатыр. Сондай-ақ, өңірдегі мемлекеттік қызметкерлер және бюджет саласының мамандары бір күндік еңбекақыларын арнайы шотқа аударды.

 Серік Байбазаров, Алакөл аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

Аудан жұртшылығы үлкен күйзеліс үстіндеміз, осындай жағдайдың орын алғанына. Енді қазіргі уақытта сол опат болған, қаза болған семьялардың балаларына, соларды соңғы сапарына шығарып салу үшін дайындық жұмыстары жүріп жатыр. «Апат айтып келмейді, қайғыны бөліссе жеңілдейді»,- дейді ғой. Сондықтан біз, Алакөл жұртшылығы осыған үлкен мән беріп отырмыз. Отан қорғаған азаматтарды соңғы сапарға дұрыс шығарып салуымыз керек. Олар осы елдің есінде мәңгі қалуы керек.

 Қаза болған тағы бір жауынгер Павлодар облысынан. Денис Рай. Ұстаздарының айтуынша ол алғыр, өте белсенді жас болған.

 Яков Сытник, көршісі:

Ол өте еңбексүйгіш бала болатын. Шешесіне қолқанат деп жүруші едім. Адам сенбес жағдай болып тұр ғой.

 Ғалымжан Шарапатов, Ауған соғысы ардагерлер кеңесінің төрағасы:

Ел қорғау дегеніміз ол - ер-азаматтың парызы. Осы парызын жасап, міне, балаларымыз кетіп отыр. Дегенмен, ол ұмытпайтын нәрсе.

 Отан қорғау қызметінде жүріп шейіт болған сарбазды ел болып соңғы сапарға шығарып салмақ. Әкімшілік тарапынан марқұмның отбасына 1 миллион теңге бөлінді.

 Еліміздің шекара қызметіндегі әскерилер де, арыстарынан айырылған отбасыларға бір күндік жалақыларын аударып жатыр. Бүгінде арнайы қорда 30 миллион теңге жиналды. Бұл бастаманы түрлі ұйым өкілдері, қарапайым азаматтар қолдап, көмегін беріп жатыр. Егер шекарашылардың жанұясына қаржылай жәрдемдессем деген ниеттілер болса, мына банктік есепшотқа ақшасын аударуына болады.

  «Қазақстан Халық банкі» 2484 әскери бөлімі.

ИИК KZ 546014761002434

БИК HSBKKZKX

PHH 940140000385

КБЕ 19

БЕНЕФИЦИАР АКИМБЕКОВ АМИРБЕК АДИЛЬБЕКОВИЧ

 

Бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығаратын уақыт - бұл. Шекарадағы оқиға халыққа сынақ. Бірлігіне, біртұтастығына. Ал, күштік құрылымдарға енді мейлінше сақ, әрі қырағы болғаны абзал.

 Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты. «Нұр Отан» ХДП фракциясының мүшесі:

Құқық қорғау органдары көп созбай, халыққа осы жағдайды айтып беруі керек. Сондықтан, Құқық қорғау органдарының ақпаратын алғаннан кейін, біз депутаттар өзіміз бұл салада не істеу керектігін  тағы да талқылайтын боламыз және жақында 1-2 айдың ішінде Мәжіліске Мемлекеттік шекара туралы Заң жобасын ұсынуын күтіп отырмыз. Бүгін жоспарлы түрде дайындалып жатқан Заң жобасы, осы Заңмен жұмыс істеу аясында мына болған қайғылы оқиғаның себептері туралы қорытындыларды ескеретін боламыз.

 Арқанкерген бекетінде бақилық болған жауынгерлер елдің шетін жаудан қорғауда, шекараны күзетуде шейіт кетті. Ерлік ескеріледі. Есте қалады мәңгі.

 

Былтыр 43,2 млрд. теңге игерілмеген

 

/«Хабар» агенттігі. 06.06.2012./ -  Шикізаттың бағасы құлдырап, қор нарығы шатқаяқтап, әрбір тиын құнды болып отырған тұста қаражатты тиімді пайдалану қажет.

Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматуллин Үкіметтің 2011 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебі тыңдалған жалпы отырыс кезінде осыны айтты. Былтыр барлығы 272 миллиард теңгенің бюджеттік және басқа да заңнама бұзушылықтары анықталған. Игерілмей қалған қаржының көлемі де көп.
Есеп комитетінің мәліметі бойынша, былтыр республикалық бюджеттің 43 миллиард теңгесі игерілмеген, игерілмеген қаржының жартысы даму бағдарламаларына тиесілі. Бұдан бөлек, Ұлттық холдингтердің шотында 96 миллиард теңге жұмсалмай қалды.

Омархан Өксікбаев, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрағасы:

- Мәселен тәртіп пен күнделікті бақылау тиісті дәрежеде болмағандықтан 38,7 млрд көлемінде трансферттер игерілмеген.

Омархан Өксікбаевтың айтуынша, қаржыны дер кезінде пайдаланбаудың бірнеше себебі бар, оның ең бастысы, жоспарлаудағы қателіктер, сондай-ақ, бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің нәтижеге қол жеткізу бойынша жауапкершілігі заңмен белгіленбеген.

Ауыл шаруашылығы тауарлары өндірушілерін қолдау үшін «Қазагроға» бюджеттен 78 миллиард теңгелік несие бөледі. Енді анықталып отырғандай, бұл қаражат жоғары пайызбен таратылған.

Омархан Өксікбаев, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрағасы:

-Сонда бес жүз есе артық бағамен беріп отыр. Арақашықтығының молшылығын біз көрсетіп отырмыз, өйткені біз бюджеттен осынша арзан алған кредитті біз ауыл шаруашылығын қайтсек көтереміз олардың жұмыс сапасын арттырамыз деп отырған кезде, осы мәселеге мен көңіл бөлдім.

2010 жылы 159 миллиард теңгенің заң бұзушылығы анықталды, былтыр бұл көрсеткіш 272 миллиардқа дейін артқанын айтқан Дариға Назарбаева, бюджеттік жүйенің кемшін тұстарын толықтыру үшін арнайы жұмыс тобын құру қажет деп санайды. Сондай-ақ, депутат басқа ұсыныстарын білдірді.

Дариға Назарбаева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

-Есеп комитеті бюджеттің атқарылуының 56 пайызын ғана қамти алған. Біздің мұның бәрін тексеріп отыруға уақытымыз жетпейді. Сондықтан да, жұмысты 100 пайыз орындау үшін есеп комитетінің өкілеттілігін кеңейтуді ұсынамын.

Ал, Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин бюджет қаражатын тиімді жұмсау ведомство жетекшілеріне тікелей байланысты екендігін еске салды.

Нұрлан Нығматулин, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:

-Мәжілістің жаңа құрамы Үкіметтің бюджеттің атқарылуы жөніндегі есебін тұңғыш тыңдап отыр. Менің пікірімше, бүгін айтылған мәселелер бойынша Парламенттің нақты ұстанымы көрініп тұр, сондықтан да, құрметті Үкімет мүшелері, бұл жұмыс алдағы уақытта қыза түспек. Сондықтан, қиын кезеңде экономикалық моделді қалыптастыру үшін мемлекет басшылығының жасап жатқан жұмысы, ашығын айтсақ, қор нарығы шатқаяқтап, шикізаттың бағасы құлдырап, әрбір тиын құнды болып отырған тұста, қолдағы қаражатты тиімді пайдалану, әрине, миллиардтаған ақша сеніп тапсырылған мемлекеттік менеджерлер мен министрліктердің жетекшілеріне тікелей байланысты.

 

 

«Нұр Отан» ең белсенді жұмыс істейтін партия ретінде танылды

 

/«Хабар» агенттігі. 06.06.2012./ -  Парламентаризм институты жүргізген сауалнама қорытындысы бойынша «Нұр Отан» ең белсенді жұмыс істейтін партия ретінде танылды.

Респонденттердің 81,7 пайызы осындай пікір айтқан. Ал, Қазақстанның Коммунистік халықтық партиясы мен «Ақ жол» демократиялық партиясының қызметін сауалнамаға тартылғандардың 3,8 және 3,6 пайызы оң бағалады. «Әділет» партиясын респонденттердің 1,3 пайызы атап өтті. Зерттеу барысында 14 облыс орталықтарында және Астана мен Алматы қалаларында тұратын 18 жастан асқан 1 120 адам сауалнамаға қатысқан. Респонденттерді іріктеу кезінде кездейсоқ таңдау тәсілі қолданылды.

Салтанат Ермаханова, «Нұр Отан» ХДП Парламентаризм институтының бас сарапшысы:

-Сұрақтарымыздың бірі бұл Қазақстандағы саяси партиялардың белсенділігі болып табылады. Бұл сұраққа қазақстандықтардың 57,8 пайызы жартысынан көбі саяси партиялар белсенділігін жоғары деп бағалады. Сонымен қатар, орташа деп бағалағандардың үлесі 22,5 пайыз, төмен деп бағалағандар 10 пайыз.

 

 

Үкіметке сенуден қалған коммунистер министрлер

кабинетін сынға алды

 

       /«КТК». 06.06.2012. Ғабит Ұзақбай./ - Кәрім Мәсімовтың үкіметі елдің және парламент депутаттарының да сенімін ақтамай отыр. Коммунист депутат Владислав Косарев бүгін өз ойын осылай білдіре келе министрлер кабинетінің кеткенін қалайтынын жеткізді.

Депутаттың сөзінше, үкімет тек мұнайдан түскен ақшамен ғана жұмыс істеп отыр. Егер қара алтынымыз болмаса қазіргі Үкімет елді аш-жалаңаш қалдырар еді дейді. Себебі үкімет жыл сайын бар ақшаның өзін жұмсай алмай жатады. Мысалы, мемлекеттен аграрлық салаға бөлінген қаражаттың 60 пайызы игерілмей қалған. Кепілдендірілген медициналық көмектің 360 млн теңгесі жұмсалмай қалып отыр. Мемлекет қаржысын ерінбей есептеген депутат Владислав Косарев айтуынша, әрбір зейнеткер дәрі-дәрмегі үшін 1200 теңгеден қағылған екен. Осы жағдайдың барлығын ескере келе палатаның бірлескен отырысында Кәрім Мәсімов бастаған үкіметтің мәселесін май шаммен қарау керек деді депутат.

Владислав Косарев, Мәжіліс депутаты:

- Меніңше үкіметтің ойланатын шағы болды. Қазір халық та, бізде бәрі біледі үкіметті құтқарып тұрған мұнай екенін. Бірақ сол ақшаның өзін амалын тауып жымқырып, ел мүддесіне жұмсалмай жатыр ғой.

Жайлы үй алам десеңіз...


         /«Айқын». 07.06.2012. Айхан Шәріп./ - Ел Үкіметі сейсенбілік оты­рысында «Қолжетімді баспана - 2020» бағдарлама­сын ақыры қабылдады. Оны жүзеге асыруға жауапты тұлға ретінде Үкімет басшы­сының бірінші орынбасары Серік Ахметов бекітілді. Жалпы, бұл
құжат төрт айдан бері биліктің заң шығарушы және атқарушы тармақтарын­да, орталық және жергілікті деңгейлерінде, сондай-ақ қоғам арасында кеңінен талқыланғаны мәлім, сондық­тан қазақстандықтар онымен жақсы таныс-біліс. Әйткен­мен, ақырғы мақұл­дану ке­зеңіне ол елең еткізер жаңалықтарымен жетіп отыр.

Сегізжылдық бұл бағдарлама келесідей көрсеткіштерге қол жет­кізуді көздейді: 2014 жылға қарай Қазақстанда жыл сайын 1 миллион шаршы метр жалға берілетін бас­пана тұрғызып отыру, құрылыс кө­лемін 2020 жылға қарай жыл сайын 10 миллион шаршы метрге дейін жеткізу.

Әрине, қарапайым халықты осы бағдарлама аясында бой кө­теретін пәтерлерге ай сайын қан­ша ақы төлеп отыру керектігі қы­зықтырары анық. Оны Құры­лыс істері және тұрғын үй-ком­муналдық шаруашылық агентті­гінің төрағасы С.Нокин түсінді­руге тырысты:

- «Қолжетімділіктің» маңыз­-ды бір негізі болып, баспананы сатып алушылардың «ай сайынғы тө­лемінің» мөлшері табылады, - деді Серік Нокин. - Ауданы
40 шаршы метр болатын пәтер мысалында айтсақ, «Қолжетімді баспана - 2020» бағдарламасы­-ның 4 бағыты бойынша орташа айлық ақы 30 мыңнан 50 мың теңгеге дейінгі қаражатты құрамақ. Бұл коммерциялық банктердің ипотекасы үшін төленетін ай сайынғы төлемнен айтарлықтай төмен - оларға дәл осындай кө­лемдегі пәтер үшін 86 мың теңге төлеуге тура келеді. Демек, ха­лықтың табысы жоғары емес негізгі бөлігі үшін анағұрлым қол­жетімді.

Сонымен, тарата айтсақ, бі­ріншісі, «Қолжетімді баспана» аясында «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» (ТҮҚЖБ) бар­лық санаттағы клиенттері ара­сында сатылатын тұрғын үйлердің 40 шаршы метрлік пәтеріне ай сайын 50 мың теңге төлеу қажет болады.

 Екіншісі, ТҮҚЖБ тек жас отбасылар арасында тара­татын осындай көлемді пәтер­-
дің айлық төлемі - 30 мың теңге болмақ. Үшіншісі, «Қазақстан ипотекалық компаниясы» АҚ-ы желісі бойынша мұндай пәтер ай сайын - 40 мың теңгеге түспек (яғ­ни, ай сайынғы аренда құны - әр шаршы метрі үшін 1 мың теңгеден). Төртіншісі, жергілікті әкімдіктерде кезекте тұрған бас­панаға мұқтаж жандарға ай сайын 3 мың теңге төлеу керек болады. Бұл - жауапты агенттіктің бас­шысы С.Нокиннің ұсынған ресми есептемесі.

Енді осыларға жеке-жеке тоқ­тала кетсек. Бағдарлама бойын­-
ша ТҮҚЖБ салымшылары ара­сында бөліске салынатын баспа­наның жыл сайынғы берілетін көлемін 2015 жылға қарай 530 мың шаршы метрге жеткізу жос­пар­лан­ған. Яғни енді үш жылдан кейін «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» желісі арқылы еліміз бойын­ша жыл сайын кем дегенде 6,5 мың пәтер іске қосылып оты­ратын болады. Оның 3 мың пә­тері (200 мың шаршы метрі) жас от­ба­сы­ларға арналады. Бұл тұрғын үй­лер әкімдіктердің тапсырысы бо­йын­ша ТҮҚЖБ қалыптастыр­ған сатып алушылар пұлы үшін са­­лы­нады. Және де бұл тұрғын үйлерді мемлекет нысанды қа­былдап алу рәсімінен соң бірден құрылыс ком­паниясынан толық сатып алады.

Бұл баспананы иеленуге құш­тарланған адам «Тұрғын үй құры­лыс жинақ банкімен» келісім бе­кітіп, есеп ашуы керек. Соған банк белгілеген соманы (әдетте бұл -
50 мың теңгеден жоғары) ай са­йын, 3-3,5 жыл бойы салып, қар­жы жи­нақтауға тиіс. Кесілген жи­нақтау мерзімі түгесілген соң осы банк ол адамға жылдық 5% ставкамен 6 жылға заем ұсынады. Сонда са­лымшы алған пәтері үшін (1 бөл­мелі) ай сайын шамамен 50 мың теңге төлеп тұратын кө­рінеді.

Жас отбасыларға арналған ТҮҚЖБ пәтерлерінен әзірге қол­даныстағы заңнама бойынша екеуі де 29 жастан аспаған ерлі-зайыптылар ғана үміттене алады. Рас, Мұрат Әбенов, Галина Бай­маханова, Гүлнәр Сейтмаған­бетова сынды депутаттар мем­ле­кеттік жастар саясатына қатысты жаңа заңның жобасы аясында «жастар» санатына кіретіндер жасын 32-35-ке дейін көтеруге ұсы­ныс білдірген. Әйтсе де ел Үкі­меті әзірге тек 30-ға дейін жо­ға­рылатуға баруға дайын. Заңның жобасы қабылданғанға дейін қа­лаулылар шенеуніктерді иліктіре алады ма, жоқ па, уақыт көр­се­теді.

Егер билік жастар қатарына кіретіндер жасын 35-ке дейін кө­те­руге барса, қаншама қазақ­стан­дықтың бағы ашылар еді?! Өйткені 2020 жылға дейін есеп­телген «Қолжетімді баспана» бағ­дарламасының ең тартымды да ұтымды бағыты - осы! Өзіңіз са­­лыстырыңыз: егер ТҮҚЖБ желісі бойынша барлық санаттағы адам­дарға арналған Астана мен Ал­матыдағы пәтерлердің әр шаршы метрінің құны 142 мың теңге бол­са, ал осы банк қаржыландыра­­-­тын «жас отбасыларға» арналған пәтерлердің құны 120 мың бол­мақ. Оның үстіне бірінші схема бойынша баспанаға қол жеткізбес бұрын 3-3,5 жыл күтіп, жинақ жинауға тура келсе, ал «жас от­ба­сыларға», керісінше, бірден пә­терге кіру мүмкіндігі беріледі. «Жас отбасылар» схемасында жинақты 8 жылға дейін жинауға болады, бұл ретте жас отбасы қол жеткізген пәтерінде тұратын бо­лады, - дейді агенттік басшысы Серік Нокин. - Әлгі мерзім аяқ­талған соң баспананы бірден са­тып алу немесе егер қаражаты жет­песе, ТҮҚЖБ-інде жылдық  4% ставкамен 15 жылға дейін заем рәсімдеу ұсынылады. Ай сайын­ғы төлемі шамамен 30 мың теңге».

«Қолжетімді баспана - 2020» бағдарламасының тағы бір бағы­-ты - «Қазақстандық ипотекалық компания («ҚИК» АҚ-ы) желісі бойынша арендалық тұрғын үй құрылысын дамыту» болмақ. «Жыл сайын 530 мың шаршы метрге дейін арендалық баспана салу жоспарлануда, - дейді С.Нокин. - Бұл тетікті іске асыру үшін «Тұрғын үй құрылыс корпо­рациясын» құру қарастырылуда. Ол үздік құрылыс компания­ла­рымен және құрылыс индустрия­сы кәсіпорындарымен ынты­мақ­тастық жасайтын болады. Бұл схема бойынша пәтерді жалға алушы 15 жыл бойы арендалық төлем төлеп тұрады. Бұл ретте ай сайынғы арендалық төлем пә­тер­дің әр шаршы метрі үшін 1 мың теңге шегінде болады». Яғни пә­тердің жалпы ауданы 40 шаршы метр болса, ай сайын 40 мың, 86 шаршы метр (4 бөлме) болса, 86 мың төлеп тұрасыз.

«ҚИК-пен» арадағы келісіміне сәйкес, аренда мерзімі аяқталған соң, пәтер жалға алушының мен­шігіне өтеді. Бұл жерде жалға алу­шы азамат 15 жылдың түгесілуін соңына дейін, сарғая күтпеуіне болады: 10 жыл арендадан кейін ол пәтерді қалған құны (по оста­точ­ной стоимости) бойынша мер­зімінен бұрын сатып алу құқығын иеленеді.

Бағдарлама аясында «элита» да, «бизнес» те емес, тек 3 және 4 клас­­тағы тұрғын үйлер салу жос­парлануда. Бұл ретте пәтерлер ауданы 35 шаршы метрден (1 бөл­мелі) басталып, 86 (4 бөлмелі) шаршы метрге дейін барады. Аумағы ат шаптырым апарта­менттер мен екі деңгейлі пент­хаустар салу көзделмепті.

Құрылыс істері және ТҮКШ агенттігінің басшысы «ҚИК» АҚ-ы желісі бойынша тұрғын үйлер құрылысы мемлекеттік қол­даумен және бақылаумен қам­тамасыз етілетіндігіне сендіреді. «Қазақстандық ипотекалық ком­панияның елімізде ипотекалық несиелендіруді дамыту мәселе­сін­де жеткілікті тәжірибесі бар, - дейді Серік Нокин. - Қызметін бастағалы бері компания шама­мен 48 мың азаматты, соның ішінде Тұрғын үй құрылысын дамыту­дың мемлекеттік бағдар­ламасын іске асыру аясында шама­мен 20 мың адамды несие­лендірді». «ҚИК» қаржыланды­ратын баспананы салуға - түндігін жаңадан түретін «Тұрғын үй құ­рылыс корпорациясы» жауапты. Ал бұл корпорацияның қызметін, оның құрылыс нормалары мен талаптарын сақтауын Құрылыс іс­тері және ТҮКШ агенттігі бақы­ламақ.

- Құрылыстың бүкіл процесі бақылауда болады! - деп шеге­лейді агенттік басшысы С.Нокин. - Атап айтқанда, жобалаудан, құ­рылыс телімін дайындаудан, тен­дерлерді өткізу шарттарын және техникалық міндетін келісуден бас­тап, тұрғын үйді қабылдап алу, сондай-ақ құрылыстың құнына дейін бақылауда ұстаймыз.

Серік Нокин бұл үшін қажетті тетіктер мен құзырлар өз қолында екендігіне бек сенімді. Бірінші­ден, «ҚИҚ» АҚ-ның акцияла­рының мемлекеттік пакеті агент­тік­тің басқаруына беріліпті. Екін­шіден, «ҚИК» АҚ-ы Директорлар кеңесіне агенттік өз өкілін енгіз­ген. Оның үстіне агенттік «Тұрғын үй құрылыс корпорациясын» құру және оның басқару органдарын қалыптастыру үдерісін міндетті түрде қадағаламақ. Төртіншіден, бағдарламаның осы бағыты бо­йын­ша барлық құжаттарға мін­детті түрде Агенттіктің келісімін алу қарастырылыпты. Бесінші­ден, Құрылыс істері және ТҮКШ агенттігі біраз бұрын әкімдердің қанатының астынан шығарылып, өзіне берілген Мемлекеттік сәу­лет-құрылыс бақылау басқарма­лары мен Мемсараптама орган­дарының өкілеттіктерін құрылыс сапасын бақылау жолында толық ауқымда әжетке жаратпақ ниетте. Алтыншыдан, С.Нокин толық­қан­ды авторлық және техникалық қадағалау іске асырылатынын айта­ды. Жетіншіден, оңтайлы жобалардың іріктелуі бақыланбақ. Осылар арқылы Агенттік Елбасы бақылауындағы маңызды бағдар­ламаны орта жолда жықпай, сәт­сіз­дікке ұшыратпай, мазақ пен ел­дің көңілтолмастығына душар етпей, халық игілігіне айналдыруға тиіс.

«Қолжетімді баспана» бағдар­ламасының бір бағыты - кезекте тұрған баспанаға мұқтаж жан­дар үшін арендалық тұрғын үй салуды қарастырады. Бұл тетік тек екі жыл­дан соң іске қосылмақ. «2014 жылдан бастап, жыл сайын - 275 мың шаршы метр немесе
4 мың 500 пәтер салу жоспарла­нуда, - дейді С.Нокин. - Салыс­тырыңыз, қазір шамамен 2-2,5 мың пәтер ғана тұрғызылады». Республи­калық бюджеттен бө­лінген қара­жаттарға жергілікті әкімдіктер келесі санаттағы ке­зекте тұрғандар үшін баспана құрылысын ұйым­дастырады: бұ­лар - Ұлы Отан соғысының арда­герлері мен мүге­дектері, халықтың әлеуметтік осал тобының 11 са­наты, мемлекеттік қызметкерлер, бюджеттік ұйымдар қызмет­кер­лері, әскерилер және жалғыз бас­панасы «апатты» деп танылған аза­маттар. Бұл жандар мәселен, 40 шаршы метрлік пәтер үшін ай сайын 3 мың теңге төлем төлеп тұратын көрінеді.

- Бұл ретте тек 4-класты ғана тұрғын үй салынады, - деді Серік Нокин. - Баспананың ауда­ны бір бөлмелі пәтер үшін 35 шар­шы метрден - 4 бөлмелі пәтер үшін
73 шаршы метрге дейін бо­лады.

1 шаршы метрдің құны - 80 мың теңге.

«Қолжетімді баспана - 2020» бағдарламасына тыңнан тағы бір бағыт қосылып отыр. Оның аясын­да апаттық баспаналарды күресінге жіберу бойынша пилот­тық-ілкі жоба іске асырылмақ. Құрылыс істері және ТҮКШ агент­­тігінің басшысы оны әзірлеу барысында «Қалалық ортаны қал­пына келтіру бағдарламасын» жүзеге асырудағы Түркияның Ан­кара қаласының тәжірибесі пайда­ланылғандығын жасырмады. Бұл жаңа бағыт жобаларын әзірге тек екі өңірде - Астана қаласында, Маңғыстау облысында ғана іске асыру жоспарда бар. «Іске асыру тетігі келесідей: салынған баспа­наның 30%-ы ысырылатын үйлер­дің тұрғындарына ұсынылады, қал­ған 70%-ы - қаражаттың қай­тарымын және оның айналымға қайта тартылуын қамтамасыз ету үшін нарықта ашық сатылады» деді С.Нокин. Яғни Астана, сон­дай-ақ Маңғыстау өңірі әдемі кө­ріністі бұзатын сүреңсіз, ескі тұрғын үйлерден құтылады, онда­ғы адамдар жаңа пәтерге кіреді.

Бірақ бұл істі жүргізуде шенеу­ніктердің қиындыққа кезігуі ға­жап емес. Кейбір ескі үйлер тұр­ғын­дары сайма-сай айырбасқа - «шаршы метр орнына шаршы метр» схемасына келіспеуі мүмкін. ХХІ ғасырдың бірінші онжыл­дығындағы «құрылыс дүмпуі» за­манында құрылыс компания­ла­ры­ның келісімін алу үшін ондай үйлерде тұратын әр жанға бір-бірден пәтер бергенін немесе қан­ша сұраса, сонша қаржысын ұс­татқанын көптеген қазақстан­дық­тар әлі ұмытпаған.

Қалай болғанда, шенеуніктер­дің батылдығы таңғалдырады: бюд­­жеттен «Анкара үлгісін» енді­руге шектеулі қаражат бөлінгелі отыр. Астана бойынша барлығы 40 млрд теңге (2012 және 2013 жыл­дарға 20 миллиардтан), Маңғыс­тау об­лы­­сына - 10 млрд теңге (2013 және 2014 жылдарға - 5 мил­лиардтан).

«Қолжетімді баспананың» тағы бір жаңа бағыты - тұрғын үй қорын жөндеу болмақ. Бұл ба­ғыттағы жұмыстар былтырдан бері «Тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылығын жаңғырту бағ­дарла­масы» аясында «әупірім­мен» іске асырылуда. Жалпы ал­ғанда, осы бағытта қазақстандық қалалардағы әбден жүдеп-жадаған, аянышты жүзімен жөндеу сұрап жалынған көпқабатты үйлердің үлесін қазіргі 32 пайыздан 2015 жыл­ға қарай 22%-ға азайту жос­пар­лануда. Ал 2020 жылға қарай күрделі жөндеуді қажет ететін көп­қабатты үйлер қатарын қазақстан­дық тұрғын үй қорының 10%-ына дейін кеміту көзделіп отыр.
Өзіңіз көріп отырсыз, жаһан дағдарыспен «жағаласып», жаны мұрнының ұшына келіп жатқан­да, Қазақстан Елбасының бастама­сымен, халықтың әл-ауқатын жақ­сартар орасан зор ауқымдағы жұмысты бастағалы отыр. Бұл жұмысқа бағытталатын қаржы тас­қынының ауқымы да ауыз аш­қы­зып, көз жұмғызады. «Қол­жетімді баспана» бағдарламасын табысты жүзеге асыру үшін 9 жыл­да, 2012 жылдан бастап, 2020 жыл­ға дейін 1 триллион 951 миллиард қажет етілмек! Бұл іске тездетіп кірісіп кету үшін ел Үкіметі
2012 жылдың республикалық бюд­же­тінде ендігі 146,2 миллиард теңге қарастырып қойыпты.

Қазақстан Көшбасшысының «жетімбұрышты» жоюға бағдар­ланған жалпыұлттық жобасын - «Қолжетімді баспана - 2020» бағ­дарламасын іске асыру нәти­жесінде елімізде 63 миллион шар­шы метр жаңа баспана пайдала­нуға беріледі, шамамен 1 миллион отбасы тұрғын үй жағдайларын жақсартады, 35 миллион қолда­ныстағы тұрғын үй жаңғыртыла­-
ды деп күтілуде.
Бұл бағдарламаның жанама әсері мол болып, оның ша­пағатын құрылыс саласы көр­мек. Айтқандай, Үкімет осы аптада алдыңғы жылдардағы «құрылыс дүмпуінің» отандық құрылыс ма­те­риалдары өндірісінің артуына әкелмегендігін ашық мойында­ды. Сондықтан мемлекет өзі қаржы­лан­дыратын тұрғын үй құры­лы­сында қазақстандық материал­дардың молынан қолданылуын қадағаламақ. Осының арқасында Қазақстанда жасалған құрылыс материалдарының құрылыс­тар­дағы үлесі 90%-ға жетеді деген жоспар белгіленіп отыр. Осылай­ша, қыруар қаржы, мол байлық шетелге ақпай, ел ішінде қалады. Демек, Елбасының «Қолжетімді баспана» бағдарламасы - ел экономикасына жұмыс істейтін, оның өсіміне өсім қосып, ілгері сүйрейтін серпінді мега-жобаға, «жетімбұрыш» жағалаған халық­тың жүзіне қуаныш нұрын сеуіп, рухын асқақтататын игілікке айнал­ғалы тұр!



Iргеңдi сөктi, қаныңды төктi...

 

/«Жас алаш». 07.06.2012. Е.Биеке./ - 19 ЖАСТАҒЫ ШЕКАРАШЫНЫ КIНӘЛI ЖАСАП ШЫҒАРУ КIМГЕ ТИIМДI?

 Президент Н.Назарбаев кешелi берi Қытайда жүр. Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитiнде. Содан болуы керек, мемлекеттiк шекараға жасал­ған шабуыл мәселесiн сипай қамшылап өттi. Жөн-ақ, өңшең ығай мен сығай жиналған саммитте жоқ жерден кiмнiң жағасына жармасады? Ондай құдiрет қайда?..

“Бұған қатысты өте маңызды ақпарат бар. Бiрақ, менiң пiкiрiмше, бұл туралы айтуға әлi ертерек. Әзiрге айтарым, “Арқанкерген” шекара бекетiндегi мәселеге сырттан ешкiм араласпаған. Бұл – басы ашылған мәселе, ешкiм келмеген”, – дедi Н.Назарбаев.

Бұл оқиғаға қатысты iшкi iстер министрi Қалмұхамбет Қасымов президенттен бiр күн бұрын былай деген: “Кеше (4 маусымда – ред.) кешке қыстаулардың бiрiнен 15-шi шекарашыны ұстадық. Оның қолында командирдiң табельдiк қаруы, үстiнде жай киiм болған. Ол түсi­нiк­теме бердi, әзiрге тергеу құпияларына байланысты бұл туралы айта алмаймын.

Менiң ойымша, оқиғаға iшкi мәселелер себеп болған деген болжам дәлелденетiн сияқты”.

Президент пен министрдiң сөзi­нен не түюге болады? “Жау сырттан келген жоқ” дегендi. Шын мә­нiн­де солай ма? Беймәлiм себептермен жоғалып кетiп, артынан табылған 15-шi шекарашы Владислав Челах 14 шекарашы мен бiр қо­рық­шыны жайратып тастауы мүмкiн бе?

Құзырлы органдар жартымды ақпарат таратпаған соң ел арасын түрлi алыпқашпа әңгiмелер кезiп жүр. “Өлә-ә, мынау ұйғыр сепара­тистерiнiң iсi екен” дейдi бiр жеңгем бетiн шымшып. “Не келсе де, Қытай жақтан келдi!” деп көкiрек­теп қоймайды көршiм. Бiр әрiпте­сiм ғаламтордағы блогына “Брейвик деген лаңкес Норвегияда бiр өзi 77 адамды жайратып салмап па едi…” деп жазып қойыпты.

“Курсив.кz” деген сайт тағы бiр жағымсыз сыбыстың шетiн шығарды. Бұлардың жазуынша, 15 шекарашы мемлекеттiк шекараны емес, комитеттегi (!) генерал басшылардың бiрiнiң аңшылық шаруашылығын күзетiп жүрген-мыс. “Алакөл ауданында ұйымдасқан қылмыстық топтың дәуренi жүрiп тұр, бұл солардың iсi болуы да мүмкiн” деп жазыпты тағы.

Бұл не сонда? “Ел шетiне жау тидi!” деп дүрлiккен халықты ал­дау­сырату ма? Қазiр аң аулайтын кез емес, ендеше “комитеттегi бас­шы генерал” 15 шекарашыны таудың басына ненi күзет деп апарып тастаған? Логикаға сыймайды.

Сейсенбi күнi “Интерфакс-Қа­зақстан” агенттiгi жоғалған шекарашының табылғанын хабарлады. “Алматы облысындағы әлдебiр ақ­парат көзi шекарашының постқа өзi келгенiн, қолында тапаншасы болғанын және тiлi күрмелiп қалғанын айтты” деп жазды агенттiк.

Iле-шала iшкi iстер министр Қ.Қасымов “жоғалған шекарашыны өзiмiз ұстадық” деп мәлiмдедi.

Қарағанды облысының тумасы Владислав Челахтың жасы 19-да. Оң-солын ендi танып келе жатқан түбiтмұрт бозбаланың қолынан қорықшыны бiрнеше рет атып өлтiру, одан кейiн 14 адамды жайратып салып, денелерiн бiр жерге жинап өртеп жiберу келе ме? Бұған да күмән зор.

Қаза болған шекарашылардың аты-жөнi белгiлi болды. Олар: “Арқанкерген” шекара бекетiнiң командирi, капитан Алтынбек Ке­реев (БҚО, Тайпақ ауданынан); кiшi сержант Ерлан Ақышев (Алматы облысы Алакөл ауданынан); қатардағы жауынгер Талғат Сәрсенбаев (Алматы облысынан); Рүстем Ақылбаев (Алматы облысынан); Нұрлан Мұқашев (Қарағанды облысынан); Мейiрхан Именов (Атырау облысының Индер ауданынан); Данияр Бал­ғабаев (Атырау облысының Мақат ауданынан); Жеңiс Сағынға­лиев (Атырау облысының Құрман­ғазы ауданынан); Бекзат Әмiрға­лиев (Атырау облысының Қызылқоға ауданынан); Нұржан Үсiп­әлиев (Жамбыл облысының Талас ауданынан); Жанат Iлиясов (Жамбыл облысынан); Қамбар Ағанас (Ақтөбе облысынан); Әли Мақсатов (Ақтөбе облысынан); Денис Рей (Павлодар облысынан).

19 жастағы шекарашы Владислав Челахты кiнәлi жасап шығарса, онда қаза болған 14 шекарашы iшкi кикiлжiңнiң, өзара жаға жыртысудың құрбаны болып шыға келедi. Мұндай жағдайда мемлекеттiк награда туралы сөз болуы мүмкiн емес. Ал егер 14 жауынгер мемле­кет­­тiк шекараға шабуыл жасаған сыртқы жаумен қақтығыста шейiт болса, аруаққа обал жасамаймыз ба?

Мемлекет басшысы бұл оқиға­ны лаңкестiк деп бағалайтынын айт­қанымен бұдан мәселенiң басы ашылған жоқ. Керiсiнше, президент “сырттан жау келген жоқ” деп iс­тi одан әрi жұмбақтап тастады. Терроризмнiң түрi көп: әсiре­ұлт­шылдық, дiни, идеологиялық, әлеу­меттiк, тағысын-тағылар. 15 шекарашының шейiт болуын терро­ризмнiң қай түрiне жатқызамыз?

Бұл iсте басы ашылмаған жайт аз емес. Ең басты сұрақ мынау: шекара бекетiне кiм шабуыл жасады? 14 шекарашы мен бiр қорықшы кiмнiң қолынан қаза тапты? Жоғалып-табылған шекарашы не көрдi?

Ел-жұрт үрейден арылған жоқ әлi. Құзырлы органдар құпияға салып, көп нәрсенi жасырып отырғанын ұғу қиын емес. Кiм не десе де, бiр нәрсе анық, әйтеуiр: iргеңдi сөктi, қаныңды төктi...

“Жас Алаш” газетiнiң ұжымы шейiт болған 14 шекарашы мен қорықшының отбасына, туған-туыстарына қайғысына ортақтасып көңiл айтады.

 

 

 

Сiз не дейсiз?

Абай ТАСБОЛАТОВ, Мәжiлiс депутаты:

МҰНДАЙ СОЙҚАНДЫ БIР АДАМ ЖАСАҒАН ЖОҚ

– Тәуелсiздiк тарихындағы 20 жылда елiмiзде мұндай сұмдық бiрiншi рет болып отыр. “Арқанкергендегi” қанды қырғын диверсия емес, бұл – таза бандитизм. Әйтсе де, мұның ақ-қарасын тергеу жұмыстарынан кейiн ғана бiле аламыз. Күнi кеше 15-шi шекарашы Владислав Челах тiрi табылғаны жақсы болды. Ол ендi бiз бiлмейтiн барлық шындықты айтады ғой. Қазiргi кезде шекарашылардың өмiрден өтуiне Владислав Челах кiнәлi деп жатыр. Әскери адам ретiнде айтайын, осыншама адамды бiр ғана адамның өлтiруi мүмкiн емес. Өйткенi мұндай сойқанды жасауға жалғыз адамның шамасы жетпейдi. Бұл қанды қырғын бiрнеше адамның ұйымдастыруымен жасалды деп ойлаймын. Демек, мұны бiр немесе үш адам жасай алмайды. Былайғы жұрт Қазақ-Қытай шекарасында болған оқиғаға байланыс­ты түрлi қауесет айтып жатыр. Бiрақ шын мәнiнде бұл өз iшiмiздегi жағдайға байланысты болуы мүмкiн. Менiң ойымша, өзiмiздiң iшiмiзде бұзықылардың “разборкасы” немесе әскерилер­дiң арасындағы әлiмжеттiк болды. Десек те, бұл туралы нақты бiрдеңе деу қиын.

 Бақытжан ЕРТАЕВ, Мәжiлiс депутаты:

IСТI НАСЫРҒА ШАПТЫРУҒА БОЛМАЙДЫ

Қазақ-Қытай шекарасында болған жағдай қазiр елiмiз бойынша бәрiмiзге мәлiм. Мемлекет басшысы Н.Назарбаев 5 маусымды Ұлттық аза тұту күнi деп жариялады. Олар Отан қорғау жолында ант қабылдап, шекараны қорғады. Ал ендi шекарада қандай жағдай болғаны жөнiнде құқық қорғау органдары зерттеп, тексерiп жатыр. Мұның ақ-қарасын айыру – IIМ-нiң құзырындағы шаруа. Мен Ауған соғысы ардагер­лерiнiң атынан қаза тапқан шекарашылардың туған-туыстарына көңiл айтамын. Күнi кеше депутаттар бiр күндiк жалақымызды аудардық. Ал ендi бұл туралы әртүрлi болжам жасап, iстi насырға шаптыруға болмайды.

 

 

«Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы өз жемісін беруде

 

 /«Қазақстан ТРК». 07.06.2012. Перизат Ермекқара./ -   «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы бүгінде өз жемісін беруде. Мәселен, еліміз бойынша жыл басынан бері 31 мыңнан астам қазақстандық жұмыспен қамтылып, 17 мың 813 адам кәсіптік даярлыққа оқытуға жіберілген. Ендігі меже - 2016 жылға қарай ел халқының 1 жарым миллионға жуығын толық жұмыспен қамтып, еңбек өнімділігінің қосымша өсімін 20 пайызға дейін жеткізу. Бұл жоспардың болашақта орындалу барысын бүгін Астанада «Нұр Отанның» партиялық бақылау комитеті мемлекет қаражатының пайдаланылуын бақылайтын комиссия мүшелері талқыға салды. Сондай-ақ, партия өкілдері үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасының шеңберінде кадрларды даярлау және жұмысқа орналастыру  жайын да жан-жақты пысықтады. Бағдарламаның үш бағыты бойынша олқы тұстары да жоқ емес. Комиссия мүшелері кейбір кемшіліктерді тізіп берді.

 Гүлмира Исімбаева, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» ХДП фракциясының мүшесі:  

Бұл бағдарлама бойынша қойылып отырған мақсат - 100 пайызға дейін жұмысқа орналастырылуы қажет. Сол көрсеткішке жете алмай отыр. Ең негізгі себеп - бізде кадрларды даярлау жүйесі сұраныспен бірге сәйкес келмей отыр.

 

 

 

 

 

 

Астанада Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің кеңейтілген

отырысы өтті

 

/«Kazakhstan Today». 07.06.2012./ - Астанада Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің кеңейтілген отырысы өтті, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің кеңейтілген отырысы кезінде "Кейбір заңнамалық актілерге әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы талқыланды.

Бұл заң жобасы зейнетақымен қамтамасыз ету жүйесін жетілдіруді, сонымен қатар, сақтандырылуға міндеттелген азаматтардың әлеуметтік жағдайын жақсартуды көздейді. Қазіргі таңда талқылаулар кезінде депутаттар тарапынан 51 ұсыныс айтылып, оның басым бөлігі қабылданған. Құжатқа сәйкес, "Зейнетақымен қамтамасыз ету", "Төлемдер мен ақша аудару", "Міндетті әлеуметтік сақтандыру" заңдары мен Салық Кодексіне бірқатар өзгерістер енгізу көзделген.

 

 

Ресми сапармен барады


         /«Егемен Қазақстан». 07.06.2012./ - Үстіміздегі жылғы 7-9 маусымда Парламент Сенатының Төрағасы Қайрат Мәми Әзер­бай­жан Республикасына ресми сапармен барады, деп хабарлады Парламент Сенаты­ның баспасөз қызметі.

Сапар барысында Парламент Сенатының Төр­аға­сы Қ.Мәми Әзербайжан Милли Меджлисінің Төрағасы О.Асадовпен және Премьер-министр А.Расизадемен кездеседі, онда екіжақты және көп­жақ­ты өзара іс-қимыл, сондай-ақ Қазақстан мен Әзер­байжанның екіжақты ынтымақтастығының құқық­тық-келісімдік негізін жасау мәселелері талқы­ла­нады деп күтілуде.

 

 

Сенатта босқындар мәселесі сөз болды

 

 /«Алаш айнасы». 07.06.2012./ - Кеше Парламент Сенатында «Қазақстан Республикасындағы босқындар мәселелерін халықаралық тәжірибеге сәйкес заңнамалық қамтамасыз­дандыру» тақырыбы бойынша дөңгелек үстел отырысы болды.

Әлеуметтік-мәдени даму комитеті мен БҰҰ Жоғарғы комиссарының Бос­қын­­дар істері жөніндегі басқармасы ұйым­­дастырған шараға Парламент де­пу­тат­тары, мемлекеттік органдардың өкіл­дері мен халықаралық сарапшылар қа­тыс­ты. Жиын барысында Сенаттың са­ла­лық ко­ми­тетінің төрағасы Ақан Би­жанов аймақта жә­не әлемде болып жат­қан көші-қон үде­ріс­тері барысында тал­қы­лаудың ма­ңыз­ды­лығын атап өтті. Ор­талық Азия мемлекеттері ішін­де келген кө­шіп-қонушылардың саны бойынша Қа­зақстан алғашқы орындардың бі­рін ие­ле­нетінін атап өте келіп, сенатор бос­қын­дар құқықтарын қорғау және ха­лық­тың көші-қон үдерістерін реттеу мә­се­ле­леріне тоқ­талды. 2010 жылғы 1 қаң­тардан бас­тап күшіне енген «Бос­қындар ту­ралы» Заң­да шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адам­дарға баспана, сондай-ақ босқын мәр­тебесін беру мәселесі реттелген бо­латын. Сонымен қатар баспана іздеп жүр­­ген адамдарды заңмен қорғау қа­рас­ты­­ры­лып, Қазақстан аумағындағы бос­­қын­­­дардың құқықтары мен міндеттері бе­кітілді.

Талқылау барысында сөз алған БҰҰ ЖКББ Орталық Азиядағы Аймақтық үй­лес­ті­руші С.Азам босқындар туралы ұлттық заң­наманы Босқындар мәртебесі туралы 1951 жылғы конвенцияның ережелері мен халықаралық тәжірибеге сәйкестендіруге назар аударды.

БҰҰ ЖКББ Орталық Азиядағы Аймақтық өкілінің орынбасары Ф.Ремус ұлттық заң­дар мен заңнан кейінгі актілерді азаматтығы жоқ адамдарды қысқарту, босқындардың қо­ғамға кіріктіру, тіркеу, азаматтығы жоқ адам­дарды қорғау және әлеуметтік көмек көр­сету  мәселелері бойынша жетілдіру жа­йында ұсыныстарын айтты.

 

 

Парламенттің құзырын кеңейту керек пе?

 

/«Айқын». 08.06.2012. Айжан Көшкенова./ - Мәжілістің әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрайымы, «Нұр Отан» фракция мүшесі Дариға НАЗАРБАЕВА Парламент мәртебесі және оның функцияларын кеңейту туралы Үкімет алдына мәселе қоюды ұсынды.

«Үкіметтің үлкен штаты, көптеген сараптама институттары, ғылыми-зерт­­теу мекемелері бар. Ал Парла­мент­тің еш­­теңесі жоқ. Менің комитетім әлеу­меттік саланың 5 күрделі бағытын қам­­тиды, техникалық персонал 6 адам­ды құ­райды. Менің ойымша, өз ко­митеттері бойынша басқалардың да ай­тары осы. Бұндай жағдайда біз қыс­қа мерзім ішін­де заңнамалық жұмыс­ты реттеп, оны осында қарастыруға үл­геруіміз керек», - деп наразылық танытты депутат.

«Құрметті Нұрлан Зейноллаұлы, сізден осы сәтті пайдалана отырып, Үкі­мет алдына Парламент мәртебесі және мүмкіндігі, оның құзіретін кеңейту жай­лы мәселені шыға­руы­ңызды сұрай­мын. Бүгінгі күні Пар­ла­мент жүйелік билік­тегі Үкіметтің тең құқылы серіктесі бола алмайды», - деді депутат Мәжіліс төр­ағасы Нұрлан Нығматулинге қарата айт­қан сөзінде.

Депутат Назарбаева орынды әрі уақытылы мәселе көтеріп отыр деп есептейді «Нұр Отан» партиясының Пар­ламентаризм институтының ди­рек­торы Болат БАЙҚАДАМОВ:
- Бұл идея барынша назар салуды қажет етеді. Депутат «Үкіметпен тең құ­қылы серіктестік жоқ» деп дұрыс айтады. Парламентті халық сайлайды, сон­дық­тан Үкіметке қарағанда басым құқыққа ие болуы тиіс. Әрине, прин­ципті мә­селелерде, мәселен, Есеп ко­митеті рес­публикалық бюджеттің 2011 жылға орын­далу мәселесін кө­тергенде, Пар­ламент Үкіметке қатыс­ты өзінің нақты әрі анықтаушы пікі­­рін білдіруі тиіс.

- Заң шығарушы органға қандай бағытта өзгерістер керек?

- Ең алдымен, Парламент, Мемле­кет басшысымен бірге Үкімет қыз­метіне бағ­дар беруі қажет. Заң арқылы бұл жүзеге асады. Бірақ оған қоса нақты­рақ саяси мәтін де керек. Үкімет пен пар­ламент ара­сындағы айқын­дылық маңызды. Пар­ламенттің келе­шекте Президент Жолдауына сәйкес қай бағыттар бо­йынша өзінің атқарушы шараларын жүзеге асыратындығы анықталуы тиіс. Депутаттарға кәсіби тұрғыдан жәрдем­десетін әрі Пар­ламентте және одан тысқары жағ­дай­ларда тиісті жауап беріп отыратын қызметтері болуы тиіс. Депутат На­зарбаева комитет штатында, хатшы­лығында жұмыс істейтіндер өте шек­теулі екендігіне назар аударды. Ал АҚШ, Ұлы­британия, Франция, Гер­мания сияқты ел­дерде депутат­тардың қарамағындағы адамдар са­нын Мә­жіліс пен Сенаттағы мүмкін­дік­термен тіпті салыстыруға кел­мейді.

- Сонда оларда қанша адам жұмыс істейді?

- Мысалы, АҚШ Конгресінде бір депутаттың оншақты көмекшісі бар. Сон­да күрделі мәселелерде бағдар жасау да оңай болады. Депутаттар заң және ел алдындағы саяси жұмыстары арқылы мемлекетті басқарып отыр. Бұл тұста депутатқа көмек көрсететін үлкен штат қажет. Парламенттегі бас­пасөз қызметі ғана емес, депутат ай­тып отырғандай, бұқаралық ақпарат құра­лы керек. Пар­ламент пен Үкімет қыз­ме­тіне байланыс­ты ақпаратты жет­кізетін органы бо­луы тиіс.

- Парламенттің құзырын кеңей­ту қандай нәтижеге жеткізеді?

- Ең алдымен, Парламенттің жауап­­кер­шілігі артады. Депутаттың рөлі ай­­қын­дала түспек. Сондықтан На­зар­бае­ва «Парламенттің құзырын ны­­ғай­­ту ке­рек» десе, онда әрбір депу­таттың жауапкершілігі күшейеді. Әрбір де­путаттың неге қабілетті екендігі анық­талады. Сайлаушылар депутаттың қандай кәсіби дәрежеде жұмыс істе­генін білетін болады. Көп жағдайда қа­зір жауапкершілікті Үкімет алады. Сондықтан тепе-теңдіксіз билік кон­фигурациясы қалыптасқан. Дари­ға Назарбаева: «Парламент басым бо­луы тиіс» деп дұрыс айтады. Сонда Үкі­меттің жұмысы қазіргіден де көбірек қадағалана бастайды. Осыдан қоғам мен Парламент алдында толықтай есеп бе­ретін Үкімет қалыптасады. Ал қо­ғам Үкі­меттің кез келген іс-шарасына өзінің сайлаған депутаттары арқылы жауап беріп, тиісінше әсер етіп отырады. Бұл - саяси билікті кемел­дендіре түсетін, көптеген демо­кра­тиялық елдерде бар классикалық формула.

- Онда жұмысты неден бастау ке­рек?

- Бұл мәселе бойынша ең алдымен, Үкімет пен Парламент арасында өзара кеңесу, пікір алмасу қажет. Олар жа­қын келешекте осы бағытта не істей ала­тындықтары жөнінде ақылдасуы тиіс. Одан кейін Парламент пен Үкіметтің қызметтерін реттейтін құжат керек шығар. Ең соңында заңдық тұрғыда ат­қарушы билік пен заң шығарушы ор­­ган­ның өзара ықпалдасуының фор­масын жетілдіруге болады.

Шалатай МЫРЗАХМЕТОВ, Мәжілістің заңнама және сот-құқықтық реформа комитеті мүшесі, «Нұр Отан» партиясы фракция мүшесі:

- Қазірдің өзінде жұмыс істеу стилі­не, тәртібіне байланысты қоғамдық негізде 2-3 көмекші алып отырған депу­таттар бар. Оған ешқандай шектеу қо­йылмаған. Сондықтан «біздің депутаттар қысылып қалды» деген ұғым тумауы тиіс. Алдыңғы күні депутат Назарбаева «Пар­ламенттің өзінің бұқаралық ақпарат құралы болса» деген де пікір айтты. Бір кездері Жоғары Кеңестің жанында «Халық кеңесі» деген басылым болған. Дәл бүгінгі таңда елі­міз­дегі қара шаңырақ - «Еге­мен Қазақстанда» Пар­ламенттің жұмы­сына арналған арнайы бөлім бар. Яғни ой-тұжы­рымдарымызды, жазба­ларымызды кез кел­-ген газетте жариялай аламыз.Бірақ жұмыс ауқымын одан әрі ке­ңейтеміз десе, өскелең өмір ғой... Оны артық­шы­лық деуге болмас. Ал қазіргі таңда қай жа­ғынан алсақ та, біздің Парламентте толыққанды жұмыс істеуге мүмкіндігіміз жетеді.

 

 

Үкіметтің кейбір мүшелері ақша үнемдедік деп жүр...

 

/«Халық сөзі». 08.06.2012. Заңғар Таудай./ - Сәрсенбіде төменгі палата депутаттары Үкімет пен республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі Есеп комитетінің былтырғы жұмысын пысықтап шықты. Бюджеттің игерілмей қалған қаржысы талқыға түспес бұрын Қаржы министрі мен Есеп комитетінің төрағасы  Омархан Өксікбаев баяндама жасаған еді. Сол сәтте мәжілісмендер отырысқа келген «қонақтардың» «екі аяғын бір етікке тықты». «Есептік кезеңде орын алған кемшіліктер мен олқылықтар бюджетке кері әсерін тигізіп отыр. Осыған бюджет 25 рет түзетіліп, Парламенттің араласуымен екі мәрте нақтыланды. Үкімет үш жылдық бюджетті Парламент арқылы бекіткенімен оны іске асыруды қамтамасыз ете алмай келеді», – деп мұңайды Есеп комитетінің төрағасы О.Өксікбаев мырза. Тіпті, өткен жолы Төтенше жағдайлар министрі В.Божко: «игерілмей қалған қаржыны үнемдедік», – деп, беті бүлк етпей масайрағаны бар. Жалғыз Төтенше жағдайлар министрлігі ғана емес, басқа да құзырлы орындар бөлінген қаржыны тиісті жеріне жұмсай алмай отырғаның Омархан Өксікбаев қынжыла айтты.

  Омархан мырза, осыған дейін бюджетке өзгерту енгізсе де, тиісті қаржы неге игерілмей келеді?

  Осыған қатысты сәл ертеректе бюджеттік жоспарлауда жіберілген кемшіліктің салдары болып жатыр деп айтқанмын. Бүгінде министрліктер өздерінің бағдарламаларына артық ақша сұрап алады да, игерілу механизмдері мен қаражаттың тиімді жұмсалуы жолы дайын болмағандықтан діттеген жеріне жұмсай алмайды. Тіпті, «ақша үнемдедік» деп те айтып жатыр кейбір Үкімет мүшелері. Жалпы, бюджетте үнемдеу деген нәрсе болмайды. Нақты жоспарланған қаржы өзінің көзделген бағыты мен игерілу жолын тауып, экономикалық жағынан тиімділігін беру керек. Егер қаражат уақытында игерілмесе, онда жұмыс істелмеді деген сөз. Бұл үшін әкімшіліктерді жазалау керек. 

  Осы жағынан қай министрлік көш басында тұр?

  Бірінші Қаржы министрлігі, одан кейін Төтенше жағдайлар министрлігі мен ҰҚК қалыспай тұр. Осы құзырлы орындарда 5-10 млрд. теңге шамасындағы қаражат көзделген жеріне жұмсалмады. Бірақ Есеп комитеті бұған шара қолдана алмайды. Сәрсенбідегі отырыста Парламент депутаттары бұл үшін жауапқа тарту керек деп жатыр. Негізі ол Премьер-министрдің жұмысы. Ең бастысы өз тарапымыздан барлығын анықтап, қаржының қандай тиімді жолмен жұмсалғандығын бағалап, оны Парламентке бердік. 

  Сіз айтқан кемшіліктер анықталғанымен, ары қарай орындалу нәтижесі байқала бермейді... 

  Мысалы, жыл сайын әрбір әкімшілікте әр түрлі жағдайлар болып, сол саладағы кемшіліктер қайта орын алып жатады. Ал оған шара қолданбай жатыр немесе тиісті механиздер жетілдірілмеді деп әңгіме айтуға болмайды. Өйткені оның барлығы уақытында атқарылып жатыр. Әрине, мұның көптеген мәселесі барын жасырмаймыз. Оның жолын түбегейлі жою үшін әуелі бюджетті жетілдіріп, жоспарлау әдістемесін өзгерту керек. Осы мәселелерді қолға алатын болсақ қана өзіміздің мақсатқа қол жеткізе аламыз. 

  Былтыр игерілмей қалған қаражат 42 млрд. теңге деп жүр. Енді бір деректерде 47 млрд. дейді. Қайсысы дұрыс? 

  Аймақтардың дамуына бөлінген 47 млрд. теңге уақытында игерілмей қалды. Ол ақша солардың есепшотында қалып, келер жылы игеріледі. Бірақ көзделген меже бойынша былтыр толық игеріліп бітуі керек еді. 

  Игерілмей қалған қаржы көлемі жыл сайын неге ұлғайып барады? 

  Оны Қаржы министрінен сұраңыз!

Р.S. Есеп комитетінің төрағасы Н.Өксікбаев мырзаның сілтеуімен Қаржы министрі Болат Жәмішевті сөзге тартып едік. Алайда министр мырза «Осыған дейін бұл туралы көп әңгіме болды. Сондықтан айтарым жоқ», – деп қолын бір сілтеп, кете барды. 

 

 

Жамбыл Ахметбеков: «Қазақпын» дейтін әр адам қазақша сөйлесін...

 

/«Ана тілі». 08.06.2012. Бейбітгүл Әбдіғаппарқызы./ -  «Халық қалаулыларының қазақшасы қалай?» деген сауалмен бүгінге дейін біраз депутаттарды сөзге тарттық. Телефонмен хабарласудан жалтарып, қолға түсе бермейтін олардың біразын үзіліс кезінде ұстап алатын әдіс таптық. Кабинетінен таппайтын кейбіреуін де осы дәлізден кезіктіруге тура келді. Сөйте тұра халық қалаулыларының арасында халық атынан қойылатын сауалды басқа әріптесіне сілтей салып, сытылып кеткісі келетіндер де бар екен.

«Ақ жол» партиясының белді мүшесі, депутат Нұрлан Жазылбековке «Қазақ тілінде сөйлейсіз бе?» деп сауал қойғанымызда «Былай, мен енді қазақша білемін, бірақ мына жігіттен сұраңыздаршы» деп жанындағы әріптесіне арта салғысы келіп, әңгімелесуден қашқақтап еді. Бірақ біз: «Тым құрыса қазақ тілін үйренуге қалай қарайсыз?» деп тықақтап қоймаған соң, жауап қатуына тура келді.

– Өте дұрыс деймін. Өзім үйреніп жүрмін, өзім де білемін енді. Одан да жақсы білуге тырысып, үйреніп жүрмін.

– Қай уақытта үйреніп жүрсіз? Қанша уақыт бөлесіз?

– Біз, мен аптасына екі рет әдейліп осындағы арнайы сабаққа барып жүрмін. Өкінішке орай, біз енді орыс мектебін бітірдік, орысша институт оқыдық, сонын асері тиіп жатыр кішкене қазақшылыққа.

– Тіл үйренуде қиналып жатқан жоқсыз ба?

– Енді қиын емес. Қазақпыз ғой, қиын емес. Кішкене ғана мына грамматика жағын үйренсек… Өз ана тіліміз бізге қалай қиын болу керек? Бұл өзіміздін ана тіліміз ғой…
Көзімізге Қазақстан халықтық коммунистік партиясының атынан депутат болып сайланған Жамбыл Ахметбеков түсті. Кабинетінен таппайтын депутаттардың бірі осы болғандықтан, сол кісіге қарай ойыстық. Депутаттың қазақ тілін үйрену туралы ойын білмек боп, сауал тастадық.

– Біздің қоғамымызда қазіргі өзгерістердің барлығы – ол Қа­зақста­нымыздың өсіп-өркендеуі­нің мәселесі ғой. Ол бәрімізге аян. Соның ішінде өзіміздің ұлт болып қалуымыз және рухани байлықтарымызды мұра етіп қалдыру, келесі ұрпаққа жеткізу мәселесіне көп көңіл аударылады. Бұл тұрғыдан қарағанда, біздің тіліміздің ең басты байлық екені, ең басты құндылығымыз екені рас. Біз тілді дамытуды және өркендетуді өзімізден бастағанымыз дұрыс. Әр қазақ, яғни өзін «қазақпын» деп санайтын әр азамат қазақша сөйлегені дұрыс. Ал өзі қазақ бола тұра, «шыққан ортама байланысты мен қазақшаны білмей қалдым» деген сылтау айтса, ол жай ғана ақталу, өзі тауып алған себебі дер едім. Сондықтан бұл сылтауды ешкім қабылдамауға тиіс. Мемлекеттік органдар болсын, қоғамдық ұйымдар болсын, олардың машиналары болсын және олардың қарамағындағы қызметкерлері болсын, солардың бәрі де мемлекеттік тілді білуге тиіс. Сонымен қатар, қазақ тілінде ба­сылатын басылымдардың саны мен сапасы артса жақсы болар еді. Бұл қазақша сөйлемейтін басқа ұлт өкілдерін және қазақша сөйлемей­тін өз қандастарымыздың барлы­ғын тіл білуге талпындыратын еді. Осы тұрғыдан алғанда әр мекеме­нің, әр министрліктің басшысы өзі бастап қазақша сөйлеп және қарамағындағылардан қазақша сөйлеуді талап етсе, түрлі отырыс­тарын, планеркаларын қазақша жүргізсе көп нәрсе өзгерер еді. Сонда бұл туралы айғайлап айтудың немесе бұқаралық ақпарат құралдары арқылы «өйтейік, бүйтейік» деген сөздің бәрі далада қалып, қазақ тілі өзі-ақ іштей дами беретін еді.

­­– Ал қазақ тілін білмейтін әріп­тестеріңіз туралы не айтасыз?

– Оларды мен жазғыра алмаймын, өйткені олардың шыққан ортасы солай. (Депутат жоғары айтқан өз сөзіне қарсы сөйлегенін өзі байқамады – Б.Ә. «Ал өзі қазақ бола тұра, «шыққан ортама байланысты мен қазақшаны білмей қалдым» деген сылтау айтса, ол жай ғана ақталу, өзі тауып алған себебі дер едім» деп еді…) Оларды тілді білуге, талаптануға, талпынуға призываю дейді ғой орысша айтқанда, яғни талпынсын, талаптансын, әйтпесе кеш қалады. Ертең оның көзін шұқымасын десе, өзі саяси дамудың, демократиялық құндылықтардың бір сатысынан кейін қалып қалмайын десе, қазақ тілін үйренсін.
– Рахмет!

 

 

Кедейлікпен күрес бағыттарын өзгерту керек

 

/«Қазақстан ТРК». 08.06.2012. Мөлдір Нұрман./ - Халықаралық және отандық сарапшылар Қазақстандағы кедейлік деңгейін бағамдайтын зерттеулердің қорытындысын шығарды. Бұл жөнінде бүгін Астанада алғаш рет Азия даму банкі, БҰҰ-ның даму бағдарламалары мен еліміздің Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бірлесе өткізген басқосуда жарияланды.

Зерттеулер нәтижесі соңғы бес жылда кедейлік деңгейінің Қызылорда облысында 37,5%-дан 6,7%-ға, Маңғыстауда 26%-дан 11,6%-ға, Ақмола өңірінде 25,4%-дан 4,4%-ға төмендегенін көрсеткен. БҰҰ-ның өкілдері елдегі тұрақты өсуге қол жеткізу үшін деректер жинаудың және кедейлік деңгейін бағалаудың жаңа әдістері қажет екенін айтты. Олардың пікірінше, статистикалық көрсеткіштер дұрыс көрсетілмейтіндіктен, халықтың тұрмысы жақсармай келеді. Сондай-ақ шетелдік сарапшылар экономикалық теңдіктің арасындағы алшақтықты тілге тиек етті. 2010 жылғы дерекке сүйенсек, барлық кірістің 9% ғана тұрмысы төмен тапса, ал 38% жоғарғы топқа тиесілі болып шыққан. 6 облыс, 2 қаладан тексерілген 1309 отбасының үштен бірі айлық табыстарының шайлықтарына да жетпейтінін, ал 54 пайызы түрлі төлем қызметтерін мүлде төлей алмайтындықтарын айтқан. Оның 85 пайызы бір ғана Қызылорда облысының үлесінде болып отыр.

 Жамбыл Ахметбеков, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Қазақстан  Коммунистік Халық партиясы фракциясының мүшесі:

Бір адамға шаққандағы оның күн көріс деңгейін қазір көтере аламыз. Яғни, қазір 17 мыңнан артықтау болса, біздің тәсілімізбен санайтын болсақ, 200 мың теңгенің деңгейінде болады. Оның 60 пайызын зейнеткерлік ақы десек, онда ол 120 мың теңгенің шамасына шығады. Егер осы 120 мың теңгеден 40-50 пайыз төмен болып келетін болса, онда 90 мыңның шамасында болса, онда біздің еліміз кедейдің санатында. Қарап отырсаңыз 60 пайыз біздің халық 90 мыңнан төмен жалақымен өмір сүреді. Яғни, біз қазір көзқарасымызды өзгертіп, олардың жалақыларын көбейтуіміз керек.

Гүлшара Әбдіхалықова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:

Соңғы он жылда атаулы әлеуметтік көмек 8,5 пайызға төмендеді. Бұл 1 миллионнан 139 мың адамға кеміді деген сөз. Күнкөріс деңгейінен де төмен табысты халық саны 8 пайызға азайып, 884 мың адамды құрады. Десе де, заман өзгеріп жатыр. Сондықтан, кедейлікпен күрестің де тәсілдерін өзгертетін кез келді. Біз БҰҰ-ның Даму бағдарламсымен бірге күнкөріс деңгейін көтерудің жаңа әдістемелерін дайындадық. Азық-түлік қорының сатылымға түспейтін және сатылымға түсетін бағыттарын реттедік.

 

 

Парламенттің құзырын кеңейту керек пе?

 

/«Айқын». 08.06.2012. Айжан Көшкенова./ - Мәжілістің әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрайымы, «Нұр Отан» фракция мүшесі Дариға НАЗАРБАЕВА Парламент мәртебесі және оның функцияларын кеңейту туралы Үкімет алдына мәселе қоюды ұсынды.

«Үкіметтің үлкен штаты, көптеген сараптама институттары, ғылыми-зерт­­теу мекемелері бар. Ал Парла­мент­тің еш­­теңесі жоқ. Менің комитетім әлеу­меттік саланың 5 күрделі бағытын қам­­тиды, техникалық персонал 6 адам­ды құ­райды. Менің ойымша, өз ко­митеттері бойынша басқалардың да ай­тары осы. Бұндай жағдайда біз қыс­қа мерзім ішін­де заңнамалық жұмыс­ты реттеп, оны осында қарастыруға үл­геруіміз керек», - деп наразылық танытты депутат.

«Құрметті Нұрлан Зейноллаұлы, сізден осы сәтті пайдалана отырып, Үкі­мет алдына Парламент мәртебесі және мүмкіндігі, оның құзіретін кеңейту жай­лы мәселені шыға­руы­ңызды сұрай­мын. Бүгінгі күні Пар­ла­мент жүйелік билік­тегі Үкіметтің тең құқылы серіктесі бола алмайды», - деді депутат Мәжіліс төр­ағасы Нұрлан Нығматулинге қарата айт­қан сөзінде.

Депутат Назарбаева орынды әрі уақытылы мәселе көтеріп отыр деп есептейді «Нұр Отан» партиясының Пар­ламентаризм институтының ди­рек­торы Болат БАЙҚАДАМОВ:
- Бұл идея барынша назар салуды қажет етеді.
Депутат «Үкіметпен тең құ­қылы серіктестік жоқ» деп дұрыс айтады. Парламентті халық сайлайды, сон­дық­тан Үкіметке қарағанда басым құқыққа ие болуы тиіс. Әрине, прин­ципті мә­селелерде, мәселен, Есеп ко­митеті рес­публикалық бюджеттің 2011 жылға орын­далу мәселесін кө­тергенде, Пар­ламент Үкіметке қатыс­ты өзінің нақты әрі анықтаушы пікі­­рін білдіруі тиіс.

- Заң шығарушы органға қандай бағытта өзгерістер керек?

- Ең алдымен, Парламент, Мемле­кет басшысымен бірге Үкімет қыз­метіне бағ­дар беруі қажет. Заң арқылы бұл жүзеге асады. Бірақ оған қоса нақты­рақ саяси мәтін де керек. Үкімет пен пар­ламент ара­сындағы айқын­дылық маңызды. Пар­ламенттің келе­шекте Президент Жолдауына сәйкес қай бағыттар бо­йынша өзінің атқарушы шараларын жүзеге асыратындығы анықталуы тиіс. Депутаттарға кәсіби тұрғыдан жәрдем­десетін әрі Пар­ламентте және одан тысқары жағ­дай­ларда тиісті жауап беріп отыратын қызметтері болуы тиіс. Депутат На­зарбаева комитет штатында, хатшы­лығында жұмыс істейтіндер өте шек­теулі екендігіне назар аударды. Ал АҚШ, Ұлы­британия, Франция, Гер­мания сияқты ел­дерде депутат­тардың қарамағындағы адамдар са­нын Мә­жіліс пен Сенаттағы мүмкін­дік­термен тіпті салыстыруға кел­мейді.

- Сонда оларда қанша адам жұмыс істейді?

- Мысалы, АҚШ Конгресінде бір депутаттың оншақты көмекшісі бар. Сон­да күрделі мәселелерде бағдар жасау да оңай болады. Депутаттар заң және ел алдындағы саяси жұмыстары арқылы мемлекетті басқарып отыр. Бұл тұста депутатқа көмек көрсететін үлкен штат қажет. Парламенттегі бас­пасөз қызметі ғана емес, депутат ай­тып отырғандай, бұқаралық ақпарат құра­лы керек. Пар­ламент пен Үкімет қыз­ме­тіне байланыс­ты ақпаратты жет­кізетін органы бо­луы тиіс.

- Парламенттің құзырын кеңей­ту қандай нәтижеге жеткізеді?

- Ең алдымен, Парламенттің жауап­­кер­шілігі артады. Депутаттың рөлі ай­­қын­дала түспек. Сондықтан На­зар­бае­ва «Парламенттің құзырын ны­­ғай­­ту ке­рек» десе, онда әрбір депу­таттың жауапкершілігі күшейеді. Әрбір де­путаттың неге қабілетті екендігі анық­талады. Сайлаушылар депутаттың қандай кәсіби дәрежеде жұмыс істе­генін білетін болады. Көп жағдайда қа­зір жауапкершілікті Үкімет алады. Сондықтан тепе-теңдіксіз билік кон­фигурациясы қалыптасқан. Дари­ға Назарбаева: «Парламент басым бо­луы тиіс» деп дұрыс айтады. Сонда Үкі­меттің жұмысы қазіргіден де көбірек қадағалана бастайды. Осыдан қоғам мен Парламент алдында толықтай есеп бе­ретін Үкімет қалыптасады. Ал қо­ғам Үкі­меттің кез келген іс-шарасына өзінің сайлаған депутаттары арқылы жауап беріп, тиісінше әсер етіп отырады. Бұл - саяси билікті кемел­дендіре түсетін, көптеген демо­кра­тиялық елдерде бар классикалық формула.

- Онда жұмысты неден бастау ке­рек?

- Бұл мәселе бойынша ең алдымен, Үкімет пен Парламент арасында өзара кеңесу, пікір алмасу қажет. Олар жа­қын келешекте осы бағытта не істей ала­тындықтары жөнінде ақылдасуы тиіс. Одан кейін Парламент пен Үкіметтің қызметтерін реттейтін құжат керек шығар. Ең соңында заңдық тұрғыда ат­қарушы билік пен заң шығарушы ор­­ган­ның өзара ықпалдасуының фор­масын жетілдіруге болады.

Шалатай МЫРЗАХМЕТОВ, Мәжілістің заңнама және сот-құқықтық реформа комитеті мүшесі, «Нұр Отан» партиясы фракция мүшесі:

- Қазірдің өзінде жұмыс істеу стилі­не, тәртібіне байланысты қоғамдық негізде 2-3 көмекші алып отырған депу­таттар бар. Оған ешқандай шектеу қо­йылмаған. Сондықтан «біздің депутаттар қысылып қалды» деген ұғым тумауы тиіс. Алдыңғы күні депутат Назарбаева «Пар­ламенттің өзінің бұқаралық ақпарат құралы болса» деген де пікір айтты. Бір кездері Жоғары Кеңестің жанында «Халық кеңесі» деген басылым болған. Дәл бүгінгі таңда елі­міз­дегі қара шаңырақ - «Еге­мен Қазақстанда» Пар­ламенттің жұмы­сына арналған арнайы бөлім бар. Яғни ой-тұжы­рымдарымызды, жазба­ларымызды кез кел­-ген газетте жариялай аламыз.Бірақ жұмыс ауқымын одан әрі ке­ңейтеміз десе, өскелең өмір ғой... Оны артық­шы­лық деуге болмас. Ал қазіргі таңда қай жа­ғынан алсақ та, біздің Парламентте толыққанды жұмыс істеуге мүмкіндігіміз жетеді.

 

 

Жерді де «жейтіндер» бар

 

/«Айқын». 08.06.2012. Қанат Махамбет./ - «Нұр Отан» ХДП жанындағы Жемқорлықпен күрес жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің кезекті отырысында Жер ресурстарын басқару агенттігі тағы да жерден алынып, жерге салынды.
Өз ішіндегі сыбайлас жемқорлықтың сыздауығын сығып, сылып тастай алмай жүргендігі үшін бұл мекеме «Жемқорлық жайлаған жер» деген абыройсыз атаққа да ие болып үлгерген. Сойсаң қаны, ұрсаң жаны шықпай ма қайдам, әйтеуір осында қызмет ететіндердің бір ісінен бір ісі сорақы бола береді. Отырыс сайын мұндағы сыбайластықтың сойқаны азаюдың орнына көбейеді. Кеше де солай болды.

Жер қатынастары сала­сын­дағы жемқорлықпен күрес пәр­менсіз жүргізіліп жатқаны көзге шұқып көрсетілген жиында кеңес төрағасы Оралбай Әбді­кәрі­мов саладағы сыбайлас­тықтың жолдарын анықтау мен оның алдын алу үшін сақтану шараларының нақты жоспары жасалуы тиістігіне тоқталды.

«Қай кезде, қандай қоғамда болмасын жерге деген көзқарас ерекше назарда болғаны белгілі. Өйткені бұл сол қоғамның ты­ныс-тіршілігі, адамдардың бір-бірімен тығыз байланысын білдіреді. Қазақстанның Конс­­титу­циясында да жерге және басқа да табиғи ресурстарға «олар біздің қоғам өмірі дамуы­ның негізгі діңгегі» деп айрықша мән берілген. Сондықтан да жер заңнамасында жерді ұтымды пайдалану мен қорғаудың нор­малары мен талаптары белгі­леніп, оның табиғи нысан мен табиғи ресурстар ретіндегі және барлық қоғам үшін әлеу­меттік, өндірістік үдерістердің ажырамас бөлігі ретіндегі ерек­шеліктері ескерілген. Өкінішке қа­рай, бүгінгі күні біз жер қаты­настары саласында заң талап­тарының өрескел бұр­малануын, тіпті жемқорлық фак­тілерінің де аз емес екендігінің куәсі болып отырмыз», - деді ол.

Сенатордан соң жемқорлыққа қарсы атқарылып жатқан жұмыстар жайлы Жер ресурстарын басқару агенттігінің төрағасы Қадырхан Отаров баяндама жасаса, Мәжіліс депутаты Төлеген Ыбы­раев өзі басқаратын сараптамалық топтың қорытындысын жариялады.

Агенттік төрағасы жер қатынасы саласындағы қызметкерлердің арасын­да көлденең көп аттылар көп екенін баян­дап: «Өкінішке қарай, жер қатына­сы саласындағы қызметкерлердің кәсі­би және арнайы нақты мамандар­мен қамтылуы бар болғаны 46 пайызды ғана құрайды. Ал жекелеген өңірлерде бұдан да төмен. Биылғы оқу жылында алғаш рет Білім және ғылым министрлігінің бұйрығымен жерге орналастыру сала­сында оқыту үшін барлығы 35 білім гранты ғана бөлінді. Әрине, бұл - өте аз. Сондықтан да біз жерге орналастыру, картографика, геодезия маман­дық­тарына білім гранттарын арттыру туралы мәселені көтерудеміз. Біз еліміздің 3 жоғары оқу орнымен арнайы меморан­думға қол қойдық. Таяу болашақта кадр даярлау мен қайта даярлау мәселесі шешіледі деп үміттенеміз», - деді.

Оның айтуынша, агенттік әлі күнге дейін қағазбастылықтан да арылып үлгермепті. Бұл жұмыс енді ғана қолға алынып жатыр екен. «Біз қызмет көрсету кезінде халықтан талап етілетін құжат­тарды қысқарту мен оларды автомат­тандыру шараларын жүзеге асыра бас­тадық. Алдағы уақытта жер телімдерін беруге қатысты қызметтерді авто­мат­тандыру бойынша қосымша 4 элек­трондық қызмет жүзеге асады. Бұл іс агенттіктің порталы немесе Халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы автоматтанған ақпараттық жүйе кө­мегімен атқарылатын болады. Нәти­жесінде жыл соңына дейін рұқсат беру үдерістерін электрондық форматқа ауыстыру мақсатында тағы да 3 рұқсат беру құжаты қысқартылады. Қазір біз уәкілетті органдардың адамдармен ті­келей байланысын жоятын және элек­тронды үкімет порталы арқылы жүзеге асатын стандарттар мен регла­менттер әзірлеп жатырмыз», - деді Қ.Отаров.

Ал сараптама комиссиясының же­текшісі, Мәжіліс депутаты Т.Ыбыраев 2011 жылы 2010 жылмен салыстырған­да жер қатынастары саласындағы сыбай­лас жемқорлық көрсеткіші көбейіп кет­кеніне қынжылыс білдіріп: «Талдау көр­сеткендей, агенттікте жемқорлық­қа қарсы жұмыс жүргізіліп жатыр. 2011-2015 жылдарға арналған сыбайлас жем­қорлыққа қарсы күрестің іс-шара­лар жоспары да бар. Сонымен бірге, біз агенттіктің сыбайлас жемқорлықпен күреске қатысты қабылдаған шаралары қойылған мақсатқа қол жеткізбегенін, жер қатынастары саласындағы жем­қорлық мәселесінің нашарлап бара жатқанын мойындаймыз. 2011 жылы 2010 жылмен салыстырғанда жер қа­тынастары саласындағы сыбайлас жемқорлық қылмыстары 31 пайызға өсті. Бұл Қаржы полициясы орган­да­рымен тіркелген жалпы жемқорлық қылмыстардың 10 пайызын құрайды. Лауазымдық қылмыстар қатары да 16 есеге артып отыр», - деді.

Сөз арасында комиссия жетекшісі жемқорлық қылмыстарға, оның ішінде миллиардқа жуық теңгені жымқыруға агенттіктің бұрынғы бірінші басшы­сының да қатысы бар екенін тәптіштеп берді. «Мұны қойыңыз, Алматы облысы Талғар ауданының Бесағаш ауылдық округының бас маманы да бірінші бас­шыдан пара алу жағынан еш қа­лыспауға тырысқан. Мұндай сыбайлас жемқор­лық көріністері жерге қатысы бар бар­лық ұйымдарда дерлік орын алған», - деді Т.Ыбыраев

Жиын соңында қоғамдық кеңес мү­шелері арнайы қаулы қабылдады. Қаулы ел Үкіметіне жолданды.

 

 

Бакуге ресми сапармен келген Сенат төрағасы Қайрат Мәми Әзірбайжан Мили Мәжілісінің төрағасы Октай Асадовпен кездесті


        /«ҚазАқпарат». 08.06.2012.
Қанат Мәметқазыұлы./ - Бүгін Бакуге ресми сапармен келген Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының төрағасы Қайрат Мәми Әзірбайжан Мили Мәжілісінің төрағасы Октай Асадовпен кездесті.

Кездесу барысында Қазақстан мен Әзірбайжанның екіжақты қатынастарын, оның маңызды бөлігі болып табылатын парламентаралық өзара іс-қимылды одан әрі нығайту мәселелері талқыланды.

Қ.Мәмидің айтуынша, «парламентаралық байланыстардың қарқынды дамуы екі ел арасындағы сенімділікті, өзара түсіністікті және тату көршілестіктің жоғары деңгейін көрсетеді».

- «Екіжақты және көпжақты түрдегі жемісті ынтымақтастық үшін Қазақстан мен Әзірбайжан зор әлеуетке ие»,-деді Қ.Мәми және ол осыған байланысты «Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың бастамасымен құрылған түркітілдес мемлекеттердің Ынтымақтастық кеңесінің» рөлін атап өтті.

Қ.Мәми 2012 жылғы қаңтардағы парламенттік сайлауды байқауға қатысқаны үшін әзірбайжандық әріптестеріне алғыс айтты және 30-31 мамырда Астанада болған Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері IV Съезінің қорытындылары туралы әңгімелеп берді. Діни форумның жұмысына Кавказ мұсылмандары басқармасының басшысы Шейх-уль-Ислам Гаджи Аллашүкір Паша-Заде қатысқан болатын.

«Екіжақты қатыныстарды табысты дамытуға екі ел парламенттерінің рөлі маңызды екенін» атап өткен О.Асадов Қазақстан мен Әзірбайжанның жоғары заң шығарушы органдарының арасындағы байланыстарды одан әрі үдету жайында айтты.

Кездесуге Парламент Сенатының депутаттары Қ.Ищанов, И.Әміров, Ғ.Есім, М.Бақтиярұлы қатысты.

 

 

Сенат Төрағасының Әзербайжанға сапары

 

          /«Егемен Қазақстан». 09.06.2012./ - Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Қайрат Мәми Әзербайжанға ресми сапары аясында кеше Бакуде Әзербайжан Республикасы Милли Меджлисінің Төрағасы Октай Асадовпен кездесті, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының баспасөз қызметі.

Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Әзербай­жан­ның екіжақты қатынас­та­рын, оның ішінде парламент­ара­лық деңгейдегі үнқатысуды одан әрі дамыту мәселелерін талқылады.

Екі ел арасындағы әр са­ладағы байланыстарды қа­лып­тастырудың маңыздылығын айта келіп, Қ.Мәми түрлі са­ла­дағы екіжақты байланыстарды қарқынды дамытудағы пар­ла­ментаралық өзара іс-қимылға ерекше назар аударды. Әңгіме барысында Қ.Мәми: «Қазақ­стан мен Әзербайжан халық­та­ры арасында достық қаты­нас­тарды тереңдету мен ке­ңей­туде екі елдің заң шы­ға­ру­шы органдарының рөлі ерекше. Біздің парламенттер Қа­зақстан мен Әзербайжанның екіжақты ынтымақтастықтың барлық салаларында құқық­тық-келісімдік базаны ны­ғай­ту үшін күш салуы тиіс», деді. Сонымен бірге, Сенат Төр­аға­сының пікірінше, екі мемлекет басшыларының жеке достығы мен жиі кездесуінің арқасында екіжақты қатынастар қар­қын­ды дамып келеді.

Мәдени және гумани­тар­лық байланыстарды одан әрі дамытудың маңыздылығын айта келіп, Қ.Мәми: «Қазақ­стан­да 130 мыңдай әзербайжан тұра­ды. Олар біздің елімізді өз   Отаны санайды. Басқа қазақ­стан­дықтармен бірге олар да жаңа Қазақстанды нығайту мен да­мы­туға атсалысып келеді», деді.

Қазақстандық әріптесімен кездесу кезінде Әзербайжан Милли Меджлисінің Төрағасы Октай Асадов Қазақстан және Әзербайжан парламенттері бас­шыларының осы кездесуі тұ­тастай екіжақты қатынастарға, сондай-ақ, халықаралық және ай­мақтық парламентаралық құ­ры­лым­дар аясындағы өзара іс-қи­мылға жаңа серпін беретініне сенім білдірді. Ол биылғы мамыр айында ТМД ПАА-ның 20 жыл­дық мерейтойлық саммитіне қа­тысу үшін Алматыға келген сапарын жылы шыраймен еске алды.

Сол күні Сенат Төрағасы Әзербайжан Республикасының Премьер-министрі А.­Ра­сиза­де­мен кездесті.

Әңгіме кезінде Қ.Мәми өзара тиімді екіжақты сауда-эконо­микалық әріптестікті одан әрі дамыту үшін зор мүмкіндік бар екеніне назар аударды. Екі елдің экономикасы жоғары қарқынмен дамып келеді, екі ел де эко­номикалық негізді әртараптан­ды­румен айналысып отыр, деп атап өтті Қазақстан Парламенті Сена­тының Төрағасы. Осыған байланысты екі жақ та іскерлік байланыстарды нығайта отырып, жо­ғары көрсеткіштерге қол жеткізе алады, деді ол.

Қазақстанның Президенті Н.На­­зарбаевтың басшылығымен жо­ғары табыстарға қол жеткіз­ге­нін атап өте келіп, әзербай­жан­дық премьер өз елінің Қазақ­станмен бірлескен инвестиция­лық жобаларын іске асыруға мүдделі екенін айтты.

Сапар барысында Қ.Мәми Гейдар Әлиев қоры мен басқа да тарихи орындарда болды.

 

 

Заңсыздыққа қарсы шаралар қаралды

 

         /«Егемен Қазақстан». 09.06.2012. Александр Тасболатов./ - Қайран қара жер саудагерлердің қара саудасына түсіп, саудаланып сау тамтығы қалмай барады. Бұл ата-бабамыздың ұрпағына қалдырған ортақ жері еді ғой деп жаны ашитындар да азайды. Қазаншының еркі артып, қоныштан басу көбейді. Соның салдарынан жер телімдерін заңсыз жеке меншікке сату және саудалау етек алды деп атап айтылды кеше Парламент Сенатының депутаты О.Әбдікәрімовтің төрағалығымен өткен «Нұр Отан» ХДП жанындағы Жемқорлықпен күрес жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің отырысында.

Енді елді жайлаған мұндай заңсыздықтың ақыры қайда апарып соқтырарын ешкім нақты айта алмайды. Арнайы құрылған сараптама комиссиясының қоры­тын­дысына сәйкес жер сату саласында сыбайласқан жемқорлық­тың бой алғаны қатты алаң­да­та­ды. Жер қатынастарын реттейтін және жер ресурстарын пайдалану мен қорғауға бақылауды жүзеге асыратын мемлекеттік органдар жемқорлыққа қарсы іс-әрекет­тер­ді және өз қызметтері арқылы оны жоюды, ең болмаса төмендетуді де қамтамасыз ете алмай отырған көрінеді. Ендеше өз міндеттерін тиісінше атқара алмайтын мұн­дай органдардың неліктен қажет екендігін жұрт та түсіне алмай әлек. Сөйтіп не керек, жер дауы көбейді.

Осыған байланысты жер қа­ты­настарындағы жемқорлықпен күресті ұйымдастырудың жағ­дайын тексеру «Нұр Отан» ХДП жанындағы Жемқорлықпен күрес жөніндегі республикалық қоғам­дық кеңестің жұмыс жоспарына енді. Оған себеп, осы саладағы мемлекеттік басқару ісінде сыбайлас жемқорлықтың бой алуы­ның жалғасуына байланысты. Сондықтан тез арада оның себеп­те­рін анықтап және одан сақтан­ды­рудың нақты ұсыныстарын әзір­леу қажет болды. Өйткені, қай кезде де, қандай қоғамда болмасын жерге деген көзқарас ерекше назарда тұратыны белгілі. Жер қоғамның тыныс-тіршілігі, адамдардың өмірі. Еліміздің Конституциясында да жерге және басқа да табиғи ресурстарға олар­ды біздің өмірлік дамуы­мыз­дың негізі, діңгегі деп айрықша мән берілген.

Сондықтан жер заңнама­сын­да жерді ұтымды пайдалану және сақтау нормалары мен талаптары белгіленіп, оны табиғи ресурстар ретінде және барлық қоғам, әлеу­меттік өндірістік үдерістің ажырамас бөлігі ретінде ескерілген. Алайда, өкінішке орай, бүгінде біз жер қатынастары саласында заң талаптарының өрескел бұр­ма­ланып отырғандығын және сыбайлас жемқорлық деректерінің аз емес екендігінің де нақты куә­сіміз. Өздеріңізге белгілі жем­қор­лыққа байланысты соңғы кездері болған жанжалдарға Жер ресурстарын басқару агенттігінің бі­рін­ші басшылары, яғни агент­тік­тің бұ­рынғы төрағасы Ө.Өз­бе­ков­тің және оның екі орынбасары На­қып­беков пен Жанпейісовтің, агент­тіктің т.б. және «Казгеодезия» лауазымды тұлғаларының қатыстылығы болғандығы анық­тал­ды. Міне, осының бәрі бүгінгі отырысқа жер қатынастары сала­сын­дағы жемқорлықпен күрес туралы мәселені қарауға негіз бол­ды, деді Оралбай Әбді­кә­рімов.

Осыған байланысты Парламент Мәжілісінің депутаты Т.Иб­раев басқаратын сараптамалық ко­миссия құрылған болатын. Оның құрамына Есеп коми­те­ті­нің, Қаржылық бақылау ко­митетінің, Қаржы полициясының және т.б. органдардың өкілдері енді. Сонымен қатар, бұл жұ­мыс­қа әртүрлі қоғамдық ұйымдар өкілдері тартылып, олар жемқор­лық­пен күрес жөніндегі ай­мақ­тық қоғамдық кеңестерге қатыс­ты. Жер ресурстарын басқару агенттігі және оның бағынышты ұйымдарында жемқорлықпен кү­ресті ұйымдас­ты­рудың жағдайын тексерумен қатар жер қаты­нас­тары саласын­дағы басқа мем­ле­кеттік орган­дар­дың қызметіне тал­дау жасалды. Сөйтіп жер қа­тынастары са­ла­сындағы орталық орган Жер ресурстарын басқару агенттігінде жемқорлық деңгейін төмендету бойынша қандай шаралар қолда­нып жатқандығы қа­ралды.

Ал жер қатынастары саласында 2010 жылмен салыстырғанда 2011 жылы анықталған қыл­мыс­тар­дың саны 31 пайызға өскен. Лауазымды тұлғалар жасаған қыл­мыстар 16 есеге артқаны бай­қа­лады. Жер ресурстарын бас­қа­ру агенттігі жүйесінде 2011 жылы өткен жылмен салыс­тырғанда тек тіркелген жем­қор­лық қылмыстар саны екі есеге өскен екен. Демек, қайран қара жерді саудалау елде жаппай етек алды деп айтылатын себебі, жем­қорлық құқық бұзушылық жерге қатысы бар барлық ұйымдарда дерлік орын алған көрінеді.

Жер қатынастарына байла­ныс­ты қажетті бақылаудың болмауы себепті 2011 жылы соттарға жер дауы бойынша 6290 арыз түскен. Бұл осы жүйедегі әлі күнге ше­шімін таппай отырған өзекті мә­се­лелердің көп екендігін білді­ре­ді. Жер телімдерін заңсыз жеке мен­шікке сату мен жаппай сауда­лаудың етек алғандығының тағы бір себебі, елді мекендердің бас жоспарының жоқтығы, қала ма­ңындағы ауылдардың шекарасы бекітілмегендігі, аса бақылауға алынған жерлерді дұрыс пайдаланбау осы саладағы тәртіп бұзу­шылықты арттырып отыр. Демек, отырыста айтылғандай, жер заң­намаларының орындалмауы тиіс­ті мемлекеттік органдардың ба­қы­лауды уыстарынан шығарып алғандығында. Ал бұған сол органдардың басшылары тікелей кінәлі, осыдан барып халықтың құқына нұқсан келіп отыр.

Отырыста атқарылып жатқан ойдағыдай жұмыстар туралы Жер ресурстарын басқару жөнін­дегі агенттік төрағасы К. Отарбаев бандама жасады. Оның баяндамасында айтылмай қалған жәйт­­терді Алматы, Ақмола облыс­тары және Астана қаласында жер телімдерінің заңсыз таратылуына байланысты жүргізілген журна­лис­тік тексерулердің бей­не­көрі­ністері толықтырды. Осылайша отырыс қорытындысы бой­ынша жер қатынастары сала­сындағы сы­байлас жемқорлыққа қарсы кү­рестің тиімділігін арттыру мақ­сатында қаулы қабылданып, ұсыныстар бекітілді.

 

 

Күн тәртібінде – әлеуметтік мәселелер

 

         /«Егемен Қазақстан». 09.06.2012./ - Парламент Мәжілісіндегі «Нұр Отан» ХДП фракциясы жанындағы Әлеуметтік кеңес мүшелерінің қа­ты­суымен палатаның Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің кеңейтіл­ген отырысы болып өтті, деп хабарлады Мәжілістің баспасөз қызметі.

Отырысқа аталған комитет төрайы­мы Дариға Назарбаева жетекшілік жасап, күн тәртібіне шығарылған «Қа­зақ­стан Республикасының кейбір заң­намалық актілеріне әлеуметтік қам­сыз­дандыру мәселелері бойынша өзге­рістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының кейбір нормаларын талқылау бойынша комитет мү­ше­сі Светлана Ферхо баяндама жасады.

Отырысқа Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіқалықова қатысты.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 


 

ТҮСІНІКТЕМЕЛЕР МЕН СҰХБАТТАР


 

 

Қазақстан әлеуметтік жаңару жолында

 

/«Егемен Қазақстан».05.06.2012. Уәлихан БИШІМБАЕВ, Парламент Мәжілісінің депутаты, академик, «Нұр Отан» ХДП Саяси кеңесінің мүшесі./ - Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» Жолдауында жұмыспен тиімді қамтуға және жаңа жоғары білікті жұмыс орындарын ашуға басты назар аударылған. Халқымыз «Еңбектің көзін тапқан байлықтың өзін табады» деп бекер айтпаса керек. Өз отбасын асырау үшін қажымай еңбек еткен адам – бүкіл мемлекет өркендеуінің негізі.

Қазіргі әлемдегі тұрақсыз эко­номикалық жағдайда көптеген елдер жұмыспен қамтудың ауқымды дағдарысына ұшырап отыр. Ха­лықаралық еңбек ұйымының де­ректері бойынша, жұмыссыз­дық­­­тың әлемдік деңгейі соңғы бес жылда 15%-ға ұлғайған, мұның өзі жұмыссыздардың 200 милли­он­­дық армиясының пайда болуына алып келді. 2011 жылғы нәти­желер бойынша, Германияда жұ­мыссыздық деңгейі – 6,5%, Ұлы­британияда – 9,3%, АҚШ-та 16% құрады. Бұл мәселеде Испания көш бастап келеді, мұнда жұмыс­сыз ха­лықтың үлесі 21,3%-ға же­тіп отыр. Осы жағдайлармен салыс­ты­­­ратын болсақ, елімізде едәу­ір тұрақты және ертеңгі күнге деген сенім­­ділік жағдайы қалыптас­қан. Алайда, мұның өзі түрлі дең­гейдегі мемлекеттік биліктің ұда­йы көңіл бөліп отыруын қажет етеді.

Бүгінгі таңда Қазақстанның барлық аймағында жұмыспен қам­ту­дың мемлекеттік бағдарламасы белсенді жүзеге асырылуда. Ол біздің азаматтарға бірегей мүм­кін­діктер беріп, ел экономикасына еңбек әлеуетін арттыруға және ұлттық еңбек нарығында импортты белсенді алмастыруға жағдай жасайды. Қазақстан халқы Ассам­блеясының XIX сессиясында сөй­леген сөзінде Елбасы: «Әлемдегі тұрақсыз экономикалық жағдайға қарамастан, әрбір қазақстандық­тың лайықты өмір сүру деңгейіне қол жеткізу мемлекеттік саясат­тың басты басымдығы болып қала береді», – деп атап өтті.

Елбасының Жолдауында бар­лық қазақстандықтарды лайықты жұмыспен қамтамасыз ету, қайта оқыту мен қайта біліктендірудің жалпыұлттық міндеті алға қойыл­ды. Осы маңызды әлеуметтік мә­­селелер жайлы тұрғын үй, білікті медициналық көмек көрсету мүм­кіндіктерімен бірге «Нұр Отан» партиясының бақылауында. Партия мүшелері арасында мемле­кеттік бағдарламаларды түсіндіру және оларды жүзеге асыру тетік­терін жасау қызметі кеңінен ұйым­дастырылды. «Бизнестің жол картасы-2020», «Жұмыспен қам­ту-2020» бағдарламаларына қаты­сатын азаматтарға қолдау көрсету бойынша барлық деңгейдегі әкім­діктермен белсенді жұмыстар жүргізіліп келеді.

Елбасы көтерген «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы ең­бек­ке орналастырудың бірқатар ма­ңыз­ды міндеттерін шешуге бағыт­талып отыр. Оның мәні қарапай­ым әрі түсінікті: тұрақты әрі өнім­ді жұмыспен қамту арқылы ха­лық­тың табыс деңгейін арттыру. Ол жұмыссыздарға және аз қам­тылған қазақстандықтарға бағыт­талған. Жұмыспен қамтудың ал­дыңғы бағдарламаларына қараған­да, мұнда өз бетінше жұмыспен қамтылған азаматтарға ерекше көңіл бөлінеді.

2011 жылы осы бағдарламамен 100 мың қазақстандық қамтылған болатын. Биылғы жылы бағдар­ла­маны қаржыландыру 62,3 млрд. теңгені құрап отыр. Енді оның нақ­ты тиімділігі жөнінде айтар бол­сақ, Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау министрі Гүлшара Әбдіқалықованың мәліметіне сүй­ен­сек, 2012 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша, бағдарламаға қатысуға ниет білдіріп, әлеуметтік келісім-шартқа қол қойғандар саны 58,6 мың адамды құрады. Ау­қымды жоба 31 мың адамға кәсіби білім алуға мүмкіндік бер­ді. 1 435 қатысушы шағын несиелер алды, оның орташа мөлшері 1 млн. 862 мың теңгені құрады. Еліміздің 10 аймағында еңбек ресурстарын ұтымды қамтамасыз ету мақса­тын­да ерікті қоныстанушылар үшін 212 жеке тұрғын үй және 13 көппәтерлі үй салынды.

1,5 млн. қазақстандық қамты­латын «Жұмыспен қамту-2020» мемлекеттік бағдарламасының мақ­сатты индикаторлары біз ой­ла­ғаннан анағұрлым әсерлі көрінеді. Кедейлік деңгейі 2016 жылы 8,2%-дан 6%-ға дейін төмендейді, жұ­мыссыздық 5,5%-ға, өз бетінше жұмыспен қамтылғандар үлесі 26%-ға қысқармақ. Әрине, мұндай жетістіктер қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға оң әсер етіп, стратегиялық міндеттерді тиімді жүзеге асыруға ықпал ететін болады. Сонымен қатар, 2011 жылы «Жұмыспен қамту-2020» мемле­кет­тік бағдарламасы қанатқақты тәртіпте заңнамалық түзетулер ен­гізу мен ұйымдастырушылық ше­шімдерді қажет ететін негізгі ке­зең­дерді айқындауға мүмкіндік берді.

Әсіресе, ауылдық жерлерде өз бетінше жұмыспен қамтылудың жоғары деңгейі Қазақстан мен оның бірқатар аймақтарына тән ерекшелік болып келеді. Өз бе­тін­ше жұмыспен қамтылғандардың аймақтар бойынша бөлінісінде едәуір ерекшеліктер бар. Мысалы, Оңтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстарында олардың үлесі 44-49%-ға жетсе, Атырау, Маңғыстау облыстарында 10-12%-дан аспайды. Астана, Алматы сияқты ірі қа­лаларда, республика батысының екі жетекші мұнай-газ аймақта­рын­да, сонымен қатар, неғұрлым ша­ғын қалалары шоғырланған әрі өнеркәсібі дамыған Қарағанды облысында, экономикасының құры­лымы жағынан оған жақын Павлодар облысында жалданып жұмыс істеу мәселесі басымдық танытады, ол бойынша жұмыскерлерге әлеуметтік кепілдіктер қамтама­сыз етіліп келеді, сондай-ақ ша­ғын кәсіпкерліктің түрлі нысандары жұмыс істейді.

Дамыған елдердің тәжірибесі көрсеткендей, көп жағдайда өзін жұмыспен қамтыған тұрғындар кәсіпкерлікпен айналы­сушылар­дың негізін құрайды және өзін жұмыспен қамтып қана қоймай, қосымша жұмыс орындарын да ашып келеді. Бұлар – нарық заманы тұрғысынан ойлай білетін және кәсіпкерлік қабілетке ие, өз­дерін жоғары табыспен қамтама­сыз ете алатын адамдар. Ал бізде жағдай басқаша. Өз бетінше жұ­мыспен жоғары деңгейде қамтыл­ған аймақтарда халықтың орташа жан басына шаққандағы табысы төмен болып келеді әрі еңбек өнімділігінің нашар болуы да байқалып отыр.

Бұл дегеніміз, осы кезеңдегі басты міндет – өз бетінше жұ­мыспен қамтылған жұмыскерлерді шағын және орта бизнес саласына көшуіне тиімді тетік жасау. Ай­мақтар бойынша өз бетінше жұ­мыспен қамтылған азаматтардың кең ауқымы жөніндегі жоғарыда келтірілген деректер көрсеткен­дей, осы мәселені шешу үшін жеке алып қарайтын әдіс қажет болып отыр. Әрбір аймақта әлеумет­тік саясат өңірлік даму, еңбек нарығындағы сұраныс пен ұсыныс ерекшеліктерін ескере отырып, түзетілуі тиіс. Мысалы, Қазақ­стан­ның оңтүстігі үшін өз бетінше жұмыспен қамтылудағы маңызды міндет – ауыл тұрғындарының табысын арттыру және аграрлық сектордан сервистік сегментке көшуді жеделдететін ауылдық жерлерде қызмет көрсету салаларын дамыту өз нәтижесін бермек. Біздің көзқарасымыз бойынша, өз бетінше жұмыспен қамтылған ха­лық құрылымының тұрақты мони­торингін жүргізе отырып, оңтүстік өңір үшін агросекторда шағын және орта бизнесті дамыту және ауыл шаруашылығы өнімде­рін қай­та өңдеу бойынша арнайы бағ­дарлама қажет.

Қазіргі таңда өз бетінше жұ­мыс­пен қамтылғандар тобына кім­дердің кіретінін айқын анықтап алу қажет. Кімнің бойында кәсіп­­кер­лік қасиет бар, кімді қайта үй­рету, кімге қаржылай қолдау көр­сету қажет деген мәселелерді қа­растыру керек. Ең бастысы, осы топты әлеуметтік және зейнет­кер­лік қамтамасыз етудің жалпы жүйе­сіне енгізу бойынша күш жұмылдыру керек. Бұл жерде ға­лымдар мен тиісті зерттеу орта­лықтарын тарта отырып, Жұмыс­пен қамту орталықтарын құруға ықпал ететін сұраулар жүргізу мен әлеуметтік зерттеулер бойынша нәтижелі істер атқару қажет. Ай­мақтар бойынша нақты жағдайды айқындап алып, өңір ерекшелік­те­ріне сәйкес пәрменді әрекеттерді жүзеге асырған соң, аймақтық, сонымен қатар, ұлттық еңбек рыногында сұраныс пен ұсынысты тең­дестіруге болады. Бұл мәселеде өңірлік шаруашылықтардың даму ерекшеліктерін бес саусағындай білетін және өңірлік мәселелерді шешу бойынша нақты шаралар ұсына алатын еліміздің депутат­тық корпусына үлкен жауапкер­шілік жүктеледі.

Мемлекет басшысы жыл сай­ынғы жолдауларында салық салу мәселесін үнемі көтеріп келеді. Елбасы салық заңнамасын жетіл­діру, салық әкімшілігін жақсарту жөнін­де ұсыныс жасады. Осы тапсырмаларды орындау мақсатында Парламент Мәжілісінің ұйымдас­ты­руы­мен елімізде салықтық әкім­шілен­діруді реформалау тақы­рыбында конференция өтті. Осы орайда өзін өзі жұмыспен қамты­ғандарға қа­тысты мәселе шешімін таппаған күйінде қалып отыр. Олар салық төлемейді, зейнетақы төлемдері аударылмайды. Бұл – мемлекеттік қа­зынаға да, өздеріне де проблема. Ертеңгі күні лайық­ты зейнетақы алуына кедергі кел­тіретіні анық. Сондықтан өзін өзі жұмыспен қам­тып отырғандарды шағын және орта кәсіпкерлікпен айналысуға ынталандыру үшін оларға, мәселен, әлеуметтік табыс салығы көлемін 5 пайызға төмендетуге болар еді.

Депутаттардың халықпен кез­десулері көрсеткендей, біздің азаматтарымыз табыс табуға және лайықты зейнетақымен қамтама­сыз етуге мүмкіндік беретін бел­сенді еңбек қызметіне ерекше қызығушылық танытып келеді. Алайда, олар кейбір жағдайларда ресми кәсіпкерлікті қолдау және басқа жерге көшуге ықпал ету тұрғысынан «Жұмыспен қамту – 2020» мемлекеттік бағдарламасы­ның қандай артықшылықтар бере­тінін білмейді. Мұнда өз бизнесін құруға пәрменді тетіктердің бірі – жұмыссыздар мен өзін жұмыспен қамтығандар үшін жаңа жұмыс орындарын ашуға себеп болатын кәсіпкерлерге мемлекеттік төлем­дер төлеу. Осы мәселеде алғашқы қадам жасалды, 2012 жылы он екі айға дейінгі мерзімде кәсіп­орын­дарда әлеуметтік жұмыс орындарын ашуды субсидиялау жүзеге асырылатын болады. Мұның өзі жұмыс берушілерді халықты ең­бекпен қамтамасыз етуге тікелей ынталандыра түседі.

Білікті жұмыс күшіне сұра­ныс­ты қалыптастыру маңызды кезең болып табылады, оған жергілікті билік ерекше әсер ете алады. Оңтүстік Қазақстан облысындағы өзін жұмыспен қамтыған 515 мың­ға жуық жұмыскер арасында жүр­гізілген сұрау салулар көрсетке­нін­дей, ОҚО-дағы өзін жұмыспен қамту ауқымы мен сипатына еңбек рыногында төмен ақы төленетін жұмыс күшіне сұраныс факторлары күшті әсер етіп отыр. Сапалы жұмыс орындарын ашу, әсіресе, ауыл шаруашылығы өнімдерін қай­та өңдеу, ауылда тұрмыстық қызмет көрсету салаларында жұ­мыс орындарын ашу арқылы ғана жағдайды өзгертуге болады. Ірі өнеркәсіптік өндірістерге қызмет көрсететін сервистік кәсіпорын­дар құру арқылы да осы мәселенің шешіміне жол табуға болады.

Тіркелмеген еңбек қатынаста­рына жиі жүгінетін жекеменшік сектордағы шағын кәсіпорындар­дағы бейресми жұмыспен қамту туралы жеке тоқталған жөн. Бейресми жұмыспен қамтылмаған­дар­дың көпшілігі, ең алдымен, бөлшек саудада, қызмет көрсету саласында және ауыл шаруа­шы­лы­ғында көбірек шоғырланған. Ауыз­ша келісім негізіндегі жалдамалы жұмыскерлер өз бетінше жұмыспен қамтылғандардың жартысын құрайды.

 Тіркелмеген жұмыспен қамту азаматтардың зейнеткерлік құқық­тарының сақталуына алып келе­тіні сөзсіз. Өйткені, зейнетақы қо­рына төлемдер аударылмайды, адам­ның еңбек өтілі болмайды. Және де оны әлеуметтік сақтан­дырудан айырады. Жалдамалы жұмысшылар өз жағдайын жақсы түсінеді. Мұнда осы топтағы жұмыскерлердің үштен бірінен астамын жоғары немесе орта кә­сіптік білімі бар адамдар құрайды. Яғни, біздер өз бетінше жұмыспен қамтылғандар арасынан Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыру үшін тартуға болатын маман­дар­дың жақсы базасына ие болып отырмыз. Егер аймақтарда ресми жұмысқа орналасу мүмкіндігі болса, өз бетінше жұмыспен қамтыл­ғандардың басым көпшілігі жағ­дайларын дұрыстап алар еді.

Бұл аймақтық билік алдын­да­ғы міндет, олар жұмыспен қамту орталықтары арқылы жұмыссыз­дар мен өз бетінше жұмыспен қамтылғандарды ашылған жұмыс орындарымен қамтуы тиіс. Сонымен қатар, жұмыспен қамтитын аймақтық орталықтар құрылғалы жатқан жалпыұлттық бос орындар базасына енуді қамту керек. Бұл аймақтық еңбек нарығындағы сұ­раныс пен ұсыныс теңгерімін қам­тамасыз етуге мүмкіндік береді.

Жұмыссыздардың сұраныс­та­рын ескере отырып, жұмыспен қамту орталықтарының жұмысын өзгерту керек: жұмыссыз халық­тың сұраныстарына көңіл бөлу, жұмысқа орналастырудың жаңа салаларын іздестіру мен ұлғайту, ауылдық жерлерде еңбекке орналастыру жәрмеңкелерін ұйымдас­тыру, осы орталықтардың беделін арттыру қажет.

Жұмыс берушілер ассоциация­сы мен кәсіби ассоциациялардың «Жұмыспен қамту-2020» бағдар­ламасын жүзеге асыру үдерісіне азаматтарды тарту мәселесі де өте күрделі. Жұмысшы кәсіптеріне ие мамандар жоқ деген сөздерді көп естуге тура келеді. Осы орайда аталған ұйымдардың еңбек ресурстарын қайта дайындауды қамта­масыз ететін Жұмыспен қамту орталықтарымен белсенді қызмет атқаруы бұл мәселенің екі жаққа да тиімді шешілуіне әсер етеді.

Өз бетінше жұмыспен қамтыл­ғандардың, жұмыссыздар мен аз қамтылғандардың басым бөлігі ауылдық жерлерде тұратындығын ескеретін болсақ, ауылдық жерлерде тұрақты жалдамалы жұмыс орындарын ашу оңай бола қой­май­тындығын түсіне отырып, бағ­дарлама тарапынан ауылдық кәсіпкерлікті дамытуға ықпал ету шаралары қарастырылды. Мұның барлығы ауыл тұрғындарына, әсі­ресе, жастарға туған жерінде игілікті істер атқаруына мүмкін­дік­тер береді. Өңіріміздегі азық-түлік өндіру мен қолайлы кли­маттық жағдайды ескеретін бол­сақ, осы топтағы кәсіпкерлердің болашағы неғұрлым нәтижелі бол­мақ. Мұнда ауыл шаруашы­лығын­дағы жас қызметкерлер үшін бойында өндірілген өнімді соңғы тұтынушыға дейін жеткізу мәсе­ле­сі туындауы мүмкін. Осы мәселені тиімді тауар айналымы мен жүк тасымалына ықпал ететін өңірлік логистикалық орталықтар құру арқылы шешуге болады.

Жұмыспен қамту мәселесі туралы айтар болсақ, еңбек қатынас­тары саласында еліміздегі жұмыс берушілер мен жұмысшылар арасында болатын еңбек даулары туралы сөз қозғамаса болмайды. Ең­бек қақтығыстарын шешу тәжіри­бесінің болмауынан бұл жағдай көбіне маңызды кикілжіңдерге әке­ліп соғады. Мұндай жағдайлар­дың алдын алу үшін, Еңбек және ха­лықты әлеуметтік қорғау ми­нистр­лігі деңгейінде, ең болма­ғанда, ұлттық және ірі компа­ния­лардың ұжымында әлеуметтік-пси­хология­лық климатты бағалай­тын арнайы бағалау әдістемелерін енгізу қажет. Ұжымның әлеу­мет­тік тұрақтылы­ғын ұйымдастыру мә­се­лелері бойынша компанияның өзін­­дік рей­тингін өткізу бұл мә­селедегі ке­ле­сі қадам болып табылады.

Біздің кәсіпорындар ендігі жер­де кәсіпорын иеленушілері мен жұмысшылардың әлеуметтік әріп­тестік тәжірибесін белсенді түрде ендіру мен дамытуы қажет. Қазіргі таңда кәсіпорын басшылығы жұ­мысшылармен диалог құруға, олар­ды акционерлік капиталға қатыс­тыруға және кәсіпорынның страте­гиялық дамуы бойынша ма­ңызды мәселелер қабылдауы ар­қы­лы оларды белсенді қызметке тартуға мүдделі болуы тиіс. Көп­теген табысты корпорациялардың тәжіри­бесі көрсеткендей, мұндай әдіс ең­бек өнімділігін арттырып, рынокта тұрақтылықты қамтама­сыз етеді. Осы мәселеде күн өткен сайын халықтық маңызға ие болып келе жатқан IPO да оң қызмет атқарады.

Жұмыспен қамту саласындағы мемлекеттің сарабдал әрі мақсат­ты саясаты – Қазақстанның сер­пін­ді дамуының басты негізі.

 

 

Съезд желісіндегі заманауи қоғам және оның проблемалары

 

/«Егемен Қазақстан». 06.06.2012. Камал БҰРХАНОВ, Парламент Мәжілісінің депутаты, саяси ғылымдар докторы, профессор./ - Біріншіден, қазақ даласы ерте дәуір­лер­ден бері әртүрлі әлемдік діндердің, оның ішін­де тәңірлік пен зораостризмнің, хрис­тиандық пен буддизмнің, манихейлік пен тағы басқа да діни сенімдердің өкілдері бейбітшілік пен ауыз­бір­ші­лік­те қатар өмір сүріп келе жатқан қасиетті жер екенін баса айта кеткім келеді.

Қазақ даласы сан діндердің өмір сүріп, гүлденген жері бо­луы­мен қатар, осы діндер үшін транзиттік жол рөлін атқарды. Мәселен, Үндістаннан бастау алған буддизм Батыс Қытайға Қазақстан арқылы таралса, ислам діні Қазақстан арқылы батыстан шығысқа жол тартты. Сон­дықтан, мәдениеттер мен дін­дердің тоғысында өмір сүрген қазақ халқы үшін діни толе­ранттылық тектік тұрғыдан да, тарихи тұрғыдан да қанға сіңген қасиет деп толық сеніммен ай­ту­ға болады. Елбасымыз Н.Ә.На­зар­баев осыдан тоғыз жыл бұ­рын әлемдік және дәстүрлі дін­дер көшбасшыларының съезін өткізу туралы бастама көтер­ген­де, оның бұл идеясы Қазақстан халқы тарапынан ғана емес, сонымен қатар, барлық діни кон­фессиялардың өкілдері тарапынан қызу қолдау тапқаны осыдан болса керек.

Бұдан тоғыз жыл бұрын өт­кен бірінші съезге әлемнің 17 елінен 17 делегация қатысқан болса, кеше ғана дүбірлеп өткен съезд жұмысына әлемнің 40 елінен 85 делегация қатысты. Бұл Н.Ә.Назарбаев идеясының құ­нарлы топыраққа түскеніне және бітік өнім бергеніне қо­сымша дәлел бола алады. Бұл Елбасымыздың көтерген идея­сы­ның халықаралық діндер қау­ым­дастығы тарапынан бұ­рын­нан пісіп жетілген қажеттілік ре­тінде қабылданғанын көрсетеді.

Егер Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің шақырылым тарихына көз жү­гір­тер болсақ, әрбір съезд сайын оған қатысатын делегаттар мен қатысушы елдердің сандарының артып қана қоймай, съезд өт­кізу­дің процедуралары мен тетік­тері­нің жетіле түскенін көрер едік. Осындай жетістіктер, өз кезегінде, Біріккен Ұлттар Ұйы­мы, ЮНЕСКО тәрізді халық­ара­лық жетекші ұйымдардың назарын өзіне аударта алды.

Осыған дейін өткізілген съез­дердің жұмыстары мен ондағы қабылданған игі шешімдер адам­зат дамуының заманауи үдерісіне оңды әсерін тигізіп, әлем елдерінің С.Хантингтон жа­риялаған «қақтығыстар құр­ды­мына» құлап кетпеуіне ай­тарлықтай үлес қосты.

Жалпы, съездің өткізілуі әлем­де айтарлықтай күрделі үде­рістер орын алып отырған кездермен сәйкес келіп отыруы көп нәрсені аңғартса керек. Әлем­дік және дәстүрлі діндер көшбас­шы­ларының бастапқы екі съезі діни қақтығыстардың белең алып, халықаралық экстер­мистік және лаңкестік ұйымдардың дінді бетперде ретінде ұстанып қатер төндірген уақытына тап келсе, үшінші съезд әлемдік қаржы-эко­номикалық дағдарыс жағдайында өткізілді. Ал кешегі өткен төр­тінші съезд бүкіл әлемнің бұдан кейінгі даму жолын іздестіріп отырған сындарлы кезеңіне сәй­кес келді.

Осы съездің ерекшелігі сонда, аталған кездесу шеңберінде Н.Ә.Назарбаевтың идеясынан бастау алған және съезд қаты­су­шылары тарапынан қолдау тапқан Дін көшбасшыларының кеңесі өз жұмысын бастады. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі айтар­лықтай қысқа мерзімнің ішінде уақыт сайын өткізілетін форумнан бүкіл әлемнің діндері мен конфессияларының тұрақты бас қосатын үнқатысу алаңына айналды.

Съездің жұмысы мен оған қатысушылары тарапынан көте­ріл­ген проблемаларға келер бол­сақ, жетекші дін қайрат­кер­ле­рі­нің әлемде қалыптасқан қазіргі жағдайға ерекше алаңдап отыр­ға­нын көрер едік. Аталған шара барысында заманауи қоғамдарда дәстүрлі түрде дін қағидат­тары­на негізделіп келген адам­гер­шілік құндылықтардың жауыз­дық пен өшпенділік тарапынан шабуылданып отырғанына және адамдар арасында өмірге қа­ты­наста тұтынушылық ұстаным­дар­дың белең алып кеткеніне қынжылыс білдірілді. Мұндай келеңсіздіктер, өз кезегінде, әлем­де қанат жайған барлық дін­дер үшін қасиетті орын алатын жал­пыадамзаттық құндылықтардың артқы қатарға ығыстырылып, оның орнын «ессіз еркіндік» пен тоғышарлық көзқарастар мен нормалардың басқанын, адам­ның тауарлық қатынастардың субъектісі болумен қатар, оның объектісіне айналып бара жат­қанын көрсетеді.

Съезге қатысушылар заманауи адамзат қоғамында күнәнің нормаға айналғанына ерекше екпін түсірді, өйткені, тұтыну­шы­лық қоғамда адамгершілікке орын жоқ. Осы желіде жастар мен әйелдер мәселелеріне де назар аударылды. Бүгінгі әлемдегі жұмыссыздардың басым бөлігі жастар болса, әйелдердің құқық­тары барлық жерде және барлық кезде үнемі қорғала бермейді. Осы ретте, адамзат қауымының бастауы мен тұғыры ретіндегі қоғамдағы отбасының орны мен рөлінің төмен түсіп бара жат­қаны да съезд мінберінен сөз алған дінбасылардың назарларынан тыс қалмады.

Бұл жерде Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың съездегі ойлары ерекше назар аудартады. Мемлекет басшысы осы съезд мінберінен ХХІ ғасырдың бас­тапқы онжылдығында барлық адамзатты толғандырып отырған ғаламдық мәселелерді шегелеп көрсетті. Ол, ең біріншіден, өсе түсіп отырған моральдық-адам­гершілік құндылықтардың ға­ламдық дағдарысына ерекше тоқталды. Елбасымыз өз сөзінде «қазіргі қоғамда адал еңбекке қа­тынастағы түрткі тез баюға ұм­тылумен алмастырылып, «жал­ған еркіндікке» негізделген жал­ған мораль жоғарыға қойылуда және осының салдары ретінде дінді әлеуметтік үдерістердің шетіне шығарып тастау талпынысы жалғасын табуда» деп атап көрсетті.

Ал адамзатты жарқын бола­шаққа бастауы тиіс ғылыми-тех­никалық прогресс онымен бірге көрініс тапқан адамгершілікке жат қасиеттерімен адамзаттың өзіне қарсы жұмсалатын қаруға айналуда. Съезд делегаттарының ал­дында сөз ала отырып, Н.Ә.На­­зарбаев түбірлі 5 қағидаға негіз­делген адамзаттың бұдан кейінгі дамуының жаңа үлгісін орнатуды ұсынды. Елбасымыз Әлемдік және дәстүрлі діндер көш­ба­с­шы­ларының съезі ХХІ ғасыр­дағы әлемдегі әділетті әлемдік жүйенің идеялық-рухани сұлба­сын жасауға мақсатталған же­тек­ші үнқатысу алаңы бола алатынына сенім білдірді.

Съезд қатысушыларының үн­деуінде адамзатты толғандырып отырған ғаламдық проблема­лар­ға, яғни әлі жалғасын тауып отыр­ған бітпейтін соғыстарға, ұлтаралық қақтығыстарға, қыл­мыс­тың өсуіне, әлемнің көп­те­ген бөліктерінде зорлық-зом­бы­лықтың көбеюіне алып баратын діни төзімсіздік пен радика­лизм­нің көрініс беруіне алаңдау­шы­лық білдіріліп, дінді бетперде ретінде ұстанып, экстремизм мен терроризмге жол ашатын заманауи рухани, этикалық және моральдық сын-қатерлерге қо­ғам­дық және саяси қайрат­кер­лер­мен бірлесе отырып қарсы шығуға дайын екені айтылды.

Төртінші съездің қатысу­шы­ла­ры әртүрлі діндердің өкілдері арасында өзара түсіністік пен ынтымақтастықты одан әрі те­реңдете түсуді мақсат тұтатын Дін көшбасшыларының кеңесіне кең қолдау білдірді.

Мен, өз тарапымнан, кеше өткен осынау алқалы съезд заманауи әлемдік үдерістерде кон­фессияаралық өзара қатынастар саласындағы келісімнің нығая түсуіне және ХХІ ғасырдағы адам­зат дамуының моральдық-адамгершілік негіздерінің сақ­талуына лайықты деңгейде ықпал ете алатын болады деп сенемін.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 


 

ҮКІМЕТ САҒАТЫ


 

 

2014 жылы отандық дәрі -дәрмек өндіру көрсеткіші бірден артады – Исекешев

 

/«ВNews.kz». 04.06.2012./ - 2014 жылы отандық дәрі - дәрмек өндіру көрсеткіші бірден артады. Бұл туралы дүйсенбіде өткен ҚР Парламент мәжілісіндегі үкімет сағатында индустрия және сауда министрі Әсет Исекешев мәлімдеді , деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.

«Қазір біз фармацевтика саласын дамыту бағдарламасын әзірледік және біздің кәсіпорындардың алдағы 7 жыл ішіндегі жұмысына арналған ұзақ мерзімді бағдарлама жасалды. 20 млрд теңге инвестиция салынған 16 жоба жүзеге асырылып жатыр. 2014 жылы асқазан ішек - ауруларын емдеуге арналған дәрі - дәрмектердің 20% , онкологиялық дәрілер - 50% импортталады, ал күрделі аппараттар, яғни фармацевтика өнімдерінің көпшілігі өзімізде жасалатын болады», деп хабарлады Исекешев.

 

 

Біз елімізге инвесторлар келгенін қалаймыз - Исекешев

 

/«ВNews.kz». 04.06.2012./ - Біз елімізге инвесторлар келгенін қалаймыз. Мұндай мәлімдемені ҚР Парламент Мәжілісіндегі Үкімет сағаты барысында ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев жасады, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.

«Бізде елге Президент сапары шеңберіндегі жұмыстар бойынша 300-дей жоба бар. Германиямен 90-ға тарта, Кореямен 30-ға тарта, Франциямен бірге 30-ға тарта жоба жасалған. Қазір инвесторлар өте маңызды болғандықтан, әрбір жоба бойынша көмектесеміз. Инвестиция тартуға болатын 20 елді анықтап отырмыз. Әрбір ел бойынша біздің нақты жоспарымыз бар, әрбір министр, әрбір елші не істеу керектігін біледі. Біз инвесторларға 107 млрд долларға106 жоба ұсынамыз. Олардың әлеуетін бақылап көрдік және біз елімізге инвесторлар келгенін қалаймыз», - деді ИЖТМ басшысы.

 

Мәжілісте индустриялық жобалардың жайы талқыланды (толығырақ)


          /«Қазақстан ТРК». 04.06.2012./ - Мәжілістің қабырғасында өткен Үкімет сағатында Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің есебі тыңдалды. Министр Әсет Исекешов елдегі индустриалды-инновациялық игіліктерде иіні қанған істерге тоқталды. Сан - салалы бағыттар бойынша депутаттардың сауалдарына жауап берді.  Солардың бірі - индустриаландыру картасы.

Ол құны - 11 триллион теңгені құрайтын 705 жобадан тұрады. Өткен екі жылдың ішінде оның пайдалануға берілгені - 389. Бағасы да бағамды - 1,8 триллион теңге. 90 мыңнан астам тұрақты және уақытша жұмыс орындары ашылды. Сол кәсіпорындардан шыққан былтырғы және биылғы бірінші тоқсан қорытындысы бойынша өнім бағасы - 680 миллиард теңгені түзді. Сондай-ақ, қазіргі қат - кадр мәселесі мен жеңіл өнеркәсіп саласында тұралаған тірліктер талқыға тұздық болды.  

Әсет Исекешов, ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрі:

Бізде бұған байланысты бағдарлама бар. Шешу жолдары қарастырылып жатыр. Десек те, жеңіл өнеркәсіп саласының өсу қарқыны жоғары деп айта алмаймыз. Кеңес үкіметі кезіндегі жағдаймен салыстырғанда құлдырап кетті. Бұдан түсінетініміз біреу. Біздің жеңіл өнеркәсіп саласы көрші Қытай елімен бәсекеге түсе алмайды. Бірақ, Елбасының сынынан соң, біз барлық кәсіпкерлердің басын бірнеше мәрте қостық. Алматыда жиын да өткізілді. Сөйтіп, ақсаған саланы алға дамыту үшін бағдарламаға өзгерістер енгіздік.

 

 

Елеулі жобалар игілікке айналды

 

/«Айқын». 04.06.2012. Айқын Шәріп./ - Күрделі дәрі-дәрмектердің басым көпшілігі енді Қазақстанда жасалады!» - кеше Парламенттегі «Үкімет сағатында» Индустрия және жаңа технологиялар министрі Ә.Исекешев осындай мәлімдеме жасады. Фармацевтика саласында 2009 жылы Қазақстан асқазан, ішек-қарын ауруларына дауа болар дәрі-дәрмектердің 40 пайызын, онкологияда - 100 пайыз, антибиотиктердің 80 пайызын сырттан импорттаған. «Қазір бізде фармацевтика бағдарламасы іске қосылды, - деді осы орайда министр. - Оған сәйкес, 16 жоба іске асырылуда. Инвестиция ауқымы - 20 миллиард теңге». Әсет Исекешев депутаттарға 2014 жылы Қазақстанның асқазан, ішек-қарын ауруларын жазуға қажетті дәрі-дәрмектің тек 20 пайызын, онкологияда - 50 пайызын ғана импорттайтындығын мәлімдеді. Қалғанын еліміз өзі қамтамасыз етуге қол жеткізбек.

Алдағы айдың басында, 6 шілде - «Астана күнін» мерекелеуге ар­налған іс-шаралар аясында ел Үкі­меті тұсауын кесуі үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа жаңа индустриялық-инновациялық жобаларды ұсынып, салтанатты рәсім өткізеді деп кү­тілуде. Осынау маңызды шара қар­саңында қалаулылар осы іске «ба­сымен жауап беретін» тұлғаны Пар­ламентке есеп беруге ша­қырт­ты. Сонымен, Ә.Исекешев мырза нені хабарлады?
Қазақстан Көшбасшысының Жаңа индустрияландыру саясаты аясында 13 салалық, 9 функцио­нал­дық даму бағдарламасы қабыл­даныпты. Мұның сыртында Өндірістік қуаттарды ұтымды ор­­­на­ластыру кестесі, Индус­трия­ландыру картасы бекітілген. Ә.Исекешевтің дерегінше, даму институттары мен ұлттық компа­ния­лардың жұмысы қайта құ­рылуда. Бизнес үшін қолдаудың 100-ден аса құралы әзірленіпті! Отандық бизнесті, инвесторды, инно­ваторлар мен экспорттау­шыларды қолдаудың ұзақ мерзімді бағдарламалары қабылданған.

Осылайша, Елбасының баста­масымен әзірленген ҰИИД бағдар­ламасы аясында іске асырылған шаралар Қазақстанның ішкі жалпы өнімінің еселенуіне ықпал етіпті: 2011 жылы еліміздің ІЖӨ-сі 27,3 триллион теңгені құрады. Сөйтіп, 2008 жылдан бері бірден 11,2 трил­лионға өскен!

Министрліктің дерегінше, елі­мізде өңдеуші өнеркәсіп қарқынды өсуде: 2010 жылы бұл салада өсім 14 пайызды, ал 2011 жылы - 6,2 пайызды құрапты. Ең үлкен өсімге Қазақстанда дамымаған химия өнеркәсібі қол жеткізіп отыр, ол былтыр өнім шығаруды бірден 21,5 пайызға арттырған көрінеді. Өңдеуші өнеркәсіптің еліміздің ІЖӨ-сіндегі үлесі біртіндеп өсіп келеді: егер бұл көрсеткіш 2009 жылы - 10,5 пайызды, ал 2010 жылы - 11,3 пайызды құраса, өткен жылы бұл сала өз еншісін 11,4 пайыз­ға дейін ұлғайта алыпты.
Парламентте Үкімет өкілі біраз «аңыз­дарды» жоққа шығарды. «ҮИИД бағдар­ламасы - «жобалар жиынтығы» деген пі­кір кең жайылған, - деді министр Ә.Исе­кешев. - Шын мәнінде, бұл Прези­денттің өте жүйелі, ұзақмерзімді бағдар­ламасы. Ол мұнайға тәуелсіз жаңа эконо­миканы құруға бағытталған. Яғни ақыр­ғы мұрат - бізде мұнай таусылғанда, эконо­ми­ка тұрақты және қуатты болып қалуы керек. Демек, бұл жерде біздің бүкіл өнеркәсіптік базамызды жаңғырту туралы сөз болып отыр».

Әсет Исекешев «Азия жолбарысы» атан­ған Малайзияның қазіргі кезде Ин­дустрияны дамытудың 3-онжылдық бағ­дар­ламасын іске асырып жатқандығын хабарлады. Бірінші 20 жыл бұл елде кадр­лар­ды даярлау, инфрақұрылымды дамы­ту, институционалды базаны қалыптасты­руға арналыпты. Сондықтан қазіргі кезде Қазақстан Үкіметі инновацияларға жағ­дай туғызу, жұмыс күшін қайта оқыту, қа­жетті инфрақұрылымды жасау, тұтастай алғанда бизнес пен қоғамда «жаңа эко­номикалық ойлау қабілетін» түзеу ісімен шұғылданып жатқан көрінеді. «Олай бол­са, бұл өте салмақты міндет. Ол тек жо­балармен шектелмейді» деді Индустрия және жаңа технологиялар министрі.

Әсет Өрентайұлының ойынша, тағы бір аңыз - «Индустрияландыру барлық экономикалық саясатты ауыстырады» дегенге саяды. «Бұл олай емес, - деді министр, - Қазақстанның экономикалық, қаржы ресурстары сонша үлкен емес. Сол себепті «Индустрияландыру бағдарлама­сының» мақсаты - қосымша құны жоға­ры, экспортқа бағдарланған секторларды және жобаларды ілгері оздыру. Барлық салаларда және барлық өңірде чемпион болу мүмкін емес. Бірақ бұл басқа сала­лардың және өңірлердің назардан тыс қалатындығын білдірмейді. Олар «Моно­қалалар бағдарламасы» сынды экономи­калық саясат аясында іске асырылады».

Үшінші аңыз - күтілетін нәтижеге қатысты болып шықты. «Неге екі жыл ішінде Қазақстан Малайзия не Син­га­пурге айналмады» дегенді біз жиі естиміз. Осында көптеген бизнесмендер отыр. Бір жобаны іске асыру үшін бірнеше жыл әзірлікке кететінін барлығы түсінеді» деп, қалаулылардың біразының бизнесі бар­лығына меңзеген Ә.Исекешевке «Үкімет сағатын» жүргізіп отырған Мәжіліс вице-спикері С.Дьяченко ескерту жасады: «Әсеке! Мұнда жалғыз депутаттар ғана отыр!» («Асеке! Тут сидят одни депутаты!») «Мен жобаны іске асыру процесін түсіне­тіндігіне ишара жасап едім» деп ақталды министр.

Индустрия министрлігінің мәліме­тінше, Индустрияландыру картасына Қа­зақстан экономикасы үшін барлық елеулі жобалар қосылыпты, олар жоғары дең­гейде пысықталған және ҮИИД бағдар­ламасының өлшем-критерийлеріне жауап береді екен. Мұндай жобалар саны ендігі 705 жобаға жеткен. Оларды іске асыруға 11 триллион теңге инвестиция құйылмақ! Ресми ақпарат бойынша, бұл зауыт-кә­сіп­орындарды, инфрақұрылымдық ны­сан­­дарды салуға 218 мыңнан астам адам тартылып, кейін пайдалану барысында 191 мың жұмыс орны ашылмақ.

Индустрияландыру картасы аясында 2010-2011 жылдарда жалпы құны 1,8 триллион теңге болатын 389 жоба өмірге жолдама алыпты. 90 мыңнан астам тұрақ­ты және уақытша жұмыс орны құрылған. «2011 жылда және 2012 жылдың бірінші тоқсанында іске қосылған жобалар 680 миллиард теңгенің өнімін өндірді» деді министр. Осы Картаның қолданысқа берілген жобаларының ІЖӨ-ге үлесі 2011 жылы 1,18 пайыз болыпты.
Былтырғы жылы «өңделген тауарлар­дың экспортының тәуелсіз Қазақстанның бүкіл тарихындағы ең үлкен көрсеткішіне қол жетіпті! Нәтижесінде, 2011 жылы Қа­зақ елі әлемге осындай өңделген өнім­дерін 22 миллиард долларға сатыпты. 2009 жылмен салыстырғанда, 2 жылда өңделген тауарлар экспорты 85%-ға ар­тып отыр.

 

 

Нұртай Сабильянов: Елбасын алдауды доғару керек деп отыр

 

/«КТК». 04.06.2012./ - Президентті алдауға болады ма? Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешов Парламент мәжілісінде үкімет сағатын өткізу кезінде депутаттардан осындай сөз естіді. Себебі Үкіметтің жаңадан зауыт, фабрика аштық деп Елбасына таныстырып, артынан оларды қайта жауып тастап жатқандары депутаттарға түрткі болды. 

Елдің экономикасын көтеру үшін зауыт, фабрика цех және шағын өндіріс орындарын салу керектігі айқындалған болатын. Сол үшін арнайы  Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі де құрылғаны белгілі. Осы ведомствоның ұйымдастыруымен жыл сайын тікелей теле көпір арқылы Елбасы жүздеген зауыт фабриканы іске қосады. Бірақ кейін белгілі болғаны соның барлығы дерлік дәл қазір жұмыс істеп жатқан жоқ. Көбінің қақпасына қара құлып салынған, енді бірі жабылудың сәл алдында, тағы басқалары қаржылай көмектің жоқтығынан банкрот болуға жақын тұр. Бұдан былай ел-жұртқа өндіріс ошақтарын аштық деп жар салмас бұрын оның толыққанды жұмыс істейтініне көз жеткізіп алу керек. Әйтпесе елді де, Елбасын да алдаған боламыз,- дейді депутат Нұртай Сабильянов. 

Нұртай Сабильянов, Мәжіліс депутаты:

- Әйтпесе не, 2-ақ күн тұрды Семей ет өндіру комбинаты, 2-ақ күн, басты Кәрімов пен Сапарбаев міне қосылды деді, бүкіл Қазақстан естіді, қазір құлып тұр ол жерде, сондай бола ма екен?!

 

 

Заңнамалық қолдауға әзір

 

/«Егемен Қазақстан». 05.06.2012. / - Парламент Мәжілісі Төрағасының орынбасары Сергей Дьяченконың жетекшілігімен өткен кешегі Үкімет сағатында Елімізді үдемелі индустриялық-инновация­лық дамытудың 2010-2014 жылдарға арналған мем­ле­кет­тік бағдарламасы талқыға салынды, деп хабарлады осы палатаның баспасөз қызметі.

Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исе­кешев өз баяндамасында 2010 жылы тау-кен саласы өндірі­сі­нің өсімі өткен жылға қара­ған­да 7 пайызға, өңдеуші өнер­кә­сіп­тік өсім 14 пайызға артқан­ды­ғын атап көрсетті. Өнер­кә­сіптің өзге барлық салаларында да өсім байқалған. Мәселен, былтыр химия өнеркәсібіндегі өсім 21,5 пайыз болса, машина жасауда ол 16,8 пайызды құ­ра­ған. Ішкі жалпы өнімдегі өң­деу­ші өнер­кәсіптің үлесі 2009 жылы 10,5 пайыз болса, араға бір жыл салып ол 11,3 пайызға жеткен. Тау-кен өндіру өнер­кә­сібінде 5,2 пайыз төмендеу бай­­қалса, ал өңдеуші өнеркә­сіп­те тиісінше өсім 111,1 пайыз бол­ған. Индус­трия­лан­дыру кар­­тасы құны 11 триллион теңгені құрайтын 705 жобадан тұрып, пайдалану ке­зе­ң­інде 191 мың жұмыс орындары құры­лады деп күтілуде. 2010-2011 жылдары 1,8 триллион тең­генің 389 жобасы пайдалануға бе­ріліп, 90 мыңнан астам жұмыс орындары құрылған-ды. Кар­таның барлық жобаларының 70 пайызы қайта бөліністің жо­ғары дең­гейіне, ал 30 пайызы техно­логиялық күрделіліктің төменгі деңгейлеріне жатады.

Былтыр өңдеуші өнер­кә­сіп­ке шетелдік инвестициялардың ағы­ны 2 868,3 миллион АҚШ долларын құрап, оның ал­дын­дағы жыл­дың тиісті кезеңімен салыс­тыр­ғанда шетелдік ин­вес­тициялардың ағыны 39 пайыз­ға ұлғай­ған­ды­ғы­на да ми­нистр ерекше тоқталды. Осы ретте 31 халықаралық бизнес-форум және 5 роуд-шоу өткі­зілгендігі, олардың шеңберінде құны 20,3 миллиард АҚШ доллары болатын 249 меморандум мен келісім жасалғандығы алға тартылды. Еліміздегі тоғыз Арнайы экономикалық аймақ қа­тысушыларының саны 490 ком­панияны құраса, онда 146 компания қазірдің өзінде өз жо­баларын іске асыруда. Жұ­мыс істеп тұрған 6 АЭА аумағын­дағы инвесторлардың салымдары 625 миллиард теңгеден асыпты. Бұл 2009 жылмен салыстырғанда 15 есеге көп. АЭА дамыту уақытында, сырт­қы инфрақұрылымды қамта­ма­сыз етуге мемлекет 129 миллиард теңге инвестиция салған.

2009 жылмен салыстырған­да өңделген тауарлардың экспорты 2 жыл үшін 85 пайызға өскені белгілі болып отыр. Өңдеуші сектор тауарлары 121 елге экспортталса, бұл елдер санының 15-ке ұлғайғандығын көрсетеді. Елбасының тап­­сыр­масы бойынша 2020 жылға дейінгі Инновациялық даму тұ­жырымдамасы әзірленді және мемлекеттік органдармен келі­сілуде. 2012-2015 жылдарға ар­налған энергия тиімділігін арт­тырудың кешенді жоспары қа­былданды. Экономиканың бар­лық салаларында энергия үнемдеу жүйесін құру және энергиялық тиімділікті арттыру үшін құқықтық регулятивтік өріс «Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру туралы» Заңмен жасалған.

Тағы бір белгілі болғаны, 2011 жылы электр қуатын өндіру 86,2 миллиард кВт. сағатты құраса, тұтыну 88,1 миллиард кВт. сағатқа жеткен. ЖЭК объектілерінің электр қуатын өндіруі өткен жыл үшін 423 миллион кВт. сағатты құрады немесе 2010 жыл үшін 4,73 пайызға көп. 2011 жылы қуаты 300 МВт. Мойнақ ГЭС-ін салу, қуаты 87 МВт-тық Ақшабұлақ кен орнындағы ТЖЭС салу сияқты жобалар аяқталды. Сол сияқты қуаты 54 МВт. Орал ТЖЭС және қуаты 325 МВт. Ақсу ГРЭС-індегі №2 энергоблок пайдалануға берілген. Ал қуаты 1,5 МВт-тық жел электр стансасы да пайдалануға беріліп, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ көмір департаментінің Ленин атындағы шахтасында елімізде алғаш рет қуаты 1,4 МВт болатын газды-поршенді электр стансасының базасында метанды пайдалану жөніндегі қанатқақты жоба іске асырылған. Тұтастай алғанда, 2009-2011 жылдар үшін «Индустриялық қаңқа» қалыптастырылыпты.

Үкімет сағатын Мәжіліс Төрағасының орынбасары қорытты. Депутаттар Мейрам Пішембаев, Нұртай Сабильянов, Гүлмира Исімбаева және өзгелері сауалдар қойып, өз ойларын ортаға салды. Осылайша депутаттар еліміз экономикасына заңнамалық тұрғыда қолдау көрсетуге әзір екендіктерін білдірді.

 

 

Депутаттар министрмен келіспейді

 

/«Алаш айнасы». 05.06.2012. Қанат Қазы./ - Жұртшылық арасында «президенттік бастама» аталып кеткен елдің индустрияландыру бағдарламасының жүзеге аса бастағанына екі жылдан асты. Бесжылдықтарды қамтитын бағдарламаның бүгінгі аяқ алысы нешік? Кеше Мәжілісте өткен Үкімет сағатында ҚР индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев депутаттар алдында бағдарлама барысы жайында есеп берді.

Жаһандағы жағымсыз һәм жағымды құ­былыстардың салдары мен салмағын бағамдай келе, келешек әлеуметтік-эконо­микалық жаңғырудың басты бағыты индус­трия­ландыру бағдарламасымен ұштасқан болатын. Бұл бағыттағы жұмысын Үкімет «жеті рет өлшеп, бір рет кесу» қағидатымен атқарып, біршама пысықтап, екі жыл бұрын арнайы бағдарлама қабылданғаны есте. Өңірлердегі бизнестің басымдықтары сараланып, Индустрияландыру картасы түзіліп, қолдау тетіктері заңнама жүзінде қамтылды. Содан бері де екі жылдан астам уақыт өтіп бара жатыр. Нәтиже нешік?

Әрине, кеше ғана қолға алынған алып жобадан бүгін нәтиже сұрайтындай кезең емес. Дегенмен министр Әсет Исекешевтің өзі президенттік бағдарламаның бірқатар индикаторлары уақытынан бұрын орын­дал­ғанын  айтып отыр. Мәселен, болжамға сәйкес, индустрияландыру шараларына байланысты 2015 жылға қарай ғана жалпы ішкі өнім 2008 жылмен салыстырғанда кемінде 7 трлн теңгеге өсуі тиіс болатын. Алайда өткен жылдың өзінде-ақ аталған көрсеткіш асыра орындалып, 11 трлн 200 млрд теңгені құраған. Сөйтіп, индустрия­ландыру бағдарламасындағы индикатор­лар орындалуы 88 пайыздан асқан. Өткен екі жылда 400-ге тарта жаңа өндіріс іске қосылып, 90 мыңға жуық тұрақты және уақытша жұмыс орындары ашылған. Шикі­заттық емес, дайын өңделген өнім шығару­ға бағытталған өндіріс арқасында жалпы ішкі өнімдегі өңдеуші өнеркәсіптің үлесі 11,4 пайызды құрады. Іске қосылған жаңа за­уыттардан 4 млрд доллардың өнімі шы­ға­рыл­са, өңделген өнімнің экспорты Тәуел­сіздіктен бергі рекордтық көрсеткішке же­тіп, 22 млрд долларды құраған.

Дегенмен министр мәліметіне қарап, «беу, барлығы бірдей дамуға қарай дөңгелеп кетті» деуге келмейді. Өйткені индустрияландыру бағытындағы жұмыстың оңай еместігін айтқан Елбасы «күрделі, Тәуелсіздікті құрғанмен тең» деп бағала­ғаны есте. Осынау бесжылдық басымдық туралы әңгімеге көшпес бұрын министр Әсет Исекешев депутаттардың назарын үш ма­ңызды мәселеге аударды. «Қайсыбір сарап­шылар индустрияландыру бағдарла­масын «жобалар жиынтығы» деп шатасып жүр. Бұл олай емес. Индустрия­ландыру бағдарламасы – Президенттің айтарлықтай салмақты, жүйелі және ұзақ мерзімдерді қамтитын жобасы. Осы арқылы мұнайымыз да, басқасы да түгесілгенде аяқтан тұрып кететін, мұнайдан тәуелсіз экономиканы қалыптастыратын даңғыл. Осы арқылы біз көнерген өнеркәсіп базаларымызды жаңғыртып, инвесторлар үшін жағдай жасайтын боламыз», – дейді министр. Бұдан бөлек, инновацияға, жұмыс күштерін қайта даярлап, ұқыпты орналастыруға, қажетті инфрақұрылымдарды құруға, осы­лайша елде, бизнесте һәм қоғамда жаңа эко­номикалық ойлау жүйесін қалыптас­тыру­ға күш салынатын болады. Сондықтан да министр мырза бағдарламаны «жобалар жиынтығы» деп қарауға келмейтінін,  десе де жобалардың маңызы зор екендігін алға тартты. Бұл – бір. Екіншіден, министр «индус­трияландыру тұтастай экономикалық сая­сатты алмастырады» деген пікірмен де келіс­пейтінін білдірді. «Біздің өңірде индус­триялық жобалар неге жоқ?» дегенге сая­тын сынды құлағымыз да шалып қалады. Айта кетейін, бізде адами да, материалдық та ресурстар жете бермейді. Сондықтан да біз ең алдымен жоғары құн салығы қосыл­ған, экспортқа бағдарланған өндіріске басымдық береміз. Ендеше, барлық салаларда, барлық өңірлерде «чемпион» бола алмайтынымыз да айқын. Алайда өңірлер шетте қалды деп ойлауға еш негіз жоқ. Өңірді моноқалаларды дамыту секілді мемлекеттік экономикалық саясат негізінде ойлайтын боламыз», – деді Әсет Өрентай­ұлы. Бұл – екі. Ал үшінші мәселе – күтілетін нәти­жеге байлаулы. «Біз «екі жылда Қазақ­стан неге Малайзия немесе Сингапур бо­лып кетпеді» дегенді де естіп жатырмыз», – деді ағынан жарылған ведомство бас­шысы. – Бизнесмендер біледі, жобаны жүзеге асырудың нәтижесі қашан жеміс беретінін».

Осындай үш маңызды мәселенің басын қайырған министр Әсет Өрентайұлы ин­дустрияландырудың алғашқы бесжыл­ды­ғындағы басымдықтарға, сосын екі жылдың нәтижелеріне тоқталып өтті. Айтуынша, индустрияландыру бағдарлама­сы өзінің жүрісінен жаңылған жоқ. Ке­рісінше, Президент жүктеген міндеттер ме­жесі бағындырылып жатыр. Мәселен, ин­дустрияландыру бағдарламасы бастал­ға­лы бері өңдеуші өнеркәсіпте тұрақты өсу байқалыпты. Бұл саланың өсу қарқыны тұңғыш рет тау-кен өндіру өнеркәсібінің қарқынынан асып түскен.

Сөйтіп, министрдің жарты сағаттық баяндамасына шыдамдылық танытқан де­путаттар сауалдар барысында индус­трия­лан­дырудың бүге-шігесін аралап шықты. Бүгінгі жұмысты құптаушылармен қатар, күмәнмен қараушылар да табылды. Мәсе­лен, депутат Жексенбай Дүйсебаев жер­гілік­ті құрылыс индустриясын дамыту­дың өзектілігін алға тартты. Ал депутат Нұртай Сабильянов болашаққа аса пайдалы бағ­дарламаның дені дұрыстығын айтқанымен, кәсіпорындардың жауапкершілігіне қа­тыс­ты мәселені көлденең тартты. Сосын кейбір жобаның жүзеге асуына күмән келтірді. Алайда министр Әсет Өрентайұлы да бұған еш илікпеді.  «Индустрияландыру,  бұл – жоба емес. Сондықтан да жобалардың бар­лығы мінсіз деп айтуға келмейді. Қа­зақ­­станда ғана емес, әлемде де мінсіз жобалар деген атауымен жоқ. Қараңыз, Еуропада 20 пайыз кәсіпорындар жабылып жатыр. Өйткені бұл – бизнес, оның тәртібі сол», – дейді министр.

 

 

Жобалардың жарты жолда қалу себебі неде?

 

/«Заң газеті». 05.06.2012. Айша Құрманғали./ - Үдемелі индустриалдық-инновациялық даму бағдарламасына бөлініп отырған бюджет қаржысы орасан көп болғанымен, оның нақты қайтарымы жоқ. Әзірге тек жобалардың жүзеге асырылып жатқандығы жөніндегі ақпараттар ғана бар. Ал, олардың пайдасы қандай болды? Неге қол жеткіздік? Бұл жөнінде ешкім ештеңе айта алмайды. Тіпті, осы бағдарламаның басты операторы ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешовтың өзі бұл жөнінде нақты ешнәрсе білмейтін секілді. Мұны біз кеше Парламент Мәжілісінде өткен Индустрияландыру бағдарламасын іске асыруға арналған Үкімет сағатында байқадық.

Рас, Әсет Өрентайұлының ұзын со­нар баяндамасында бағдарламаның аяқалысы жөнінде келтірілген сан көп болды. Алайда, жобалардың жалпы кө­лемі жөніндегі мағлұмат пен оларға бө­лінген қаржының көлемі жөніндегі мәлі­меттерден тұратын бұл деректер тек ақпарат беру үшін дайындалғандай әсер қалдырды. Жобалардың арқасында импортымыз қаншаға азайды, экспортымыз қаншаға артты, ол жөнінде еш дерек жоқ. Депутаттардың бұл жө­ніндегі сауалы да жауапсыз қалды. Сөз тізгіні өздеріне тиісімен депутаттар Елбасының қатысуымен болған телекөпірде іске қосылған көптеген жобалардың бүгінде жүзеге асып жат­қанының аздығын алға тартып, осының себебін сұраған. Нұртай Сабильянов жұмысы керемет жарнамамен бас­талған Семейдегі тері зауытының есігінде бү­гін құлып тұрғанын мысалға да келтір­ген. Алайда, министрдің бұларға қа­тыс­ты жауабы сырғытпа болды. Осындай сауалдар қойылған сайын «Енді бұл бағдарламаның түгелдей мін­сіз жүруі мүмкін емес қой. Әлемнің кере­мет дамыған елдерінде осы тектес жоба­лардың жиырма пайызы жүзе­ге аспай қалады» деген уәж айтумен болды.

Депутаттар министр баяндамасын­да ауыл шаруашылығына қатысты ин­новациялық жобалар жөнінде еште­ңе айтылмағанына базына айтқан. Ми­нис­тр­дің бұған, жоба­лар­дың экологиялық сараптамадан өтуі, экономикалық тиім­ділігі, инновациялық бағыттағы кен орындарын барлау жұ­мыстарына қа­тысты сын-ескертпелерге «Бұл біздің саламыз емес, оларға аралассам, мен өзгенің бақшасына түскен боламын» деумен шектелді. Қалай десек те, осы­ның қай-қайсысы болмасын, аты дардай, жарнамасы жарты әлемді шарлап жүрген бағдарламаның төрт аяғынан тік тұрмағанын, тіпті, жетістіктерінен бұрын кемшіліктері көп екенін аңғартады. Мұны бағдарламаның аяқалысын қызу талқылаған депутаттар да атап өтті.

Мәселен, депутат Гүлнар Сейіт­ма­ған­бетова ҮИИДБ бағдарламасының толыққанды іске аспай отырғанының бірден бір мысалы ретінде елімізде төмендемей отырған жұмыссыздық деңгейін келтірді. Жұмысқа тұр­ған­дар­дың өзі аталмыш бағдарлама бойынша іске қосылып жатқан өндірістерде жүр­ген жоқ. Жастарымыздың көбі үшін тіршілік көзі базар, көлікпен адам тасымалдау, мекемелерде күзетші болу ғана болып отыр. Тіпті, арнайы мамандар бойынша қайта даярланғандардың өзі жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар аз болғандықтан жұмыссыз. 

Иә, елімізде нақты тауар шығарып жатқан өндірістің қай салада болмасын аздығы көзге көрініп тұр. Мәселен, құрылысқа қажет материалдарды өндіруге шикізат жеткілікті бола тұра елімізде олардың қырық пайызға жуығы шеттен тасымалданады. Сыртқа, әсіресе, әйнек материалдары үшін алақан жаюға мәжбүр екенбіз. Мұндай жағдайда қалайша қолжетімді баспана салып, тұрғын үйге мұқтаждықты азайтамыз? Депутат Жексенбай Қартабайұлы қойған сауалға министр «Бұл аталмыш бағдарламадағы басым бағыт емес», – деп жауап берді. Басым емес бағыттың қатарына ол, сонымен қатар, жеңіл өнеркәсіпті де қосты. Әрине, мұны Жексенбай Қартабайұлы да, өзге депутаттар да түсіне алмады. Өйткені, өндірістің нақ осы саласы халық үшін қажетті өнімдерді арттырумен қатар, жұмыссыздықты азайтудың сенімді жолы еді.

Түсіну қиын болған мәселенің бірі – депутат Зағипа Балиева айтқан Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданындағы тұтас республиканы медициналық шприцпен қамтамасыз етуге қауқарлы  зауыттың жабылып, бағдарлама аясында осы мақсатта  төрт-бес жобаның қолға алынғандығы. Егер олар тиімді жұмыс істеп, елдегі осы өнімге деген сұранысты толық өтеп тұрса, әңгіме басқа ғой. Жоқ, біздің ел әлі күнге шприцтің денін Қытайдан импорттайды екен. Күлесің бе, жылайсың ба?

Бұдан кейін Зағипа Балиева: «Министрдің мынау ананың, анау мынаның жұмысы деп, жауапкершіліктен сырғитын жөні жоқ. Индустрия және жаңа технологиялар министрі  барлық инновациялық технологиялар бойынша жұмыс істеп, осы шаралар төңірегінде туындаған мәселелерге жауап беру керек», – деді. Бұған ешкім ештеңе дей алмады.

Министрлік жұмысында мін көп, бірақ, оны мойындайтын ыңғай көрмедік. Міндетін дұрыс атқара алмаса, Индустрия және жаңа технологиялар министрлігін не үшін ұстап отырмыз?



Любое использование материалов допускается при наличии ссылки на официальный сайт Мажилиса Парламента Республики Казахстан.