Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
28.10.2020

Мәжіліс Экологиялық кодекс жобасын бірінші оқылымда мақұлдады


Нұр-Сұлтан, 28 қазан, Мәжіліс үйі. Бүгін Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалымен жалпы отырыс өтіп, бірқатар заң жобалары мақұлданды.

Атап айтқанда, қоршаған ортаны қорғау саласында мемлекеттік реттеу мен басқарудың неғұрлым тиімді және айқын жүйесін құруға бағытталған Экологиялық кодекстің жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.

Кодекс жобасы бойынша баяндама жасаған Экология, геология және табиғи ресурстар министрі  Мағзұм Мырзағалиевке депутаттар бірқатар сұрақтар қойып, пікірлерін білдірді.

Осы ретте, Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин аталған Кодекс жобасы бойынша:

-Мәселен, Қарағанды облысының Ұлытау ауданының тұрғынының 5-10 тауығы бар делік. Оны декларациялау үшін ол облыстық табиғи ресурстар басқармасына баруы керек. Ал ол облыс орталығында орналасқан. Яғни, ол тіпті 5 емес, тіпті 1 тауығын декларациялау үшін 700 шақырымды жүруі керек. Кодексте осылай жазылған. Неліктен олай? Сіз кодексте «100 және одан төмен бас үшін» деп жазасыз. Оған, яғни, мал болсын, құс болсын кіреді. Ол санға 99 малды да, 1 малды да кіргізуге болады. Әлбетте бір табынның бір тауыққа қарағанда экологияға тигізетін әсері мол екенін алдымен түсініп алу керек, - дей келіп:

-Заң жобасының осындай нормасын оқыған кезде ойлайсың, бұл норманы жазған адам ауылда болды ма, болмаған шығар? Шіркін, осы норманы жазған маманды екі-үш айға ауылға жіберсе ғой. Сонда тауық пен сиырдың айырмашылығын түсінетін болар, - деді Нұрлан Нығматулин.

Осы мәселе бойынша  жалпы отырыс барысында оған ілеспе заң жобасы да талқыланды. Депутат Тарас Хитуов Ұлттық экономика министрлігіне экологиялық төлемдердің еліміз өңірлерінің жергілікті экологиялық қажеттіліктеріне жүз пайыз бағытталуы туралы нормалар бар екенін айтып, сұрағын қойды. Сонымен қатар, бұл қаражаттың жұмсалу тәртібі мен нысаналы мақсаты көзделмегенін жеткізді.

Сондықтан депутаттар экологиялық төлемдердің жергілікті бюджетке түсіп, қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шараларға ғана бағытталуы үшін түзетулер ұсынды.

Осы ретте, Нұрлан Нығматулин бұл норманың өте маңызды екенін алға тарта келіп:

-Көп болса да, аз болса да, экологиялық төлемдер жергілікті бюджетке түседі. Одан кейін - ол ақша қайда, қандай мақсатқа жұмсалады, оны бір Құдай біледі.Жасыратыны жоқ, сол ақша экологиядан басқа да шараларға жұмсалатын жағдайлар болады. Енді осы Заң жобасына сәйкес, экологиялық төлемдер тек ғана қоршаған ортаны қорғау шараларына жұмсалатын болады. Түскен ақшаның 100 пайызы. Бұл өте дұрыс, өте қажетті деп ойлаймын. Сондықтан, бұл норманы қолдау керек, - деді.

Осыған сәйкес, Нұрлан Нығматулиннің айтуынша, жалпы Экологиялық Кодекс Мәжіліс мақұлдаған заң жобалары қатарына тағы бір өте маңызды құжат.  Бұл Кодекс бойынша депутаттар жылдың басынан бері көптеген отырыстар, талқылаулар өткізген. Заң жобасын талқылауға депутаттармен қатар, осы саладағы кәсіби мамандар, сарапшылар, ірі өнеркәсіп өкілдері және қоғам белсенділері қатысты. Осы өзекті мәселені қорытындылау барысында:

-Өздеріңізге белгілі, Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Экологиялық Кодексті жыл соңына дейін қабылдау туралы нақты тапсырма берген болатын. Осыған орай, депутаттар осы саладағы проблемаларды шешуге, сонымен бірге, экологияны таза ұстауға, қорғауға, және табиғи байлықтарды сақтауға қатысты маңызды нормаларды
енгізді - деп, жаңа Кодекс - заманға сай технологияларды пайдалана отырып, еліміздің экологиялық жағдайын  жақсартуға арналған нақты қадам екенін атап өтті.

Сонымен қатар бүгінгі жалпы отырыста «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бюджет заңнамасын жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.

Парламент депутаттары бастамашы болған заң жобасы бюджет заңнамасын жақсарту және бюджеттік рәсімдерді оңайлату, сондай-ақ бюджетаралық қатынастарды жетілдіру мақсатында әзірленді.

Мемлекеттік тапсырма тетігін жетілдіру шеңберінде әкімшілердің мемлекеттік тапсырма нысанында орындалатын қызметтер құнының баға белгілеу әдістемесін бекітуі көзделеді. Сонымен қатар, көрсетілетін қызметтердің бір бөлігін қосалқы мердігерлік ұйымдарға беру бойынша шектеу белгіленеді. Бұдан басқа, бюджетаралық қатынастар шеңберінде өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына және оның инфрақұрылымын дамытуға жер қойнауын пайдаланушылардың аударымдарын облыстық мәслихат белгілеген кірістерді бөлу нормативтері бойынша есепке жатқызу ұсынылады.

Заң жобасында Бюджет кодексінен бюджет процесінде пайдаланылмайтын арнайы резервті және шартты түрде қаржыландырылатын шығыстарды белгілеу тетіктерін алып тастау ұсынылады.    

Мәжіліс депутаттары отырыста депутаттардың бастамасымен әзірленген өңірлердің әкімшілік-аумақтық құрылысын жетілдіру мәселелеріне қатысты заң жобасын мақұлдады.

Заң жобасы еліміздің әкімшілік-аумақтық құрылыс саласындағы заңнамасын жетілдіруге бағытталған. Бүгінгі таңда елдің әкімшілік-аумақтық бірліктерінің санаты  жекелеген елді мекендердің, әсіресе, аудандық маңызы бар қалалардың ағымдағы мәртебесін толық көрсетпейді.

«Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк-аумақтық құрылысы туралы» Заңға сәйкес аудандық маңызы бар қалаларға халқының саны кемiнде 10 мың адам болатын елдi мекендер жатады. Қазірде тұрғындар саны 10 мың адамнан кем 13 қала бар.

Еліміздің қолданыстағы заңнамасында аудандық маңызы бар қалалар халқының саны бойынша қала мәртебесіне сәйкес келмеген жағдайда, оларды кент пен ауылға жатқызудың құқықтық тетігі жоқ. Осыған байланысты, заң жобасымен «Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк-аумақтық құрылысы туралы» Заңға аудандық маңызы бар қалаларды өзге де елді мекендерге қайта құру жөніндегі құзыретті айқындауға бағытталған түзетулер енгізу ұсынылып отыр.

Сонымен қатар бүгін Мәжіліс қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату, су қорғау белдеулері және жүктерді теміржол көлігімен тасымалдау мәселелеріне қатысты Сенаты енгізген түзетулермен келісті.  

Бүгінгі отырыста Мәжілістің бейінді комитеттері бірқатар жаңа ратификацияланатын заң жобаларын жұмысқа алды. Олар: ЕАЭО техникалық регламенттерінде талаптар белгіленбеген өнімнің ЕАЭО шеңберіндегі айналысының тәртібі және мұндай өнімнің қауіпсіздігін қамтамасыз ету қағидалары туралы келісім және ТМД қатысушы мемлекеттердің автокөлік құралдарын жымқыруға қарсы күрестегі және оларды қайтаруды қамтамасыз етудегі ынтымақтастығы туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы заң жобалары бар.

Жалпы отырыс соңында Мәжіліс депутаттары Б.Кесебаева,  М.Теміржанов, А.Қоңыров, И.Смирнова, А.Перуашев мемлекеттік органдар басшыларына депутаттық сауалдар жолдады.

 

(Мәжілістің Баспасөз қызметі, 74-63-01. Суретті түсірген Ж.Құспанов).

 



Любое использование материалов допускается при наличии ссылки на официальный сайт Мажилиса Парламента Республики Казахстан.