Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
20.01.2021

Мәжіліс «Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы» заңнамалық түзетулерді мақұлдады


Нұр-Сұлтан, 20 қаңтар, Мәжіліс үйі. Бүгін Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен жалпы отырыста депутаттардың алдағы заң шығару жұмысының басымдықтары туралы айтылып, бірқатар заң жобалары мақұлданды.

Жиында Мәжіліс Төрағасы күн тәртібіне кіріспес бұрын VII шақырылымдағы I сессияның ашылуында Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың депутаттық корпусқа жүктеген нақты міндеттері туралы айтты.  

Нұрлан Нығматулин атап өткендей, VII шақырылым  Қазақстан тәуелсіздігіне 30 жыл, Парламенттің құрылғанына 25 жыл толатын ерекше кезеңде  өз жұмысын бастап отыр.

Осыған байланысты, Мемлекет Басшысы  сессияның ашылуында бүгінгі жеткен жетістіктерімізді сақтап, одан әрі дамыту жолындағы жаңа мақсаттар туралы айтты. Оның ішінде, әлеуметтік-экономикалық, құқықтық, саяси бағыттарға баса  назар аударылатынын жеткізген Мәжіліс Төрағасы: 

-Олардың барлығын тиісті заңдармен қамтамасыз ететін ол, әрине, біздің Парламент. Сол үшін Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев сессияның ашылуында депутаттардан сапалы заңдар  талап ететінін ерекше атап өтті. Ол заңдар, ең алдымен, халықтың өмір сапасын, білім, денсаулық салаларын жақсартуға, әлеуметтік қамтамасыз етуге, шағын және орта бизнесті қолдауға ықпал етуге тиіс. Сондықтан, біздің басты мақсатымыз – жоспарға сәйкес, өз уақытында, халыққа қажетті, пайдалы заңдар қабылдау, - деді Нұрлан Нығматулин.

Отырыс барасында Палатаның комитеттері бірнеше жаңа жобаларын жұмысқа алды. Олар: «Өнеркәсіптік саясат туралы», «Квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің сатып алуы туралы» және «Өсімдіктер дүниесі туралы» заңдар және оларға ілеспе түзетулерімен, сондай-ақ, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әскери қызмет және арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлері мен әскери қызметшілердің тұрғын үй қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Каспий теңізінің теңіз ортасын қорғау жөніндегі негіздемелік конвенцияға қоршаған ортаға трансшекаралық тұрғыдан жасалатын әсерді бағалау жөніндегі хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобалары бар.

Сонымен қатар, отырыс барысында депутаттар «Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» заң жобасын мақұлдады.

Заң жобасының негізгі нормалары басқа мемлекеттер мен халықаралық ұйымдар халықаралық шарттарды жасау кезінде алған өз міндеттемелерін бұзған жағдайда, Қазақстан Республикасының осы халықаралық шарттарды орындауды тоқтата тұру немесе қолданысын тоқтату түрінде қарымта шаралар (қарсы шаралар) қабылдауына, ратификацияланған халықаралық шарттардың Қазақстан Республикасының заңдарынан басымдығын белгілеуге және халықаралық шарттарды орындауды тоқтата тұру немесе қолданысын тоқтату туралы ақпаратты Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің сайтында жариялауға бағытталған.

Заң жобасымен жұмыс істеу барысында депутаттар күшіне енген, сондай-ақ уақытша қолданылатын халықаралық шарттар туралы ақпаратты Сыртқы істер министрлігінің интернет-ресурсында жариялау бойынша да  түзетулер енгізді.

Жалпы отырыста депутаттар Қазақстан мен Корея арасындағы сотталған адамдарды беру туралы ратификациялық заң жобасын мақұлдады.

Отырыс соңында Мәжіліс депутаттары мемлекеттік органдар басшыларына депутаттық сауалдар жолдады. Олар: А.Жамалов, Ж.Сүлейменова, Б.Дүйсенбинов, Д.Еспаева, А.Паяев, А.Сқақова, А.Перуашев, С.Абдрахманов.

 

(Мәжілістің Баспасөз қызметі, 74-63-01. Суретті түсірген Ж.Құспанов).



Любое использование материалов допускается при наличии ссылки на официальный сайт Мажилиса Парламента Республики Казахстан.