Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
12.05.2021

Мәжіліс Қазақстанның Ресеймен ғарыш қызметі саласындағы ынтымақтастығын дамытуға бағытталған ратификациялық заң жобаларын мақұлдады


Нұр-Сұлтан, 12 мамыр, Мәжіліс үйі. Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен жалпы отырыс өтіп, онда бірқатар ратификациялық заң жобалары мақұлданды.

Атап айтқанда, Қазақстан мен Ресей арасындағы поляр маңындағы орбиталарға солтүстік бағытта ғарыш аппараттарын ұшыру үшін «Байқоңыр» ғарыш айлағынан «Союз-2» типіндегі тасымалдағыш зымырандарды ұшыруға қатысты келісім ратификациялау туралы заң жобасы мақұлданды.

Келісімді ратификациялау бүкіл әлемді Интернетке кеңжолақты қолжетімділікпен қамтамасыз етуге бағытталған «One Web» ірі халықаралық жобасын іске асыру үшін «Байқоңыр» ғарыш айлағынан ғарыш аппараттарын ұшыруды жүзеге асыру үшін құқықтық база құруға, ғарыш айлағын коммерциялық ұшырумен жүктеуді ұлғайтуға мүмкіндік береді. Бұл Байқоңырдың барлық инфрақұрылымының тыныс-тіршілігіне оң әсерін тигізеді.

Сондай-ақ, депутаттар Қазақстан мен Ресей арасындағы «Байқоңыр» кешенін жалға беру шартына өзгеріс енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы заң жобасын мақұлдады.

Хаттамамен Ресей Федерациясының «Байқоңыр» кешенін жалға беру мерзімін 2050 жылға дейін ұзарту бөлігінде Шарттың 4-бабына өзгеріс енгізу көзделеді.

Хаттаманы қабылдау «Байқоңыр» кешенінің ғылыми-техникалық, өндірістік және әлеуметтік-мәдени әлеуеті мен инфрақұрылымын сақтауда және тиімді пайдалануда Қазақстан мен Ресейдің мүдделерін ескере отырып, ғарыш қызметі саласындағы екі ел арасында ынтымақтастықты дамытуға қызмет етеді.

Жалпы отырыста депутаттар әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту мәселелері бойынша түзетулерді және Салық кодексіне толықтырулар енгізу туралы заң жобаларын II оқылымда мақұлдады.

Әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы азаматтардың әлеуметтік осал санаттарын жұмыспен қамтуды қамтамасыз етуге жәрдемдесуге және олар үшін қоғамдық пайдалы қызметке қатысуға басқа азаматтармен тең мүмкіндіктер жасауға; әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілері, оның ішінде азаматтардың әлеуметтік осал санаттарының жеке еңбекке қатысуы арқылы өндіретін тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) нарыққа жылжытуға, сондай-ақ әлеуметтік міндеттерді шешуге ықпал ететін әлеуметтік инновацияларды енгізуді қамтамасыз етуге бағытталған.

Сонымен қатар, жиында Палатаның комитеттері бірқатар жаңа заң жобаларын жұмысқа алды. Олар: рейдерлікке қарсы күресті күшейту, кәсіпкерлік қызметті мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардың заңсыз араласуынан қорғау және бағалы металдардың заңсыз айналымына кедергі келтіретін шараларды күшейту мәселелеріне қатысты, сондай-ақ,  сақтандыру нарығын және бағалы қағаздар нарығын реттеу мен дамыту мәселелері туралы заң жобалары.  

Отырыс соңында Мәжіліс депутаттары мемлекеттік органдар басшыларына депутаттық сауалдар жолдады. Олар А.Линник, Е.Смайлов, С.Решетников, Е.Өмірғали, М.Раманқұлов, Л.Павловец, Г.Құлахметов, Ж.Сүлейменова, А.Сембинов, Т.Адамбеков, А.Платонов.  

 

(Мәжілістің Баспасөз қызметі, 74-63-01. Суретті түсірген Ж.Құспанов).



Любое использование материалов допускается при наличии ссылки на официальный сайт Мажилиса Парламента Республики Казахстан.