Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
10.11.2021

Мәжілісте бірқатар заң жобалары мақұлданды


Нұр-Сұлтан, 10 қараша, Мәжіліс үйі. Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен жалпы отырыста Палата депутаттары бірқатар жаңа заң жобаларын мақұлдады.

Отырыста депутаттардың бастамасымен әзірленген Салық кодексіне  қатысты өзгерістер мен толықтырулар туралы заң жобасы бірінші оқылымда  мақұлданды.  

Бұл заң жобасы Мемлекет басшысының жекелеген тапсырмаларын, бизнес пен азаматтарды қолдау жөніндегі бастамаларды, салықтық әкімшілендіруді жақсарту жөніндегі шараларды, оның ішінде көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимылға бағытталған шараларды іске асыру мақсатында әзірленді.  

Депутаттар Салық кодексіне енгізілетін өзгерістер туралы заң жобасын қарау барысында мобильді төлемдерді реттеуге қатысты нормаларды қарастырды. 

Жиын барысында Мәжіліс депутаттары тұтынушылар мен кәсіпкерлер үшін жаңа норманы қабылдаудан не күтілетін және кәсіпкерлерге салынатын салық жүктемесі туралы мәселелер көтерді.

Нұрлан Нығматулин аталған норма бойынша салықтың жаңа түрі енгізілмейтінін алға тартып, кәсіпкерлерге салық жүктемесі өзгермейтінін айтты.

Сонымен қатар, отырыс барысында депутаттар көлік салығына қатысты бірқатар мәселелерді ортаға салды. Атап айтқанда, бүгінде «Газельдерге» салық салу автомобиль қозғалтқышы көлеміне емес, жүк көтергіштігіне байланысты белгіленген мөлшер бойынша төленеді. Бұл норма еліміздегі 96 мың автокөлікке қатысты болмақ. Осыған байланысты аталған норманың 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енуі ұсынылады.

Айта кететін жағдай, автокөлік салығын төлеу мерзімі заңды тұлғалар үшін 2021 жылдың 5 шілдесінде аяқталса, жеке тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер үшін мерзімі 2022 жылғы 31 наурызда бітеді. Сондықтан да салықты төлеген автокөлік иелері үшін қайта есептеулер қажет.

Осыған сәйкес, Мәжіліс Төрағасы автокөліктің моделіне қатысты салық 2 есеге, ал жекелеген жағдайларда 6 есеге дейін азаятынын айтты. Әр автокөлік иесі үшін салық 5 мың теңге мен 115 мың теңге көлемі аралығында қайтарылатын болады.

Нұрлан Нығматулин атап өткендей, қазір ең бастысы мемлекеттік органдар осы заңнамалық норманың ретроспективтілігін ескере отырып, барлық қажетті есептеулерді жедел, бюрократиясыз жүргізу керек. 

Осыған сай, Палата Спикері 1,5 айдан кейін заң күшіне енетінін, 90 мыңнан аса автокөлік иесінің 2021 жылға арналған салығын қайта есептейтініне тоқталып, бұл есептеулер автокөлік иелерінің қатысуынсыз өтетінін, сондықтан, азаматтар осы жайында ертерек білу керектігін айтты. 

Нұрлан Нығматулиннің пікірінше, барлығы автоматты түрде жасалатынын, ешқайда барудың және өтініш жазудың қажеті жоқ екені туралы халықты алдын ала хабардар ету қажет. 

-Қазір тиісті деңгейде түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылмаса, адамдар халыққа қызмет көрсету орталықтарына барып, Колл-орталықтарға үзбей қоңырау шалып, мемлекеттік органдардың блогтарына өтініштер қалдырады, - деді Палата Спикері.

Айта кету керек, заң жобасы мобильдік төлемдерді реттеу, салық төлеушінің паспортын енгізу және жүк автомобильдері үшін белгіленген мөлшерлемелер бойынша жекелеген көлік құралдарына салықты есептеу құқығын беру және басқа да бірқатар жаңа нормаларды қамтыған.

Сонымен қатар, құқық қорғау органдары, прокуратура және сот арасында өкілеттіктердің және жауапкершілік аймақтарының аражігін ажырата отырып, үш буынды модельді енгізу мәселелері бойынша түзетулерді

бірінші оқылымда мақұлдады.

Заң жобасы Мемлекет басшысының сотқа дейінгі реттеу сатысында құқық қорғау органдары, прокуратура және сот арасында өкілеттіктердің және жауапкершілік аймақтарының аражігін ажырата отырып, үш буынды модельді енгізу, сондай-ақ прокурорлардың қылмыстық істер бойынша айыптау актілерін дайындау жөніндегі құзыретін біртіндеп кеңейту туралы тапсырмаларын іске асыруға бағытталған.

Құжат қылмыстарды тез ашу, оларды жасаған адамдарды қылмыстық жауапкершілікке тарту және әділ сот талқылауын жүргізу мақсатында қылмыстық-процестік заңнаманы тиімді қолдануды көздейтін құқықтық тетіктерді оңтайландыруға бағытталған.

Отырыста бірқатар заң жобалары ратификацияланды. Олар: Қазақстанның Қырғызстанмен және Тәжікстанмен өтеусіз әскери-техникалық көмек көрсету туралы келісімдері. Сонымен қатар, Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы тәжік-ауған шекарасына іргелес аудандарда қауіпсіздікті қамтамасыз етуде әскери-техникалық жәрдем көрсету туралы келісімді ратификациялау туралы заң жобасы мақұлданды.  

Жалпы отырыста депутатттар «Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы» заң жобасын екінші оқылымда ілеспе түзетулерімен, сондай-ақ,  Адам құқықтары жөніндегі уәкіл қызметінің мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізуге қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс пен Салық кодексін екінші оқылымда мақұлдады.

Екінші оқылымда мақұлданған заң жобаларының қатарында дауларды соттан тыс және сотқа дейінгі реттеу институттарын дамыту мәселелері бойынша түзетулер енгізу туралы заң жобасы мақұлданды.

Отырыс соңында Мәжіліс депутаттары мемлекеттік органдар басшыларына депутаттық сауалдар жолдады. Олар: Д.Мыңбай, С.Ерубаев, Ж. Ахметбеков, М. Раманқұлов, Е.Смышляева.

 

(Мәжілістің Баспасөз қызметі, 74-63-01. Суретті түсірген Ж.Жұмабеков).



Любое использование материалов допускается при наличии ссылки на официальный сайт Мажилиса Парламента Республики Казахстан.