Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
08.12.2021

Мәжіліс Биологиялық қауіпсіздік туралы заң жобасын I оқылымда мақұлдады


Нұр-Сұлтан, 8 желтоқсан, Мәжіліс үйі. Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен жалпы отырыста Палата депутаттары бірқатар жаңа заң жобаларын мақұлдады.

Атап айтқанда, «Қазақстан Республикасының биологиялық қауіпсіздігі туралы» заң жобасы бірінші оқылымда ілеспе түзетулерімен мақұлданды.

-Еліміздің заңнамалық тарихында алғаш рет «Биологиялық қауіпсіздік» туралы заң жобасын қабылдадық. Бұл заң жоба Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасымен әзірленген. Осы құжат елімізде  биоқауіпсіздікті қамтамасыз етуге арналған. Ол әртүрлі инфекциялардың алдын алуға, халықтың денсаулығын сақтауға, жалпы алғанда, қоршаған ортаны биологиялық қауіптерден қорғауға мүмкіндік береді, - деді Нұрлан Нығматулин.

Палата Спикері атап өткендей, бұл заң жобасы Қазақстанда биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің жаңа моделін құру үшін құқықтық негіз болады және азаматтар мен қоршаған ортаны қорғауға бағытталады. Осы заң жобасы биологиялық қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырудың бірыңғай жүйесін қалыптастыруға, мемлекеттік органдардың өкілеттіктерін нақты ажыратуға және олардың қызметін үйлестіруге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, депутаттар осы заң жобасын талқылау барысында биологиялық қауіпсіздік саласындағы бірыңғай мемлекеттік ақпараттық жүйе деректері мәселелеріне ерекше назар аударды. Атап айтқанда, мемлекеттік ақпараттық жүйелерді заңды тұлғалардың, оның ішінде жеке тұлғалардың ақпараттық жүйелерімен интеграциялау кезінде туындауы мүмкін маңызды ақпараттың жария етілуі немесе жоғалып кетуіне қатысты мәселелерді көтерді.

Мәжіліс Спикері атап өткендей, ақпараттық жүйелерді біріктіргеннен кейін деректер қорына қол жеткізе алатын барлық ұйымдар қолжетімділігі шектеулі жүйені енгізуі тиіс.

Депутаттар заң жобасымен жұмыс істеу барысында патогендік және өнеркәсіптік микроорганизмдердің ұлттық коллекцияларын қалыптастыру, жүргізу және күтіп-ұстау механизмін нақтылауға; биологиялық қауіпсіздік саласында бірыңғай мемлекеттік ақпараттық жүйені құру мақсаттарын нақтылауға; патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеу жөніндегі қызметті жүзеге асыратын мамандардың біліктілігін арттыруды қамтамасыз етуге; патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеу мәселелерін реттейтін заң жобасының бірқатар нормаларын «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің талаптарына сәйкес келтіруге бағытталған түзетулер енгізді.

Сонымен қатар, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне биологиялық қауіпсіздік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ілеспе заң жобасында патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеу саласындағы құқық бұзушылықтар үшін жауапкершілікті күшейту көзделеді. Атап айтқанда: тиісті рұқсатсыз аса қауіпті инфекциялық аурулар тудыратын патогенді биологиялық агенттермен заңсыз жұмыс істегені үшін мүлкі тәркіленіп немесе онсыз, 2 жылдан 6 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жауаптылық шараларын белгілейтін; аса қауіпті инфекциялық аурулар тудыратын патогенді биологиялық агенттерді жымқырғаны не қорқытып алғаны үшін 5 000 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салу түріндегі жауаптылық шарасын не сол мөлшерде түзеу жұмыстарын не 5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуді не сол мерзімге бас бостандығынан айыруды белгілейтін; аса қауіпті инфекциялық ауруларды тудыратын патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеу қағидаларын бұзғаны үшін белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан 3 жылға дейінгі мерзімге айыратын немесе онсыз 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жауаптылық шараларын белгілейтін қылмыстық жауаптылық көзделген.

Сонымен қатар, жалпы отырыста бірқатар заң жобалары екінші оқылымда мақұлданды. Олар «Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне өлім жазасы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы», бәсекелестікті дамыту мәселелері бойынша, сондай-ақ, биржалық сауданы дамыту және жетілдіруге қатысты заң жобалары.

Жиында депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көрнекі ақпарат және діни қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасына Сенаты енгізген түзетулермен келісті.

Отырыс соңында Мәжіліс депутаттары мемлекеттік органдар басшыларына депутаттық сауалдар жолдады. Олар: Г.Бижанова, А.Сқақова, Л.Павловец, А. Әбілдаев.

 

(Мәжілістің Баспасөз қызметі, 74-63-01. Суретті түсірген Ж.Жұмабеков)



Любое использование материалов допускается при наличии ссылки на официальный сайт Мажилиса Парламента Республики Казахстан.