Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
15.12.2021

Мәжіліс сақтандыру нарығын және бағалы қағаздар нарығын реттеу мен дамыту мәселелері бойынша заңнамалық түзетулерді I оқылымда мақұлдады


Нұр-Сұлтан, 15 желтоқсан, Мәжіліс үйі. Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен жалпы отырыста Палата депутаттары сақтандыру нарығын және бағалы қағаздар нарығын реттеу мен дамыту мәселелері бойынша заңнамалық түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады.

Бұл заң жобасы өмірді сақтандырудың жаңа әлеуметтік маңызды өнімдерін ендіру жолымен сақтандыру нарығын және бағалы қағаздар нарығын одан әрі дамыту, сақтандыру қызметтерін тұтынушылардың және қор нарығында инвесторлардың құқықтарын қорғау шараларын күшейту, сақтандырудың кепілдік берілетін сыныптарының тізбесін кеңейту, сақтандыру нарығы мен бағалы қағаздар нарығының көрсетілетін қызметтерін цифрландыру, қазақстандық компаниялардың тәуекелдерін тиімді хеджирлеу үшін құқықтық жағдайлар жасау мақсатында әзірленген.

Заң жобасын талқылау барысында депутаттар бірқатар ұсыныстарын берді. Атап айтқанда, жеңіл жол-көлік оқиғалары кезінде және зардап шеккендер болмаған жағдайда, автокөлік иелерінің өзара келісімі бойынша полиция шақырусыз және сот шешімінсіз хаттама ресімдеп, яғни сақтандыру төлемін жеделдетілген және оңайлатылған түрде алу туралы.  

Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин депутаттардың ұсынысын қолдай отырып, осы заң жобасы жоғарыда айтылғандай сақтандыру төлемінің жеңілдетілген сызбасын қолдана алатынын, яғни, полиция хаттамасын ресімдемей және әкімшілік соттың шешімінсіз болатынын айтты.

Палата Төрағасының пікірінше, дәл қазір мұндай жағдайларда жүргізушілер бюрократиялық рәсімдерден аулақ болып, жағдайды өз қалталарынан шешетінін жақсы біледі.

Сонымен қатар, отырыста депутаттар азаматтардың қор нарығына қатысу аясынн кеңейту қажеттігі туралы мәселесін көтерді.

Нұрлан Нығматулин жеке инвесторлардың құқықтарын қорғау шараларын күшейту, ол бірінші кезекте біздің отандық қор нарығымызды дамыту үшін қажет екенін айтты.

2012 жылы Елбасы азаматтарымыздың IPO арқылы жекешелендіру процестеріне қатысу міндетін қойғанына назар аударған  Палата Төрағасы «ҚазТрансОйл», «Кегок» және «Кcell» акциялары іске асырылғанын, бірақ бұл процеске, оның ішінде жекешелендіру процестеріне халықтың қатысуының ашық және қауіпсіз тетігі болмағандықтан, жеке инвестор нарыққа келмегенін алға тартты.

Сондай-ақ, Мәжіліс Төрағасы биылғы жылы Мемлекет басшысы Реформалар жөніндегі жоғары кеңес туралы отырысында әрбір азаматтың ұлттық байлықтың бір бөлігін алу мүмкіндігі болуы үшін акцияларды бірінші кезекте жеке тұлғаларға - Қазақстан азаматтарына өткізе отырып, «Халықтық IPO» бағдарламасын қайта бастау міндетін қойғанын атап өтті.

Жалпы отырыс барысында Палата комитеттері «Әскери полиция органдары туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әскери полиция органдары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобаларын жұмысқа алды.  

Отырыс соңында Мәжіліс депутаттары мемлекеттік органдар басшыларына депутаттық сауалдар жолдады. Олар: А.Жамалов, Е.Бейсенбаев, И.Бұларов.

 

(Мәжілістің Баспасөз қызметі – 74-63-01. Суретті түсірген Ж.Құспанов)


Любое использование материалов допускается при наличии ссылки на официальный сайт Мажилиса Парламента Республики Казахстан.