Цвет сайта
Расстояние между буквами
Изображения
22.12.2021

Мәжіліс Қазақстанның Ресеймен әскери ынтымақтастық туралы шартын ратификациялау туралы заң жобасын мақұлдады


Нұр-Сұлтан, 22 желтоқсан, Мәжіліс үйі. Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен жалпы отырыста Палата депутаттары бірқатар жаңа заң жобаларын жұмысқа алып, Қазақстан мен Ресей арасындағы әскери ынтымақтастық туралы шартты ратификациялау туралы заң жобасын мақұлдады.

Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин атап өткендей, Шартты ратификациялау мемлекеттердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және сыртқы қауіп-қатерлерге қарсы тұру мүддесінде Қазақстан мен Ресейдің әскери ведомстволары арасындағы ынтымақтастықты дамытуға мүмкіндік береді.

Аталған шарттың нормалары мемлекеттердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мүддесінде әскерлерді  қолдануды бірлесіп жоспарлау және өңірлік қауіпсіздікке төнетін сын-қатерлер мен қауіптерге қарсы іс-қимыл бойынша әскери ынтымақтастықты жүзеге асыруға, сондай-ақ екі ел арасындағы әскери ынтымақтастықтың басқа бағыттары бойынша өзара іс-қимыл жасауға бағытталған.

Шарт жедел және жауынгерлік даярлық, бітімгершілік қызмет, әскери білім және ғылым, әскерлердің қызметі және оларды жан-жақты қамтамасыз ету, екі жақты нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру, мәдениет, спорт сияқты салаларда және әскери ынтымақтастықтың басқа да бағыттарында әскери ынтымақтастықты жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, жалпы отырыста Палата комитеттері Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне байланыс мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы, Атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру мәселелері бойынша түзетулер енгізу туралы және инновацияларды ынталандыру, цифрландыруды және ақпараттық қауіпсіздікті дамыту мәселелері туралы заң жобаларын жұмысқа алды.

Отырыс барысында Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы заң жобасына Сенат енгізген өзгерістермен келісті.

Жиын соңында Мәжіліс депутаттары мемлекеттік органдар басшыларына депутаттық сауалдар жолдады. Олар: Қ.Иса, С.Ерубаев, Қ.Ержан, Ғ. Әміреев, Г.Нұрымова, Ю.Ли.

 

(Мәжілістің Баспасөз қызметі – 74-63-01. Суретті түсірген Ж.Жұмабеков)



Любое использование материалов допускается при наличии ссылки на официальный сайт Мажилиса Парламента Республики Казахстан.