Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
20.06.2022

Бюджет-2021: Парламент Үкімет пен Есеп комитетінің есебін бекітті


Нұр-Сұлтан, 20 маусым, Мәжіліс үйі. Бүгін Парламент Палаталарының бірлескен отырысында 2021 жылдарға арналған республикалық бюджеттің орындалуы туралы Үкімет пен Есеп комитетінің есебі бекітілді.

Отырыста Бюджет мәселелерімен қатар Парламентте Конституциялық Кеңестің төрағасы Қайрат Мәми «Қазақстан Республикасындағы   конституциялық заңдылықтың  жай-күйі туралы» жолдауын, 1995 жылғы Конституцияның тарихи рөлі туралы айтты.

«Айдың басында өткен республикалық референдумның нәтижесінде мақұлданған конституциялық түзетулер қоғам мен мелекетті одан әрі жаңғыртудың құқықтық негіздерін қалады. Алдымызда тұрған басым міндет – жаңартылған Конституцияның мәнін терең ұғыну, бүкіл заңнаманы соған сәйкестендіру», – деді Конституциялық Кеңес төрағасы.

Жиында Үкіметтің және Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің 2021 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептері тыңдалды.

Ол туралы Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Қаржы  министрі Ерұлан Жамаубаев баяндама жасады.

«Үкіметтің есебі Парламент Мәжілісі мен Сенатында егжей-тегжейлі талқыланды. Оны қарау кезінде экономиканың барлық бағыттары бойынша жүздеген сұрақтар мен ұсыныстар берілді. Олар жұмыс топтары мен комитеттерде де талқыланды. Депутаттардың ұсынымдары Үкімет жұмысында ескерілетін болады. 2021 жылы жалпы ішкі өнімнің өсімі 4 пайызды құрады. Экономиканың барлық негізгі салаларында оң нәтиже болды. Мәселен, өнеркәсіптік өндіріс көлемі 3,8 пайызға, құрылыс саласы 7,6 пайызға, көлік 3,6 пайызға, сауда 9,2 пайызға өсті. Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 3,5 пайызға ұлғайды», – деді Премьер-Министрінің орынбасары.

Сондай-ақ, Е.Жамаубаев былтыр инфляция 8,4 пайызды құрағанын, жұмыссыздық 4,9% деңгейінде сақталғанын атап өтті.

Отырыста баяндама жасаған Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау  жөніндегі есеп комитетінің төрағасы Н. Годунова 2015 жылдан бері Ұлттық қордағы қаражат белсенді пайдаланылып келе жатқанын айтты.

«2019-2020 жыл туралы айтып отырған жоқпыз. Шынымен де пандемиямен байланысты дағдарысқа қарсы шараларға қаржы қажет болды. Бірақ 2021 жылы жалпы ахуал айтарлықтай жақсарды. Мемлекет басшысының республикалық бюджет Ұлттық қордың қаражатына арқа сүйемеуі керектігі туралы тапсырмасына қарамастан, 2021 жылы 4,5 трлн теңге жұмсалды. Ал бұл кезеңде Ұлттық қорға 4,3 трлн теңге ғана кіріс түскен», – деді комитет төрағасы.

Бірлескен отырыста Мәжіліс пен Сенат депутаттары С.Симонов пен С.Карплюк бюджеттік есептер бойынша баяндама жасады.

Мәжіліс депутаты С.Симонов салықты әкімшілендіру ісіндегі олқылықтар Ұлттық қорға кері әсер етіп жатқанына назар аударды.

«2021 жылы кейбір жоспарлы көрсеткіштер орындалғанына қарамастан, заңсыздықтар мен кемшіліктер бар. Салықтық әкімшілендірудің әлсіздігінен Ұлттық қорға тәуелділік артып отыр. Бұған дейінгі жылдар сияқты кірістердің үштен бір бөлігінен астамы Ұлттық қордан алынған. Кейінгі үш жылда бұл көрсеткіш жоғары болып тұр. Үкіметтің есебі бойынша, 2021 жылы салықтық және кедендік әкімшілендіруді жетілдірудің арқасында республикалық бюджетке 683,6 млрд теңге қосымша кіріс түкен. Алайда Есеп комитетінің бағалауы бойынша, бұл шаралардан 378 млрд теңге ғана түскен. Яғни, 44,7% пайыз аз», – деді депутат. 

С.Симонов атап өткендей, 2022 жылдың 1 қаңтарында республикалық бюджеттің кіріс толымсыздығы 451 млрд теңге болған. Бұл 2020 жылмен салыстырғанда 4 есе көп. Яғни толымсыздық 387 млрд теңгеге өскен.

Сонымен қатар отырыс барысында Парламент депутаттары Д. Мыңбай, Н.Жүсіп, А. Бойчин, Ғ. Дүйсембаев, М. Құлшар, С. Алдашев, Е. Смышляева, С. Дүйсембинов, Д. Еспаева, Л. Рысбекова,  Б. Дүйсенбинов, А. Күрішбаев, А.Қоңыров және Д. Нөкетаева сұрақтар қойып, өз пікірлерін ортаға салды.

Бірлескен отырыс соңында Парламент Есеп комитеті мен Үкіметтің 2021 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебін бекітті.

Өз кезегінде Премьер-Министр Ә. Смайылов депутаттарға 2021 жылғы республикалық бюджетті атқару туралы Үкіметтің есебін талқылау кезіндегі жұмысқа белсенді қатысқандары үшін алғысын білдірді.

Айта кету керек, жиынға Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі, Конституциялық Кеңестің, Жоғарғы Соттың, Орталық сайлау комиссиясының және Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрағалары, Үкімет мүшелері, Президентке тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдардың басшылары және Президент Әкімшілігінің, Премьер-Министр Кеңсесінің,  Парламент Палаталары аппараттарының жауапты қызметкерлері қатысты.

 

74-63-01, Мәжілістің Баспасөз қызметі. Суретті түсірген Ж.Жұмабеков

 


Любое использование материалов допускается при наличии ссылки на официальный сайт Мажилиса Парламента Республики Казахстан.