Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
30.11.2023

Мәжіліс «Масс-медиа туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады


Астана, 30 қараша, Мәжіліс үйі. Бүгін Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен Мәжілістің жалпы отырысы өтті. Онда депутаттар «Масс-медиа туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдап, бірқатар заң жобасын қабылдады.

«Масс-медиа туралы» заң жобасы ілеспе түзетулерімен бірінші оқылымда мақұлданды. Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның айтуынша, заң жобасы мемлекеттің, қоғамның мүдделері мен заманауи медиа саласының даму ерекшеліктерін ескере отырып әзірленген.

– Бастысы сөз еркіндігін қатаң сақтай отырып, журналистердің кәсіби мәртебесін көтеру және мемлекеттік ақпараттық саясаттың тиімділігін арттыру мәселелері қарастырылған, – деді Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева.

Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжанов қосымша баяндамасында БАҚ материалдарына үш жылдық ескіру мерзімін белгілеу және мемлекеттік органдардың БАҚ-тың жазбаша өтініштерін қарау мерзімін 7 жұмыс күнінен 5 жұмыс күніне дейін қысқарту ұсынылғанын айтты. Сонымен қатар жыл сайын журналистердің құқықтары мен бостандықтарының сақталуына талдау, олардың жағдайын бағалау және тиісті ұсынымдары бар Ұлттық баяндама дайындалатын болады.

– Жұмыс тобында аккредиттеу құқығын беретін «баспасөз картасы» ұғымына қатысты қызу пікірталас туындады. Ашығын айту керек, бұл «баспасөз картасы» Үкімет тарапынан жүйелі пысықталмаған әрі журналистердің еркін жұмыс істеуіне кедергі келтіретін норма екені анық көрініп тұр. Мысалы, «баспасөз картаны» беруші болып мемлекеттік орган бекітілген. Сондай-ақ, оны алу үшін 3 жылдық жұмыс өтілі міндеттелген. Әрине, мұндай шектеулері бар норма біздің тарапымыздан қолдау таппайды, – деді депутат.

Сондай-ақ құжатта мемлекеттік тілдегі контентті дамытудың және шекаралық аймақтардағы ақпараттық қауіпсіздікті реттеудің нақты нормалары қарастырылған. Балалар басылымдарын қаржылық және материалдық қамтамасыз етуге бағытталған ережелер енгізіледі.

Бұдан бөлек, Мәжіліс бірқатар заң жобасын қабылдап, Сенатқа жолдады. Олардың қатарында білім беру және тәлімгерлік мәселелері бойынша түзетулер бар. Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетов заңда негізгі үш бағыт бойынша стандарттар қарастырылғанын айтты. Біріншісі – балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және олардың құқықтарын қорғау.

– Заң жобасында 30 жылдан көп пайдаланып келе жатқан мектеп, балабақша мен колледждердің ғимараттарын әр 5 жыл сайын апаттылық қаупі бойынша тексеру туралы норма ұсынылды. Терезелерді арнайы қауіпсіздік механизмдерімен немесе құлыптарымен қамтамасыз ету міндеттеледі. Сондай-ақ әлеуметтік нысандармен, мектептермен және балабақшалармен қамтамасыз етіп алмай тұрып, көпқабатты үйлерді салуға тыйым салынады. Жетім балаларға әлеуметтенуге және өмір сүру жағдайларына бейімделуге мүмкіндік беретін жаңа тәлімгерлік институты енгізіледі, – деді А.Аймағамбетов.

Сондай-ақ балалар үйінде тәрбиеленетін 10 жастан асқан жетім балаларға әлеуметтену және өмір сүру жағдайларына бейімделу мүмкіндігін беретін жаңа тәлімгерлік институты енгізіледі. Тәлімгерге, оларды бақылауға, олардың жауапкершілігіне  қатысты нақты әрі қатаң талаптар қарастырылды. Балалар үйі, білім басқармасы мен тәлімгер арасында барлық қарым-қатынас шартпен реттеледі.

– Келесі бағыт – білім беру ұйымдарының еркіндігін кеңейту. Олардың басшыларына бекітілген штаттық деңгейлер шегінде штаттық кестені өзгерту құқығы беріледі. Колледждер мен мектептерге ақылы қызметтен түскен табыстарын білім беру мекемесінің өзі сол ұйымды дамыту үшін жұмсау құқығы беріледі, – деді А.Аймағамбетов.

Үшінші бағыт бойынша мемлекеттік мектептер мен колледждерді жеке меншікке беруге тыйым салынады. Сондай-ақ сыбайлас жемқорлықты азайту мақсатымен баланы кезекке қою және оны балабақшаға орналастыру, білім саласы қызметкерлерін жұмысқа қабылдау бірыңғай ақпараттық бағдарлама аясында ғана жүзеге асырылатын болады.

Мәжіліс 2021 жылы 28 мамырда Минскіде қол қойылған ТМД елдері аумақтарын санитарлық қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялады. Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният келісім тараптарға төтенше жағдайларға байланысты ауруларға және санитарлық-эпидемиологиялық бақылауға жататын тауарларға қатысты ТМД елдері аумақтарын санитарлық қорғау бойынша қажетті шараларды жүзеге асыруға мүмкіндік беретінін айтты.

Мемлекеттік корпорация мәселелері бойынша түзетулер екінші оқылымда қабылданды. Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің хатшысы Екатерина Смышляева заң бірінші оқылымнан бері жаңа нормалармен толықтырылғанына тоқталды.

– Серіктестік ұйымдар және келісімдер институты енгізіледі. Бүгінгі таңда «Қазпошта» бөлімшелеріндегі фронт-офистер ауылдарда пилоттық режимде табысты жұмыс істеп жатыр. Мемлекеттік қызметтер банктік қосымшаларда қолжетімді. Бұл ретте оларды тек мемлекеттік органдар ғана қамтамасыз ете алады, ал нәтижелерді қабылдау мен беруді мемлекеттік органдар дербес немесе әріптестік ұйымдар арқылы жүзеге асыра алады, – деді Екатерина Смышляева.

Түзетулерге сәйкес, құжаттарды алған кезде Қазақстан азаматтарының саусақ ізін тіркеу міндеттілігі алынып тасталады. Бұл ретте саусақ ізі шетелдік азаматтар үшін міндетті болады. Бұдан басқа да өзгерістер енгізілді.

Мәжіліс «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» ҚР кодексіне (Салық кодексі) өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңына және «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» ҚР Кодексін (Салық кодексі) қолданысқа енгізу туралы» ҚР заңына Сенат енгізген өзгерістермен келісті.

Сонымен қатар Мәжіліс комитеттері жаңа заң жобаларын қабылдады. Олардың қатарында құрылыс саласын және тұрғын үй құрылысына үлестік қатысуды жетілдіру, мемлекеттік статистика және деректерді басқару мәселелері, ғылым мәселелері бойынша түзетулер, сондай-ақ ЕАЭО туралы шартқа қатысты екі ратификациялық заң жобасы бар.

Мәжілісмендер жауапты мемлекеттік органдарға 17 депутаттық сауал жолдады. Олар Мәжілістің ресми сайтында және Telegram-каналында орналасқан.

Жалпы отырыстың екі бөлімінің толық жазбасы Мәжілістің YouTube арнасында: 

1) https://www.youtube.com/watch?v=SFTRsIcAlgA;

2) https://www.youtube.com/watch?v=bQtJpT8RlZE.

 

Мәжілістің Баспасөз қызметі 74-63-04, Фото Т.Таныбаев, Ж.Жұмабеков.


Любое использование материалов допускается при наличии ссылки на официальный сайт Мажилиса Парламента Республики Казахстан.