Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
28.10.2015

МӘЖІЛІС БІРІНШІ ОҚЫЛЫМДА БІРҚАТАР ЗАҢ ЖОБАЛАРЫН МАҚҰЛДАДЫ


МӘЖІЛІС БІРІНШІ ОҚЫЛЫМДА БІРҚАТАР ЗАҢ ЖОБАЛАРЫН МАҚҰЛДАДЫ

 

Астана, 28 қазан. Мәжіліс Үйі.

Бүгінгі Парламент Мәжілісінің Төрағасы Қабиболла Жақыповтың жетекшілігінде өткен Палатаның жалпы отырысында спорттық-бұқаралық, мәдени ойын-сауық және басқа да іс-шаралар өткізу кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету және бағалы металдар мен асыл тастар мәселелері бойынша  заң жобаларына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы мәселелерді бірінші оқылымда қарастырды.

Сонымен қатар тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы заңының жобасы бірінші оқылымда талқыланды.

Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитеті бірінші оқылымға ұсынған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне спорттық-бұқаралық, мәдени ойын-сауық және басқа да іс-шаралар өткізу кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы  мәдени-бұқаралық, спорттық және спорттық-бұқаралық ойын-сауық іс-шараларын ұйымдастыруға және өткізуге байланысты құқықтық қатынастарды реттеуге бағытталған.

Іс-шараларды ұйымдастыру және өткізу үшін жергілікті атқарушы органдар ұйымдастыру комитеттерін құрады, олар осы іс-шараларды өткізуге тартылған ұйымдардың қызметін үйлестіретін болады.

                Жеке тұлғалардың мәдениет, дене шынықтыру және спорт саласындағы құқықтары мен міндеттері кеңейтіледі, олардың іс-шараларға баруы кезіндегі тыйым салулар мен шектеулер енгізілген. Осыған байланысты, жеке тұлғалардың іс-шаралардағы мінез-құлықтың қағидаларын бұзғаны үшін әкімшілік жауаптылығы нақтыланған.

Сонымен қатар, бұқаралық іс-шараларды ұйымдастырушылардың жергілікті атқарушы органдарға іс-шарада болатын көрермендердің болжанатын саны туралы, сатылған билеттердің, орынтұрақтардың саны туралы уақтылы ақпарат беруі жөніндегі міндеті белгіленеді.

Осы құжатқа байланысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске, сондай-ақ «Мәдениет туралы» және «Дене шынықтыру және спорт туралы» заңдарға түзетулер енгізіледі. Заң жобасы жұмыс тобында талқыланғанда Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы, Ішкі істер, Әділет, Мәдениет және спорт, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрліктері, Ұлттық қауіпсіздік комитеті өкілдері қатысып ой-пікірлерін қосқан.

Заң жобасы бірауыздан бірінші оқылымда мақұлданды.

 

Қаржы және бюджет комитеті  отырысқа ілеспе түзетілерімен бірінші оқылымға шығарған Мәжіліске Үкімет  енгізген «Бағалы металдар мен асыл тастар туралы» заң жобасының мақсаты – бағалы металдар мен асыл тастарды өндіру және олардың айналымы,  бағалы металдармен және асыл тастармен операцияларды мемлекеттік реттеу және бақылау,  ұлттық заңнаманы үйлестіру және Қазақстан Республикасында зергерлік өнеркәсіпті дамытуға жағдай жасау саласында туындайтын қоғамдық қатынастарды реттеудің  бірыңғай заңнамалық негізін қалыптастыру болып табылады.

Заң жобасында Қазақстан Республикасы Үкіметінің, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің және  бағалы металдар мен асыл тастардың айналымы саласындағы уәкілетті органның құзыретін айқындау,  сондай-ақ осы саладағы Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылықты белгілеу көзделген.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің бағалы металдардағы активтерін толықтыру үшін, бағалы металдар өндірісі субъектілерімен және оны қайта өңдеу нәтижесінде меншік иелері болған тұлғалармен аффинирленген алтынды сатып алу жөнінде мәмілелер жасасуға мемлекеттің басым құқығы нақтыланған.

Бұған қоса, заң жобасында:

1) ұғымдық аппаратты, оның ішінде «асыл тастар», «аффинирленген алтын», «құрамында бағалы металдар бар шикізат тауарларындағы зиянды қоспалар мен  бағалы тастардың шекті мәні» деген ұғымдарды енгізу;

2) Қазақстан Республикасының аумағында өндірілген және өткізілетін бағалы металдар мен асыл тастардан жасалған зергерлік бұйымдарды сынамалау және таңбалау жөніндегі міндет;

3) атаулы таңбаны уәкілетті ұйымда міндетті тіркеу көзделген.

Құжатты талқылаған жұмыс тобына 100-ден астам ұсыныс келіп түсті, олар  жұмыс тобының отырыстарында және Комитеттің кеңейтілген отырысында мүдделі министірліктер мен ведомстволар, сондай-ақ бірқатар үкіметтік емес ұйымдар  өкілдерінің қатысуымен қаралды. Парламент Мәжілісінің барлық Комитеттері заң жобасына оң қорытындыларын берген. Заң жобасын Палата бірінші оқылымда мақұлдады.

«Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» заңының жобасы «Қазақстанды әлеуметтік жаңғырту: жалпыға ортақ еңбек қоғамына қарай жиырма қадам» атты мақаласында берілген Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру жөніндегі Іс-шаралар жоспарының 19-тармағын іске асыру мақсатында әзірленген. Заң жобасы үлескерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғау және үлестік тұрғын үй құрылысына қатысушылардың қарым-қатынасын реттеу үшін құқықтық алаң құру бойынша заңнаманы жетілдіруге бағытталған.

Заң жобасында тұрғын үй құрылысына үлестік қатысуды мынадай тәсілдермен ұйымдастыру көзделеді: Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қорының кепілдігін алу; жобаға екінші деңгейдегі банктің қатысуы; тұрғын үй ғимаратының қаңқасы көтерілгеннен кейін үлескерлердің ақшасын тарту. Бұл ретте заң жобасында көзделмеген өзге де тәсілдермен тұрғын үй ғимаратының құрылысы үшін үлескерлердің ақшасын тартуға тыйым салынады.

Заң жобасында тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу бойынша кепілдіктер беру үшін тұрғын үй ғимаратының құрылысын аяқтауға және үлескерлерге тұрғын үй ғимаратындағы үлесті беруге кепілдік беретін, жарғылық капиталына мемлекет қатысатын, Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша ақционерлік қоғамның ұйымдық-құқықтық нысанында құрылатын коммерциялық емес ұйымды - Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қорын құру ұсынылады. Сондай-ақ заң жобасында Кепілдік беру қорының мақсаты мен функциялары, құқықтары мен міндеттері, оған қойылатын талаптар айқындалған, Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қорының кепілдікті жағдайларды ретке келтіруге резервін қалыптастыру регламенттелген. Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қоры қаржылық тұрақтылық, тәжірибенің болуы бойынша үлестік құрылысқа қатысушыларға біліктілік талаптарын қойып, үлескерлердің ақшасының нысаналы пайдаланылуына бақылау жасау тетігін енгізетін болады.

Екінші деңгейдегі банктердің қатысуы арқылы үлестік қатысуды ұйымдастыру үшін заң жобасында құрылыс салушы мен уәкілетті компанияға қойылатын нақты талаптар ұсынылады. Атап айтқанда, тұрғын үй ғимаратын салу тәжірибесі, оның ішінде тапсырыс беруші ретінде тәжірибесінің болуы; меншік немесе мемлекет берген жер пайдалану құқығында ауыртпалықсыз жер учаскесінің болуы; жобалау-сметалық құжаттаманың болуы. Сондай-ақ заң жобасында тұрғын үй ғимаратының қаңқасы көтерілгеннен кейін үлескерлердің ақшасын тарту жөніндегі қызметті ұйымдастыру кезінде құрылыс салушы мен уәкілетті компанияға қойылатын тиісті талаптар көзделеді.

Заң жобасында сондай-ақ тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарт және шарттарды есепке алу жөніндегі негізгі ережелер көзделген; үлескердің құқықтары мен міндеттері, тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарт бойынша тараптардың міндеттемелерді  орындауы және жауаптылығы регламенттелген.

Жұмыс тобының заң жобасымен жұмысы барысында депутаттар   заң техникасының талаптарына сәйкес келтіретін, сондай-ақ заң жобасының жекелеген нормаларын нақтылайтын және мазмұнын жақсартатын    түзетулер енгізді.

Парламент Мәжілісінің барлық комитеттері заң жобасы бойынша оң қорытындыларын берді. Жұмыс тобына 429 түзету келіп түсті. Заң жобасы бойынша мүдделі министрліктер, ведомстволар мен қоғамдық ұйымдар өкілдерінің қатысуымен жұмыс тобының төрт отырысы, Комитеттің кеңейтілген отырысы өткізілген.

Палатаның  Экономикалық реформа және өңірлік даму комитеті ұсынған «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» заңының жобасы ілеспе түзетулерімен бірінші оқылымда Мәжілісте мақұлданды.

 

***

Бүгінгі жалпы отырыста ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Сәкен Жылқайдаровтың мезгілсіз өмірден өтуіне байланысты депутаттық өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату қаралды.

(Сәуле Досжанова. Т.74-63-01. Суретті түсірген  Сайлау Майлыбаев. Ақпаратты ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының  Баспасөз қызметі таратты.)

 

 

 

 

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі