Шпанов
Еркін
Мәжитұлы

Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі

Депутатқа хат
ҚР Премьер Министрі К. Мәсімовке. Ауыз су мәселесі
Қазақстан Республикасының

       Қазақстан Республикасының

       Премьер-Министрі

       К.Қ. Мәсімовке

 

 

Құрметті  Кәрім  Қажымқанұлы!

 

         Қазіргі таңда мемлекеттік тілімізді дамыту, оның қолданыс аясын кеңейту бағытындағы жүргізіліп жатқан іс-шараларға Үкімет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетіліп келе жатқаны белгілі. Алдағы уақытта да Үкімет тарапынан мемлекеттік тіліміздің мерейін көтеру, қолданыс аясын кеңейту мақсатында көптеген жұмыстар атқарыла береді деген сенім білдіреміз.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 2011 жылғы 29 маусымдағы № 110 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасында Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында (бұдан әрі – Бағдарлама) 2020 жылға қарай мемлекеттік тілді меңгергендердің қатары 95 пайызға дейін жететін болады деген міндет қойылды. Бұл міндетті Елбасымыз ағымдағы жылғы Қазақстан халқына Жолдауында да қадап айтқан болатын. Сонымен қатар тиісті мекемелерге бірқатар тапсырмалар да берді. Нақты келтірер болсақ,  Елбасы Жолдауында: «Еліміздегі барлық мектептер мен оқу орындарында қазақ тілінде оқыту үрдісі жүріп жатыр. Осының бәріне депутаттар мен мемлекеттік қызметтегілер өз үлестерін қосулары керек. Мәселені осылай шешу қажет. Осы құндылықтарды барлық білім беру мекемелеріндегі жастардың білім алуында қамтамасыз ету бойынша Үкіметке типтік кешенді жоспар әзірлеуді тапсырамын»деп айтқан болатын. Осы бағыттағы жұмыстарды іске асыруда Білім және ғылым министрлігі тарапынан қандай шаралар қолға алынуда? Бағдарлама қабылданған 2011 жылғы 29 маусымнан бері министрлік тарапынан жоғарыда аталған мәселелерді іске асыруда қандай да бір нормативтік-құқықтық құжаттар (бұйрық, нұсқау, т.б.) қабылданды ма? Жергілікті облыстық білім беру мекемелеріне қандай тапсырмалар берілді? Егер осындай шешімдер қабылдана қалса, онда олар қалай жүзеге асуда, осыны білгіміз келеді.

Президент өз Жолдауында: «Енді он жылдан кейін мектеп бітірушілердің 100 пайызы мемлекеттік тілді біліп шығатын болады» – деп нақты межеледі. Бұл Бағдарламада да қарастырылған. Дегенмен, осыны жүзеге асыруға тиісті Білім және ғылым министрлігі Елбасымыз тарапынан айтылған осы мәселеде нақты, жоспарлы жұмыстар атқаруы тиісті деп ойлаймыз. Мемлекеттік тілді өрістетудің үлкен тетігі осында деп білеміз. Қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде барлық қазақстандықтардың өзара қарым-қатынас тіліне айналғанда шын мәніндегі конституциялық мәртебесі жүзеге асады. Қазіргі кезде орыстілді мектептерде қазақ тілін үйретуге барынша талап қойылмауда. Соның себебінен мектеп түлектері мектеп қабырғасында қазақ тілін 1600 сағат оқыса да олардың басым көпшілігі қазақ тілін игермей шығады. Ал тілді тұрмыстық деңгейде меңгеру үшін, мамандардың айтуынша, 500-600 сағат жеткілікті. Оқушылардың қазақ тілін өз деңгейінде үйрене алмауы оқытудың сапасында, оқу құралдарының деңгейінде болып тұрғаны түсінікті. Яғни қазақ тілін оқытудың бағдарламасын, әдістемені жетілдіру, мұғалімдердің біліктілігін арттыруда министрлік тарапынан атқарылатын шаралар жеткілікті. Соның бастысы ретінде жоғарыда Елбасымыз айтқан кешенді типтік бағдарлама жасауды кешіктірмей қолға алған жөн. Министрлік мемлекеттік тілді оқушылардың меңгеруіне қаншалықты жұмыс істесе, қазақ тілінің де келешегі сондай болмақ. Әзірге жас ұрпақтың қазақ тілін біліп шығуына бетбұрыс боларлық шаралар атқарылмауда, осыдан мемлекеттік бағдарламаның «Мемлекеттік тілді меңгеру» атты бірінші бағыты орындалмауда.

Ғұлама Әл-Фараби «Тәрбиесіз алған білім – адамзаттың қас жауы» деп айтқандай, тұғыры биік тәуелсіз еліміздің болашағы жастар екенін ескерсек, аталған бағыттағы жұмыстың маңыздылығы ұғынықты болмақ. Тәрбиенің төтенше маңызына биылғы Жолдауында Елбасы айрықша тоқталғаны – бұл бағытта жұмысты жандандыруды бәрімізге міндеттейді. Сондықтан, осы орайда барлық білім беру мекемелерінде ұлттық тәрбие берудің бірыңғай  бағдарламасын әзірлеп енгізу қажет. Жаһанданудың қазіргі қарқыны тәуелсіз еліміздің саяси, мәдени келбетін сақтау үшін бұл салада аса маңызды, мақсатты жұмыстарды атқаруды міндеттейді. Бұл мемлекет мүддесі, уақыт талабы.

         Бүгінгі күннің тағы бір маңызды мәселесі – республикамыздағы жетім балалар мен мүгедек балаларды тәрбиелейтін мекемелерде мемлекеттік тілді оқыту, мемлекеттік тілде тәрбиелеу, сөйлеу, осы тілде қызмет көрсету жағдайы. Тағдыр тәлкегімен, әрқилы қиын жағдайлармен осы мекемелерге келіп түсетін балалардың барлығын мемлекеттік тілде тәрбиелеу керек. Шалғайдағы елдімекеннен орталықтағы арнайы мекемеге келген мүгедек немесе жетім балаға орыс тілінде қызмет көрсетілсе көзі жәутеңдеп, ойын жеткізе алмасы хақ. Осы жағдайларды болдырмау немесе алдын алуда Білім және ғылым министрлігі тарапынан қандай да бір шара қарастырылған ба?

         Құрметті Кәрім Қажымқанұлы, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев еліміздің тәуелсіздігіне арналған салтанатты жиында сөйлеген сөзінде: «Елдік пен Тәуелсіздіктің Киелі көк Туын ХХІ ғасырда асқақтата желбірететін – жастар, сендер боласыңдар! Ел бірлігін көздің қарашығындай сақтаңдар! Қуатты Қазақстанның құтты іргесін қалаушы біздің буынның абыройлы аманатына лайық бола біліңдер! Сонда ғана Қазақстан жас ұрпақтың жанқияр еңбегі арқылы өркендейтін болады деп сенемін» – деп үміт артты. Еліміздің ертеңі жастарымызды абыройлы аманатқа лайықтап тәрбиелеу, ана тілімізбен келетін құндылықтарды бойына сіңіріп өсіру біздің міндетіміз екені білгілі. Өзіңізге зор сенім арта отырып, жоғарыда көтерілген мәселелер тиісті шешімін табады деген ойдамыз.

         Осы депутаттық сауалға «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық Заңына сәйкес жазбаша жауап беруіңізді сұраймыз.

 

      Құрметпен,                                                                                 О. Асанғазы

                                                                                                             Ж. Ахметбеков

                                                                                                             Б. Смағұл 

                                                                                                             М. Бегентаев

                                                                                                             Т. Өмірзақов

                                                                                                              З. Саяпова

                                                                                                              Е. Шпанов