Шпанов
Еркін
Мәжитұлы

Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі

Депутатқа хат
№ 78. 10 ШІЛДЕ, 2012 ЖЫЛ. АТЫРАУ ГАЗЕТІ ТҰРҒЫНДАР ТІЛЕГІНЕ - СЕРГЕК КӨЗҚАРАС
№ 78

№ 78. 10 ШІЛДЕ, 2012 ЖЫЛ.

 

ТҰРҒЫНДАР ТІЛЕГІНЕ – СЕРГЕК КӨЗҚАРАС

 

Каникулға шығып, ел аралап жүрген Парламентттің төменгі палатасының бір топ депутаты Атырауға келді. Ресми Астанадан арнайы сапарланып келген депутаттардың ішінен кеше мәжілісмен Еркін Шпанов қоғамдық қабылдау өткізіп, азаматтардың өтініш тілектерін тыңдады.

         «Нұр Отан » партиясының облыстық филиалында өткізілген қоғамдық қабылдаудың бұл жолғы ерекшелігі азаматтардың түрлі мәселені көтеруінде еді.

         Мәселен, Көкарна селосының тұрғыны көп балалы ана Ұлдай Жарасова аталмыш селоның саяжайында тұратынын айтады. Тек осы саяжайда тұратын оқушылардың мектепке барып қатынаулары қиынға соғатын көрінеді. Оның айтуынша балалардың мекткепке автобуспен тіке қатынайтын мүмкіндіктері жоқ. Ал, мектепке жету үшін балалар 7-8 аялдаманы асып өтулері керек. Бұл орайда Мәжіліс депутаты Еркін Шпанов көп балалы анаға үлкен мәселе көтеріп отырғаны үшін ризашылығын білдіріп, мәселенің міндетті түрде қаперге алынатындығын атап айтты.

         Сондай-ақ, көп балалы ана депутаттан жолдасын жұмысқа орналастыруға жәрдем сұрады. Оның айтуынша, жолдасы бастапқыда Қарабатанның «СиСи» компаниясында турбомонтаждаушы болып жұмыс істеген. Кейін Қашағанға ауыстырылып, жұмыстан босап қалған. Бұл орайда депутат мырза Қарабатандағы жобаның аяқталғандығын, осыған орай жиырма мың адамның жұмыстан босатылғандығын, жыл аяғына дейін тағы да бес-алты мың адамның жұмыстан қысқаратындығын, орын алған қиындықтармен нәтижелі күресуде ел Үкіметінің «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы қолға алынғанын айтты.

         Балықшы поселкесінің тұрғыны Қали Аубекеров те үлкен мәселемен келіпті. Өзінің айтуынша бүгінде ол «Атырау жолдары» мекемесінде жұмыс істейді. Алайда, олар белгілі жұмыс мөлшерін тендерден ұтып алғанымен, жерден топырақ ала алмай, төрт жылдан бері жұмыс жасай алмай отырған көрінеді. «1995 жылы қабылданып, 2010 жылы өзгерістер мен толықтырулар енгізілген «Қазақстан жер қойнауы туралы заңы» құрылыс саласына топырақ алуға рұқсат етпейді. Онда, топырақ пайдалы қазба, керъер, жер қойнау ретінде көрсетілген. Осыған орай, жаңа ереже де шықты. Сол себепті біздің жұмысымыз тоқтап отыр. Біз аталмыш заңдағы «Жер қойнауы» деген ұғымға өзгеріс енгізілуін сұраймыз» деді ол. Бұл орайда Мәжіліс депутаты Еркін Шпанов өзінің халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі екендігіне қарамастан, бұл мәселемен тікелей айналысатындығын, бір ай ішінде жауаптың болатындығын айтты.

         Қала тұрғыны Сембай Сариев атты азамат үй салуға жер алғанымен, әлі күнге мемлекеттік актінің жоқтығын, қала әкімінің қаулысы шықпай отырғандығын айтты. Сондай-ақ, Зоя Қондыбаева атты азаматша Ұлы Отан соғысы ардагерінің жесірі, көзі көрмейтін анасының бір бөлмелі пәтерде төрт адаммен тұрып жатқандығын, пәтер бірінші қабатта орналасқандықтан маса-шыбындардың қарт адамның мазасын алатындығын, осыған орай баспана мәселесінде көмек сұрай келгендігін жеткізді. Бұл орайда депутат Еркін Шпанов тұрғын үйдің он бір категория бойынша берілетіндігін, оның ішінде Ұлы Отан соғысының ардагерлері, Ауған соғысының ардагерлері, мүгедектер, аз қамтылған отбасылар, жетім балалар сынды категориялардың бар екендігін, бұл кісілердің өткен жылы ғана кезекке тұруына байланысты, үйдің заң шеңберінде және уақыты келген кезде берілетіндігін жеткізді.

         Осылайша, Атырауға сапарының жұмыс жоспарындағы алғашқы іс-шарасын қорытындылаған депутат жұмыспен қамту мәселесі бойынша келгендерге мейлінше көмек көрсетуге ықпал ететіндігін, өзге де келелі мәселелердің жіті бақылауында болатындығын БАҚ өкілдеріне арнайы түрде мәлімдеді.

Баян Жанұзақова