№ 79. 12 ШІЛДЕ, 2012 ЖЫЛ. «АТЫРАУ» ГАЗЕТІ
ҰСЫНЫС-ТІЛЕКТЕР КӨП АЙТЫЛДЫ.
Парламенті Мәжілісінің депутатары, «Нұр Отан» ХДП-нан сайланған Асхат Бекенов пен Қазақстан коммунистік халық партиясының өкілі Тұрсынбек Өмірзақов сайлаушылармен жүздесу үшін Махамбет ауданына ат басын тіреді.
Аудандық әкімшілікте өткен кездесуде депутаттар жарты жылда Мәжілісте атқарған жұмыстарынан есеп берді. Мінберге бірінші болып көтерілген Асхат Сахабиденұлы индустриялық-инновациялық жобалардың «Жұмыспен қамту-2020», «Ақбұлақ», ТКШ-ны қайта жаңғырту секілді бағдарламалардың барлығы Елбасының жолдауынан туындағанын, аталған бағдарламалардың барлығы да жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. Сонымен қатар, көппартиялы режимде жұмыс істеген мәжілісте заңдардың ерекше тартыспен талқыланғандығына тоқталды.
Көппапртиялы режимнің бір ерекшелігі – ұсынылған заң жобасы жан-жақты талқылаудан өтеді. Бұл жерде айтайын дегенім «Нұр Отанның» көзқарасы бір басқа да, «Ақжол» мен «Коммунистік» партияларының көзқарастары мүлде бөлек. Мәселен, «Ақжол» партиясының депутаттары өздері негізінен бизнес саласынан шыңдалып шыққаннан кейін орта және шағын кәсіпкерлердің мүддесін бірінші орынға қояды. Бұл екі партияның депутаттары халықтың арасында болып бағдарламалардың қандай дәрежеде жүзеге асырылып жатқанын, бөлінген қаржының қаншалықты игерілуде екенін көздерімен көріп келеді де, Үкіметтің алдында мәселе қылып көтереді. Министрліктер тарапынан кеткен кемшілікті беттеріне айтады. Көппартиялы режимнің артықшылығы да осында жатыр. Қазір Үкімет Парламент депутаттарынан кәдімгідей жүрексінетін болды. Бұрын заң жобалары «Нұр Отан» партиясынң 7 жұмыс тобының отырысынан ғана өтсе, қазір 20-30 жұмыс тобының отырысында қаралып, шыңдалып шығып жатыр деген Асхат Бекенов бұдан мемлекет тарапынан ауылдық жерлердегі кәсіпкерлікке айтарлықтай қолдау жасалып жатқанына қарамастан, жаңа жұмыс көздерінің ашылмай отырғанын тілге тиек етті. Білім саласындағы ахуалға қысқаша тоқталған депутат биылғы жылы өткізілген ҰБТ-ның еліміздің білім деңгейінің қандай дәрежеде екенін көрсеткенін де атап өтті.
Келесі кезекте сөз алған «Қазақстан коммунистік халық партиясының» өкілі Тұрсынбек Өмірзақов осы уақытқа дейін қабылданып келген заң жобаларының сапасында кемшілік көп екенін, ал заңның сапасын жақсарту үшін бәсеке керек екенін мәлім етті.
- Біз жақында бірінші рет Үкіметтің есебін тыңдадық. Онда 42 млрд. теңгені ауыл шаруашылық министрлігі жұмсамағанын естідік. Біздің әттеген-ай дейтін тұсымыз өзге елдерге беретін қарызымыз өте көп. Қарызымыз әрбір қазақстандыққа шаққанда 7 млрд. теңгеден келеді екен. Менің ойымша осы шектен тыс қарыз алу жүйесін өзгерту керек, - деді Тұрсынбек Қазенұлы. Депутаттың айтуынша, дамыған елдерде жалақысы төмен адамдарға салық салынбайды. – Салықты байларға ғана салу керек. Ал бізде 200 мың жалақы алатын адамға да, 20 мың жалақы алатын адамға да 10 пайыз салық салынады. Бізде бай мен кедей тең. Мұндай жағдайда біз баий алмаймыз. Мен осы мәселені депутаттық сауал ретінде жолдадым. Бұл мәселелердің барлығы да заң қабылдау арқылы шешіледі – дей келе депутат «Болашақ» бағдарламасымен шетелдерге оқуға ауыл балаларының да баруына жағдай жасау қажеттігін де айтып өтті.
Депутаттар одан әрі сайлаушлар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.
Сайлаушылармен осындай кездесуді «Нұр Отан» ХДП-нан сайланған Мәжіліс депутаты Еркін Шпанов Сарайшық селосында өткізді.