Шпанов
Еркін
Мәжитұлы

Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі

Депутатқа хат
Атырау облысы Құрмеанғазы аудандық қоғамдық саяси "Серпер" газеті. 18.04.2013. №16. КӨП САУАЛ ШЕШІМІН ТАБАТЫН БОЛДЫ
Атырау облысы Құрмеанғазы аудандық қоғамдық саяси "Серпер" газеті

Атырау облысы Құрмеанғазы аудандық қоғамдық саяси "Серпер" газеті. 18.04.2013.  №16

 

КӨП САУАЛ ШЕШІМІН ТАБАТЫН БОЛДЫ

 

Абай атындағы орта мекпепте ҚР-сы Парламент Мәжілісінің депутаты Еркін Мәжитұлы Шпанов ұстаздармен кездесті. Шараға аудан әкімінің орынбасары А. Мұфтах,  «Нұр отан» ХДП аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Т. Шәріпов, аудандық ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Ө. Тәжібаев қатысты. Мәжіліс депутаты Е. Шпанов өз сөзінде Мәжіліске 76 Заң жобасы түскенін, оның 56-сы қабылданып, 45-не Презмдент қол қойғанын, олардың ішінен 2-3ін талқылауға қатысқанын тілге тиек етті. Депутаттың айтуынша 2012 жылы дүние жүзінде 5 млрд. Қазақстанда 500 млн. тонна мұнай өндірілген. Осылай жалғаса берсе әлемдік мұнай қоры 35, еліміздегі қара алтын 46 жылға жетпек. Сондықтан балама энергия көздеріне көбірек көңіл бөлу қажеттігі туындауда. «Қазақстан - 2050» стратегиясы жайлы да таныстырып өткеннен кейін Е. Шпанов көпшілікті толғандырып жүрген мәселені қозғап: - Әйелдердің зейнетақы жасын ұзарту жөніндегі Заң жобасы Парламентке түсті. Бұған дейін бізде 11 зейнетақы қоры болды. Оның 10-ы жеке меншік. Бәрі де өз-өзін ақтай алмады. Тек басшылары астарына көлік мініп, басына жаңа баспана салып жағдайларын жақсартқан. Қазір бұл қорларда жинақталған 20 млрд. доллар қаражат бар. Енді содан айырылып қалмай тұрғанда бәрін бір жерге жинап мемлекеттік зейнетақы қоры құрылады. Қазақстанда күні бүгін 1 млн. 800 000 зейнеткер болса, мұның 70 %-ы әйелдер. Олардың жинағы ер-азаматтардікінен 25 %-ға төмен. Теңестіру мақсатында әйелдердің зейнетақы жасы біртіндеп жарты жылдан өсіріледі. Бұл заң әлі қабылданған жоқ. Соған орай алыстағы аудан тұрғындарының пікірін білмек ниетпен орталарыңызға келдік,-дей келе мигранттар жайлы заң жобасы, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы, латын әрпіне көшу жайлы да баяндап өтті. Бұдан әрі қатысушылар көңілдерін байыз таптырмай жүрген ойларды ортаға салды.

Абай орта мектебінің мұғалімі Сәдіржан  Бектеміров: -Бұрын несие алған мұғалімдерге жеңілдіктер бар еді. Енді коэфициент деген шығыпты. Алға қара жеңілдіктер болмай ма? Жолдарымыздың сапасы нашар, ол қашан жөнделеді?

Ломоносов орта мектебінің ұстазы Алмажи Өтегенов: -Мектептерде спорт алаңдары мен залдары жеткіліксіз. Әуезов мектебіндегі спорт алаңы салынғанына 1 жыл толмай жатып пайдаға аспай қалды. Спортшылардың көбі шыққан біздің Ломоносов орта мектебі спорт залымен қамтылмаған. Өзімізді әлемге таныту үшін табиғаты туризмге сұранып тұрған ауданымызда туристік станса ашуға қаржы бөлінуіне көмектессеңіз.

Зоя Исқалиева, Абай орта мектебінің ұстазы: -Сіздер айтқан әйелдердің зейнетақы жасын ұзарту жөніндегі Заң жобасы халық арасында неге кеңінен талқыланбайды. Ауылдық жерде оны қолдайтындарды естімедік. 63-жасқа дейін жұмыс жасау оларға қиын. Оған жеткенде отырғыштан ұстап орнымыздан тұрып, тақтаға сүйеніп сабақ түсіндіреміз. Компьютерді де көзіміз көрмеуі мүмкін. Біз 63 жасқа дейін жұмыс жасасақ, жаңадар оқу бітірген жастар қайда барады? Бүгінде әйелдердің орташа жасы 69. Сонда ауыл әйелдері бейнетінің зейнетін көре алмайды ғой.

Толқын Әжіғалиева, Ломоносов орта мектебінің ұстазы: -Жаңа Заң қабылдана қалғанда ауылдық жерлердегі әйелдерге жеңілдік енгізуі қажет. Ауыл мен қаланың жағдайы бірдей емес. 63 жасқа дейін істеу-істемеудің әйелдердің өз еркіне қалдырған жөн. Қажет деп тапса 53-те зейнетке шығуына жағдай туғызылсын. Кейбір адамдар денсаулығына байланысты сол 53 жасқа дейін әрең істеп жүр. Заң қабылдағанда осыны ескеріңіздер, - деді. Сұрақтарға аудан әкімінің орынбасары А. Мұфтах пен Мәжіліс депутаты Е. Шпанов жолдардың жөнделетіні,  спорт алаңдары салынғалы отырғаны, ұсыныстар ескерілетінін айтып жауап берді.

Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаты Е. Шпанов «Нұр Отан» ХДП аудандық кеңесінде қоғамдық қабылдау өткізіп оған қатысқан ішкі істер саласының зейнеткері Е. Тюмалиев 1998 жылға дейінгі еңбек өтілі 10 жылға толмағандықтан зейнетақысы төмендігін аудандық С. Көшекбаев атындағы мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі Н. Мертаев апатты жағдайда тұрған, Киров халық театры орналасқан Балқұдықтағы мәдениет үйінің де жағдайы мәз емесін айтып, осы мәселелердің шешілуіне қол ұшын беруін сұрады. Аудандық білім беру бөлімінің әдіскері Г. Қалиева 8 мың халқы, 1 мен 4 жас аралығындағы 550 бала бар Ақкөл селолық округінде бірде-бір балабақша жоған айтып, көмектесуін өтінді. Аудан әкімінің орынбасары А. Мұфтах Е. Тюмалиевтің айтқанынан басқасы биыл шешілгелі отырғанын жеткізді

Қанат Ғұмаров