Шпанов
Еркін
Мәжитұлы

Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі

Депутатқа хат
"Өткенге салауат, болашаққа үміт" Е.М. Шпанов автобиографиалық очерк
ЕРКІН ШПАНОВ

ЕРКІН ШПАНОВ

 

«ӨТКЕНГЕ – САЛАУАТ, БОЛАШАҚҚА - ҮМІТ»

 

Өз өмірінің аса маңызды және елеулі кезеңдерінде кез келген адам жүріп өткен жолына байыппен көз тастап, шолып өтуі заңды деп ойлаймын. Өйткені өткенін жақсы білген адам болашағын да айқын болжай алмақ.  

Менің өмірбаянымнан алынған осы очерк 50 жылдық мерейтойым қарсаңындағы қуаныш пен қанағат сезіміне бөлейтін жетістіктерімді, жеткен табыстарымды паш етеді.

Мұнда уақыттың ұшқырлығы мен жастық шақтың сәулелі сәттері, кейде жаныңды нәзік мұңға бөлейтін толғаныстарым мен қуаныштарым жайлы да айтылған.

Әрине, кейбір жанымды жасытатын кезеңдер жайында ой құшағына беріле жазған сәттерім туралы да сыр бөліскенмін. Менің пікірімше, жинақталған қорытындылар болашақта алға жетелеу үшін қажет және өмір сүрген жылдарыңның санымен емес, тірнектеп жинаған тәжірибені өзіңнің жан-дүниең мен парасат-пайымыңнан сүзгісінен өткізе білу қабілетімен айқындалады деп ойлаймын.

Адам туған сәтінен бастап өмірінің соңына дейін қалыптасу үстінде болады, сондықтан да адам рухының асқақтығы әрдайым өзін жетілдіре білумен айқындалады.

 Осындай айқын ақиқат осы өмірімнен алынған сырларымды жазуыма себеп болды. 

 

* * *

 

Мен әрдайым өз үйіме, Атырауға оралған сайын кереметтей толқу және қуаныш сезіміне бөленемін.  Бұл тегінде, адамның өзінің туған жерімен шыр етіп жерге түскен сәтінен бастап әлдебір нәзік байланыста болатындығымен, ал туған жердің киелі қасиетінің біржолата адамның жан дүниесінен орын алатындығынан болса керек. 

Атыраудың әрбір тасы ежелгі көне дүниеден хабар береді.  Бұл өлкеде мыңнан астам тарихи, археология, сәулет және монументальды ескерткіштердің өнер туындылары (олардың ішінде 54 тарихи, 119 монументальды өнер, 43 археологиялық, 150 сәулет және 800-ден астам діни құрылыс) бар. Көнеден жеткен қазыналар бүгінгі ұрпаққа ата-бабаларының рухани мұраларының ұлылығы туралы ешқашан ұмыптаңдар деп тұратын сияқты.  

XV ғасырдан бастап Атырау - Кіші жүздің тарихи отанына айнала бастады. Тарихтың әр кезеңінде Кіші жүзді Әбілқайыр, Жәңгір сияқты хандар, Барақ сұлтан және т.б. басқарды. Дүйім елді аузына қаратқан ақылы асқан билер, жыраулар мен ақындар: Есет би, Бөкен би, Асан қайғы, Доспамбет, Қазтуған, Махамбет, Шернияз, Mұpaттар түйіні қиын руаралық дауларға шешім айтқан. Тарихи жағдайларға байланысты Кіші жүз біресе жоңғарлардың, енді бірде хиуалықтардың, түркімендердің, Еділ қалмақтарының, Жайық казак-орыстарының, башқұрттардың шабуылдарын тойтара отырып, ұрыстардан көз ашпаған, сондықтан да Кіші жүз жүрек жұтқан ең жауынгер ел болып саналады. Осы жерден шыққан батырлар да өте көп: Итемген, Құлбарақ, Aғатай, Құлмалы, Тайлақ, Сырым Датов, Исатай Тайманов, Махамбет Өтемісов және т.б. 

Жүздеген жылдар бойы біздің ата-бабаларымыз осынау шөл даланы басқыншылардан қорғап бақты. Олар жер қойнауындағы байлығының болашақ ұрпағына берілетінін, түптің-түбінде тәуелсіз мемлекет құруға мүмкіндік туатынын әлдебір тылсым сезіммен сезгендей болып көрінеді.

Қазақ халқының осынау ғасырлар бойы аңсаған арманы орындалды. 

Бүгінгі  Атырау – бүкіл әлем мойындаған біздің елдің мұнайлы астанасы. Ол Қазақстанның ішкі жалпы өнімінің 13 %-ын және 2 триллион теңгеден астам республикалық бюджет көлемінің  40%-ын құрап отыр.

Жеріміздің тарихына ден қойған сайын қазіргі күрделі қоғамдық-саяси және әлеуметтік үдерістер жағдайында батырлардың рухтарына тағзым етіп, ата-бабаларымыздың ақыл-ойына жүгінудің  қаншалықты маңызды екенін, өткір сезінесің. Бұл біздің әрқайсымыздың алдымызда тұрған адамгершілік таңдауының жауапты мәселесі: өзіміздің адами құндылықтарымызды жоғалтып, құлдырай беруіміз керек пе немесе біздің балаларымыз бен немерелеріміз үшін ұлттық генетикалық кодты сақтай отырып, рухани бастауларымызға қайта оралып асқақтай көтерілгеніміз дұрыс па.   

Адамның Отанын да, ата-анасын да өзі таңдамайтыны белгілі.  Бұл Ұлы Жаратушының еркінде. Мен тап осынау көне де қасиетті жерде жарық дүниеге келгенім үшін тағдырға әрдайым алғысымды айтамын. 

 

* * *

 

Мен Гурьев қаласында, бұрынғы әдет бойынша айтатындай, кеңес қызметкерлерінің отбасында  1963 жылы 16 шілдеде туылған бесінші ұлмын.  Отбасымызда кілең ұл болғандықтан, әкем жанұямызда бір қыздың болғанын қатты қаласа керек, алайда менен кейін де тағы да бір ұл – біздің ең кішкентай ініміз Нұрлан өмір есігін ашты. 17 жасында үйленген және өзімізбен бірге тұратын үлкен ағамыз Төлегеннің шаңырағында іңгәлап қыз бала өмірге келгенде, ата-анамның қуанышында шек болған жоқ. Менің анам бірінші болып оны кеудесіне қысты да, одан кейін бір сәтке де назарынан тыс қалдырған жоқ.  Бибігүл біздің қарындасымыз ретінде өсіп бой жетті, әжесін «мама», ал туған анасын «апа» деп тілі шықты. Оның өмір жолына қарап айтайын дегенім, Бибігүлдің тағдыры өте қызықты болды. Университетті бітіргеннен кейін ол ірі шетел компаниясында жұмыс істеді, өзінің еңбекқорлығы мен жоғары кәсіби шеберлігінің арқасында Миландағы Орталық офиске ауыстырылды.  Италияда және Англияда бірнеше жыл жұмыс істеп, өзінің тәжірибесі мен білімін туған халқының игілігіне пайдалану үшін Қазақстанға қайтып оралды. 

Біздің отбасымыз миллиондаған Кеңес заманындағы отбасылар сияқты қарапайым және өз мүмкіндіктеріне сай өмір сүрді.  Компьютердің, ұялы телефонның, интернеттің және өркениеттің басқа да игіліктері дамыған заманында өмір сүріп жатқан бүгінгі балаларға біздің кезімізде тіпті кіп-кішкентай ақ-қара түсті теледидар сатып алудың өзі естен кетпес оқиға болғандығын айтып түсіндіру мүмкін емес.  

Менің балалық шағымдағы есте қалған елеулі оқиғалардың бәрі Жайық өзенімен байланысты.  Адам үшін қасиетті мәні бар ерекше екі стихия – от пен су екендігі айтылады. Олар көз алмай ұзақ уақыт қарасаң, жан-дүниеңді жаулап, жұбаныш сезіміне бөлейді.  Өзеннің жағасында өмірге келген адам әрдайым оның бұйра толқындары мен дүркіреген ағысын,  желсіз айлы түндегі айдынының сөз жетпес сұлулығын сағынады. 

Менің балалық балдәурен кезім өзімнің миллиондаған құрдастарым сияқты қарапайым еліктеу мен ынта-ықылас жағдайында өтті, өйткені қазіргі заманның өзі ұсынып отырғанындай, зияткерлік, рухани, дене тәрбиесі дамуының мүмкіндіктері болған жоқ. Алайда, бір қызығы сол кездегі балалар мен жасөспірімдердің арасында, өкінішке орай, бұл күндері байқалып отырған қылмыс, нашақорлық, жезөкшелік, әлеуметтік тағатсыздық сияқты келеңсіз жағдайлар көп көрініс бере қоймаған еді. 

Атырау облысының әкімдігінде халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бастығы болып жұмыс істеген кезде осындай құбылыстармен жиі бетпе-бет кездесуге тура келді, әрине, бұл жеке әңгіменің тақырыбы. 

Тегінде, біздің қазіргі жастардан басты ерекшелігіміз - біз еңбекке ерте араластық, ата-аналарымыздың еңбегімен тапқан әрбір тиынын бағалай білуді үйрендік, сондықтан бізде өмірге деген тап қазіргідей тұтынушылық көзқарас болған жоқ.

 Мектеп қабырғасында жүрген кезде жазғы каникулда жұмыс істедім. Жетінші сыныптан кейін Құлсары кентінде жол-құрылыс басқармасына жұмысшы болып орналастым.  Бір ауысым кезінде 60-70 вагонға дейін шағылтас түсіретініміз есімде қалыпты.

Жұмыс ауыр еді, бірақ та ақысы қомақты болатын. Үш айдың ішінде менің еңбекақым 400-500-дей кеңес рубліне жететін. Ол кезде бұл үлкен ақша болып саналатын. Салыстыру үшін мынадай мысал келтіргім келеді. Көп жылдар өткен соң менің қолыма кездейсоқ құжаттар түсті, онда сол кезде милиция генералы, облыстың Ішкі істер басқармасының бастығы ай сайын 530 рубль алған екен. Сонда менің жаз бойы тапқан ақшам мектепке қажеттінің бәрін сатып алуға да, тіпті отбасыма көмектесуге де жеткілікті болыпты. Сол кезде бұл жағдай менің көңілімді көкке көтерген еді. 

 Орта мектепті бітірген соң, әскер қатарына шақырылғанға дейін Гурьев қаласының ДСУ-29-да асфальт төсеуші болып жұмыс істедім, әуежайға баратын жолға асфальт төседік. Осы қара жұмыстарды қаймықпай атқара жүріп, менің өз бойымда еңбекке деген құрметім сақталып қалды.

Сондықтан  да маған Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаевтың «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай жиырма қадам» мақаласында баяндалған идеялар соншалықты жаныма жақын, әрі түсінікті болды.   

Расында да, нақты еңбекті есепке алмайтын тұтыну идеологиясы әлемнің дамыған елдерінде әлеуметтік масылдық пиғылының пайда болуына жол ашты және дағдарысқа алып келді. 

Әлемдік аренада өркениет көшінен қалмау үшін және өз халқымыздың даму процесін көрсету үшін еңбек - біздің еліміздің ұлттық дамуының шешуші факторы болуы тиіс. 

 

* * *

 

Қазақ үшін ата-бабасының жеті ұрпағын білу – халық дәстүрі.  Қазақтарды өткеннің қуатты тамырларымен байланыстыратын осындай дәстүр болмаса, олардың әлеуметтік апаттар мен сілкіністерден аман өтіп, ұлт ретінде сақталуы екіталай еді.  Алайда, менің пікірім бойынша, өзінің түп тамырын білуге ұмтылу өркөкіректікке, менмендікке, өз руының ешқашан болмаған әлдебір ерекшелігіне бола басқаларға шекесінен қарауға айналмауы тиіс.

Меніңше, адамның беделі оның өзінің жеке басының толықтығына, өз еңбегімен,  қажыр-қайратымен оның бойында  ата-бабалары дарытқан  рухты қаншалықты іске асыра алғандығында жатыр. Ал түп тамыры  –  бұл оның күш-жігерінің, тәжірибесінің, ақыл-ойының және шабытының қайнар көзі. Осы тұрғыдан алғанда өз руымның тарихы туралы жалпылама түрде айтып өткім келеді.  

Ұлттық идея туралы мақала жазу үстінде Жапонияның тәжірибесін зерделеген кезде онша мәнді емес болып көрінетін, бірақ та мағынасы терең фактіге тап болдым. Кез келген жапондық өзінің туған күні сыйлық сатып алады екен де, ең бірінші кезекте, ата-аналарын құттықтауға және өзінің жарық дүниеге келгені үшін оларға алғыс айтуға барады екен.    

Қазақтардың ділінде де уақыт өшіре алмаған рухани құндылықтар аз емес, соның бірі ата-анаға қатысты көзқарас.  Біздің  халқымызда адамның жеке басына баға бергенде осы өлшемге үлкен мән беріледі. 

Менің ата-анам олардың риза болған ұрпақтары аттарын аңызға айналдыратын аға буын өкілдеріне жатады. Аштықты, суықты, жоқшылықты, күйреуді, соғысты бастан өткеріп, олар одан  аман-сау болып қана қоймай, ұлы державаны құра білді.  Олар рухы мықты жасампаз ұрпақ өкілдері. Жоғары руханият пен болашақ мұраттарына қалтқысыз сенім аға ұрпаққа Ұлы Отан соғысы өткеніне 12 жылдан кейін күйреген елді қалпына келтіріп қана қоймай, ғарыштың жасанды жер серігін бірінші болып ұшыруға мүмкіндік берді.   

 

* * *

Әкем жағынан менің Әбдір, Тапақ және Шпан деген үш атам болған. Олардың кішісі Шпаннан 1928 жылы менің әкем Мәжит туған. 

Сол кезге қарағанда менің атамның отбасы онша үлкен емес. Менің әкемнен басқа екі бала: әкемнің інісі Сағидолла тәтем және оның қарындасы Орынша апа дүниеге келген.  Сағидолла тәтем, оның жұбайы Жұмазия апам және Орынша апам балалары мен немерелерінің арасында бақытты өмір кешіп жатыр.  

Олар менің ең жақын адамдарым. Балғын балалық шағымнан бері бізді байланыстыратын оқиғалар аз емес, мысалы, менің өмірге келуімнің өзі қызықты жағдайларда болған екен. Менің анам сол кездегі қалыпты жағдай ретінде қабылданатын, мені үйде босаныпты. Ол уақытта барлық елдің тұрмыс жағдайларымыз да жетісіп тұрған жоқ еді. Шелектеп жауған жаңбырдың астында Сағидолла тәтем біздің үйден әжептәуір қашық орналасқан құбырдан ерсілі-қарсылы су тасыпты. Сонда мені әкемнің інісі тасып әкелген сумен алғаш рет шомылдырған екен.   

Әкем көп сөйлемейтін, ісіне мығым, еңбекқор адам еді. Ол 40 жылға таяу әртүрлі кәсіпорындар мен мекемелерде бас бухгалтер болып жұмыс істеді, өз ортасында оған әрқашанда құрметпен қарайтын.  Әрине, ол қиын уақытты да және шиеленіскен кездерді де басынан өткерді, бірақ та олардың ешқайсысына мойыған жоқ. 1996 жылы 68 жасында кенеттен өмірден озды.

Оның бір ерекшелігі болатын, сол туралы айтқым келеді.   

Қазақ даласының ғасырлар бойы поэзиямен, мірдің оғындай шешендік сөздермен, домбыраның төгілген күйімен, асқақтаған әндермен қатар өмір кешкендері белгілі. Қазақтың бар өмірі музыкаға бөленген. Қазақ халқы ғаламат музыкалық дарынымен ерекше көзге түседі. Кеңестің және Ресейдің атақты дирижері, өзінің ұзақ жылғы жемісті еңбегі кезінде Дрезден филармониясын, Корольдік филармония оркестрін және Лондон симфониялық оркестрін басқарған Ю.Х. Темирканов «мен жер шарын үш рет шарлап шықтым, бірақ еш жерде қазақ әндеріндей ғажайып және қайталанбайтын әуенді естімедім»,-деген екен.

 Расында да, кез келген отбасынан тамаша ән салатын немесе халықтың музыкалық аспаптарын меңгерген адамды кездестіруге болады.

Халық арасында: «Аллаһ тағала туған сәтінен бастап әр қазақтың жан-дүниесіне күйдің бір бөлшегін дарытқан» деген сөз бар.

 Мұның біздің отбасымызға да тікелей қатысы бар. Әкеміз табиғатынан берілген шығармашылық қабілетімен де ерекше еді, алайда әртүрлі жағдайларға байланысты оны дамыта алған жоқ. Мысалы, оның бойында ақындарға тән суырып салма дарыны бар еді. Ол еш дайындықсыз оқиғаға орай өлең шығара беретін. Музыканы жанындай жақсы көретін. Ол мейірімді адам бола тұра, қатаңдық танытып, мені және менің бауырларымды сағаттар бойы домбыра тартуға мәжбүрлейтін.  Бұл сабақтар далаға кеткен жоқ, біздің кіші ініміз Нұрлан музыкалық училищені тәмамдады, барлық  шекті және үрлемелі аспаптарда тамаша өнер көрсетеді. Біздің отбасымызда музыкаға деген ынта ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан дәстүрге айналды.  Мысалы, менің ұлым Арман ешкімнің көмегінсіз, домбыра шертуді өз бетімен үйреніп қана қоймай, шеберлігін шыңдай түсуде.  

Бәлкім, біздің музыкалық құштарлығымызда ұлы күйші Құрманғазының Қызылқұрт руынан тарайтын менің анамның тегінің де септігін тигізуі әбден мүмкін, әрине менің жұбайымның әкесі де ұлым Арманның музыкалық дарынына аз үлес қосқан жоқ. Ол 90 жасқа қараған шағында да небір тамаша күйлерді мүлтіксіз  орындай біледі. Ел арасындағы белгілі күйлерді де, ұмытыла бастағандарын да жадында сақтаған,  домбыраны тамаша шертеді. Сірә, оған өзі бала кезінде қолына су құйған, аты аңызға айналған Дина Нұрпейісованың рухы дарыса керек.

 Мен қол жеткен табыстарымның бәрін өзімнің ата-анаммен, бәрінен бұрын бақытты күндерімде де, қиындықта да, тағдырыма жолбасшы болған анамның есімімен байланыстырамын.

Оның сүйіспеншілігі мен қамқорлығы барлық ұлдарына бірдей жетіп артылатын.

Біз – Әди, Төлеген, мен және Нұрлан төрт ағайындымыз. Екі бауырымыз сәби кезінде шетінеп кетті. 

Менің бауырларымның бәрі өмірде өздерінің лайықты орындарын тапты және жұбайлары Айгүл жеңгеймен, Гүлбаршын жеңгеймен және Гүлнәр келінмен үлкен де тату отбасының иелеріне айналды.

 Балаларымыз қол жеткен табыстарымен бізді қуанышқа бөлеуде.  Мысалы, біздің үлкен ағамыз Әдидің ұлы, менің інім Қонысбай спорттағы талантының арқасында Алматыда олимпиада резерві мектебінде оқыды. Дзюдо бойынша Қазақстанның бес дүркін чемпионы, әлемнің қола жүлдегері, халықаралық кубоктардың бірнеше дүркін иегері, спорт шебері. Қазір қылмыстық іздестіру саласында жұмыс істейді. Одан басқа, менің тағы да екі інім Төлеген бауырымның ұлдары Руфат пен Наурызбек те қылмыстық іздестіру саласының қызметкерлері. Ал, Әдидің ұлы Серікбай дзюдодан спорт шеберіне кандидат, «Арлан» Ішкі істер департаментінің арнайы бөлімшесінде қызмет етеді.

Мен біздің тұқымда өз өмірін полиция қызметімен байланыстырған бірінші адаммын, ал енді тағдырдың жазуымен тұтастай әулеттің көшбасшысы болып отырмын.

Өзінің жақындарын қиындықтардан, аурудан қорғап қалу ниеті барлық аналарға тән. Осындай жағдай бола қалса, олардың әрқайсысы қиындықты жеңілдету үшін қолдан келгеннің бәрін жасайды. Бірде аяулы анамның сүйікті немерелерінің бірі ауыр науқасқа шалдықты. Операциядан басқа жол қалмағанда, мен оны Мәскеуге алып бардым.

Сәтті жасалған операциядан кейін оған ұзақ уақыт Алматыда оңалудан өту тиіс болды, сол кезде өзінің егде тартқан шағына және аурушаңдығына қарамастан, анам оған күтім көрсету үшін оңтүстік астанаға 15 рет барып қайтты. Оның тез сауығуына дәрігерлер ғана емес, менің анамның аялы алақаны мен ыстық жүрегі әде оң әсерін тигізген болуы керек.

Менің анашым Дариға 1931 жылы туылған.  Сонау аласапыран әрі қиын-қыстау 30-60-жылдары ол өз анасына демеу, өзінен кіші бауырларына сүйеу болды, тынымсыз еңбек етті, ол ғұмыр бойы жол құрылысы саласында бас бухгалтер болып жұмыс істеді.

Менің нағашы жұртым, Қызылқұрт руынан шыққан туыстарым Атырау облысының Құрманғазы ауданында Қазақстан мен Ресейді бөліп тұратын Еділ өзенінің үлкен бір саласы Қиғаш өзенінің бойында туып, өсіп-өнді.

Төртінші ұрпақтан тарайтын Арыстанәліден ұлы күйші Құрманғазы Сағырбайұлы, ал Арыстанбайдан тарайтын жетінші ұрпақтан менің нағашы туыстарым:  ұлдары  - Құмарғали (1937 ж.), Омарғали (1939 ж.), Бақтығали (1944 ж.) және олардың ең үлкені менің анам Дариға өмірге келген.

  Қызылқұрт руының негізгі рулық қоныс тепкен жері Батыс Қазақстан облысында, Атырау облысының Құрманғазы ауданында және Ресей Федерациясы Астрахан облысының Володар ауданында орналасқан. 

Осы ұрпақтан тарайтындар көп емес. Батыс Қазақстанның тарихын зерттеп жүрген ғалымдар осы рудан тарайтын адамдардың сыпайылығы және кішіпейілділігімен көзге түсетінін атап көрсетеді.

Менің ата-бабамның жері Еділдің төменгі ағысы, еліміздің ұшы-қиыры жоқ Батыс шекарасын алып жатыр. Бұл бір табиғаты көз тартатын көркем, айна көлдерімен, мөлдір сулы өзендерімен, ит тұмсығы батпайтын ормандарымен және қалың нулы қамыстарымен аты шыққан халық арасында «Жүз арал» атанған, даңқы шыққан жер. Осынау қасиетті топырақта тума талант иелері өмірге келген.

Атақты Асан Қайғы, Қазтуған жырау, Шалкиіз бен Қашаған ақындар осы топырақтың тумасы. Айдай әлемге атағы жайылған өзінің қайталанбас күйлерімен бәрін тамсандырған және қазақтардың музыкалық асқан шеберлігін бірауыздан мойындатқан ұлы композитор Құрманғазы, оның біртуар ізбасары – Дина Нұрпейісованың да кіндік қаны тамған жер осы.  Белгілі ақындар Әбу Сәрсенбаев, Жұмекен Нәжімеденов те осы жерде дүниеге келген. 

Менің Омарғали нағашым ата-мекеннің осынау сұлу табиғатына тәнті болып мынадай өлең шығарған:

 

  Еділдің тарам-тарам салаларын,

  Ертеден қоныстанған бабаларым.

  Зормата, Шағырлы мен Қабанқора

  Суыңда  сазан қуған балаларың.

  А..а..й  ата қоныс,туған жерім,

            Тамаша жұтқан сайын жұпар лебің.

  Еділдің шөбі шүйгін сағалары,

  Ну қамыс, орман-тоғай салалары.

  Балығы тайдай тулап, құстар шулап,

  Қарасаң  көз тоймайтын  көкорайы

  А...а..й  ата қоныс, туған жерім,

  Тамаша  жұтқан сайын жұпар лебің.

  Қарасам  көз тоқтатып жан-жағыма

  Әкемнің ізі жатыр белестерде.

  Шұбыртса аққу-қаздар балапанын,

  Анашым көзалдыма елестейді.

  А...а..й ата қоныс, туған жерім,

  Тамаша жұтқан сайын жұпар лебің

  Қазтуған, Асанқайғы жырға қосқан,

  Күйлері Құрманғазы  әлемге асқан!

  Сол жерде туып-өскен Жұмекеннің

  Тебіреніп салған әні-....Қазақстан!!

  А...а..й  атақоныс, туған жерім,

  Тамаша жұтқан сайын жұпар лебің.

 

Мен қолым қалт еткенде бойыма күш-қуат беретін, шабыт сыйлайтын қасиетті  жерлерді тағы да қайта аралап шығуға тырысамын. 

Менің нағашы атам Түсіпқали қарапайым еңбек адамы болатын, саналы ғұмыры балық кәсіпшілігінде және мал шаруашылығында өтті. 1942-1944 жылдары Ұлы Отан соғысына қатысқан. 1948 жылы 50 жасында өмірден озды.

Нағашы әжем -  Қалығыз (Қалқан, 1910 жыл). Астрахан облысының Володар ауданында туып-өскен. Ерлердің бәрі майданға кеткенде, оны қой фермасының меңгерушісі етіп тағайындаған. Осы жерде ол 1947 жылға дейін жұмыс істеді. Кейіннен Киров атындағы совхозда диқан және малшы болды.  Көптеген қиындықтарға қарамастан үш ұлы мен бір қызын тәрбиелеп, білім берді. Сонау қиын-қыстау кезеңдерінде ұлдарының бәріне жоғары білім алуына күш салды, кейіннен олар сол өңірдегі белгілі азаматтар деңгейіне дейін көтерілді.

 Менің нағашым Құмарғали мамандығы бойынша агрохимик, ауыл шаруашылығында жұмыс істеді, ол қазір зейнеткер. 2 ұл, 2 қызы, 8 немересі бар.  

Нағашым Омарғали – жоғары санатты провизор, химия ғылымдарының кандидаты, Жаратылыстану академиясының корреспондент мүшесі. 30 жылға жуық Атырау облысының фармацевтика саласын басқарды. Мәскеу қаласында Н.Д. Зелинский атындағы КСРО Ғылым академиясының органикалық химия институтының аспирантурасын бітірген.

Ол ойлап тапқан құрылғы Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің күміс медаліне ие болды. Негізгі қызметімен қатар ұзақ жылдар бойы Атырау университетінде биохимиядан сабақ берді. 1 ұл, 1 қызы, 6 немересі өсіп келеді.

Ал, Бақтығали нағашым – жол құрылысының маманы. Ол Атырау облысының құрылыс басқармасын, Жылыой ауданының партия комитетін, әкімдігін басқарды, облыс әкімі орынбасарының жұмысын абыроймен атқарды. 1 ұл, 1 қыздың әкесі, бес немеренің атасы болып отыр.

Бақтығали ағамыз туралы айтқанда, ұрпақтар жалғастығының тағы да бір жарқын мысалы жайында айтпай болмайды.

Бұған дейін айтқанымдай, Бақтығали ағамыз Тәуелсіздігіміздің қаз тұра бастаған қиын жылдары кезінде оның аумағында бүкіл әлемге белгілі Теңіз кен орны орналасқан Жылыой ауданының бірінші әкімі болды. Теңізді игеру еліміздің бүгіні мен ертеңі үшін де маңызы орасан зор.

Оның ұлы Марат 38 жасынан-ақ, тіпті бірнеше жылдардан бері Батыс Қазақстан облысының Бөрлі ауданын табысты басқарып келеді. Бұл ауданның аумағында мемлекетіміз үшін күрделі әрі стратегиялық маңызы бар атағы жер жарған Қарашығанақ газ кен орны орналасқан. Әділдік үшін мынаны атап көрсеткім келеді, ол осындай биік жетістіктерге өзінің еңбегінің, кәсіби шеберлігінің және ерік-жігерінің арқасында   қол жеткізіп жүр.

Қазір есіме түсіп отыр, мен Құлсары кентіне «Москвичпен» келгенде, әлі бес жасқа толмаған ол менің алдыма отырып, машина жүргізуге ұмтылатын. Кейін өскен кезде, майталман автомобиль жүргізушісіне айналды. Мен оның жұбайы, аты аңызға айналған қақпашы Құралбек Ордабаевтың қызы Ақмаралға ерекше құрмет сезіммен қараймын. Інімнің үйінде үш бірдей қыз құлпырып өсіп келеді. Мен Мараттың отбасының ата-аналарының  және ардақты аталарының жолын қуатын лайықты мұрагер – ұлды болуларына тілектеспін.

Менің нағашыларымның құдай қосқан жұбайлары Нәсіп Шұғайыпқызы, Хадиша Сұлтанғалиқызы, Зайни Зақышқызы   жоғары құрметке лайықты отбасының ұйтқысы болып отыр.

 Менің нағашыларымның өмірбаяны, олардың қол жеткен табыстары мен сіңірген еңбектері Атырау облысының энциклопедиясында, «Кто есть кто в Казахстане», «Кто есть кто в медицине Казахстана» кітаптарында келтірілген.

 

* * *

 

Мен өз өмірімде әрдайым анамның ақыл-кеңесін жадымнан бір сәт шығарған емеспін. Сонау жастық шағымда ол маған: «Бағың жанып, қанша биікке көтерілсең де – жер басып жүргеніңді ұмытпа», - деп айтатын. 

Орта мектепті бітірген соң мен Кеңес әскері қатарына шақырылдым.  Заман да, адамның пейілі де,  құндылықтары да өзгереді екен. Ол кезде әскери қызмет сөз жүзінде емес, іс жүзінде қасиетті парыз деп саналатын. Мұнда ешқандай әсірелеу жоқ: әскерге аттандыру және одан оралу әрдайым үлкен мереке болатын. Бүгінде сонау екі жылды алғыс сезіммен еске аламын. Мен әскери борышымды Белорусь КСР Бобруйск қаласында Әуеге Қарсы Қорғаныс зымыран әскерлері қатарында өткердім.

Әскери өмірдің бұлтартпайтын күндері, қатаң да болса әділетті талап, жолдастық сезім мен өзара жауапкершілік, темірдей тәртіп көп жағдайларда менің жеке басымның қалыптасуына ықпалын тигізгені анық. 

Әскери қызмет туралы егжей-тегжейлі сөз қозғамай-ақ қояйын, алайда мен үшін аса бір маңызды оқиға туралы айтпауға болмайды. Мен әскерде жүріп Кеңес Одағының Коммунистік Партиясы қатарына өттім. Бригаданың екі мыңға жуық әскери қызметшілері арасында екі-ақ адам, мен және Дағыстандық лезгин Айваз Каипхановпен бірге осындай құрметке ие болдық.

Бұл оқиғаның қаншалықты маңызды екендігін менің замандастарым үшін түсіндіріп жатудың қажеті жоқ. Партия қатарына өту оңай шаруа болмайтын. Бұған қол жеткізу үшін моральдық-іскерлік қасиеттерге сәйкес болу керек еді. Комсомол ұйымынан және бес жылдық өтілі бар екі партия мүшесінен ұсыныс алған жауынгерлік  және саяси даярлықтың үздігі ғана коммунист болатын. Ұсынысты әдетте беделді офицерлер беретін. Сондықтан осы бір оқиғаны әлі күнге дейін үлкен бір тебіреніспен еске аламын.

Қазір кеңес дәуірі туралы қарама-қайшылыққа толы материалдар көптеп жазылып жатады, адалын айтсам, менің көңілімде осы кезең туралы, әскер туралы, ізгі де жылы ойлар сақталған. Мен бөлімше командирі лауазымында қызмет атқардым, Әуеге Қарсы Қорғанысын әскерлерінің сержанты атағым болды. Еліміздің аспанын қорғадық, осының өзі ерекше жауапкершілік жүктейтін. Бір мысал келтіре кетейін.

Жауынгерлік кезекшілікке кірісетін жауынгерлік экипаждың құрамында мен зымырандарды бағыттау жүйесі бұрыштық координатының аға операторы болдым және әуе кеңістігінде нысананы дәл көздеп атып түсіру көп жағдайларда менің іс-қимылыма байланысты болатын.  Мен координаталарды есептеп шығаратынмын, ал батарея командирі «қызыл түймешікті» басып қалатын.

 Бұл «қырғи қабақ соғыс» заманы болатын. Осынау қырғи қабақ соғыстың қызуы 1983 жылы 1 қыркүйекте кеңестік «Су-15» жойғыш ұшағы КСРО-ның жабық әуе кеңістігіне кіріп, кеңестің әскери объектілерінің үстінен ұшып өткен Оңтүстік Корея авиакомпаниясының жолаушы «Боинг-747» ұшағын атып түсіргеннен кейін көтеріле түскен еді. Апаттан ешкім тірі қалған жоқ, 246 жолаушы және экипаждың 23 мүшесі қаза тапты. Апат болған кезде ұшақ өзінің бағдарынан 500 километрден астам қашықтыққа ауытқыған екен. Бұл оқиға КСРО мен АҚШ арасындағы қатынастардың елеулі түрде ушыға түсуіне әкеліп соқты.

Кеңес өкілдерінің пікірі бойынша, бұл азаматтық ұшақты пайдалана отырып, барлау мақсатында жасалған арандату әрекеті болды. Саясатқа тереңдемей-ақ, тек қана өзімнің естен кетпес әсерге бөленгенім есімде. Өйткені мен кездейсоқ тап сол күні жауынгерлік кезекшілікте болдым, бейнелі түрде айтқанда, соғыстың лебін сезінгендей едім.

Әскери қызметтен соң, кәсіп таңдау туралы көп ойланған жоқпын. Әскери борышымды өтеп, туған жерге оралғаннан кейін екі апта өткенде қалалық партия комитеті мені Кеңес Одағының Коммунистік Партиясы мүшелігіне кандидат ретінде шақырды да, милиция қызметкерлерінің қатарын нығайту тәртібімен мені қызметімді одан әрі жалғастыру үшін құқық қорғау органдары қатарына жіберді. Бұл ол кездері  партия өз мүшелерінің қатарынан жұмыстың жауапты учаскелеріне таңдаулыларды жіберіп отыратын «партиялық шақыру» деп аталатын. Бұл «Революция жолында туғандар» кинофильмінде көркемдікпен жарқын бейнеленген. Партия жолдамасымен жіберілген адамдар көп жағдайларда, арнайы білімдері болмаса да, кеңес милициясын беделді де халықтың сеніміне ие болған даңққа бөледі.

Осылайша, 1983 жылдың желтоқсанынан менің милиция қатарындағы қызметім басталды, ол 2010 жылдың аяғына дейін жалғасты.

Жоғары басшылықтың ұсынысы бойынша 1984 жылы мені КСРО ІІМ Астрахан милиция мектебіне жіберді. Мен сынақтардан сүрінбей, оқуға түстім.

  Шынымды айтсам, оқуға түскеніме онша қуана да қойған жоқпын. Екі жыл әскер қатарында болдым, енді міне тағы да   жарғыға жүгінетін әрбір күніңнің уақыты қатаң түрде реттелетін солдат казармасына қайта оралдым.

 Алда мен әскерден кейінгі органдардағы қызметтің қысқа уақыты ішінде шиеленіскен оқиғаларға, стрестер мен алаңдауларға толы милиционердің тағдыры күтіп тұрған еді. Күмәнді күдіктер басым түсіп, милиция мектебінен мені шығару туралы баянат жазуға бел будым. Келесі күні таңертеңгі сапқа тізіліп тұрғанымызда курс бастығы менің саптан ортаға  шығуымды бұйырды. Менің жеке ісімнен ол партия мүшесі екенімді біліпті. Оның бұйрығымен мен взвод командирі болып тағайындалдым. Маған екі орынбасар да тағайындалды. Осылайша менің таңдаған жолымның дұрыстығы туралы күмән бірден сейілді.

Қылмыстық іздестіру қызметкерлерін және учаскелік инспекторларды даярлайтын Астраханның милиция мектебі осы бейіндегі оқу орындарының арасындағы ең таңдаулысы болып саналатын.

 Менің көптеген әріптестерім, осы мектепті аяқтаған соң кәсіби шеберлік пен мансаптың биігіне көтеріліп, құрметке ие болды.

 Астрахан облысы қылмыстық іздестірудің Ішкі істер басқармасының бұрынғы бастығы мектеп бастығы болатын, ал өмірде ғана емес, милиция қызметінде де зор тәжірибе жинақтаған офицерлер бізге ұстаздық етті. 

 Оқыту жүйесіндегі ең басты тұлға – ұстаз болып табылады. Ұстаз болу –  кәсіп қана емес,  бұл ерекше қабілет пен тағдыр сыйлаған айрықша дарын. Мен бұның дәлелін талай рет өз көзіммен көрдім.

Мысалы, милиция мектебінде негізгі пән – қылмыстық құқықты  Ордижиникидзе университетінің заң факультетін бітірген Светлана Федоровна Сладкова оқытты. Оның білімі, сабақ беруінің қатаң әдістері туралы небір аңыздар айтылатын. Мысалы, ол «бір» және «бес» деген  екі-ақ  баға қоятын: Оның пікірі бойынша, милиция офицерінің Қылмыстық құқық негіздерін егжей-тегжейлі білмейінше, қызмет істеуге құқығы жоқ. Қызметке кіріскен кезде, мен осынау әйелді – есімі көңіл төрінен берік орын алған ұстазды -  талай рет алғыс сезіммен, ілтипатпен еске алдым.

Біздің ұстаздарымыз туралы осындай алғыс сөздерді менің курстастарымның көпшілігі айтатынына сенемін. 

 Дәуірдің бұрылысты кезеңдері бізді бұрынғы КСРО-ның барлық республикасына шашып жіберді. Олардың көпшілігімен мен шынайы достық қатынаста болдым. Біздің взводта он ұлттың өкілі білім алды. Менің қол астымдағылардың арасында шешен Ульбиев Увайс та оқыды.

Кавказдықтардың «қызу қандылығы» туралы қалыптасқан біздің түсінігімізге қарамастан, ол әрдайым сабырлы, ұстамды және кереметтей қарапайым жігіт болды. 

Екеуміздің де спортқа әуестігіміз достасуымызға себеп болды. Ол кезде мен спорттың гір көтеру түрімен шұғылдандым, жақсы табыстарға қол жеткіздім. Милиция мектебінде, тіпті біраз уақыт өткеннен кейін де, аудандық Ішкі Істер Бөлімінің бастықтары арасында да, әрдайым бірінші орынға ие болып жүрдім. Ал Увайс мықты гимнаст болатын. Ол турникте «күн» жаттығуын орындағанда, бәріміз сүйсіне қарайтынбыз.

Бірде жиырма жылдай уақыт өткеннен кейін мен оны түсімде көрдім. Оны іздеп тапқым келді. Ақыры дегеніме қол жеткіздім. Алғаш рет телефонмен сөйлескен кезімде екеуміз де толқығанымызды жасыра алмадық. Ол Грозный қаласында криминалды милицияның бастығы болып қызмет істейді екен. Бұл 2008 жыл болатын.  Шешенстандағы қиын жағдайларды ескере отырып, екеуміз бейтарап аумақта кездесуге келістік. Осылайша, біз жиырма екі жыл өткен соң, Кисловодскіде кездестік.  Осыншама жылдар мен сан қилы оқиғалар өткеннен кейін жастық шағымдағы досыммен кездесудегі тебіреніске толы сезімімді тілмен айтып жеткізу қиын. Біз таң атқанша сөйлестік, қоштасарда ол маған милиция мектебінен таныс ортақ достарымыздың деректері жазылған блокнотты табыс етті.

Олардың  онға жуығы екі шешен соғыс компанияларында опат болғаны және қарама-қарсы жақтарда соғысқаны қайран қалдырды.

Азаматтық соғыстар мен дау-жанжалдардың қорқынышы мен қасіреті осында. Жер бетіндегі зұлмат  пен қырғиқабақ қақатығыстар туралы білген кезде, біздің еліміздегі бейбітшілікті, келісімді, тұрақтылықты бұдан да артық бағалай бастайсың. 

Иә, курсант болған жылдарымды еске алғанда, менің қалыптасуыма ықпалын тигізген тағы да бір оқиға туралы айтқым келіп отыр.

 1986 жылы шілдеде Мәскеуде алғаш рет «Ізгі ниет ойындары» өткізіліп, оған әлемнің 79 елінен жарыстардың 189 түрі бойынша  3000 спортшы қатысты. КСРО үшін «қырғиқабақ соғыс» жағдайында осы жарыстардың спорттық қана емес, саяси да маңызы болды. Біздерді, оқу бітіргелі жатқан курсанттарды, 40 күнге қауіпсіздік пен тәртіпті қамтамасыз ету үшін Мәскеуге жіберді. Маған «Украина» қонақ үйіне кіреберістегі № 1 бекетте бақылау қызметін жүктеді. Мен 40х60 метр алаңда күзет тәсілімен қызмет өткеруге тиіс болдым.  Күдікті адамдарды көрген жағдайда мен басшылыққа баяндап, оларды ұстауға шара қабылдауым керек болатын. Күндердің бірінде менің электр бағанын сырлап жатқан әйелді жан-жағынан фотосуретке түсіріп жатқан ер адамға көзім түсті. Ол жасы келген, киіміне бояу жағылған ұсқыны келіспеген әйел еді. Оқиғаны Мемлекеттік Қауіпсіздік Комитетінің жедел қызметкерлеріне дереу баяндадым да, «фотографты» ұстау амалдарына кірістім. Мен әрине осы бір оғаш оқиғаның егжей-тегжейін білмеймін, сұрауға болмайтын еді. Менің бастықтарым саптың алдында шетел агентін ұстағаным және қырағылығым үшін үкіметтік наградаға ұсынатындарын айтты. 

Бірақ та,  біздің іссапарымыз аяқталуға бес күн қалғанда, мен бізге тоқтауға және бағытымыздан ауытқуға тыйым салынғанына қарамастан, аздап демалайын деп ағаштың саясындағы орындыққа тізе бүккен сәтімде мені тексерушілер байқап қалды. Мені ешқандай жазаға тартқан жоқ, бірақ наградаға ұсынбайтын болды. Осы оқиғадан бүкіл өміріме жетерліктей сабақ алдым. Ұлы қолбасшылардың бірі айтқандай, «Қол астындағылардың сенің бұйрығыңды бұлжытпай орындауына қол жеткізуі үшін өзің де бағына білуге тиістісің.

 

* * *

 

Кез келген «опер» әдетте «жер бетінде» жұмыс істейтін жедел уәкілді осылай деп атайды,  өз практикасынан қылмыстарды ашудың көптеген қызықты да әрі телесериалда көрсетілетіндегілерден әлдеқайда дау-жанжал мен қанға толы оқиғаларын айтып бере алады.  Милиция қызметкерінің жұмысы оңай емес. Күн сайын қанның, өлімнің, адамның қайғы-қасіретінің, арамдықтың ортасында жүріп, жаныңның тазалығын сақтау оңай міндет емес. Мен осындай ауыр сынға төзе алмаған бірсыпыра әріптестерімді білемін, олар рухани тозғандықтан, жұмыстарын тастап кетті немесе қылмыс жолына түсті. Ал, қоғамның сын көзқарасына қарамастан, осынау қиын қызметті жалғастырып келе жатқандардың да қатары аз емес.     

Расын айтсам, полицияда жақсылыққа қарай өзгеруді шын жүрегімен қалайтын адамдар толып жатыр.  Біздің Елбасымыз құқық қорғау органдары басшыларының баршамызға белгілі кеңесінде полицияға халықтың жоғалтқан сенімін қайтару міндетін қойды.  Бұл дұрыс та, тіпті шағын ғана отбасының өзінде сенім болмаса, бақыт та, тыныштық та болмайтыны мәлім. 

Жуырда мен Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаевтың кітаптары мен мақалаларын қайта оқып отырғанда: «Халықтың сенімін ақтаудан басқа зор мәртебе болмайды да болуы да мүмкін емес» деген сөздері көзіме оттай басылды.

Бізге қылмыстық іздестірудің жас қызметкерлері үшін заңдылықты, құқық тәртібін, азаматтар өмірінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қызмет ету ұғымы бекер айтыла салған сөз болмайтын. 

Біз осыған шын жүректен сенетінбіз және өзіміздің міндеттерімізді адал орындауға тырысып бақтық. Біздің жұмысымызда ең бастысы жазаның  бұлтартпастығы. «Кездесетін жерді өзгертуге болмайды» атақты кинофильміндегі Глеб Жегловтың «Ұры түрмеде отыруы тиіс» деген қанатты сөздері біз үшін әдемі айтылған сөз тіркестері ғана емес, біздің терең сеніміміз бен табанды қағидатымыз болатын. 

Қылмыстарды ашудың сол кездердегі және қазіргі әдістерінде елеулі айырмашылықтар бар. Ол кездері құпия аппаратпен жедел жұмыс жүргізуге  ден қою тиімді ережелердің бірі болатын. «Ақпаратқа ие болған адам, әлемді билейді» деген сөз бар. Біздің ісімізде бұл уақтылы және шынайы ақпаратқа ие болсаң, қылмысты жылдам ашып қана қоймай, оның жасалуының алдын алуға болады дегенді білдіреді. Бейнелеп айтқанда, нағыз жедел қызметкердің өз кабинетінде отырып-ақ қаладағы қылмыстық ахуалды, жасалған немесе дайындалып жатқан қылмыстар туралы білу мүмкіндігі болды.

Құқық қорғау саласы - арнайы білім мен тәжірибені, талдай білу сезімін ғана емес, сонымен бірге табиғатынан бойында бар дарынды талап ететін жауапты да қызықты жедел жұмыс. Бұл сезімдерді бойына сіңірмеген маманның кәсіби жедел қызметкер болуы мүмкін емес.

Атап айтқанда, біз осы қасиетті өзіміздің ұстаздарымыздан бойымызға дарытып, әрдайым жетілдіре түсуге ұмтылумен болдық.

Өзімнің шын ықыласты құрметім мен алғысымды білдіру үшін осы естелік жолдарында олардың кейбіреулері туралы айтып өткім келіп отыр.

Менің ыстық сезіммен еске алатын адамдарымның бірі -  Ұлы Отан соғысының ардагері, милиция генерал-майоры, бүгінде бақилық болған Наурыз Әлжанұлы Өтегенов. Негізінде бұл буынның өкілдері жеңімпаз буын болатын. Олардың бойында сарқылмас білім мен тәжірибе бар еді, сонымен қатар мұқалмас ерік-жігерімен, жан дүниесінің тазалығымен айналасындағылардың ерекше құрметіне ие еді.

1983 жылдың желтоқсанында, яғни, мен әскерден келген соң ол кісі мені ІІМ қатарына қабылдады. Осындай аңызға айналған азаматтың менің жолыма сәттілік тілеп, милиция қызметінде бағыт-бағдар бергенін мақтан етемін.

Сондай-ақ үлкен құрметпен тағы бір жарқын тұлғаны еске аламын. Ол – милиция генерал –майоры  Асылбек Жаманбаев, Асылбек аға жоғары білімді және сонымен қатар кәсіби маман болатын. Бұл сөзімізге дәлел қып сол кездегі атақты, Кеңес Одағындағы ең беделді жоғары оқу орны МГУ-дың заң факультетін үздік бітіргендігін айтсақ та жеткілікті болар. Оның ерекше қасиеті – басқарушылық қабілеті: ол өзінің жас әріптестеріне көп сенім артатын.

Сондықтан да 1993 жылы, әлі 30-ға толмаған шағымда, ол кезде мен Балықшы ауданының қылмыстық іздестіру бөлімінің бастығы  болатынмын, мені облыстық ІІБ бастығының орынбасары қызметіне тағайындады. Әрине, мен осындай үлкен сенімді ақтау үшін бар күшімді салдым.

1988 жылы Маңғыстау облысын Гурьев облысына қосқаннан кейін бізге Қайырғали Жұмабайұлы Мырзабаев қызметке келді. Арада 7-8 жыл өтер-өтпесте ол ҚІІБ қылмыстық іздестірудің бастығы лауазымынан Мемлекеттік Тергеу Комитетінің және облыстық ІІБ бастығына дейін жоғарылады.  Мен бұны оның кәсіби шеберлігімен, еңбекқорлығымен, жоғары жауапкершілігімен, талапшылдығымен және кез келген адамда бола бермейтін басқара білу талантымен байланыстырамын.

Атыраудан кейін ол Павлодар, Маңғыстау облыстары ІІД бастығы болып жұмыс істеді, полиция генерал-майоры атағына ие болды. Ол қазір Атырау қаласында құрметті демалыста, бірақ ол зейнеткер екенмін деп қол қусырып отырған жоқ, ірі күзет фирмасын басқарады.

Қызметтерін Маңғыстау облысында милиция лейтенанты ретінде бастап, кейіннен генерал болған бес дос:   Отто Иван Иванович, Қайырғали Жұмабайұлы Мырзабаев, Райымхан Халелұлы Өзбекқалиев, Халмұрат Саламатұлы Хайдар, Ғибратолла Ермекұлы Досқалиев туралы да айту керек. Бұлардың әрқайсысы заңның салтанат құрып, ел халқының тыныш та қауіпсіз өмір сүруі үшін милиция қатарында ұзақ жылдар адал қызмет атқарды.

Қысқа мерзім, шамамен бір жылға таяу уақыт бойы генерал Төлеген Шаймерденұлы Рақымжановпен бірге жұмыс істедім, ол «тырнақтарыңның астынан қан кеткенге дейін» жұмыс істеу керек деп талап ететін. Мен «мұрыннан қан кеткен» дегенді естуім бар еді. Мұндайды бірінші естідім, оның мәнін кейін түсіндім.

Генерал оперативті жағдай туралы таңғы сағат 7-де баяндап, түн ортасына дейін жұмыс істеуді талап ететін, оның өзі де қызметтің шиыршық атқан тоқтаусыз ырғағының үлгісін көрсететін.  Осы кезеңдегі  күлкілі бір оқиға есіме түсіп отыр. 2001 жылы 11 қыркүйекте генерал маған телефон шалды да, теледидарды қосуымды сұрады. Осы сәтте АҚШ-тағы террорлық актіні және № 1 лаңкес Бен Ладенді көрсетіп жатыр екен. Генерал тиісті нұсқау берді, өйткені біздің Жылыой ауданында бірсыпыра шетел азаматтар, оның ішінде американдықтар да бар. Бүкіл жеке құрам дабылмен көтерілді де, қызмет атқарудың күшейтілген нұсқасына ауыстырылды. Сол кезде ауданның қылмыстық іздестіру бастығы Марат Мұхтаров жұмыста жоқ бір оперді әрі іздеп, бері іздеп таба алмаған еді.

Келесі күні қызметтік кездесуде бастық өзінің қол астындағы таба алмаған қызметкерін оңды-солды сөге бастады. Бүкіл әлем, тұтастай ел болған оқиғадан есеңгіреп жатқанда, мына жедел уәкілдің жайбарақат жүруін қалай түсінуге болады дейді ғой баяғы. Бұл опердің қызметі оған бөліп берілген  4 ауылмен шектелген болатын. Айдаладағы Америка оқиғалары, қайдағы бір  Бен Ладен  туралы оның қаперіне де кірмеген ғой.

 Бастықтың  ызғарлы сөгісінің бір сейілген сәтінде ол: «Бастық жолдас, Сіз маған неге ұрсасыз? Бұл менің қызмет көрсететін аймағым емес қой» - дегенде кабинетте отырған оперлер көздерінен жас ағып, ішектері қатқанша күлкіге қарық болды. Бұл оқиға кейіннен анекдотқа айналып кетті.

 

* * *

 

 Сонау қиын-қыстау, рэкетпен тапсырыс арқылы кісі өлтірудің ушығып тұрған 90-шы жылдары КСРО ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес бөлімдерін құру туралы шешім қабылдады.

Аты аңызға айналған полковник Александр Гуровтың КСРО ІІМ ҰҚКББ (Ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасы бастығы) бірінші бастығы болғаны есімде, кейіннен ол Ресей Федерациясы Мемлекеттік думасының депутаты болды, сол кездегі оқиғалар туралы көпшілікке танымал кітаптардың авторы. Бүгінгі ұрпақ олар туралы криминалды телесериалдардан жақсы біледі. Ал, шындық бұдан да үрейлі және қанды-қасап оқиғаларға толы болатын.

  Бізде, Гурьев облысының Ішкі істер басқармасында бұл құрылымды милиция подполковнигі Жанша Әжіханұлы Алғазиев басқарды. Мен оның қарамағында ерекше маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкіл лауазымында қызмет атқардым.

Жанша Әжіханұлы, Астрахан облысы Краснояр ауданының тумасы, ерекше парасат пен терең білім иесі болатын. Ол көп оқығанды жақсы көретін, орыстың классикалық әдебиетін толық оқып шыққан адамдардың бірі еді. Оның бойындағы шешендік өнер дарынын осымен түсіндіруге болады ғой деп ойлаймын. Бұдан басқа, ол зілсіз әзілге шебер еді. Мұның бәрі бір адамның бойынан табылып, жоғары кәсіби шеберлікпен өрілгенде, адамды еріксіз өзіне тартып тұратын. Мен өзім осындай адаммен қатарлас жұмыс істегенімді мақтан тұтатынмын.    

Жаны жақсылыққа толы зайыбы Валя апа Украинадан оралған сайын нағыз самогонды және бізге арнаған нәпақаны, украинның құйқалы майының кесегін ала келетін. Кезекті ауыр қылмысты ашқаннан соң аз да болса  босаңдау үшін біз оның әкелген азық-түлік қорларын шығаратынбыз.  Әлі күнге дейін осы отбасының қонақжайлылығы және түнгі отырыстардан  кейінгі біздің жан жылуына толы сұхбаттарымыз әлі есімде. Сізге табыс пен сәттілік тілеймін, Жанша Әжіханұлы!

Қысқаша еске алудың шектеулі шеңбері менің барлық тәлімгерлерім, басшыларым, әріптестерім және пікірлестерім туралы көсіле әңгімелеп беруіме мүмкіндік бермейді.

Бұл күндері өмірден ерте озған біздің жауынгер жолдастарымыз: Зияда Смақұлы Смақов, Асқар Бисекенов (қылмыскерлердің қолынан қаза тапқан), Зәкір Сейдеғалиев, Олег Әбдірахманов, Жайжан Қаражанов, Тілекқабыл Бисенов, Аман Күшеков, Бақытжан Есекенов жадымызда сақталған. 

Біздің зейнеткер-ардагерлеріміз: Нәсіпқали Сәменұлы Сәменов, Бақытжан Жексенғалиев, Кеңес Сәлімұлы Нұриденов, Нұрмұхамбет Сабырұлы Нажимов,  Шалқарбек Сатқанұлы Есенғалиев, Қайырболат Миратұлы Есқалиев, Серік Балғаниязов, Қабыл Әлмұқашев, Аман Төленов, Салауат Сәрсенов,  Левон Степанович Баграмян,  Виталий Павлович  Хохлачев, Олег Тушканов, Бауыржан Қапаров, Раиса Николаевна Кольчикова, Ажар Тағаниязова, Дина Мұратова, Қуаныш Тышқанбаев,  Ерболат Қабақанов, Бақберген Айтмамбетов, Марат Мұхтаров, Болат Жұмашев, Мақсұт Төлепов, Бауыржан Қасеновтер тәлімі санамыздың төрінен орын алған.

Қиын да қызықты қызметті жалғастырып келе жатқан:   Аян Дүйсембаев – ІІБ бастығының бірінші орынбасары, Нұрым Оразбаев – ІІБ бастығының орынбасары, Бауыржан Рахметов – ІІБ бастығының орынбасары, Нұрхат Оразбаев – ІІБ криминалды полиция бастығы, Хамза Үмбетқалиев – Атырау қаласы ІІБ бастығы, Сембай Жапақов – ІІБ ІҚҚ бастығы, Болат Лұқманов – ІІБ кадрлар басқармасының бастығы, Гүлнәзира Мұхтарова – ІІБ баспасөз қызметінің бастығы, Амандық Мұқашев -  Маңғыстау облысы ІІБ ҰҚКБ бастығы, Ербол Оңғаров Индер АІІБ бастығы, Ерболат Досматулов Мақат АІІБ бастығы және тағы басқалар.

Мен оларды ешқашан ұмытқан емеспін және бірге істеген қызметіміз үшін алғысымды білдіремін.

 

* * *

 

Кейбір ғалымдардың айтуларына қарағанда, адамның жеке басының қалыптасуының жетпіс пайызын тектік қорлары анықтайды, ал қалғаны әлеуметтік ортаның, оқып-үйренудің, тәрбиенің жемісі. 

Бұл тұжырымның растығы жөнінде дауласа алмаймын, бірақ та жедел қызметкердің адамгершілік және кәсіби қасиеттерінің қалыптасуына алғашқы қол астында еңбек еткен басшыңа  тиесілі екендігіне сенімім зор.

Бұған дейін айтып өткенімдей, көп жағдайларда моральдік жағынан алғанда да, адамгершілік тұрғысынан да маған жол сілтеген басшылар лайықты, кісілігі мол адамдар болғандықтан, менің жолым болды деп ойлаймын. Мен оларға әрдайым ризамын.

Мен өзімнің алғашқы басшыларыма лайықты бағаларын бергім келеді.

1987-1994 жылдар аралығында мен Қарағанды қаласының тумасы, Атырау облысы ІІБ қылмыстық іздестіру бастығы, милиция полковнигі Зияда Смақұлы Смақовтың (15.06.1938 жылы өмірге келген) қол астында жұмыс істедім. Керемет адам еді. Антон Павлович Чеховтың «Ваня ағай» пьесасындағы: «Адамның бойында бәрі тамаша болуы керек. Бет-жүзі де, киімі де, жан-дүниесі де, ақыл-ойы да» деген атақты сөздерінің толығымен  осынау аңызға айналған тұлғаға ұқсастығы бар болатын.   

Ол өте таза, жинақы, әскери адамға тән әрдайым қыры сынбаған киімде  жүретін. Мысалы, ол бір киген көйлегін келесі күні иығына ілмейтін. Кез келген жағдайда өзін салмақты, салиқалы ұстай білетін, ішкі қажыр-қайраты мен ар-намысы терең сезілетін.  Ол айтқанынан қайтпайтын қайсар, талапшыл, алайда, әділетті, ең бастысы адал, іскер және ұлы мұраттарға шын берілген адам еді.

Біз, жас қызметкерлер, өзіміздің ақыл-ойымызбен, ісімізбен оған ұқсауға тырысатынбыз. Қызметтік мүмкіндіктерімізді жеке басымызға пайдалану ойымызға кіріп те шықпайтын.  Біз «чекист күні» деп атап кеткен әр айдың жиырмасы күні өзіміздің қажеттілігімізді өтеуге жарайтын жалақымызды алу үшін кезекке тұратынбыз. 

Бастығымызды «жолы болғыш» дейтінбіз. Ол оқиға болған жерге баратын болса, біз қылмыстың жылдам ашылатынына сенімді болатынбыз. Өзіміз секілді жас із кесушілер одан үйренгендері аз емес.

1994 жылы ол 56 жасында ұзақ науқастан кейін өмірден өтті. Қаралы жиында маған қоштасу сөзін айту тапсырылды. Толқығаным сондай, зорға сөйледім. Амал қанша, қазір Астана ІІД бастығының бірінші орынбасары болып жұмыс істеп жүрген Жанболат Олжабаев екеуіміз мәйіт салынған табытты жерге тапсырдық. Бұл бір менің өмірімдегі ауыр сәттер болатын.

Бірнеше жылдар бойы тәуліктің басым бөлігін бірге өткізген, өзіңе ұстаз, аға және өз ісінің майталман шебері болған адаммен мәңгілікке айырылысатыныңды түсінгенде, жүрегіңді қоштасудың зіл батпан салмағы езіп жібере жаздайды екен. 

Зияда Смақұлына барлық жағынан лайықты бола білген Әділжан Батайұлы Жұматовты Қылмыстық іздестіру басқармасының бастығы етіп тағайындағанда, бәріміз қуанып қалдық.

Мен онымен бұған дейін жұмыс істеген болатынмын. Астрахань милиция мектебін тәмамдап келгенде, сол кездері Гурьев қаласының оперативтік жұмыс жөніндегі ҚІІБ бастығының орынбасары лауазымында қызмет істеп жүргенде, мені бірінші болып қарсы алған еді.

Иә, оның мінезі күрделі болатын, біз оның қырына ілікпеу үшін беріле жұмыс істедік. Ол 1997 жылы полковник атағымен зейнетке шықты. Кішіге үлгі бола білген оған деген құрметімнің, ризашылығымның белгісіндей мен оның шетел компаниясына жұмысқа орналасуына көмектестім. Қылмыстық іздестіру саласындағы ұзақ жылғы қызметінде жинақтаған тәжірибесінің арқасында ол осы компанияда бүгінгі күнге дейін 16 жыл бойы еңбек етіп жүр.

Мен Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінде 2008 жылы жұмыс істеп жүргенімде, ол маған хабарласып, жүрегінің кінәраты бар екенін айтты. Оған Астанада операция жасалды. Операциядан соң кіріп шықтым. Оның балбұл жанған дидарын, өмірге деген құлшынысын көргенде, көңілім орныма түсті. Әділжан Батайұлы, ұзақ ғұмыр кешуіңізге тілектеспін!

 

* * *

 

Әрине, қазіргі жедел жұмыста жаңа технологиялар кеңінен қолданылады. Бірақ түптің түбінде бәрі  жедел уәкілдің жеке басының қасиеттеріне, оның адамгершілік уәждемелеріне және заңның салтанат құруы үшін ғана емес, өзінің кәсіби шеберлігін растау үшін де және қылмыскермен бетпе-бет айқаста жеңістің қуанышты сәттерін өткеруге ұмтылысына да байланысты.

Қылмыстарды ашу мен тергеудің кеңестік жүйесіне лайықты бағасын бере отырып, онда осы күнге дейін жойылмай келе жатқан елеулі кемшіліктердің болғанын мойындау керек. Мысалы,  қылмыстардың ашылу көрсеткішін жақсарту мақсатындағы жасырушылық. Бұл қызметкерлерді кәсіптік жағынан бұзатын және  моральдық кері кетуге алып келетін қауіпті құбылыс.

Соңғы кездері  Мемлекет басшысының талабымен құқық қорғау органдарын реформалау, оның ішінде қылмыстарды жасыру фактілерін және басқа да келеңсіз құбылыстарды жою, олардың жұмысының тиімділігін бағалау өлшемдерін өзгерту шаралары ІІМ органдарындағы ахуалды оңалтады және оларға халықтың сенімі мен құрметін қайтарады деп үміттенемін.  

Мен осыны шын жүрегіммен қалаймын, өйткені мен полиция қатарында 30 жылға жуық қызмет атқардым. Осы салаға жан-тәніммен берілгендіктен оның беделіне бей-жай қарай алмаймын. Менің пікірімше, әлеуметтік мәселелер түбегейлі шешілмей, жағдай өзгермейді деп ойлаймын.

Әлеуметтік жағынан қамтылмаған және материалдық тұрғыдан қанағаттандырылмаған полицей өзінің жай-күйін жақсарту үшін күмәнді істерге ұрынуы да мүмкін. Оның отбасы мен балаларының болашағы таразы басына салынған кезде органдардың жекелеген өкілдеріне ешқандай құқықтық және моральдық нормалар кедергі бола алмайды.

Мен көп жылдар бойы осы салада атқарған қызметтің намысын қорғау үшін емес,  әділдік үшін айтатыным, полицейлердің басым бөлігі өз парызын адал атқарып жүр. Жуырда Жамбыл облысының сайлаушыларымен кездесу кезінде мынадай қызықты оқиғаға тап болдым. Адамдардың айтуларына қарағанда, гранатаны жаруға ұмтылған террористі өзінің денесімен жапқан капитан Ғазиз Байтасовтың ерлігінен кейін полицейлерге көзқарас елеулі түрде жақсара түсіпті. Әрине, бұл дұрыс әрі шындық. Бірақ та полицейлердің беделін құрбандықтардың есебінен жақсартуға болмайды ғой.  

 

* * *

 

Кез келген жедел уәкілдің  есінде біржолата сақталып қалған қылмыстарды ашудың фактілері аз болмайды. Қоғамның арасында пікір тудырған немесе ашылуының күрделілігі тұрғысынан алып қарағанда, қызықтыратын осындай қылмыстардың кейбірі туралы айтып бергім келіп отыр.

1987 жылы қазан айының 12-нен 13-іне қараған түні Балықшы барлау бұрғылау басқармасының кассасынан мұнайшыларға жалақы ретінде төлеуге арналған 160 000 кеңес рублі ұрланды.

Қылмыскерлер әккілік әрекет жасаған, олар жанбайтын сейфті кескенде пайдаланған газбен дәнекерлеу аппаратынан басқа, іс жүзінде ешқандай із қалдырмаған.  Электрді және дабылды білгірлікпен өшірген.  Қылмыс қоғамда қызу пікірлердің туындауына себепші болды, қылмыстың ашылу барысын Мәскеудің өзі бақылауына алды.  

КСРО ІІМ және Қазақ КСР ІІМ  Бас қылмыстық іздестіру басқармасынан арнайы топ келді. Жедел-іздестіру тобы құрылды, мен де ол топқа мүше болдым. 

Қандай да болсын қылмысты ашудың табыстылығы оқиға болған жерді мұқият қарауға, әр түрлі сараптамалар жүргізуге,  қылмыс жасалған жерді сүзіп қарап шығуға, тіпті елеусіз деген заттай айғақтарды іздестіруге байланысты болады. 

Соңғы іс-қимылдар қызметкерлердің ізіне түсуге көмегін тигізді. Оқиға болған жерді сүзіп қарап шығу кезінде Гурьев қаласы ҚІІБ Тергеу бөлімшесінің бастығы, милиция капитаны М.С. Әміров, қазіргі Ақтөбе облысы ІІД бастығы жеңіл автомашинаның брызговигінің үзіктерін тапты.

Қылмыс жасалған күні «Сыра зауыты» ауданындағы жеке меншік гараждан  Газ-21 «Волга» автомашинасы ұрланып кеткен. Ол қаланың ортасынан табылды.

 Оның брызговиктері сынған екен және криминалистік сараптама олардың табылған брызговикпен бірдей екендігін анықтады.

Қылмыскерлердің ұрлық жасауы кезінде осы машинаны пайдаланғаны айқын болды.

Осы кезеңде қалада қарақшылық шабуылдар, бетперде киген белгісіз адамдардың жанармай құю стансаларын, дүкендерді тонауы жиілеп кеткен еді. Өрескел қимылдайтын ұйымдасқан қылмыстық топтың ісі екендігі түсінікті болды, алайда іліп алар ешқандай дәлел болмады.

Бас бостандығынан айыру орындарынан соңғы уақытта босатылғандардың бәрін «сүзгіден» өткізген кезде әлдебір «К» дегенге шығуға жетелеп әкелді. Күдікті «Федот» деген лақап аты бар, 14 жасынан бастап ұрылардың тілінде «зонаны  таптаған», «бай» қылмыстық тарихы бар аса қауіпті қаніпезер ұры Кибирев Федор Васильевич болып шықты.   

Ол кейіннен бітістіру күштерінің құрамында Таулы Қарабақта өзінің міндеттерін орындау кезінде қайғылы қазаға ұшыраған Ішкі істер министрінің орынбасары С.Д. Серіковке әңгімелесу үшін шақырылды.

«Федот» тәжірибелі, қу, әккі, барынша сақ, тісқаққан ұры болатын. Нашаны бірнеше жылдардан бері пайдаланғанына қарамастан, осы әдетін тастап, салауатты өмір салтын ұстанып, еш жерде көзге түспеген. Арада болған әңгімеден кейін Ішкі істер министрінің нұсқауы бойынша ол ерекше бақылауға алынды. 

Барлық жедел-іздестіру және арнайы іс-шаралар туралы айтып жатпай-ақ қояйын, ақырында біз жоғарыда аты аталған «Федот» бастаған төрт қылмыскерден тұратын топты анықтадық. Олар ұсталған кезде қылмыстарын мойындады.  Олар ұсталған кезде қылмыстарын мойындады. Олардың пәтерлеріндегі құпия орындардан және әуежайға апаратын жол маңында тығылған ақшаның бір бөлігі алынды. 

Алайда банданың басшысы құрықтан құтылып кеткен еді. Жедел ақпарат бойынша бізге оның Ақтөбе қаласында «Лас бассүйек» лақап аты бар қылмыс әлемінің беделдісінің үйінде жасырынғаны мәлім болды. 

Сол күні мен марқұм, ерекше маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкіл, подполковник О. Әбдірахмановпен бірге ұшақпен Ақтөбе қаласына жолға шықтық. Онда жергілікті әріптестерімізбен бірге қылмыскерді ұстау үшін бірқатар іс-шараларды ұйымдастырып жүргіздік. 

Қылмыскерде атыс қаруы бар деп жорамалдадық. Сипатталып отырған осы оқиғалар болған кезеңде 1987 жылдың 2 қарашасында Алматыда Үкіметтің Министрліктер кеңесі саяжайларының ауданында милиционер Құбашев өлтіріліп, оның тапаншасын әлдекімдер алып кеткен болатын. Жедел деректер бойынша тап осы уақытта Кибирев осы қалада жасырынып жүрген еді. 

1988 жылы 12 қаңтарда  «Дружба» дүкенінің маңында екі орталық көшенің қиылысында «Федот» біздің көзімізге түсті.  Мен машинадан шығып, оған қарай жүрген кезде, ол мені байқап қалып, жасырынуға тырысты. Мен соңынан қуа жөнелдім. Мен оған жақындап қалған сәтте, ол кілт тоқтады да, қолын қалтасына жүгіртті. Тапаншамды суырып алып, мен оны атамын деп қорқытып, қозғалма деп бұйырдым. Мен кешірілмейтін қателік жібергенімді  сол сәтте ғана түсіндім: асығып жүріп тапаншаны сақтандырғыштан шығарып, бекітпесін қайта басуды ұмытып кетіппін. Оның қолына пышақ іліккені жақсы болды.  

Ол менің көздерімнен батыл шешімді аңғарды ма, әлде өз жағдайының бұлтартпастығын түсінді ме, бірден берілді.

 Осы оқиғаны егжей-тегжейлі сипаттап отырған себебім - бұл менің аса қауіпті қаныпезер ұрыны ұстау жолындағы алғашқы жауынгерлік сынақтан өтуім болатын. Жастық шақтың да өзінің артықшылықтары бар. Сол сәтте ешқандай үрей болған жоқ. Қызбалық қана болды. Басымнан мынадай: «Мен жұбайым Люсеттаның туған күнінде өліп кетер ме екенмін» деген күлкілі ой жылт етіп өте шықты. Кім білген, мүмкін, оның махаббаты мені ажалдан аман алып қалған шығар.

Бұл оқиғаның жалғасы болды. Гурьевке қарай ұшқан ұшақтың ішінде біз бір-бірімізге кісен салынған қалпында қатар отырдық.

Өзінің келешегі туралы ойланған ол: «Менің мойнымда ешкімнің қаны жоқ. Әрі кеткенде 15 жыл отырамын да бостандыққа шығамын. Саған келем де, екеуміз жүз грамнан тартып жібереміз», - деді.

Расында да, 2004 жылы мен облыстың ІІД бастығының бірінші орынбасары болып жүрген кезімде ол маған келді. Әрине, арақ іше қойған жоқпыз, бірақ та біраз әңгімелестік.

Әңгіменің барысында мен одан: «Сен қайтармаған, қалған ақшаның қайда екенін айтшы?» - деп сұрадым.

Ол: «Мен отыз мың рубльді көміп тастаған ескі колхоз базарынан келе жатырмын, ал ол жерде екі қабатты жекежай салынған екен», - деп жауап қайтарды. Оның қатты көңілі қалғанын түсіну қиын емес. Тіпті кім де болса, Кеңес Одағы қирап, ал Қазақстан өзінің ұлттық валютасы бар егемен мемлекет болады деген ойға келмеген-ау....

Тағдыр осылай аумалы-төкпелі болады....

 

* * *

Атырау облысының Жылыой ауданы облыс орталығынан екі жүз километрде орналасқан. Ауданның экономикалық әлеуеті аса қуатты. Онда жылына 25 миллион тоннаға жуық мұнай өндірілетінін айтса да, жеткілікті.

 1994 жылы наурыз айы күндерінің бірінде Қамыскөл көлінің түбінен азиат ұлтты ер адамның бөлшектенген денесі алынды. Облыстың ІІБ Қылмыстық іздестіру басқармасы бастығының орынбасары болғандықтан, мен Құлсары кентіне келдім.

 Қазақтарда «адамның жеті мүшесі» деген сөз бар. Табылған дене жетіге бөлініпті: басы, екі қолы, екі аяғы, денесінің жоғарғы және төменгі бөліктері. Бұдан басқа, көлдің түбінен спорт маты қаптамасының жартысы, пышақ, балта және ара алынды.

Кім екені тез анықталды. Ол жергілікті тұрғындардың бірі болып шықты.

Бұл кісі өлімі әдеттегіден тыс болатын. Кісі өлімінің арасында денені бөлшектеу кездеседі, ал салт жораға ұқсас болуы бірінші рет кездесті.  Өлтірілген адамның жеке басын зерттеу оның ешқандай ерекшеліктерсіз, кәдімгідей бірқалыпты өмір салтын ұстанғандығын көрсетті.

 Қаптаманың екінші жартысын және балта, пышақ пен араның кімге тиесілі екендігін табу керек болды. Кісі өлтірудің шектен шыққан тәсілі көпшіліктің арасында алыпқашпа әңгімелердің туындауына себеп болды, сондықтан адамдар бізге шын көңілмен көмектесті.

Жедел-тергеу тобы иелерінің рұқсатымен үйлерді, гараждарды, шаруашылық құрылыстарын тексере бастады. Үйлердің бірінен сарапшы-криминалист әзірбайжан Агмали (өкінішке орай, тегін ұмытып қалыппын) сәкінің астынан қан тамған іздері бар қаптаманың екінші жартысын тапты. 

Үйге кірген кезде қолында баласы бар, өзін сабырлықты ұстаған ер адамды көрдік. Жағдайды жылдам бағалап, менің алдымда тұрған әккі қылмыскер емес, әлде бір алмағайып  жағдайларға байланысты осынау жантүршігерлік қылмысқа барған адам тұрғанын түсіндім.

Ол кінәлауды емес түсіну мен қолдауды күткен кісі сыңайлы болатын. Оның психологиялық жай-күйін сездім де, ешқандай сұрақ қоймай, жай ғана: «Мен сені түсінемін» дедім. Ол осы сөздерді күтіп тұрғандай келесі оқиғаны айтып берді.

Ақпанның ортасында ол әлдебір шаруаларымен Атырауға жолға шығыпты. Қайтып оралғанда қатты қорыққан әйелі жылап қарсы алады. Түнде ол күйеуіне таныс еркектің  келіп есігін ашуын талап еткен. Ашпаса оны жетіге бөлшектеймін деп қорқытқан. Үйге басып кіріп оны зорлаған.

Келесі күні күйеуі зорлықшыны іздеп шыққан, бірақ таба алмаған. Үйіне келсе, әлгінің әйелін тағы да зорлап жатқанының үстінен түскен. Ашу-ызадан не істеп, не қойғанын білмеген ол қолына түскен пышақты зорлықшыға сала берген, сала берген, содан кейін әйелін қорқытқаны есіне түсіп кетіп, денесін жетіге бөлген. Бөлшектелген денені, қылмыс қаруларын спорт матының жартысына орап көлге тастаған.

Қылмыстың себептері мен мән-жайын, сондай-ақ сол сәттегі жай-күйін есепке ала отырып, ол сотта үш жылға бас бостандығынан айырылды. 

Осы оқиға жедел қызметкердің жеке адамның психологиясын білуінің қаншалықты маңызды екендігін көрсетеді. Тіпті шектен шыққан қылмыскер де түптің-түбінде адам ғой.

Айғақтарды парасаттылықпен және психологиялық нәзіктікпен ала білмеу немесе алғысы келмеу шарасыздықтан күш қолдануға және тіпті тағылықпен азаптауға алып келеді. Өкінішке орай, қазіргі полиция өмірінде осыны растайтын мысалдар аз емес.  Бұл осы заманғы технологияларды, мысалы, ауызекі сөзде «жалғандық детекторын» пайдаланып айғақтарға қол жеткізу әдістерін жетілдіру қажеттелігін туындатады.

 

* * *

 

1995 жылдың аяғында  Мемлекеттік тергеу комитеті құрылды. Нағыз дүрбелең басталды. Қалалық және аудандық органдардың бір ғимаратында екі кезекші бөлім, екі жедел-тергеу тобының орналасуы және т.б. қисынсыздықтар орын алды.

Мемлекеттік тергеу комитетінің міндеті жалпы қылмысты, оның ішінде экономикалық қылмыстарды ашу және тергеу болатын.  Ішкі істер министрлігіне қылмыстың алдын алу және қоғамдық тәртіпті сақтау жүктелді, сонымен қатар оларды қылмыстарды ашу және агентуралық-жедел жұмыстарды ұйымдастыру жауапкершілігінен ешкім босатқан жоқ болатын.   

Таңдаулы кадрларды бір ведомстводан екіншісіне азғырып шақыру басталды.

Осы реформаларды егжей-тегжейлі айтпай-ақ қояйын, Мемлекеттік тергеу комитетін құрудың осы күнге дейін бірмәнді бағасының болмауына қарамастан, олардың елеулі нәтиже бергенін мойындау керек. Мысалы, Мемлекеттік тергеу комитеті билік құрылымдарында сыбайлас жемқорлық қылмыстарын аша бастады, бұл бүгінгі таңда біздің қоғамымыздың осал тұсы болып табылады.

Балықшы ауданы бойынша Мемлекеттік тергеу комитеті бөлімінің бастығы болып қызмет еттім. Ал, соңғы уақытта аса ауыр қылмыстарды тергеу басқармасының бастығы лауазымында қызмет атқардым,  Мемлекеттік тіркеу комитеті бір жыл он ай жұмыс істеді де таратылды. Бірден Атырау облысы бойынша Мемлекеттік тергеу комитетінің бастығы, полковник Қайырғали Жұмабайұлы Мырзабаев шақырып алып, Ішкі істер басқармасының полковнигі Еркін Рысқанұлы Белғожановтың менің кандидатурамды Жылыой ауданы АІІБ бастығы лауазымына ұсынып отырғанын айтты.

Сол кезде ауданда қылмыстық ахуал өте күрделі болатын.

 

* * *

 

1997 жылы ІІБ бастығы Е.Р. Белғожановпен бірге мені АІІБ бастығы лауазымына ұсыну үшін Жылыой ауданына жолға шықтық.

Еркін Рысқанұлының жол бойы менің отбасым, ата-анам туралы сұрап біліп, бір жылдың ішінде жеке меншік бір қабатты үй салып, отбасымды көшіріп алуға тапсырма бергені есімде. Ол маған: «Сенің қарапайым жағдайың болмаса, сенің ауданыңда тәртіп те болмайды»,- деді.

Бұнымен  келіспей болмайтын шығар. Тұрмыстық жағдайдың қалыпты болмауы ІІМ жүйесінде орын алған проблемалардың себептерінің бірі, өкінішке орай, ол осы күнге дейін толық шешілген жоқ. 

Сөз орайында айтайын дегенім осы ауданда 5 жыл бойы жұмыс істеп, мен оның үй салуға қатысты тапсырмасын орындай алмадым.

Бір айдан кейін полковник Е.Р. Белғожановты Павлодар облысы ІІБ бастығы етіп тағайындады, ол осы жерде милиция генерала-майоры атағын алды. Қазіргі уақытта ол Астана қаласында тұрады, құрметті демалыста.

Жылыой ауданы 1928 жылы құрылған. Халқының саны 67 900 адам, ауданы 29400 шаршы км. Атырау облысының оңтүстік-шығысында орналасқан, әкімшілік орталығы – Құлсары қаласы.

Аудан күллі әлемге мұнай қорымен және «Шеврон» сияқты трансұлттық компаниялардың қызметімен белгілі.

Қызметкерлер мен мамандардың, басым бөлігінің шетелден жиналуы  бұрын-соңды болып көрмеген ағыны экономикалық өрлеуге ғана емес, қылмыстың  өсуіне де ықпалын тигізді.

Жаңа қызмет орнындағы алғашқы әсерім жарқын да жылы болды деп айта алмаймын. АІІБ ғимараты көзге қораш көрінетін, материалдық- техникалық қамтамасыз ету деген іс жүзінде жоқ еді.

Бірінші кезекте осы мәселелерді шешу қажет болды. ІІБ-нен көмек болмайтынын білетінмін, оның өзінің де материалдық және қаржылық қиындықтары жетіп артылатын, өйткені ел экономикасы қазіргідей деңгейде емес еді. Басқа жол таппағасын мен ауданның ірі мекемелері мен кәсіпорындарына қолқа салдым.

Сонау қиын кезеңде ықылас білдіріп, АІІБ-не бәріміздің бірлесіп қылмысқа қарсы тұруымызға көмектескен басшыларға алғысымды айтамын. Олар «Теңізмұнайгаз» президенті Серік Қабдықалықұлы Сағитжанов (марқұм), Құлсары ТКБ (технологиялық көлік басқармасы) бастығы Сүйеген Ілиясұлы Ілиясов, Жылыой ТКБ бастығы Бақтыбай Жұбандықұлы Таубаев, «Ғимарат» құрылыс компаниясының директоры  Қайыржан Қапанұлы Балжігітов, «Қазақойлтельф» директоры Қаднен Қуанышұлы Құдабаев және басқалары.

Басшылардың бірі қатардан шығып қалған барлық ескі машиналарды қалпына келтірсе, енді бірі жаңа машиналар, радиостансалар, компьютерлер сатып әперді, жанар-жағармаймен көмектесті, ғимаратымызды қалыпты жағдайға келтірді.

Осының бәрі  өзінің жазаға тартылмайтынын сезіп, шын мәнінде шектен шыққан қылмыспен аяусыз күрес жүргізу үшін қажетті барлық жағдайларды жасауға мүмкіндік берді.

 Ұрлық, кісі өлтіру, зорлық, рэкет. Тіпті тонау және шектен шыққан қарақшылық шабуылдар осы сөздің тура мағынасында тапа-тал түсте жасалатын жағдайға жетті.

Мен ұжымның алдына асыра сілтемей, заңдылықты мүлтіксіз орындау міндетін қойдым және қойылған міндеттерді орындағысы келмеген қол астымдағы қызметкерлерді қатаң жазаладым. Оларға иығымызда погон болғандықтан, біздің жайбарақаттыққа салынуға құқығымыз жоқ және әрдайым қиындыққа дайын болу керек екенімізді ұғындыруға тырыстым. Қызметкерлердің әйелдерінің қол астымдағыларды таң атқанша жұмыс істеуге мәжбүрлейтініме шағым жасап келгендері де болды.

Әрине, мен өзімнің кінәмді сезетінмін, бірақ та сондай криминалды жағдайда басқаша болуы мүмкін емес еді.

Мысалы, 2002 жылдың бастапқы толық емес бір жарым айының ішінде алты аса ауыр өрескел қылмыстар жасалды, олар қысқа мерзім ішінде ашылып, қылмыскерлер қатаң жазаға тартылды.

Менің талаптарымның дұрыс екендігін уақыттың өзі дәлелдеп берді. Егер мені тағайындағанға дейін сегіз Аудандық Ішкі істер бөлімінің арасында біз соңғы орында болсақ, бір жылдан соң бірінші орынға шықтық.

 Барлық көрсеткіштер бойынша ең таңдаулы аудандық ішкі істер бөліміне берілетін ауыспалы жалауша соңғы төрт жыл бойы менің кабинетімде ілулі тұрғанын мақтан етемін. Әрине, бұл менің ғана емес, бүкіл ұжымның еңбегі. 

 Менің талаптарымның қатаң болғанына қарамастан, олардың сенім білдіріп маған ілескені үшін өзімнің қол астымдағы қызметкерлер мен әріптестерімнің бәріне ризамын.

 

 * * *

 

2002 жылы менің қызмет мансабымда өзгерістер болды. 

Кезекті кеңестердің бірінде Атырау облысы Ішкі істер департаментінің бастығы, генерал-майор Халмұрат Саламатұлы Хайдар  бес жыл бойы аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы болу, бір жағынан тым ұзақ және қиын деп санап, мені облыстық көші-қон полициясы басқармасының бастығы қызметіне ауыстырды. 

Өмір бойы оперативтік жұмыс істеген адамға, жаңа жұмыс орнында бастапқыда жайсыздау болғаны да рас. 

Ол кездері бұл қызметті адамдар оның алдында аса маңызды да жауапты міндеттер тұрғанына қарамастан, ел халқын құжаттаумен айналысатын төлқұжат үстелі ретінде ғана қабылдайтын. Мысалы, заңсыз көші-қон ел экономикасына зиянын тигізіп қана қоймай, мемлекеттің қауіпсіздігіне де кері әсерін тигізеді.

Әлеуметтік және саяси тұрақсыздық пен діни экстремизмнің, есірткі бизнесінің, қару сатудың таралуымен  сипатталатын шекаралас елдерден келетін адамдардың орасан зор ағынының қозғалысы нақты қауіп төндірмей қоймайтын еді.

Ішкі істер министрлігі басшылығының шешімі бойынша әрбір облыстық Ішкі істер департаментінде заңсыз көші-қонға қарсы күрес бойынша арнайы взвод құрылды, оларға заңсыз мигранттарды анықтау және оларды елден аластау міндеті жүктелді.

Арнайы взводтың қызметін ұйымдастыруды іс жүзінде нөлден бастауға тура келді, өйткені жеке құрамның тиісті білімі де, кәсіби тәжірибесі де болған жоқ. Мысалы, Атырау облысындағы шетелдік контингенттің басым бөлігі ағылшын тілділер, ал жеке құрам көп жағдайларда, тіпті ағылшынның бір-екі сөзін де білмейтін. Қызметкерлерді мәжбүрлі түрде ағылшын тіліндегі тұрмыстық бірнеше сөздерді мәжбүрлеп үйретуге тура келді, ал содан кейін олардың өздері оны дербес меңгере бастады.

Ішкі істер министрлігінің орталық аппаратынан келген комиссия осы тәжірибені бүкіл республика бойынша таратты.

2000 жылдың басында жеке үйлер құрылысын салу белсенді жүргізіле бастады. Еңбек мигранттары негізінен, Өзбекстаннан жаппай келе бастады, олар жұмыс берушімен тікелей келісіп, іс жүзінде салық төлеген жоқ.

 Қабылданған шараларға қарамастан, көші-қон заңнамасының бұзылуын тоқтату мүмкін емес еді, өйткені тиісті заңнамалық өкілеттіктер болған жоқ. Мысалы, соңғы 2 жылда біздің елімізге таяудағы шетелдерден 2 миллионға жуық шетел азаматы келген екен. Олардың небәрі 1%-ы ғана шекарадан өткенде, келу мақсатын – жұмысқа тұру, ал 96%-ы туған-туыстарына қонаққа келу деп көрсеткен.

2012 жылы Тәжікстанға жасалған банк аударымдары шамамен 3 млрд. АҚШ долларын құрады. Қырғызстанның ішкі жалпы өнімінің 30%-ын еңбек мигранттарының ақшалай аударымдары құрайды. Осы соманың басым бөлігін, әрине Ресей құрайтыны белгілі, алайда оның елеулі бөлігі Қазақстанның ақшасы екені де рас.

Осы тұрғыдан алып қарағанда, елде болған әрбір ай үшін екі айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде міндетті түрде салық төлеуді шекарадан өткен кезде белгілеуді көздейтін көші-қон заңнамасындағы таяудағы өзгерістер өзекті де уақтылы болып табылады.

 

 * * *

 

Өмір деген өте күрделі, қайшылыққа толы және болжап болмайтын қызықты құбылыс. Орыстың «Адам жасаймын деп ойлайды, ал Құдай қалағанын жасайды» деген мәтелі тегін айтылмаса керек.

Адам туған сәтінде, компьютердегі сияқты, оның болашақтағы өзіндік бағдарламасы бірге салынады деген теория бар. Мұндай жағдайда қазақтар: «Маңдайына не жазылса, сол болады» дейді. 

Мен ешқашан  фаталист болған жоқпын және адам өзінің өмірін өзі жасайды деп, адамның тағдыры қалай жазылса, солай болады дегенге сенбейтінмін.

Сол кезде бәрі де қалыпты жағдайда өтіп жатты.

Мен төрт жыл бойына (2004-2008 жылдар) Атырау облыстық Ішкі істер департаменті бастығының бірінші орынбасары болдым. Өзімнің міндетімді адал атқардым, белгілі бір жоспарлар жасадым, бірақ олардың іске асуы менің тағдырыма жазылмапты.

2008 жылы 14 ақпанда Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары, генерал Қ.Н.Қасымовтың басшылығымен Астанаға барлық бірінші орынбасарлар кеңеске жиналғанда, мен тізім бойынша екінші болып 2007 жылғы жедел-қызметтің іс нәтижелері туралы баяндадым.

Онша үлкен емес Атырау облысында біздің қабылданған шараларымыздың нәтижесінде төрт ұйымдасқан қылмыстық топ,  бір банда  фактісі анықталды. Айыптылар ұзақ мерзімге бас бостандығынан айырылды.

Бұл біздің жұмысымыздың елеулі нәтижесі болатын. Жұмыста кем-кетіксіз болмайтыны белгілі. Мен жұмыстағы әлдебір елеусіз олқылықтарым үшін сынға алындым.

 Төрт күннен кейін 2008 жылдың 18 ақпанында Министрдің бұйрығымен тиісті әңгімелесуден өтпей, себептерін түсіндірмей және нақты негізсіз қызметімнен босатылдым, ал үш ай өткеннен кейін мені ішкі істер органдарынан шығарып жіберді. 

Бұл мен үшін аса ауыр уақыт болды.  Әсіресе, бай тәжірибесі бар, сіңірген еңбегі мен беделі де аз емес «Ішкі істер министрлігінің еңбегі сіңген қызметкер» атағына және ел Президентінің жеке алғысына ие болған мені осылайша ысыра салғанға көңілім толмады.

Маған сотқа арыз бер деп ақыл айтқандар да болды. Бірақ та маған өз өмірімнің ең таңдаулы жылдарын арнаған ведомствомен соттасудың өзі полиция офицерінің арына жат қылық болып көрінді. 

 Осы очеркте орын алған жағдайларға байланысты ешкімді айыптағым келмейді. Бәрібір әділеттілік салтанат құрды.

Жұмыстан шығарылған соң тоғыз айдан кейін мен Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары, генерал Қ.Н. Қасымовтың қабылдауында болдым.

 Ол облыстық Ішкі істер департаменті бастығының мені қызметтен шығару туралы бұйрығының күшін жойып, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Криминалдық полиция комитетінің Жеке адамға қарсы жасалған қылмыстарды ашу жөніндегі жетекші басқармасын басқаруды ұсынды.    Осылайша, мен тағы да полиция қатарына қайта оралдым.

 

* * *

 

Екі жылдың ішінде Астанаға көшіп келіп, халықта «кісі өлімі бөлімі (убойный отдел)» деп аталатын жеке адамға қарсы қылмыстарды ашуды ұйымдастыру басқармасын басқардым. 

Криминалдық полиция комитетіндегі осы екі жыл маған жаңа тәжірибе беріп қана қоймай, біздің жедел қызметкерлер «жер үстінде» деп айтатын жұмыспен салыстырғанда, біздің қызметіміздің басқа мазмұны мен мәнін түсінуге мүмкіндік берді.

 Бұл бәрінен бұрын, аса жоғары жауапкершілік.  Белгілі бір учаскеде ауданға не облысқа жауап беру өз алдына. Ал, бүкіл ел ауқымы бойынша қылмыстық жағдайларға жауап беру, ол мүлде басқаша.

Жедел мәліметтер бойынша, елімізде күн сайын сол кездері орташа алғанда 8-10 қасақана кісі өлтіру қылмысы жасалып, олардың ішінде 2-3 кісі өлтіру ісі ашылмай қалатын еді.

Мен тікелей басқарған басқарма оларды ашуға жауапты болды.  Бұдан басқа, өткен жылдарда болған қылмыстарды, оның ішінде тапсырыспен жасалған қылмыстарды ашу бақылауда тұрды.

Кісі өлімі басқармасы Қазым Сүлейменов, Тыныс Мәтібеков, Андрей Кучер, Сәулетхан Ахметбеков, Асқар Әбділдиев сияқты кәсіби қызметкерлерден жасақталды. Олардың әрқайсысының қызметтегі бай тәжірибелері  және осындай қылмыстарды ашудың өзіндік назар аударуға тұрарлық әдістері де болды.

Мен тағайындалған сәттен бастап ең бірінші Астанада 2008 жылдың қазан айында Есімсейітовтердің отбасын қатыгездікпен өлтіру қылмысы болды.

21 қазанда кәсіпкер Марат Есімсейітовтің үйінде оның жұбайы Әлияны және ең кішкентайы небәрі үш-ақ жаста болған үш бірдей  сәбиді айуандықпен өлтіру қылмысы жасалған.

Жедел-тергеу іс-шараларының бірінші күні сезіктілердің бірі ұсталды.  

Ол Марат Есімсейітовтің бизнес бойынша әріптесі оған ірі көлемде берешегі бар Дмитрий Тян болды.

 Біз отағасының бұрынғы курстасы, оның қарамағында жеке жүргізуші болып жұмыс істеген Олег Евлоевты ең басты қылмыскер деп санадық.

 Оқиға болған жерді қарап-тексеру нәтижесінде Есімсейітовтердің үйінде Евлоевтың және Тянның саусақ іздері табылды.  Осы іздер айдап әкетілген және кейіннен тастап кеткен Есімсейітовтердің джипінде де табылды. Бұдан басқа  да бұлтартпайтын айғақтар болды. Олардың негізінде біз Евлоев пен Тянды Есімсейітовтен алған ірі мөлшердегі қарыз сомалары болған борыштары қылмысқа итермелеуі мүмкін деген қорытындыға келдік. 

Полицейлерді әрдайым жақтай бермейтін бұқаралық ақпарат құралдарының өзі сол күндері: «Бүкіл Астананы дүр сілкіндірген қылмысты барынша тезірек ашуға деген  Ішкі істер министрлігінің шешімі құптауға тұрарлық» деп жазды.

Қылмыстың және оны ашудың барлық мән-жайын егжей-тегжейлі айтып жатпаймын, өйткені олар бұқаралық ақпарат құралдарында кезінде жазылған болатын. Мен осыған байланысты көңіл бөлуге тұрарлық бір
оқиға туралы айтқым келеді. 

Қылмыскер анықталса да, жекелеген басшылар мен қызметкерлердің жайбарақаттығынан аса қауіпті қылмыскер Олег Евлоев Қарағандыға дейін жетіп, ұшақпен Мәскеу арқылы Грозныйдан бір-ақ шыққан.

Біздің практикамызда Солтүстік Кавказдан қылмыскерді ұстау және қайтарып алу іс жүзінде көбінесе мүмкін болмайтын.

 Алайда Ресей Федерациясы Ішкі істер министрлігінің бұрынғы министрі, армия генералы Р. Нұрғалиевтің тарапынан жеке қолдауының, екі ел қызметкерлерінің ширақ іс-қимылының нәтижесінде қылмыскер ұсталып, Қазақстанға қайтарылды.

 Аса жауапты және қауіпті операцияны жүзеге асыру үшін менің тікелей бастығым, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Криминалдық полиция комитетінің төрағасы, полиция полковнигі Сұлтан Тұрлыұлы Күсетов өзі жолға шықты. Ол ресейлік әріптестермен бірге Ингушетия аумағында О. Евлоевты ұстады. 

       С. Күсетов кейіннен айтып бергендей, қылмыскерді ұстағаннан соң олармен Шешен Республикасының Президенті Рамзан Қадыров кездесіп, Евлоевқа бір ғана сұрақ қойыпты: «Сен тұтастай бір отбасыны қырып тастайтындай, қазақтар саған қандай жамандық жасады?». Оның айтар сөзі де жоқ болды.

Барлық процессуалдық іс-әрекеттер орындалғаннан кейін Қазақстанның Ішкі істер министрлігінің   ұшағымен сол кездегі Министрдің бірінші орынбасары генерал Қ. Қасымовтың басшылығымен қызметкерлердің бір тобы аса қауіпті қылмыскерді қайтарды.

Алқа билер соты Евлоевты ғұмыр бақи, ал онымен бірге қылмыс жасаған Тенді 25 жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды.

Бұл факт қылмысқа қарсы күресте елдер арасындағы өзара түсіністіктің қаншалықты маңызды екендігін көрсетеді. Бүгін Парламент Мәжілісінде қылмысқа қарсы күрестегі ынтымақтастық туралы, айыптыларды беру туралы шарттарды бекіту жүріп жатқанда, мен өзімнің әріптестерім үшін қуанамын. Ендеше, тағы да бір қылмыскерді ұстауда және елге қайтаруда қиыншылықтар болмайды деген сөз.

Мен Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Криминалдық полиция комитетінің жұмысы туралы еске алғанда, сол кезде Комитетке басшылық жасаған генерал-майор Сұлтан Тұрлыұлы Күсетов туралы айтпасам естелік кітабым толық болмайды.

Милицияға ол кеш 28 жасында келді, өйткені ол 18-ден бастап 26 жасқа дейін атом сүңгуір қайығында қызмет етті. Осы фактінің өзі ғана оның тағдырының ерекше екендігін көрсетеді. Сүңгуір қайықта қызмет атқарған қазақтар саусақпен санарлық емес пе.

Менің білуімше, сүңгуір қайық флотына адамдарды моральдық-іскерлік және дене шынықтыру сапалары бойынша ғарышқа іріктегеннен де, бетер жан-жақты қарап, таңдайтын. Ғарышта ма немесе көптеген айлар бойы шектеулі кеңістікте су астында өмір сүрудің қайсысы қиын екендігі белгісіз.

Милицияда ол қызметін қалта ұрлығын ашу бойынша қылмыстық іздестірудің кіші инспекторынан бастады. Ол көптеген аты шулы қылмыстарды ашты.

Айтайын дегенім, ол іс жүзіндегі нақты, мақсаттар мен міндеттерді айқын белгілей білетін басшы. Өзінің жүріп өткен ерлік жолдарынан естелік айтумен бас қосқан кеңестерде жұртты мезі қылатын көкмылжың емес.

 

* * *

Өзінің қатыгездігімен тағылығы, қылмысты ашу тұрғысынан алып қарағанда аса қиын болған, Қостанай облысының Меңдіқара ауданындағы Боровской кентінде кеден қызметкерінің тұтастай отбасын қырып салған оқиға  елді дүрліктірген қылмыстардың бірі болды.

2010 жылы мамырдың 20-да өз үйінде 64 жастағы және 39 жастағы әйелдердің және 16 жастағы жасөспірімнің денесі табылды. Сол кезде бір қарағанда қарапайым  болып көрінетін адамның өз анасын, әйелін және ұлын өлтірді дегенге үш ұйықтаса түсіне кірмес еді.

 Барлық нұсқаларды пысықтау нәтижесінде оны ұстау туралы шешім қабылданды, өйткені оның жауабында көптеген жағдайлардың мәнісі тура келмей жатты.  

Осындай жан түршігерлік айуандықтан кейін әлгі адамның ешқандай өкініш пен қайғыға берілмей, өзінің ашынасымен кездесіп, тіпті онымен төсек қатынастарына түскендігі де тым сорақы болып көрінеді.

Бұл енді  адами имандылықтың шегінен тыс шыққан дүние. Алқа билер соты оны ғұмыр бақи бостандығынан айыруға шешім шығарды. 

Осы қылмысты ашу барысында 2010 жылы маусымның 22-інде таңғы сағат 5-те Маңғыстау облысының Еңбекпен түзету колониясының негізгі қоршаудың бір учаскесінде жарылыс ұйымдастырып, қамаудағы 21 адам қашып шыққан. 

Сотталғандардың осындай ауқымда қашып шығуы Қазақстанда бірінші рет болды және бұл іс ел Президентінің бақылауына алынды.

Ішкі істер министрінің нұсқауымен мен С.Күсетовпен бірге Ақтауға жолға шықтық.

Қауіпті қызметкерлерді ұстау операциясы 2010 жылы маусымның 26-сында аяқталды.  Осы күні   тікұшақпен ұшып, жедел-іздестіру шараларын жүргізу барысында, шамамен 21 сағат кезінде Шетпе кентінен солтүстікке қарай 15 шақырым жерде Қызылсай шатқалында Шайыр кенті бағытына қарай Маңғыстау облысының ГМ-172\1 мекемесінен қашып шыққан сыртқы белгілері бойынша іздестірудегі қылмыскерлерге ұқсайтын сезікті адамдар байқалды.  

Қылмыскерлер үңгірлерге жасырыну үшін жанталасты, бірақ «Арлан», «Сұңқар» және «Бүркіт» арнайы мақсаттағы бөлімшелердің қызметкерлерімен жедел оқшауланды. 

Қоршауға түскендерін түсінген қаруы бар  сотталғандар қолдарындағы атыс қарулары мен жарылыс құрылғыларын пайдалана отырып, бұзып-жарып өтуге әрекет жасады. 

Қылмыскерлердің сан жағынан басымдығына қарамастан, олардың саны 17, арнайы мақсаттағы қызметкерлер – 9 адам болатын, ұрыс операциясын сауатты жүргізудің нәтижесінде қылмыскерлердің 13-і оққа ұшты, әртүрлі атыс жарақатын алған 4 қылмыскер аудандық ауруханаға жеткізіліп, күзетке алынды.  

Операция кезінде өздерінің бұзып-жарып өте алмасын түсінген бірнеше қылмыскер автомашинаға отырып, «Аллаһу Акбар» деп айқайлап, өздерін анықталмаған жарылыс құрылғысымен жарып жіберді.

Атыс кезінде бір полиция қызметкері жарақат алды. 

Біз колониядан қашып шыққан сотталғандардың исламның радикалды ағымы – ваххабизмді ұстанушылар болғанын анықтадық.

Әрине сотталған фанаттар жасаған осы қашып шығу бар болғаны жүйелік қателіктер мен кемшіліктердің тоғысуының салдары, кейіннен олар елеулі талқылаулар мен ұйымдастырушылық қорытындылардың мәніне айналды.   

Осынау қауіпті оқиғалар, сондай-ақ одан кейін екі жыл ішінде елдің әр өңірінде олардың қайталануы қазақтың тарихына, діліне, мәдениеті мен руханиятына мүлде жат діни экстремизм мен терроризмнің табиғаты туралы терең ойлануға себеп болды.    

Өз ойларымды мен кейіннен 2013 жылы республикалық «Казахстанская правда» газетінде басылған «Біртұтас майдандай қарсы тұрайық» деген мақаламда баяндадым.

Мәселенің өзектілігін ескере отырып оның кейбір тұстарын осы очеркке кіргізуге ұйғардым.

Бүгін терроризмнің жаһандық сипатқа ие болу фактісімен ешкім де дауласпайды. Біздің мемлекетіміз, ашық ел және өркениет әлемінің бір бөлігі ретінде, осынау аса қауіпті әлеуметтік құбылыстың бой көрсетуінен тыс бола алмады. Соңғы жылдары еліміздің құқық қорғау органдары үшін терроризмге қарсы күрес ісінде елеулі сын болғаны анық. 

Осы құбылысты сыртқы да, сондай-ақ ішкі факторлармен шартты байланыстағы діни экстремизмнің пайда болуының және қалыптасуының себептерін нақты талдау жасамай, жан-жақты зерделеу мүмкін емес. 

Шындық үшін мынаны мойындау керек. Діни экстремизмнің таралуына ішкі себептердің рөлі бар екендігін айтқан жөн.

Осынау құбылыстың бастаулары туралы ойлағанда, қазақ халқының ділі мен дәстүрлеріне ешқашан тән болмаған исламға жат ағымдардың біздің елімізге әкелініп, қазіргі уақытта көрініс табуда. 

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында біздің халқымыздың ашықтығы мен төзімділігін, заңнамаларымыздың солқылдақ сипатын пайдаланып, елімізге әртүрлі діни ағымдардың өкілдері жаппай лап қойды. Экономикалық қиындықтар мен идеологиялық вакуум жағдайларында олардың идеялары  құнарлы топыраққа шашылған тұқым сияқты халықтың кейбір бөлігінің санасынан орын алды. 

 Шетелдердің діни мекемелерінде оқудан өткендер де, жат пиғылды идеялардың таралуына ықпалын тигізді.

 Шетелдік діни оқу мекемелерін бітіргендердің көпшілігінің жұмысқа орналасу мүмкіндігі жоқ және олар бейресми мұсылман ортада жұмыс жүргізуде. Ресми деректер бойынша қазіргі уақытта шетелде 600-ден астам адам оқып жатыр. Осыған байланысты мынадай сұрақ туындайды: тәуелсіздік жылдары Қазақстанның қанша азаматы шетелдердің діни оқу мекемелерінде дербес білім алды?  Олардың тағдыры не болды? Олардың арасынан кім және қазіргі уақытта қайда немен шұғылданады, олар қандай діни идеяларды насихаттап жүр? 

Діни экстремизмнің қалыптасуы үшін ислам жауынгерлері тарапынан соғыс ұрыстарына басқа елдерде тікелей қатысқандар да аз ықпалын тигізген жоқ.

Экстремизм мен терроризмнің пайда болуының негізгі себептерінің бірі әлеуметтік ортада жатқандығын мойындамауға болмайды. Исламның басты діңгегінің бірі әділеттікті түсіну екені баршамызға аян.

 Бір жағынан алғанда, көз көріп тұрған байлық, сән-салтанат, ойына келгенін істеу, ал екінші жағынан – кедейлік орын алған әлеуметтік теңсіздік, көптеген сауалдарға жауап іздеуге жетелейді. Тап осы тұста әділеттік, адамның ой-танымына жиһад туралы экстремистік діни идеясы бар миссионер пайда болған кезде ой-санасы дұшпандық пен кекке толы адамның санасы уланғанда белгілі бір бағыт алады. 

Өзіндік феномен: діни  экстремистерге соншалықты қысқа уақыттың ішінде адамның санасын жаулап қана қоймай, адамға жат идеялар үшін өзін құрбандыққа шалуға дайын екені қалайша мүмкін болады деген сауал осымен түсіндіріледі.

Қоғамдық пікірталастарда түрме жүйесінің терроризмнің себептерінің бірі екендігін айтудың өзіндік себептері де бар. Іс жүзінде күш қолдану актілеріне қатысушылардың басым бөлігінің бұрынғы сотталғандар екенін көрсетіп отыр. 

Қазірдің өзінде 65 терроршы және 300 діни экстремист қамауға алынған бас бостандығынан айыру орындарында осындай мекемелерде отырған орын тепкен адамдардың санасын діни улау жүргізіліп жатыр. 

Бір мысал. Маңғыстау колониясынан қашып шыққандардың арасында Оразғали Серіков деген болды. Мен Атырау облысы Ішкі істер департаменті бастығының бірінші орынбасары болған кезде оны өзім азамат Өтешевті өлтіргені үшін темір тордың аржағына тоғытқан едім. Ол «Ашок» лақап аты бар криминалды элемент болатын. Колонияда болған қысқа мерзім ішінде ол кәміл сенген діни радикал болып шыға келді.

Қазіргі уақытта осынау қауіпті құбылысқа, оның ішінде құқықтық сипаттағы қарсы тұрудың жүйелік шаралары қолға алынуда. Қазақстан Республикасының Президенті бастамашылық жасаған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң қабылданды.  

Дегенмен де, идеологиялық бәсекелестік және ашық диалогсыз қабылданатын шаралардың бәрі де жартыкеш сипатта болатындығын және лайықты нәтиже бермейтінін түсіну маңызды, өйткені қазір азаматтардың, әсіресе жастардың ақыл-ойы үшін нағыз күрес жүріп жатыр.  Қоғамда экстремистік идеялардың тарауына қарсы тұруды ең бірінші кезекте парасат деңгейінде жүргізу керек.

Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасы ресми құрылымдарының өкілдері осы идеологиялық қарсы тұруда әзірше жеңіліс тауып отырғандығы жалпыға белгілі. 

Діни экстремизмге идеологиялық қарсы тұрудың барлық жүйесін барабар ұйымдастыру қажет. Осы жұмыстың ең өткір семсері экстремистік идеялар мен іс-қимылдардың қателігін және жарамсыздығын діни және ой-таным тұрғысынан негіздеуге бағытталуы тиіс. Алайда бұл ретте Қазақстан Республикасы Президентінің діни экстремизммен күрестің «жындарды аулауға және дінге қарсы күреске айналмауы тиіс» деген ескертуін естен шығармау керек.

«Ислам терроризмі» деген жоқ, исламды өз мақсаттарында пайдаланатын терроризм бар екендігін түсіну керек. Сондықтан дін саласындағы мемлекеттің басты міндеттерінің бірі біздің қоғамымызда діни үдерістердің саяси сипат алуына жол бермей, рухани саладағы болып жатқан құбылыстарды айқын түсіну болып табылады.

Осы очеркте менің дін мәселелеріне осынша назар аударып отырғанымды  кейбіреулер түсінбей қалуы да мүмкін.

Себебі мен діни экстремизмнің ізбасарларының кім екендігін және олардың қандай іске баруы мүмкін екендігін жақсы білемін. Онша үлкен болмаса да, назар аударуға тұрарлық бір мысал келтірейін.

Мен облыстық Ішкі істер департаменті бастығының бірінші орынбасары болып жүрген кезімде маған әлденеге алаңдаулы екі орыс әйелі келді. Олар орта мектепті бітіргелі отырған қыздарының дәстүрлі емес ислам ағымының мүшелері болғандығын айтып берді.  

Оларды қабылдау бөлмесінен кабинетке шақыруларын сұрадым. Басынан аяғына дейін қарамен оранған екі әп-әдемі қыз кіріп келді. Мен олардың бұл іске не себепті барғандарын сұрағанда, олар шынайы сенім туралы жаттанды, ешқандай байланысы жоқ сөздерді қайталай берді. Мен бір сағаттан астам уақыт бойы өзімнің білімімді пайдаланып, нақты фактілер, мысалдар мен жеке адамдардың өмірінен дәлелдер келтіріп, қыздарды олардың діни таңдауының қате екендігіне сендіруге тырысып бақтым. 

Менің  ақыл айтқан сөздерім зая кеткен жоқ.  Қыздар орамалдарын шешіп, ағыл-тегіл жылап, аналарынан кешірім сұрады және осындай діни ағымның қызметіне енді қатыспаймыз деп ант берді.  Алайда өзім жүргізген әңгімелердің нәтижесінен алған қуанышым ұзаққа созылған жоқ. 

Бір ай өткеннен кейін осы әйелдермен кездейсоқ жолығысқанда, олардың қыздарының хиджапты қайта киіп, сол дәстүрлі емес діни ұйымға оралғандығын естідім. 

Менің ойымша, халықтың арасында исламдануды бетімен жіберсек, оған мән бермесек, оның стихиялық сипат алып, біз әлемнің көптеген елдерінде көріп отырғанымыздай,  қорқынышты жағдайларға алып келеді.

 

* * *

Маңғыстау облысының бас бостандығынан айыру орындарынан қашып шыққан экстермистік топтардың мүшелерін жою және ұстауға қатысу менің Ішкі істер министрлігіндегі ең соңғы ісім болды. 

Біршама уақыт өткен соң мен жұмыстан босату туралы рапорт жаздым. Бұл шешімнің мен үшін оңай болмағанын мойындаймын. Алайда ол кенеттен болған жоқ, ол көптен бері ойланған ісім еді. 

Ішкі істер министрлігінің орталық аппаратында екі жыл жұмыс істеп, мен Атырау қаласында қалған отбасымнан алыста  Астана қаласында өмір кештім. Менің ортаншы қызым мен ұлым әкесінің қастарында болып, оның ықпалы міндетті түрде болуы тиіс жасқа жеткен еді. 

Әрине, күшің, денсаулығың және адамның нағыз белсенді және күш-қуаты бойында бар шағында өзімді қызметтің басқа да салаларында сынап көргім келгені де рас.  Осындай ойларды басшылыққа алып, мен ойлы шешім қабылдадым.

* * *

 

Менің бұдан арғы еңбек мансабым облыстық әкімдікте Халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының бастығы лауазымында жалғасты.  

Кез келген кәсіп мінез-құлықта өз әсерін қалдырады,  адамдармен қарым-қатынас жасаудың ерекшеліктерін және басшылықтың стилін қалыптастырады. 

Құқық қорғау жүйесіндегі менің көп жылдық қызметім менің жеке басыма да ықпалын тигізгені анық, ал бұл арада өзінің ерекшеліктері бар азаматтық ұжыммен жұмыс істеуге тура келді. Әр санаттағы адамдармен жұмыс істеген практикам маған көмекке келді. Мен қарамағымдағы адамдармен барынша тез тіл табыстым, оның үстіне, олар сауатты, тәжірибелі және өз ісіне жауапты мамандар болып шықты. 

Әрине, бір жылдың ішінде ұзақ уақыт бойы жинақталып қалған әлеуметтік проблемаларды шешуде үлкен нәтижелерге қол жеткізу мүмкін емес, алайда біраз нәрселерді іске асырдық.

Айталық, біз ірі инвестор-компаниялармен жергілікті кадрларды жұмысқа қабылдау туралы меморандумның қабылдануына қол жеткіздік. Келіссөздер ұзаққа созылды, әрі қиын болды. Әсіресе, хош иісті көмір сутегілерін өндіру және мұнайды тереңдете өңдеу жөніндегі кешен құрылысымен шұғылданатын  «Синопек инжиниринг» компаниясымен  мәмілеге келу оңай болған жоқ. «ҚПІ» компаниясымен тіл табысу да күшке түсті. Ол Атырау облысында газ-химия кешені құрылысын салумен шұғылданады. 

Тоқсаныншы жылдардың басында шетел мамандарына арналған квота   70%-ды құрайтын.  Біршама құзырлы орындарға сауал тастай отырып, өз кадрларымыздың өсуі арқасында жағдай елеулі түрде өзгерді. Қазір арақатынас  30% шетелдіктерді, ал 70% жергілікті қызметкерлерді құрайды. 

Біз мұның өзін жеткілікті деңгей деп санамай, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне, Мұнай және газ министрлігіне қазақстандық қамтуды ұлғайту туралы негізделген ұсыныстарымызды беруді жалғастырдық.

Біздің ісіміз бекер болған жоқ. Үкіметтің қаулысы қабылданып, онда шетелдік қызметкерлер үшін квота 10%-ға дейін төмендеді.

2011 жылдың соңында Қашаған жобасының аяқталуына байланысты 20000 қызметкердің босағаны жөніндегі мәселе өткір қойылды. Осы ахуал туралы біз Мұнай және газ министріне хат жаздық.

Бір аптадан кейін Астанада кеңес өткізілді. Оған облыс әкімінің бірінші орынбасарымен бірге біз де шақырылдық. Онда болашақ кеңейту жобасы (БКЖ) деп аталған «Теңізшевройл» компаниясының кезекті үшінші мұнай өңдеу зауытын іске қосу жұмыстарын жандандыру туралы шешім қабылданды. Оны  іске қосудың нәтижесінде ТШО-да өндірілетін мұнайдың жалпы көлемі жылына  25 тоннадан 36 млн тоннаға жетпек. Болашақ кеңейту жобасының құрылысында 16 мың жұмысшы іске тартылатын болды.  

Әрине, очерктің шеңберінде өңірдің барлық әлеуметтік проблемаларын толық көрсету мүмкін емес.  Парламент Мәжілісінің депутаты болғандықтан, мен бұл мәселелерге тұрақты түрде көңіл аударып отырамын. Жұмыспен қамту мәселелерін шешу жөніндегі өзімнің ойларымды мен 2012 жылғы 2 желтоқсандағы «Егемен Қазақстан» республикалық газетінде жарияланған мақаламда ортаға салдым. 

Осы ұжымдағы жұмысым кезінде қол жеткізген келесі фактіні аз да болса, өзімнің үлесім деп санаймын. 

 «Етікшіде етік болмайды» деген орыс мәтелінде айтылатындай, халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды  үйлестіру басқармасының қызметкерлерінде ұзақ уақыт бойы тұрғын үй мәселесі шешімін таппай келген еді. 

Қала әкімдігінің басшысына мен жазбаша өтініш жазғаннан кейін тұрғын үй комиссиясының шешімі бойынша біздің қызметкерлерге бірнеше пәтерлер және учаскелер бөлінді. Бұл біздің барлық ұжымымыз үшін қуанышты оқиға болды.

Мен істің мәнісіне қысқа мерзім ішінде қанықтым және күрделі әлеуметтік проблемаларды және оларды шешу жолдарын жеткілікті дәрежеде зерделедім. 

Бұл үшін жүйелік және ұзақ мерзімді шаралар «Жұмыспен қамту-2020», «Бизнестің жол картасы-2020», «Қолжетімді тұрғын үй-2020» сияқты және басқа да мемлекеттік бағдарламаларды қабылдау  стратегиялық жағынан дұрыс және уақтылы   қолға алынды. Оларды іске асыру өңірдегі әлеуметтік ахуалды елеулі түрде сауықтыра түсті және келешекте. 

 Мен белгілі бір кезеңде осыған өзімнің үлесімді қосқаныма қуаныштымын.

 

* * *

 

Сайлау нәтижелері бойынша 2011 жылдың аяғында Қазақстан Республикасы  Парламенті Мәжілісіне «Нұр Отан» ХДП партиялық тізімі бойынша біздің елдің жоғары заңнамалық органының депутаты болдым.

Өзімнің кәсібіме байланысты тіпті, күйзелісті деген жағдайларда да ұстамдылық пен сабыр сақтауға үйренген адаммын. Алайда, Мемлекет басшысының алдында ант беру кезінде  қолымды жүрегіме қоюды ұмытып кетіппін.  Қатемді түсініп, оны тез түзете қойдым. 

Өз орныма келе жатып, осынау қатаң салтанатты жағдайда біздерге, депутаттарға ел мен халықтың алдында қаншалықты үлкен жауапкершілігі жүктелетінін  ұғындым.

Парламент Мәжілісіндегі жұмыс әртүрлі: саяси, экономикалық, әлеуметтік, мәдени, әрине заң салаларында жан-жақты және терең танымды талап ететін қызықты да қауырт болып шықты. 

Бұл заңды да.  Мен мүшесі болып табылатын Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік жөніндегі комитеттің және пленарлық отырыстарда қарастырылатын мәселелер әрбір азаматтың да, сондай-ақ тұтастай қоғамның да мүддесін қозғайды, сондықтан да оның кез келгенін талқылау қолда бар материалдардың бәрін тиянақты зерделеуді және талдауды талап етеді.   

Бұдан басқа, біздің комитеттің төрағасы Мәулен Сағатханұлы Әшімбаев, Комитеттің хатшысы Рогалев Виктор Павлович, Комитеттің мүшелері  Зағипа Яхияқызы Балиева, Темірхан Мыңайдарұлы Досмұхамбетов, Орал Байғонысұлы Мұхамеджанов, Қуаныш Сұлтанұлы Сұлтанов, Оразкүл Асанғазықызы, Тұрарбек Мәжілұлы Асанов, Ерсұлтан Өтеғұлұлы Бектұрғанов, Косарев Владислав Борисович, Үсенгелді Өміржанұлы Медеуов, Тимощенко Юрий Евгеньевич, генералдар Қайырбек Шошанұлы Сүлейменов, «Халық қаhарманы» Бақытжан Ертаев, Жанат Абдоллаұлы Жарасов, Абай Бөлекпайұлы Тасболатов сияқты әріптестермен және басқа да елімізге танымал адамдармен бірге жұмыс істеу мен үшін құрмет қана емес, сонымен бірге жауаптылық. 

 

* * *

 

Мен өзімнің жеке іске арналған өмірбаянымды емес, естелік жазып отырғанымды ескере отырып, қызмет өткерген жылдарымды толық айтып тоқталмадым.

Адам өмірі еңбек күндерінен ғана тұрмайды. Ол өзі бетпе-бет келетін айналасындағы орта оның өмірін көркем, қызықты да әсерлі етеді.

1991 жылы демалыста жүргенімде Астраханның Қарауыл ауылындағы менің жарымның ата-анасына кішкентай қызымыз Әселді қалдырып, Мәскеу мен Ленинград қаласына жол жүріп кеттік.

Осы қалалардың көрнекті жерлері, музейлері мен театрлары бізге сөзбен айтып жеткізе алмайтын тамаша әсер қалдырды. Бәрінен бұрын бізді Петродворец пен Эрмитаждың әсемдігі, асқан әдемілігі мен айбыны таңғалдырды, сол күндері онда Леонардо да Винчи картиналарының экспозициясы өтіп жатқан болатын. Осылайша мен адамзат өркениеті тарихындағы аса ұлы суреткердің шығармаларын алғаш рет көрдім.

2012 жылы жаз айында біз жұбайымыз екеуміз көріп-білгендерімізің әсерін ұмыта алмаған қалпы, балалардың кішілері Әйгерім мен Арманды да Мәскеуге алып бардық.

Дәстүр бойынша бұл алып қаламен танысу Қызыл алаңнан басталатыны белгілі. Біз алаңды тамашалап тұрғанымызда, ұлым, сол күні келушілер үшін жабық тұрған Мавзолейді көріп: «Папа, Ленин деген кім?» деп сұрады. Сұрақты күтпегендіктен және оның күрделілігіне байланысты мен оған бірден жауап беруге асықпадым, алайда, оны кейінірек түсіндіремін деп уәде бердім. Дегенмен осы жай мені әр түрлі ойларға жетеледі.

Бүгінгі күні қоғамда Ленин туралы пікірлер бір-біріне мүлде қарама-қайшы деуге болады: оның сіңірген еңбегі мен ұлылығын толық мойындау да, немқұрайлылық пен жек көрушілік те бар.

Әйтсе де, оның ұлы тұлға екендігі даусыз және 2000 жылы беделді халықаралық рейтингілік ұйымдар оны ХХ ғасырдағы әлемді өзгерте алған аса ұлы адамдардың тізіміне енгізуі тегін болмаса керек.

Біздің күнделікті өміріміздегі сияқты тарихта да жақсы оқиғалар мен жағымсыз жайлар қатар жүреді. Сол уақыттың тарихында қорқынышты да қанды кезеңдердің болғаны даусыз. Сонда да айтулы жеңістер мен жетістіктер, қуанышты әрі жарқын күндер де болды емес пе.

Әділін айту керек, біздің қатарымыздағы адамдардың көпшілігі кеңестік билік берген мүмкіндіктердің арқасында адам ретінде қалыптасып, жетістіктерге қол жеткізді. Менің ойымша онымен санаспау дұрыс емес. Ол кезеңнің тарихын сызып тастау немесе қайта жасау мүмкін емес. Өз ата-бабаларың, ата-аналарың өмір сүрген, өзің туып-өскен уақытты қалайша ұмытуға немесе оған қарғыс айтуға болады.

Бірде, тарихи мемориалдық кешенді аралау кезінде Қазақ хандығының алғашқы астанасы – Сарайшық ауылында «Пікірлер кітабындағы» Мемлекет басшысының қазақ тілінде қалдырған жолдарына көзім түсті. Онда «таулар шайқалса да, тарих шайқалмайды» деген мағынадағы сөздері жазылыпты.

Біздің Елбасымыздың асқан даналығы мынада, ол белгілі бір күштердің ықпалына қарамастан, біздің жалпы тарихымыздағы кейбір жекелеген оқиғаларды саясатқа айналдыруға жол бермеді, сол арқылы елімізде бейбіт тұрмысты ғана емес, көрші елдермен достық қатынастарды да сақтай білді.

Тарихта адам өмірімен ұқсас жайттар көп. Өте жақын достар ұрсысып қалып, өкпесін өмір бойы ұмытпайтын, тіпті олардың бірі қайтыс болғанда қайғысына ортақтасып, жерлеуге де келмейтін жағдайларды білемін.

Сондықтан, менің ойымша, тарихты танудағы басты мақсат – артық сезімге берілмей, болашаққа үміт арта отырып, әділ қорытындылар жасай білу. Осыдан келіп қоғамды қайта жайластыру жолдары туралы маңызды қорытынды шығады, өйткені Лениннің образы бірінші кезекте революциямен байланысты.

Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың елдің эволюциялық даму жолдарын белгілеудегі қағидаттық ұстанымы бірден бір дұрыс ұстаным болып шықты. Жекелеген елдер мен тұтастай өңірлердегі қанды оқиғалар мен тәртіпсіздіктерді еске алар болсақ, біздің жеріміздегі бейбітшілік пен тыныштық өрлеудің, дамудың бағытын дұрыс қалыптастырғандықтың жемісі.

Осындай ойлардан кейін ұлымның Қызыл алаңда берген сұрағына мен тұщымды жауап бергендей болдым.

Тарих онда болған жасампаздықтармен ғана емес, сол уақытта туған және оның символына айналған адамдармен де қызықты.

Н.Ә.Назарбаев «Стратегия – 2050» атты Қазақстан халқына Жолдауында ұлттық мәдени ерекшелікті сақтаудың басты шарты ретіндегі патриотизмге тәрбиелеуге басты назар аударады. Ал бұл оңай  міндет емес.

Қазіргі жастардың мүлде басқа екендігін түсіну қажет. Олардың қалыптасуы қазіргі заманғы технологиялар мен әрдайым озық бола бермейтін батыстық ілімнің, ойлау машығы мен өмір салты жағдайларында өтеді.

Бүгінгі жастардың көпшілігі кітап оқымайды, идеологиялық салмағы бар телехабарларды қарамайды, олардан орнына голливудтың блокбастерлерін артық көреді. Бұл үшін жастарды кінәлауға болмас. Бұл - олар өмір сүріп жатқан уақыттың заңы. Жастардың дүниетанымына қозғау салудың жаңа әдістері мен нысандары қажет. Мен «Қазақстан» ұлттық телеарнасынан КСРО және Қаз КСР Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты, КСРО халық әртісі, театр және кино режиссері, сценарист Асанәлі Әшімовке «Аңыз адам» атағы берілгенін естігенде, осы жаңалықты қуана қабылдадым. Ол өзінің өмір жолымен және шығармашылығымен, адами рухының биіктігімен және қол жеткен жетістіктерімен өз халқының сүйіспеншілігі мен құрметіне лайықты ие болды. Осы ұлы әртіс және көрнекті тұлғамен мен көптен таныспын. Бұдан біраз уақыт бұрын өзінің отбасымен Атырауға маған қонаққа келгенде, бұл мен үшін ғана емес, менің жақындарым және оның талантын қадірлейтін менің барлық жерлестерім үшін үлкен оқиға болды.

Біздің халқымыздың арасында ұлтымызды рухани тұрғыдан біріктіретін осындай айтулы тұлғалар, бақытымызға қарай, аз емес.

Өскелең ұрпаққа біздің ұлттық мәдени ерекшеліктерімізді алға апаратын осындай күрделі тұлғалар туралы әңгімелеп отырудың маңызы зор, өйткені нақ солар ұрпағымыздың еліктеп өсуі үшін үлгі бола алады.

Мысалы, менің ой-өрісіме келесі адамдардың ықпалы зор болғанын айтуым керек: Сағынбек Тоқабайұлы Тұрсынов – экономика ғылымдарының докторы,  ГФР, ОБСЕ-дегі бірінші елші, Президент Әкімшілігінің бірінші басшысы, Халықаралық инженерлік академияның академигі, Ф.Кафка атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты;  Қасен Мұсаұлы Смағұлов - 1991-2003 жылдар кезеңінде - «Республика сарайы» республикалық мемлекеттік кәсіпорынның директоры, мәдениеттің еңбек сіңірген қызметкері; Кенжеғали Қадырұлы Қаршегенов – Алматы қалалық адвокаттар алқасының төрағасы; Сүйеген Ілиясұлы Ілиясов – Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген автомобилисі; Жұбандық Қошмағанбетұлы Жетібаев – Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласының үздігі;  Мақсұт Байболұлы Қилыбаев, Сатыбай Қуанышұлы Дүзбаев, Келдібай Тілеубергенұлы Төреғалиев, Мәлік Есмұхашұлы Көптілеуов – Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мұнайшылары; Мамай Әжмағамбетұлы Әжмағамбетов -  жол құрылысының құрметті қызметкері; Бақтыбай Жұбандықұлы Таубаев – Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген автомобилисі;  Оразғали Төлеуғалиұлы Қаршегенов – ҚР еңбек сіңірген энергетигі; Бағыт Байжанұлы  Бойжанов (марқұм) – атақты мұнайшы; Көлбай Садақбайұлы Садақбаев (марқұм) – агроөнеркәсіп  кешенінің атақты қызметкері.

Өзімнің өмір жолымды осындай адамдармен кездестірген тағдырыма ризамын.  

* * *

 

Осынау жылдар ішінде мен өзімнің қандай іске ұмтылғанымның, неге қол жеткізгенімнің бәрін өзімнің отбасыммен байланыстырамын.  Ол менің ынта-жігерімнің мақсаты мен мәні, қуаныш кезіндегі шалқыған сәттерім қиын кезде күш беретін қуатым болды. 

Өзімнің болашақ жарыммен мен Астрахан милиция мектебінде оқып жүрген жылдары таныстым. 

Казармалық өмірдің шиыршық атқан күндері кейде жайбарақат демалыспен алмастырылатын кездері болады.  Қызметтік-әскери тәртіпті бұзуға жол бермесең, демалыс күндері қыдыруға босататын.

Ол кездері мен Астрахан қаласында ешкімді білмейтінмін. Таныстарым да, туыстарым да болған жоқ.

Бірде мен өзіммен бір мектепте оқып, алтын медальмен бітіріп, Астрахань балық шаруашылығы жоғары техникалық оқу орнына түскен жерлесім Сара есіме түсті. Бір айта кететіні, осындай жоғары оқу орны Кеңес одағында үшеу ғана: Мурманскіде, Калининградта және Астраханда болатын. Олар балық саласының: инженер-технолог, механик, құрылысшы және тағы да басқа мамандықтарды даярлайтын.

Милиция мектебінде менімен бірге жерлесім Кәкімжан Таңжарықов оқыды. Анда-санда бір-ақ рет берілетін демалыс күндерінің бірінде біз институттың жатақханасында тұратын Сараны іздеп бардық. Бірінші қабатта орналасқан 109 нөмірлі бөлме әлі күнге дейін есімде. 

Бөлмеде Сарадан басқа, тағы да бір бейтаныс қыз бар екен. Олар жылдам дастарқан жайып, біз шай ішуге отырдық.

Сара бізді таныстырды. Бұл қыздың аты Люсетта екен. Біздің  көздеріміз түйіскен әлдебір сәт - оның маған тағдырдың жазуы екендігін бұлтартпастай сезінуім үшін жеткілікті болды. Оның есімінің өзі соншалықты ерекше, сәулелі және романтикалы болуымен бірге өзі де керемет еді: әдемі, аққудай сыланған, адамды өзіне тартып тұратын жұмсақ мінезді ұяң қыз.  Сол бір сәттерде мен өзімнің жүрегімнің қалай соққанын естіп тұрғандай болдым. 

Қызыл сөзге берілгеніме кешірім сұраймын. Өмірінде шынайы ғашық болған адам мені түсінеді ғой деп ойлаймын. 

Кейіннен, екеуміз шаңырақ көтердік, ол менің үш баламның: қыздарым Әселдің, Әйгерімнің және ұлым Арманның анасы болды. 

Сол бір кездесу шынында да тағдыр жазған сәт болды. Менің жерлесім Кәкімжан мен Сара да қосылды.  Олардың екі ұлы бар. Олар ширек ғасыр бойы бақытты өмір кешуде. 

Ең таңдаулының бәрі махаббаттан жаратылады және махаббат үшін жасалады.  Ол туралы романдар жазылады, поэмалар туындайды, ән шырқалады және фильмдер түсіріледі. Сол үшін ерлік жасалады және қиял жетпес биіктіктерге қол жеткізіледі. Бірақ та оның феномені ешкімнің де оның бірмәнді анықтамасын бере алмауында. Біреулер оны жоғарыдағы тылсым күштермен, енді бірі мистикамен түсіндіргісі келеді, ал енді біреулері оны химиялық реакция деп санайды. 

Меніңше, осынау құпияның өзі махаббаттың күші болып табылады. Бірақ та ол - әрбір адамның өзіне ғана тән,  ешқашан қайталанбайтын махаббаттың тартылыс күші. Махаббат  деген бұл - сезім мен құштарлықтың шиыршық атуы. Алайда адам ғұмыр бойы аспандаған шарықтау сезімінде бола алмайды, уақыт өте келе ол басылады, бірақ та жоғалмайды, ол басқа барынша берік және сабырлы сезімге ұласады. Бұл, меніңше, өзара құрмет пен сенім болып табылады. Біздің туыстарымыздың арасында бақытты отбасылық өмірдің мысалдарын көптеп кездестіруге болады.  Солардың ішіндегі ең жарқыны – Люсеттаның әке-шешесі. Оның әкесі Зиапеден Дәуітұлы Жолмұханов қазір 87-де, ал анасы Зира Хасаинқызы Галиева  85-те. Олар 65 жыл бойы қол ұстасып, өмір сүріп келеді. Бұл өз алдына жеке кітапқа татитын әңгіме.  Мен оның тартымды да қызықты әрі өнегелі болатындығына сенемін. Әкесі 15 жасында колхоздың есепшісі болған, өйткені ерлердің бәрі майданға кеткен еді. Ал оның әкесі, менің ұлым Арманның  нағашы бабасы Мәскеу үшін шайқаста 1941 жылы қаза тапқан. 

Ақсарай даласындағы колхоз майданға жылқы және түйе жіберіп тұрған. Соғыс уақыты кезінде жас баланың мойнына қандай жауапкершілік жүгі артылғанын осыдан аңғаруға болады. Соғыс аяқталғаннан соң ол зейнетке шыққанға дейін колхоздар мен совхоздарда төраға, бас бухгалтер болып жұмыс істеді.

Люсеттаның анасы 50 жылдан астам уақыт бойы бастауыш сыныптардың мұғалімі болды. Ол білім нұрын шашып, ақыл-ой мен ізгілік дәнін сепкен ұстаздардың аты аңызға айналған ұрпағының өкілі болып табылады. Оның оқушыларының бірсыпырасы кейіннен академиктер, профессорлар және басқа да атақты адамдар болды. 

Олар алты баланы тәрбиелеп өсірді. Абай және Артур деген екі ұлдың, Роза, Жанна, Луиза және Люсетта деген қыздардың ата-анасы болды.  Ұлдарының үлкені Абай әскер қатарындағы кадрлық қызметтен кейін 44 жасында кенеттен дүние салды, бұл бәріміз үшін, әсіресе, анасы үшін жазылмайтын жара болып қалды. 

Балалардың бәрі ер жетіп, кәсіптік тұрғысынан алғанда да, сондай-ақ отбасы және жеке бастарында да бақуатты адамдарға айналды. Осы отбасындағылардың көпшілігі қайырымды да мейірімді дәрігер мамандығын таңдады. Асқар, Артур және оның жұбайы Жанна жоғары санаттағы дәрігерлер,  ал Люсеттаның әпкесі  Жанна – медицина ғылымдарының докторы, С.Аспандияров атындағы Алматы мемлекеттік медицина институтының профессоры.  Менің бажаларым туралы  әңгіме өз алдына бір төбе. Бір-бірімізге деген ыстық сезім мен құрмет бізді тығыз байланыстырған. Бізге адалдықтың өзара шынайы қатынастарының мысалын үлкен бажамыз, Розаның күйеуі Хайнол Жантөреұлы Дәулетов көрсетіп кеткен еді. Ол 56 жасында дүниеден озды. 

Менің екінші бажам, Жаннаның күйеуі Асқар Уагапұлы Трумов -  қайырымды да мейірімді адам және «құдай берген» шипагерлік қасиеті бар дәрігер.  Бұл күндері ол Біріккен Ұлттар Ұйымының халықаралық бағдарламасы бойынша бес жылдан астам Зимбабведе жұмыс істейді. 

Менің үшінші бажам, Луизаның күйеуі Ғалым Қамашұлы Алдамжаров -әскердің запастағы полковнигі. Екеуміз де ғұмыр бойы погон тағып жүргендіктен, арамыздағы қатынастар да ерекше. Ол қызмет атқарған уақытта қатты ауырып қалды. Сол кезде тапшы болған «лидаза» дәрісін тез арада табуға қажет болды. Оны сол кездері облыстық дәріханалар басқармасын басқарған менің нағашым Омарғалидың көмегімен тауып, мен милиция лейтенанты кезінде дәріні Капустин Ярға жеткіздім. Осы бір жабық және қатаң бақыланатын әскери қалашық әлі күнге дейін есімде. Мен оған ауруын жеңіп шыққанға көмектескеніме қуаныштымын.  Біздің арамызда көптеген жақсы оқиғалар болды, алайда осы бір сапарым неге екенін білмеймін, ұмытылмастай есімде қалыпты. 

Мен бірде қайын енемнен үлкен ұлдарыңның есімі ғана қазақша, қалғандарының бәрі неге шетелдікі деп сұрадым.  Ол мырс етіп күліп жіберді де, өзінің кітапқұмарлығымен түсіндірді.  Үлкен ұлына аяғы ауыр кезінде М.Әуезовтің «Абай жолы» романын оқыған екен. Артурды босанар алдында  Войновичтің «Бөгелек» повесін оқып бітіріпті, ал қыздарын өмірге әкелердің алдында француз романдарын бас көтермей оқыпты. 

Осының өзі қазіргі аналар үшін мысал болуға татымайды ма. Ол жұмыс істеп, үй шаруашылығын дөңгелетіп, балаларға тәрбие беруге үлгеріп қана қоймай, кітап оқуға да уақыт тапқан. 

Мен жұбайымның ата-анасын олардың у-шуға толы балаларының, немерелері мен шөберелерінің ортасында қонақжай отбасының дастарқанында көрген кезде, бақыт туралы пәлсапалық сұрақ қоюдың керегі жоқтығын түсінемін. 

Біздің, Люсетта екеуміздің қуанышымыз, мақтанышымыз бен өмірдегі бар мағынамыз – біздің сүйікті де сүйкімді балаларымыз. Біздің үлкен қызымыз Әсел Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және шет тілдері университетін тәмамдап, қазір «Аджип ККО» шетел компаниясында жұмыс істейді. 

Оның ұстамдылығының, қарапайымдылығының және ұяңдығының тасасында бойында қайраттылық та байқалады.  Сегізінші сыныптан кейін біз оны Алматыдағы Қазақстан-Америка университеті жанындағы мектепке оқуға жібердік.  Жап-жас кезінде балаға ата-анасының мейірімі мен шуағы қажет кезде, алысқа сегіз жыл бойғы ұзақ мерзімге кетудің өзі ерекше сынақ болатын.  Әрине, оңтүстік астанада оны менің әйелімнің туыстары қамқорлыққа алғандары үшін мен алғысымды білдіремін, бірақ та туған ұяның жылуын ешкім де алмастыра алмайды. 

Әсел осынау өмір емтиханынан сүрінбей өтті, университетті табысты тәмамдап, үйге қалыптасқан адам ретінде оралды. 

Әйгерім Қазақ мемлекеттік заң университетінің екінші курсында оқиды.  Оның бойында шығармашылық қасиеттер бар. Айталық, ол оныншы сыныпта оқып жүрген кезде, Астананың халықаралық «Мирас» мектебінде «Мисс Мирас» конкурсына қатысты.  Ол менен конкурс басталар алдында өзін таныстыру үшін шағын мәтін жазып беруін өтінген болатын. Тегінде, қызымның жан толқынысы да маған берілсе керек. Мен бірнеше минуттардың ішінде мына жолдарды жазып тастадым: 

 

Сұлудың сымбатынан сыр танылған,

Келбетіме тең келер кім табылған.

Ақ Жайық Атыраудың аруымын,

Бейбарыс, Махамбет ұрпағынан.

 

Сайысы арулардың бүгін думан,

Жан-жақтан жинап бізді жұмылдырған.

Руым Жайық-Беріш Еркін қызы Айгеріммін,

Ақ Орда Астанада білім қуған.

 

Осы іс-шара жүріп жатқан кезде Әйгерім мені тағы да бір ісімен таңғалдырды. Кезек музыкалық сайыстарға келген кезде ол менің сонау жастық шағымда, мектептің вокалды аспаптар ансамблінде орындаған «Айналайын» деген әнді шырқады. Бұл туралы біз алдын ала келіскен жоқ едік. 

Шығармашылық дарыны мен мақсатының арқасында Әйгерім осы конкурстың жеңімпазы болды. Оның қалыптасуы үшін бұл кішкентай болса да аса маңызды жеңіс еді. 

Осылайша, олар кәсіп таңдауда айқындалды. Бірақ жұбайым екеумізді және басқа да туыстарымызды біздің қыздарымыздың болашағы қатты толғандырады.   Өйткені отбасылық өмірдің бақыты мен шаттығы өмірде өз серігіңді таңдауға байланысты болады ғой. Сонда ғана, Люсетта екеуміздің жүрегіміз де орнына түскен болар еді. 

Соңғы уақытта жоғары әлеуметтік және материалдық мәртебесі бар адамдардың арасында балалардың пікірлерін ескермей, өз балаларының арасында некелерін қию үрдісі байқалады. 

Әрине, біздің халқымыздың дәстүрінде рудың немесе тайпаның саяси, экономикалық және әскери мүддесімен астасып жатқан осыған ұқсас практика болғаны да рас. 

Ал осы жиырма бірінші ғасырда бұл қаншалықты дұрыс?

Әрине, мен осылай ойлайтын немесе осылай істейтін адамдармен тартысқа түспеймін, ең бастысы оларды кінәламаймын да. Бұл - олардың құқықтары. 

Мен қыздарымның өз таңдауларын мәжбүрлеп емес, жүрек қалауымен жасағандығын қалар едім.  Меніңше, бұның қағидатты маңызы бар. Мен үшін қыздарымның болашақ жарларының материалдық деңгейі басты емес, олардың сезімдерінің шынайылығы, өз отбасын бақытты етсем деген  ниеті мен ұмтылысы аса маңызды. 

Сөз орайы келгенде, айта кетейін дегенім, жуырда батыс елдерінде дағдарысты жағдайларда  ажырасулардың саны күрт өскені туралы мақала оқыдым.  Бір қызығы, олардың басым бөлігі есеп бойынша құрылған отбасыларға қатысты екен. Ал, керісінше, сүйіспеншілік бойынша құрылған одақтар өзінің өміршеңдігін дәлелдеген. Осындай үрдіс біздің елде де байқалады.

Ежелгі Грекияның философы Клеобула: «Қыздарды жасы бойынша қыз деңгейінде, ақыл-ойы бойынша әйел деңгейінде тұрмысқа беру керек» дейді. Осы ойларды бетке ұстап, біз қыздарымызды ошақ отын маздататын, оны тұтатып қана қоймай, сөндіріп алмау үшін қолдан келгеннің бәрін жасайтын әйелге тән құрмет негізінде және біздің ұлттық дәстүр арнасында тәрбиелеуге ұмтылудамыз.    

Әрине, бұл менің балаларымның болашағы туралы жай ғана ойларым. Мүмкін, қыздары бар әкелер менің жан тебіренісімді дұрыс түсінер.

Бәрі Ұлы Жаратушының қалауымен болады. Мен Әсел мен Әйгерімнің өмір жолында отбасы құндылықтарына ұқыпты да нәзік сезіммен ұстайтын лайықты адамдардың кездесуіне үміт артамын. 

Ел ішінде ер-азамат үш  міндетті орындауы керек дейді: олар ағаш егу, үй тұрғызу және лайықты мұрагер – ұл өсіру.  

Екі қызым дүниеге келгеннен соң, мен, әрине шаңырақ иесі ұлдың дүниеге келуін тіледім. Осы арманым да орындалды. 2000 жылы 28 маусымда Арман атты ұлым жарық дүниенің есігін ашты. 

Ата тегімді жалғастырушы  - Еркiнов Арман Еркiнұлы ХҮБК (халықаралық үздіксіз білім беру колледжі) 7 сыныбында оқиды. Ата-аналарының атына кір келтірмеуге және өзінің ата-бабаларының дәстүрін ардақтап қастерлеуге уәде береді.

 

* * *

           Биыл біз Парламент Мәжілісінің депутаттары сайлаушыларға Президенттің «2050 стратегиясы» Жолдауының мазмұнын  түсіндіру үшін өңірлерге екі рет барып келдік. 

Оның басты мәні әр адамға жақын және түсінікті: біздің балаларымыз бен немере-шөберелеріміз бақытты да лайықты өмірге қол жеткізуі үшін өркендеуші, заманға сай, уақытқа талабымен тең түсетін мемлекет тұрғызу.

Менің көзқарасымша, «2050 стратегиясы»  осы жоспарында  халықты бетбұрысы кезінде біріктіретін ұлттық идеяның өлшемдеріне негіздей отырып жауап береді. Сол себепті мен өз ой-толғамдарымды 2013 жылы 11 сәуірде «Литер» қоғамдық-саяси газетінде «2050 стратегиясы. Ұлттық идея: арманнан жүзеге асуға» атты мақалада баяндауға тырыстым.

Осы кездесулерде перспективаның тым ұзақ болуына байланысты осы тарихи құжаттың жүзеге асырылуына күмән келтіргендер болғанын да жасырмаймын. Меніңше, бір күнмен  ғана өмір сүретін адамдар осылай ойлайды.   

... Уақыт ұшқыр. 2050 жылы менің ұлым Арман қазір мен келіп отырған 50 жаста болады. Сондықтан, қазірден бастап біз олар қандай елде өмір сүретіні туралы ойлауымыз керек, ұрпақтарымыздың тіліміздегі, мәдениетіміздегі, тарихымыздағы, дін мен діліміздегі ұлттық кодымызды сақтай алатынына сенімді болуымыз керек. Осы істе балалардың бойында бауырмашылдық сезімі және қазақ ұлтынан болғандығы үшін мақтаныш сезімімен тәрбиелейтін отбасының атқаратын рөлінің үлкен екендігі күмәнсіз.  

Жақында менің ұлым Арман Халықаралық үздіксіз оқыту колледжіндегі оқу бағдарламасы шеңберінде  үш аптаға Англияға барды.

Қайтып елге оралғанда жұбайым екеуміз оны Алматы қаласының әуежайынан қарсы алдық.  Ұшақта, астанаға барар жолда Арман анасынан: «Анашым, мен үйге келгенде бірінші кезекте не істейді деп ойлайсыз, а?» - деп сұрады. Менің жарым: «Білемін. Сен бірден компьютерге отырасың», - деп жауап берді. Балам үндемеді. Ол үйге келісімен, алдымен қолына домбырасын алып бөлмесіне кіріп, есігін жауып, өзінің жақсы көретін әуендерін ұзақ уақыт бойы тартты.

Осы оқиға менің жанымды жадыратып қуанышқа бөледі. Тегінде, менің ұлым туған жерімен, ата-бабаларымызбен кіндігі берік байланған болып шықты. Бірнеше аптаның ішінде шетелдерде болған уақытта домбыраны сағынып қалғаны осыны көрсетпей ме?!   

 

* * *

 

Достарым туралы үндемей қалсам, менің әңгімем толық болып шықпас еді. 

Осы бөлімді жазу соншалықты қиын болады деп ойламаған едім. Өйткені кезекті, әбден жауыр болған сөздерді жазғым келмеді. 

Біздің халқымызда жүрегіңді тебіреніске бөлеп,  жанарыңа жас үйіретін достық туралы мақал-мәтерлер, ән-жырлар өте көп.  

50 жылдығымның қарсаңында осы жолдарды жазу кезінде достықтың не екенінің нақты анықтамасының жоқ екенін ұқтым. 

Тегінде, достықты оны әркім өзінше сезінетін махаббатпен біртектес тәрізді ме деп ойлаймын.  Осыған байланысты, адам достық сезімінен тереңнен тамыр тартып, жаныңды ләззатқа бөлейтін әсерді бастан кешіреді деп санаймын. Сондықтан ол сөзде емес, әркімнің ісінде көрініс береді. 

Нағыз достар көп болмайды. Олар бірен-саран ғана. Жан-дүниесі жақын адамдарды достық біріктіреді, олар қиын сәтте опасыздық жасамайды. Әлеуметтік немесе материалдық мәртебең өзгерген кезде де сені тастамайды. Менің пікірімше, нағыз достық үшін адамның байлығы мен кедейлігі, жасының үлкендігі мен кішілігі, арадағы қашықтықтың алыстығы мен жақындығы маңызды емес. Ең маңыздысы, ол сезім сенің жан жүрегіңнен мықтап орын алады және ол барда сен өзіңді жалғызбын деп ойламайсың.  

Мені балалық және жігіттік шағым, қызметім мен жұмысым, жалпы істерім мен мақсаттарым, жеңістерім мен жеңілістерім, қуаныштарым мен қиын сәттерімді байланыстыратын адамдар бақытыма орай аз емес.  Сондықтан да мен  оларды ұзын сонар тізімнен байқамай, жазбай кетіп, абайсызда өкпелетіп алмау үшін әдейі аттарын атап жазбай отырмын. 

 

* * *

 

Өзімнің өмірлік жолымды  пайымдай отырып, өзім үшін негізгі қорытындыны жасауға тырыстым. Олар әр түрлі, кейде күтпеген жерден болады, бірақ та міндетті түрде өте маңызды. 

Белгілі діни нақыл сөздерінде, бірде Меккенің әміршісі Әбу Суфьян ибн Харбыға тәңірден мынадай сөздер естілгені туралы айтылады: «Жұмсақ болсаң – уқалап тастайды, қатаң болсаң – сындырады. Су бол. Суықтарды батырасың, ыстықтарды сөндіресің».

Осы жолдарды әрине, тура мағынасында қабылдаған дұрыс емес шығар. Оларда терең философиялық мән жатыр. Алайда осыны ұғыну үшін олардың пайда болу себептерін білу керек. 

Арабтардың өміріне Исламмен бірге келген жалғыз Алла туралы ой пұтқа табынушы қоғамның өмір сүру негіздерін қиратқан болатын.  Әмірші Әбу Суфьян мұны бірден түсінді. Мұхаммед пайғамбарды және оның ізбасарларын соңдарына түсіп қудалап Мәдинеге қашуға мәжбүрледі. 

Мұхаммед Пайғамбардың Іліміне ергендер тез арада күш жиып, батыл әрекеттерге барды. Пұтқа табынушылардың үш есе артық күштеріне қарсы алғашқы қарулы қақтығыс мұсылмандарға жеңіс әкелді. 

Бірақ, пұтқа табынушылардың әскерімен екінші қақтығыста Мұхаммед жеңіліс тапты. Алайда, бұл әскери тұрғыдан алғанда ғана осылай еді.  Олар адамның жан-дүниесі жолындағы күресте әлдеқашан жеңіске  жеткен болатын. 

Мұны Меккенің әміршісі түсінді. 

Ол Мәдинаға өзі келіп, Мұхамедтің аң-таң  болған ізбасарларының көз алдында  Оған өзінің Исламды қабылдау өтінішін білдірді.

Бұл жеңіліс емес еді, бұл оның батылдығы мен ақыл-парасатының көрінісі болатын.  Осынау күрделі де алмағайып кезеңде біздің бәрімізге қарама-қарсы тұру емес, біздің ежелгі жерімізде келісім, бейбітшілік пен тыныштық жолында өзара түсіністік пен сыйластық сезімі қажет деп ойлаймын. 

 

* * *

Осы  естелік жолдарын жазу кезінде менің  ойымды «Осы  дұрыс па? деген күмән жаулап алды.

Мен, өз заманымның адамы ретінде, өзіндік барлық қадір-қасиеттері мен кемшіліктері бар, өзім секілді миллиондаған азаматтар сияқтымын ғой.

Мұнда мен өзімнің сіңірген еңбектеріммен маңыздылығымды дәріптеу мақсатын қойғаным жоқ. Мені шынайы құрметтейтін әрі бағалайтындар ғана маған бұдан әрі де осылай қарайды деген ойдамын. Ал мені жақтыра қоймайтындарға, бұл әңгіме менің жеке басыма деген жылылықты арттыра қоймас.

Мен кездейсоқ теледидар бойынша сюжетті көргенде   біржолата өз күмәнімнен арылдым. Онда  соңғы уақытта Францияда ең көп сұранысқа ие қызметтік  өмірбаяндық кітаптарды жазу болып табылады екен.  Бір қызығы, тапсырыстар «жұлдыздардан» емес, қарапайым тағдыры бар кәдімгі жай адамдардан  түсіп отыр. Олардың бәрі өз шешімдерін әртүрлі себептермен түсіндіреді. Біреулер өз өмірінің тарихын немерелеріне естелік ретінде қалдырса, ал енді біреулері ішкі ойын ақтару үшін жазып қалдырады. 

Алайда олардың бәрін бір ғана уәж – жан-дүниенің қажеттілігі біріктіреді. 

Кез келген адамда өмірінің белгілі бір тұсында жүріп өткен жолдары, жетістіктері мен сәтсіздіктері, қуанышы мен қайғысы, қоршаған айналасы оларсыз жетімсіреп қалатын туғандары мен жақындары туралы айту тілегі және ең бастысы, сенің тағдырыңа шын ықыласпен бақыт пен бақ-береке тілей отырып қатысқандардың бәріне алғыс білдірумен байқалады деп ойлаймын. 

Ең бастысы, сенің  өміріңнің және сенің ата-бабаларыңның өмірі мен жеріңнің тарихы әрқашан балаларың мен немерелеріңнің жадында болғаны маңызды. Бұл солардың біріне сабақ болып, ал басқа біріне еліктеу үшін үлгі және мақтанышына айналар еді.

Өзімнің 50 жылдық мерейтойымның қарсаңында жүріп  өткен өміріме байыппен көз жүгірте отырып, кей сәттеріме кешіріммен қарап, ал кейбіріне алғыс білдіре отырып хош айтысамын. Келер күннен күтетін үміт сезімдерім тек жақсылық жолына жетелейді деп сенемін. Мен, болашағымды жарқын  ойлармен, жайдары көңілмен қарсы аламын!