Сырдария аудандық «Тіршілік тынысы» газеті. 07.12.13.
ДЕПУТАТТАРМЕН КЕЗДЕСУ
Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті күніне орай ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Б. Ертаев, С. Әйімбетов, Е. Шпанов ауданымызға іс-сапармен келді.
Халық қалаулылары аудан әкімі Ғ.К. Қазантаевтың бастауымен аудандық мұражайда болып, жергілікті экспонаттармен танысты. «Тағзым» алаңында белгісіз солдаттың ескерткішіне гүл шақтарын қойды. Бұдан кейін жұртшылықпен кездесулер аудандық ішкі істер бөлімінде, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалында жалғасты.
Генерал-лейтенант, Халық Қаһарманы Бақытжан Ертаев бастаған депутаттар «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалында Ауған соғысы ардагерлерімен, мектептердегі бастауыш әскери дайындық пәні мұғалімдерімен, аудандық қорғаныс істері бөлімінің қызметкерлерімен кездесті. Бас қосуды аудан әкімі Ғ. Қазантаев ашты. –Ауданда бүгінгі күні осы айтулы мерекеге байланысты түрлі шаралар бастау алды. Мерекелік шаралардың жалғасы сіздердің қатысуларыңызбен партияның Сырдария филиалының ғимаратында жалғасын тауып отыр. Тұңғыш Президент күнін атап өту арқылы біз жас ұрпақты патриоттыққа, отансүйгіштікке тәрбиелеп, елін сүйіп, адал азамат болуға үйретеміз. Елбасы әр сөзінде берекелі бірлігіміз, дархан достығымызды берік сақтауға үндеп келеді. Бүгінгі қол жеткізген әр жетістігімізде Елбасының айшықты қолтаңбасы бар. Бұл ел тарихына алтын әріптермен жазылған еншіміз, - деді Ғанибек Қонысбекұлы.
Кездесуде депутаттар Б. Ертаев, С. Әйімбетов, Е. Шпанов сөз алып, еліміздің өткениетке бет бұрып, даму көрсеткіштерінің тұрақты болуы Елбасымыздың көреген саясатының нәтижесі екендігін айтты. Сондай-ақ халық қалаулылары кездесу барысында аудан, аудандық ауған соғысы ардагерлерінің тыныс-тіршілігімен жете танысып, жастарға патриоттық тәрбие беруге жергілікті әкімдіктермен бірігіп жұмыс жасауға шақырды. Өз кезегінде Ауған соғысының ардагері С.Қилымханұлы, аудандық мүгедектер қоғамының төрағасы Б. Сауытбаев және тағы басқалар мазмұнды кездесу жасағандары үшін халық қалаулыларына ризашылықтарын білдірді.
Кездесуді аудан әкімі Ғ.Қ.Қазантаев қорытындылады. Жиын соңында депутаттар мерекеге орай айған соғысының ардагерлеріне ескерткіш сыйлықтар тапсырды.
Ш. Нұрсейтов