Шпанов
Еркін
Мәжитұлы

Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі

Депутатқа хат
"ДЕНДЕР" аудандық қоғамдық-саяси газет. 27.08.2015. ҰЛТТЫҚ НАМЫС ОЯНБАЙ
Жаңа экономикалық шара

«ДЕНДЕР» аудандық қоғамдық-саяси газет. 27.08.2015.

 

ҰЛТТЫҚ НАМЫС ОЯНБАЙ

 

Ұлы мақсаттарға қол жеткіздіретін ұлт жоспары 100 нақты қадамды насихаттау мақсатымен өткен жұмада ауданға келген Қазақстан Республикасы парламенті Мәжілісінің депутаттары жергілікті тұрғындармен аудан әкімдігінде бас қосты.

Олар негізінен елбасы ұсынған жаңа экономикалық та қаржылық та саясаттың мақсат-мұраты жөнінде өзге елдердегі ахуалмен сабақтастыра отырып баяндады.
        
Мемлекет көздеген межелерді бағындыру жолындағы маңызды қадамдарды халыққа түсіндіріп, пікір алмасу бүгінгі жиынның басты жайты екенін айтқан, жиынды ашып-жүргізген аудан әкімінің орынбасары Ә.Балахметов сөз тізгінін ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Алдан Смайылға ұстатты.
        
Төл теңгеміздің сауда дәлізіне еркіндікке өтуінің себептерін түсіндіріп, бұдан елдің ұтпаса ұтылмайтынын айтудан сөзін бастаған Алдан Зейноллаұлы мемлекеттің гүлденуі Отанға деген шынайы сүйіспеншілікке тәуелді екендігіне көбірек назар аудартты.
        
-Теңгенің айырбас бағамының еркіндікке жіберілуі біріншіден, ұлттық валютаны үнемдеу үшін қажет, екіншіден, өздеріңізге белгілі, мемлекетіміз ДСҰ мен Еуроазиялық одаққа енді, соған байланысты біздің өнімдердің бағасы сол елдермен үйлесімділікте болуы қажет. Сол себепті теңгені осындай еркіндікке жіберуге қадам жасауға тура келді.
Жалпы, нақты қадамға байланысты алдағы күзде біз 100-дің үстінде заң қабылдауымыз қажет. Қазір сол үшін мәжілісте үлкен дайындық жүріп жатыр.
        
Мен бүгін кәсіби мемлекет дегенге айрықша тоқталғым келеді. Кәсіби мемлекет деген-өз ісінің үздігі дегенмен тең. Мәселен, әкім өз ісінде, дәрігер өз ісінде, шаруа өз ісінде мықты болуға тиіс. Себебі неде? Егер бізде жеңіл өнеркәсіп дамымаса, тіпті, қарапайым мобильді телефонды шығара алмайтын болсақ –бұл біздің кәсіби деңгейіміздің кемшілігінің белгісі.
Мысалға, Оңтүстік Корея елін алайық. Шикізаттан ада ел қазіргі таңда әлемдегі құлпырған мемлекетке айналды. Қалай дейсіз бе? Экономикадағы адам капиталының күштілігінде. Ал, біз мұнайды сатқанға мәз болып, тауарларды сырттан тасимыз. Демек, елге озық технология беру арқылы озық мемлекеттердің сапынан табылу үшін өзімізді-өзіміз қамшылай алуымыз қажет.
        
Әлемдік стандартқа сай білім беретін қазір Қазақстанда бірде-бір жоғарғы оқу орны жоқ. Яғни, біз шығарып жатқан мамандар әлемдік стандартқа лайық емес деген сөз. Егер білім-ғылымы кенже қалса ел қайдан көркеймек,-деген қоғам қайраткері қабырғалы мәселенің екіншісін сыбайлас жемқорлыққа әкеп тіреді.

«Сыбайластық елімізде, жасыратыны жоқ өте өткір. Неге қазақ зиялылары халыққа жанын ашытпайды. Жоқ, оның орнына отырып алып «жеуге» әуестік бар бізде. Кез-келген әкім халықты түсініп, сезініп, әр тиынның ел мүддесі үшін жұмыс жасауына ұмтылса игі. Мұстафа Шоқай елдің элитасы мен қарапайым халықтың ортасында ортақ сана болу керектігін айтып кеткен. Ортақ сана дегеніміз-халықты құрметтеу, азамат ретінде атына кір келтірмеу. Халық пен билік арасында алшақтық болмауы тиіс. Міне, кәсіби мемлекет дегеніміз осы»,-деді ол.
Шикізатқа малданып отыра бермей оны өңдеуді, жоқтан бар жасауды үйрену арқылы жоғары деңгейге көтерілудің алдымыздағы басты мақсатқа айналмағы керегін түсіндірген халық қалаулысы адам капиталының артықшылығы хақында бірер елді мысал етті. Мәселен, АҚШ-та табиғи өнімнің экономикадағы үлесі 5 пайыз болса, ақыл-біліммен келген игіліктің бюджетке түсімінің үлесі 75 пайызға тең екен. Кәсіби мемлекеттің күштілігі осында екен.
        
Әр істегі сапалылық маманның біліктілігінде деген ойды сабақтастырған ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Еркін Шпанов әлемдегі ең қуатты мемлекетке біртабан жақындаған аспанасты елінің асқаралы биіктерді бағындыруының сырын айтып берді.
Мысал ретінде Қытайдың Иу қаласындағы жағдайды баяндады. Он жеті жыл бұрын ғана тұрғызылған, 600 мыңға тарта адам тұратын шағын қаланың 400 мыңнан аса өнім түрлерін шығаратынын, 10 мың кәсіпорны барын таңқалдыра айтып, өз кәсіпорындарымызды дамытпайынша өрге баспайтынымызды жеткізді.

Ұлттық банктің «уысынан» шығып, ендігі тағдырын нарық реттейтін теңгенің бүгінгі ахуалын экономикамыздағы өңдеуші кәсіпорынның әлсіздігімен сабақтастырған Еркін Шпанов сыбайластыққа қатысты да салмақты сөз саптады.
        
Әсіресе, биліктегі «бейберекетсіздіктің» экономикаға тигізетін кері әсеріне тоқталған ол шенеуніктердің қызметтік статусын Сингапур еліндегідей ету керектігін мысал етті. Ол елде жемқорлыққа қарсы күрес қатаң болумен қатар шенеуніктердің әлеуметтік статусын да ойлайды. Мәселен, сингапурлық судьяның жылдық жалақысы 1 млн.АҚШ долларынан асады екен. Әрине, мұндай ақша алған адам парақорға айналмайды.
-Ең бастысы біздің атқамінерлерде елге сүйіспеншілік, ұлттық намыс кемшін. Ең аяғы бөлінген қаржыны игере алмаймыз. Бұл біліксіздік емей немене?-деді ол.

Экономикадағы шағын және орта бизнестің үлесі өте төмен көрсеткішпен сынға ұшыраған Атырау облысының мүмкіндігі бола тұра шикізатпен шектеліп қалуы қисынға келмейтінін де өз сөзінде айтып өткен депутат экстремизмге, «жаназа оқудан әрі аса алмай отырған» молдаларға, 100 нақты қадамда көрсетілген жергілікті билік пен халыққа есеп беретін полицияға қатысты ойларын білдірді. Сонымен қатар, елдегі ахуалды елемей, «өз әлемінде» өмір сүруге бейім жастардың қылмыс жасауда алдына жан салмайтынын, бүгін тіккен отауының шаңырағы көп ұзамай ортасына түсетінін де қынжыла айтып берді.

  Ұлттық намыс қана ұшпаққа шығаратынын ұқтырған депутаттар Атырау облысының соңғы жылдардағы қадамына ризашылығын білдіруді де ұмытпады.
        
Міне, Елбасы ұстанған саясаттың, берген бағдардың, жасаған Жолдаудың мемлекеттік тұрғыда өркендеу үшін маңызды екенін айтқан халық қалаулылары жетістікті бағалап, бір-бірімізге жанашырлық көзқараста өмір сүрмекке шақырды.

Жиынды қорытқан Ә.Балахметов нақты қадамды насихаттай келген депутаттарға аудан тұрғындары атынан алғысын білдірді.

А.Байжігітов