27.08.2015 «Серпер» Құрманғазы ауданының қоғамдық-саяси газеті
ТЕҢГЕ БАҒАМЫНЫҢ ӨЗГЕРІСІ ЕҢСЕМІЗДІ ТҮСІРМЕЙДІ
Аудан әкімдігінде округ әкімдері, бөлім басшылары, үкіметтік емес ұйымдар төрағалары, ардагерлердің қатысуымен Парламент Мәжіліс депутаттарымен кездесу өтті. Шараны ашқан аудан әкімінің орынбасары Рүстем Нәсиболлаев келген мәртебелі меймандармен таныстырды.
Алғашқы сөз Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Алдан Смайлға беріліп, ол: - Сапарымыз барысында Ресей еліндегі әйгілі Алтынжар мекеніне - Құрманғазы бабамыздың басына барып дұға оқыдық. Сол жердің халқымен сөйлестік. Жетістіктері, мәселелері бар екен. Былай қарағанда көбін жергілікті жерде шешуге болатын нәрселер. Парламент депутаттарының жыл сайын елмен кездесуі қалыптасқан дәстүріміз. Ыңғайы түсіп, бүгін сіздердің аудандарыңызға ат басын бұрып келіп жатырмыз. Жалпы енді талай жерлерде болып жүрміз ғой, құдайға шүкір, Атырау облысының, сіздердің жағдайларыңыз жақсы. Жол бойымен келе жатырғанда көрдік, ауылдарыңыздың ажарына көз тояды. Бой көтерген әсем ғимараттар, өндіріс орындары, асфальтталған көшелер, осының бәрі өңірдің экономикасы жылдан-жылға дамып келе жатырғанының дәлелі. 418 млрд. теңгенің инвестициясын Атырау игеретін болса, Жамбыл, Қызылорда, Алматы, Шымкент облыстарының бәрінікін қосқанда соған жетпейді. Облыс оны өзінің өндіріс орындарына, ауыл шаруашылығына салуда. Мысалы жүн өңдейтін кәсіпорынның құрылысы басталыпты. Осының бәрі облыс басшысы Бақтықожа Ізмұхамбетовтің және сіздердің еңбектеріңіз. Республика бойынша донор үш-ақ облыс - Маңғыстау, Атырау, сосын Алматы. Қалған облыстар тұтынушылар. Бір жағынан бұл ойландыратын жағдай. Қазақстан сияқты мемлекетте үш облыстан басқасының мұндай күйде болуы дұрыс емес жайт. Сондықтан оларды да дамытып Атырау облысының деңгейіне көтеруіміз қажет. Сөйтсек ғана біз дамудың даңғыл жолына түсеміз. Үкіметтің де басын ауыртып отырған мәселе осы.
Енді өздеріңіз естіп жатырсыздар теңгенің бағамы өзгерді. Оны осы жаққа келген соң естідік. Бұл енді заман талап етіп отырған заңдылық. Экономикаң қандай болса, ұлттық валютаңның да құны сондай деңгейден аспайды. Әлемдік мұнай бағасының құлдырауы, іргедегі елдердің валюта бағамының өзгеруі белгілі бір деңгейде бізге әсер етеді. Олардағы болып жатырған жағдай елімізде де көрініс табады. Себебі әлемдік экономиканың бір бөлігіміз. Ресейге санкциялар салынып жатырғанын білесіздер, ол әлі де күшейе түсуі мүмкін. Мұнайдың бағасы тағы да 2-3 жыл осы деңгейде тұрып, көтерілмесе, шындығын айту керек Республикалық бюджетті қалыптастырудың өзі оңайға соқпайды. Міне, сондай жағдай қалыптасса, Атырау, Маңғыстау сияқты донорларға үлкен салмақ салынады. Биыл бітетін стратегиялық жоспарда дамудың екінші мүмкіндігін қарастыру жөнінде әңгімеленеді. Ішінде:“Атырау өңірінің мүмкіндігі қаншалықты? Алға қарай бұл жерде қандай кәсіпорындар ашылады? Өзге өңірлерді көтеруге бұл облыстың қандай көмегі тиеді, сол сияқты Республика қалай қол ұшын береді? Экономикасы көтеріліп келе жатырған өңірлерді одан әрі дамыту үшін қыруар ақшаны жұмсау керек пе, жоқ әлде артта қалған облыстарды қолдаған дұрыс па?”, деген сұрақтар күн тәртібінде тұр. Біздің Үкімет бүгіндері осы бағытта жұмыстануда.
Парламентке көптеген заңдар түседі. Біріншіден, Еуразиялық экономикалық одақ құрылғандықтан оның бүкіл жұмысын реттейтін заңдар қабылданбақ. Екіншіден, Президенттің “Нұрлы жол” бағдарламасына қатысты жүздің үстінде заң жобалары дайындалуда. Қабылданғалы жатырғандардың ішіндегі үлкені зейнетақы туралы. Жаңа жобасы қолданысқа енсе сіздің еңбек өтіліңіз есептеліп, соған сай зейнетақы тағайындалады. Мысалы сіз қазір 24 мың теңге зейнетақы алсаңыз, енді еңбек өтіліңізбен есептегенде ол 48 мың болып шығуы мүмкін. Келесісі халықтың көші-қоны туралы заң. Өздеріңізге мәлім бұрынғы заң бойынша оралмандардың қолына 5 жылсыз азаматтық тимейтін. Ал, Жаңа заң бойынша 3 ай ішінде өтініш береді де, үш-ақ ай мерзімде еліміздің азаматы атанады. Еуразиялық одақ болғаннан кейін шекара ашылады да өзге елдердің азаматтары жерімізге енеді. Адамдар бері өткеннен кейін Қазақстан азаматтығын алса, оларға медициналық көмек көрсету, балаларын оқыту және басқа мәселелер туындайды. Осының бәрі аталған заңда қаралады. Шынын айтсақ біз осы заң шеңберінде өзге көшіп келушілерге қарағанда оралмандарға барлық жағдайды жасағалы, оларды қабылдауды бұрынғыдан жеңілдеткелі отырмыз. Қытай сияқты елдерде олар бұрын сотталған болса Қазақстанға жібермейді. 40 жыл бұрын сотталған азамат атамекеніне қайтқысы келсе не істемек? Мұндай нәрселерді реттеу де заң жобасына енгізілуі тиіс. Депутат Дариға Назарбаева әлеуметтік жәрдемақыны көтеру туралы заңды әзірлеуде. Қазір есептеп қарасақ екі және төрт балалы отбасыларда ол бірдей. Бала көбейген сайын әр балаға төленетін жәрдемақы кемітіледі. Енді бала саны өссе, оның мөлшері де артқалы жатыр. Әзірге оның бюджетке қандай салмақ түсіретіні есептелуде. Бір отбасында 3 бала болса жыл ішінде қанша ақша төленбек? Егер үкімет сіздердің заңдарыңыз қабылданған жағдайда солай төлей аламыз, бюджетке салмақ түсірмейді десе, өткіземіз. Одан кейінгі заң ақпаратқа қатысты. Қазақстанға келіп жатырған ақпараттардың бәрі бірдей бізге пайдалы ма, жоқ әлде зияндылары да бар ма? Балалар оның қандайын алуда? Бүгінде оны тарату құралдары көбейді. Ұялы телефоннан бастап ақпарат алатын көздер жеткілікті. Солардың бәрі елімізге жапа тармағай ақпарат берген кезде бақылауға алуға мүмкіндігіміз жете ме? Басқа да көптеген сұрақтар бұл төңіректе аз емес. Бұған байланысты өзіміз дайындаған заң жобасы мен үкіметтікін қосып талқылаймыз. Әйтпесе кез-келген адам сайт ашып алады да ойына келгенін жазады. Мұны бірақ жүзеге асыру үшін бекітіліп кеткен кейбір Халықаралық келісімдерді қайта қарау қажеттігі туындауда. Себебі Қазақстан Республикасының заңдарынан қалыптасқан халықаралық қағидаттар жоғары саналады. Бірақ кез-келген ақпарат құралы бір елде хабар тарату үшін БАҚ өкілі ретінде тіркелуі қажет. Тіркелмесе оны заңдылыққа сәйкес спутниктік жолмен жауып тастауға мүмкіндігіміз бар. Іргелес Ресейдің өзінде ақпаратқа қатысты үш заң қабылданды, Қытайда да солай. Өзбекстан, Түркіменстан, Тәжікстан елдері сырттан келетін ақпарат жолдарын баяғыда-ақ жауып тастаған. Тағы бір айта кетер жайт, талқыға түскен заң жобасына депутаттар 300-400-ге тарта өзгеріс енгізеді. Алайда халық оны талқылауға қатыспайды. Сіздер оның жобасын ғаламтор арқылы алып өз ұсыныстарыңызды енгізе аласыздар ғой. Мысалы дін туралы заң қабылданғанда оның жобасымен алдын-ала танысып алған христиан дінінің түрлі тармағындағы шіркеулердің поптары сақалдары сапсиып алып Парламентте кешке дейін жүрді. Біз бірақ бірде-бір имамды немесе молданы көрмедік. Былай шыға бәрі бүйту керек еді деп сайрайды. Бәріңіз оған атсалысуларыңыз қажет болғандықтан жаңағы БАҚ туралы заңды сайттардан оқып танысыңыздар. Ұсыныс жасасаңыздар дұрыстарын жобаға кірістіруге тырысамыз. Ресейде салықтар туралы заңға өзгеріс енгізгенде жай халықтан 1,5 миллионнан аса ұсыныс түскен екен. Қазақстанда ондай белсенділік байқалмайды, - деп қатысушыларды жоғарыда аталған заң жобаларымен кеңірек танысып, ұсыныстары болса оны Парламентке жолдауға шақырды.
Келесі кезекте ҚР-сы Парламенті Мәжілісінің депутаты Еркін Шпановқа сөз беріліп: - Араларыңызға келіп отырған жазушы ағамыз Алдан Смайл Мемлекеттік сыйлықтың иегері, төртінші-бесінші сайланымнан бері келе жатырған, білімді, жан-жақты, сыйлы депутаттардың бірі. Ағамыздың сөзіне мен не қосамын?! “Нұр Отан” партиясының ХVІ съезінде залда отырғанымызда Президентіміз бес институционалдық реформаны жариялады. БАҚ-нан онымен танысқан шығарсыздар. Айтайын дегенім 100 нақты қадамда ең алғашқы тұрған реформа ол кәсіби мемлекеттік аппаратты қалыптастыру. Неге бұл мәселе бірінші болып қойылды деп ойлайсыздар? Өйткені ішімізде болып жатырған келеңсіз жағдайлар шенеуніктердің кәсіби шеберлігінің төмендігінің, елге деген жанашырлығы жоқтығының салдарынан. Былтырдың өзінде 400 млрд. ақша игерілмей қалды. Солардың отаншылдық сезімінің жоқтығынан ба, әлде білімсіздігінен бе, әйтеуір миллиардтаған теңге халық қажетіне жаратылмады. Сондықтан біз Парламентте 5-6 ұлттық комиссия құрдық. Оның ішіне Алдан ағамыз да кіреді. Алға қарай мемлекеттік қызметкер жұмысын төменгі сатыдан бастайды. Қазір қарап отырсаңыз ағайын-тума, тамыр-таныстықтың арқасында жап-жас бала жылы орынға қонжияды. Соңғы кезде әмбебап менеджер деген пайда болды. Ол ірі зауытты да, мекемені де басқарады. Жұмысының ешқандай нәтижесі байқалмайды. Кәсіби мемлекеттік аппаратты құруға келсек, біріншіден мемлекеттік шенеуніктердің жұмысқа деген көзқарасын өзгерту қажет. Бүгінде мұны іске асырудың бірқатар тетіктері дайындалуда. Екіншісі олардың арасындағы жемқорлық мәселесі. 1999 жылы ТМД-да Қазақстан бірінші болып жемқорлыққа қарсы заң қабылдады. Содан бері қаншама бағдарлама дүниеге келіп, талай шенеуніктер қылмыстық жауапкершілікке тартылды, бірақ әлі де жемқорлықтың тамырына балта шабылмауда. Кейбір сарапшылар оны жеңу үшін қатаң заңдар қабылдау керектігін алға тартады. Мысалы Қытайда 2001 жылдан бастап күні бүгінге дейін жемқорлықпен ұсталған 1 миллион шенеунікті атып тастапты. 30 жылдық реформа барысында 13 миллион шенеунікті түрмеге қамаған. Бірақ одан нәтиже аз, жемқорлық жойылмады. Сингапурда осындай қатаң жазаны қабылдаумен қатар мемлекеттік шенеуніктердің әлеуметтік сатысын көтерген. Судьяларының 1 жылдық еңбекақысы 1 млн. доллардан асады, яғни 1 айда 100 мың доллар табыс табады деген сөз. Ондай жалақы алған судья парақор болмайды деген пікірдеміз. Мен осы облыстың тумасымын, отыз жылдай заң саласында жұмыс жасадым. Парламенттегі 7 комитеттің бірі - Халықаралық істер және қауіпсіздік комитетінің мүшесімін. Ресей мен Украина арасындағы созылып келе жатырған жанжалдан хабардарсыздар. Мына жағымызда Ислам мемлекетінен қауіп төнуде. Содырлар қазір күшейіп, қаржылық жағынан нығайып, мықты топ болып қалыптасты. Құрамында шетелден келген 38 мың адам болса, соның 6 мыңы бұрынғы Кеңес Одағы құрамында болған елдерден барғандар. Кейбір деректер Сирияда 150, басқаларында 450 қазақ жігіттері соғысып жүргенін келтіреді. Арасында атыраулықтар да жеткілікті. Кеше мен Атыраудағы “Құспан молда” мешітіне барып имамдармен сөйлестім, облыстық “Иманғали” мешітінде болдым. Жасыратыны жоқ, көптеген молдалардың жұмысы тек жаназа намазына, қаделерге бару. Сақал қойып балағын шолтитқандар екі мешітте де көп. Имамдарды жастар тыңдамайды. Бәрін мемлекеттің мойынына артып қоймай адасып жүргендермен көп болып күресуіміз қажет және оны үйдегі тәрбиеден бастағанымыз жөн. Жат ағымдардың қызметі бірінші рет 1990 жылы Атыраудан басталғанын заң орындарында істегендіктен білемін. Дінімізге іріткі салушылар мұнайлы өлке ретінде алдымен біздің жерімізді таңдаған. Кімнің әкелгенінен де хабардармын, ол жігіт қазір араб жерінде, - деп олармен күресті күшейту қажеттігіне тоқталды.
Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы О.Құмарғалиев зейнетақы реформалары, діни уағыздарды мешітте айту, прокуратура ардагері Ғ.Мүрсәлиев жат ағымдармен күрес, қабылданғалы жатырған еңбек туралы заң, әрбір елде бөлек болатын денсаулық сақтау министрлігін не себепті әлеуметтік салаға қосқаны, қаржы саласының ардагері Е.Рысқалиев Кеңес Одағы тұсында “Еңбек ардагері” медалін алғандарға тиесілі жеңілдіктер болғаны жайлы, аудандық мүгедектер қоғамының төрағасы Ғ.Құспанов мүгедектерді дәрі-дәрмектермен, әлеуметтік көмекшілермен қамту турасында сұрақтар қойды.
Ал бағаға қатысты айтарымыз, оның бақылаудан шығып кетпейтіні айдан анық жайт. Қазіргі уақытта осыған байланысты жергілікті жерлерде арнайы штабтар құрылып, халықтың аз қамтылған бөлігіне, зейнетақы мен жәрдемақыға қарап отырғандарға салмақ түсірмеу жағы ойластырылуда. Базардағы бағаның негізсіз өспеуі де қадағаланып, базар әкімшілігі мен кәсіпкерлер арасында келісімдер жүргізілуі үстінде.
Қанат ҒҰМАРОВ.