АУЫЛҒА ЗООТЕХНИК ТЕ КЕРЕК
3 Наурыз 2012 жыл
Қазақстан әлемдік экономикалар арасында барынша қарқынды және тұрақты дамушы елдердің алдыңғы легінен орын алып келеді. Енді осы қол жеткен нәтижелерді іспен бекітіп, одан әрі алға баса беру қажет. Экономиканың қарқынды дамуы отандық компаниялардың өсу перспективасын жандандырды. Ал, бұл еліміздің қор нарығының дамуы үшін аса маңызды іс. Әлемдік экономикаға кіруде, әсіресе, ауыл шаруашылығын көтерудің рөлі аса жоғары. Ол үшін не істеу керек?
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Еркін Мәжитұлы Шпанов осы бағыттағы маңызды шараның бірі ретінде «Дипломмен — ауылға» бағдарламасын жандандыруды ұсынады. Бұл туралы ол ҚР Премьер-министрі Кәрім Мәсімовке жолдаған депутаттық сауалында айтып өтті. Парламент депутатының айтуынша, 2009 жылы қабылданған «Дипломмен ауылға» жобасы денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет және спорт мамандары бойынша ауылға жұмыс жасауға келгендер үшін баспаналы болу, біржолғы көтермеақы, жеңілдікпен несие алу сынды, т.б. жеңілдіктерді қарастырған. Бұл әрине, өте ұтымды шешім, жағымды жаңалық болды.
Алайда, Еркін Мәжитұлының ойынша, қазір қай ауыл да мұғалім, дәрігермен қатар, басқа да мамандық иелеріне зәру. Соның ішінде, ауылға көбіне ел экономикасының аграрлық саласын дамытатын білікті мамандар ауадай қажет. Соған орай депутат мынадай екі мәселені Үкімет басшысына жолдапты. Біріншісі, ауылдық жерлерге қажетті ауыл шаруашылығы мамандарын, яғни, агроном, зоотехник, ветеринар, экономистер мен инженерлерді «Дипломмен — ауылға!» жобасына қосу. Екіншісі, 5 жылдан кем емес уақыт жұмыс жасаған жас мамандарға тұрғын үйлерін жекешелендіру құқығын берумен қатар, оларға арнап жаңа қызметтік тұрғын үй құрылысын салу. Міне, осындай ұсыныстар бағдарламаға қосымша енгізілсе, ауыл шаруашылығына тікелей қатысы бар мамандардың ауылға көптеп келуіне, тұрақтап қалуына септігін тигізуімен қатар, ауылдың жан-жақты өркендеуіне айтарлықтай үлес қосар еді дейді депутат өз сауалында.
Қ.МҰҚАШЕВ.