АЙҚЫН МІНДЕТ, НАҚТЫ ІС САРАЛАНДЫ
10 Сәуір 2012 жыл. «Атырау» газеті
ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты Е.М.Шпановтың жұртшылықпен кездесуі, Жаңа Қаратон поселкесіндегі №22 орта мектептің акт залында өтіп, Президенттің Қазақстан халқына Жолдауы қызу талқыға түсті. Депутат Жолдаудағы он бағыт бойынша міндеттер кешенін жүзеге асыруға кең тоқталды, шағын қаланы дамыту мәселесінің маңыздылығына мән берді.
Бұдан кейін село тұрғындарына сөз беріліп, Ардагерлер кеңесінің төрағасы О.Молдашев жастарды Теңіз кен алаңына, басқа да компанияларға жұмысқа тартса, 7500 халқы бар кентке аурухана қажеттігіне, жол, балабақша мәселесінің шешілуіне ықпал етулерін сұрады.
Зейнеткерлер А.Рзиев су, газ, азық-түлік, дәрі-дәрмек бағаларының өсуіне жол берілмесе екен десе, Ү.Әтенов үй араларына тротуар салу, көшені жарықтандыруды, малға, талға техникалық су жеткізіп тұрса деген тілектерін білдірді, М.Байжанов поселкені көріктендіру мәселесін қозғады.
Кездесуді Жаңа Қаратон поселкесі әкімі Р.Молдабаева қорытындылап, биыл екі балабақша, ашық спорт алаңы, 4 шағын аяқдоп алаңы салынатынын айтты.
Қаржау Оразбаев, өз тілшіміз.
Жылыой ауданы.