«АТТЕСТАЦИЯ ПОЛИЦИЯНЫҢ САЛМАҒЫ ЕМЕС, САНАСЫНА ҚАРАУЫ ТИІС,
сөйтіп біз бұл саланы кездейсоқ келген парақор, білімсіз жандардан тазартуымыз керек»
Республикада ішкі істер органдары қызметкерлерін аттестациялау басталды. Осыған орай, бұл салада ұзақ жыл жұмыс істеген Мәжіліс депутаты Еркін Шпановпен әңгімеміздің арқауы -аттестациялаудың жай-жапсары, себеп-салдары болды.
Бұл сынақ бұрынғы сынақ емес
-Еркін Мәжитұлы, ішкі істер саласында отыз жылға тарта қызмет еткен екенсіз. Бұл саланы жақсы білесіз. Бүгінгі аттестациялау хақында не айтар едіңіз?
-Еліміздің барлық жерінде ішкі іcтер қызметкерлерін аттестациядан өткізу мәселесіне құлақ түре қарауда. Неге бұл сынақ бұрынғы сынақ емес дейсіз ғой. Елбасы халыққа Жолдауында құқық қорғау органдарын сапалы кадрлық жаңарту туралы айтумен қатар 2012 жылдың 1 шілдесіне дейін олардың жеке құрамын аттестациялау міндетін тапсырды және құқық қорғау жүйесі қызметкерлерінің жалақысын өсіру мен әлеуметтік қолдауды ұлғайту, сондай-ақ техникалық жарақтандыру содан кейін ғана қаралатынын атап көрсеткен-ді. Демек бұл аттестациялау бүгінгі уақыт талабына орай жүргізілуде екенін айтумен қатар, құқық қорғау қызметкерлерінің арасында аттестациялаудың өтуі бірінші рет еместігін айтар едім. Өзіңіз айтқандай, мен бұл салада 28 жыл қызмет істедім. Біздің еліміздің егемен мемлекет болғанына 20 жыл болса, мен сонау Кеңестер дәуірі кезінен осы салада қызмет істеген екенмін. Бұл аттестациялаудың бұрынғылардан ерекшелігі - Республика Президентінің тікелей тапсыруымен бірінші рет өтіп отырғаны. Президент Әкімшілігі жанынан комиссия құрылды. Үлкен жауапкершілікпен дайындық жасалды. Аттестациялау басталар алдында қызметтес болған әріптестеріммен телефон соғып хабарласқанымда, олар күндіз-түні аттестациялауға дайындалып жатқандарын айтқан-ды.
Қоғамда өзгерістер болып, ел экономикасы даму үстінде. Халықтың белсенділігі де артуда. Бұрын қылмыстың негізгі түрі ұрлық, деп келсек, қылмыстық жаңа түрлері көбейді. Қауіпті лаңкестік, экстремистік қылмыстардың бар екенін көріп отырмыз. Осыған байланысты құқық қорғау саласының қызметкерлері ғана емес, халықтың да белсенділігі керек екені даусыз. Жалпы, әлеуметті құрылымдардың қызметкерлері бұрынғыша емес, жаңаша жұмыс істеуі тиіс. Мысалы, Елбасы Бірыңғай экономикалық кеңістікте трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа қарсы күресті күшейту үшін Интерпол үлгісінде ЕурАзпол-ЕурАзиялық полиция мәселесінің пісіп, жетілгенін алға тартса, бұл міндеттің орындалуы қызметкерлердің жоғары кәсіби шеберлігіне байланысты екені даусыз. Осы ретте бүгінгі аттестациялау өте маңызды, деп ойлаймын. Аттестациялау - іріктеу сынағы. Тәжірибелі қызметкерлер де, жас кадрлар да сынға түседі. Жас кадрлардың біліктілік деңгейінің қандай екенін көреміз. Бұрынғы аттестациялаулар министрліктің бұйрығымен әр үш жылда өтіп, аттестациялаудан өткенін қызметкердің жеке басының ісіне жазып қоятын. Ал, бұл аттестациялау бұрынғылардан өзгеше екенін тағы да айтамын.
- Сонда қалай, бұрынғы аттестациялау көз алдау ма?
- Сіз айтқандай, көз алдау, дей алмаймын. Онда да спорттан және басқасынан сынақтан өтеді. Өтпей қалатындары да болып жатады.
- Аттестациялаудан өте алмай, жұмыстан шығып қалу көп болушы ма еді?
-- Бірен-саран болмаса, бәлендей көп бола қоймайтын. Бүгін алдын ала болжам жасамай-ақ қоялық, дегенмен бұл жолы жағдай басқаша болуы мүмкін. Мәселен, Ресейде де аттестациялау болды. Оларда полиграф, немесе өтірік детекторы пайдаланылды. 150 сұрақтан тұратын тестілеу және басқа да сынақ түрі жүргізілді. Ішкі істер саласы қызметкерлері 22 пайыз қысқарып, аттестациялаудан кейін 20 000 офицер жұмыссыз қалды. Бізде нақ Ресейдегідей болмағанмен, жұмыссыз қалатын шенділердің болуы ықтимал. Әрине, оның ішінде зейнеткерлік жасына жеткендерден басқадай себептермен де қызметтен кетіп қалатындардың да болуы мүмкін.
- Қандай себептерді айтасыз?
- Жұмысын біледі, интеллектуал, алайда спорттық дайындығы төмен, өзінің формасында емес. Немесе өзінің ұстанымы бар, шыншыл, бірақ бастыққа жақпайтын қызметкер.
- Шыншылдығы, ұстанымы болғаны үшін өтпей қалуы да мүмкін бе?
- Иә. Шынын айтқанда, ондай болмай тұрмайды. Кезінде болды да. Әйтсе де осы аттестациялауда Президент Әкімшілігі тарапынан комиссия құрылғандықтан, оған жол бере қоймас, деп ойлаймын. Қалай болғанда да, жағымпаздықты білмейтін, шыншылдықты сүйетін, өз ісін мықты білетін қызметкерлерден біздің айрылып қалмауымыз керек.
«Бір қарын майды бір құмалақ шірітеді»
- Ішкі істер қызметкерлерінің арасында Сіз айтып отырған сол шыншыл, принципшіл, адал қызметкерлер көп пе өзі?
- Неге жоқ. Қоғамдық тәртіпті қорғау, қылмыстың алдын алу, қылмысты ауыздықтап, оны ашу жауапкершілік жүгін көтеріп отырғандар кімдер? Мен өзім қылмысты іздестіру қызметінде жұмыс істедім. Мен ондай сайдың тасындай өз ісіне берілген жігіттердің аз емес екенін білемін. «Бір қарын майды бір құмалақ шірітетінін» ұмытпаңыз. Кейбір арамыздағы атына кір келтіріп жүргендер үшін бәріне бірдей тас лақтырып, топырақ шашудың жөні жоқ. Мен сала қызметкерлерінің арасындағы жағымсыз жайларды, кемшіліктерді қашанда журналистердің таудай етіп көрсетіп, дабырайтып жазуға құштар екенін түсінемін. Оның есесіне жақсыны көрмей, шет қалдырады. Егерде, басым көпшілігі мен айтқандай емес, жемқор, заң бұзушылар болса, біздің мемлекетіміз бүгінгідей биік тұғырға көтеріліп, жиырма жылда үлкен жетістіктерге жетпес еді. Әрине, жоқ дей алмаймын. Бүгін аттестациялау неге өтіп жатыр, соларды анықтау үшін, қызметкерлерді іріктеу үшін өтіп жатыр. Мен тағы мынанай айтайын. Күні кешегі Отан қорғаушылар күнінде Ішкі істер министрлігі бойынша бір де бір қызметкерге генерал шені берілмеді. Басқаларға, әскерилерге берілді.
- Лайықтылар болмаған шығар.
- Лайықтылар мүлдем жоқ деуге болмас. Лайықтылар әркез табылады. Мұнда мәселе басқада. Ондай шеннің берілмеген себебі осы аттастациялауда ма, деп ойлаймын. Оның қорытындысына қарай лайықтылар шен-шекпенсіз қала қоймас. Лайықсыздар жағаға шығып қалады. Сондықтан Президент Әкімшілігі жанынан құрылған комиссияның құрылуы өте дұрыс болғанын тағы да атап айтамын.
Басты көрсеткіш -- халықтың сенімі
- Еркін Мәжитұлы, «бөріктінің намысы бір» деген сияқты ішкі істер саласында ұзақ жыл қызмет істеген соң, бұрынғы әріптестеріңіз ретінде шен-шекпен беделін қорғап, олардың жыртысын жыртып отырғаныңызды біз де түсінеміз. Сала қызметкерлері бұл аттестациялаудан да әупірімдеп өтер. Ал, онымен халықтың сенімін орнықтырып, құрметіне ие болар ма екен? Құрметке, сенімге ие бола алмай отырса, оның себебінің болғаны, ол себеп, жемқорлықта емес пе?
- Сіз болып, біз болып, полиция қызметкерлері шетінен парақор, жемқор, кімге барым мұңымды айтамын, кімге барып жырым жырлаймын, деп, тырнақ астынан кір іздей бергенше, неге біздер жақсылығын көріп, оны неге айтпасқа? Мысалы, былтырдан бері әртүрлі қылмысқа қарсы күресте, соның ішінде лаңкестікке қарсы қимылда қанша қызметкер қыршын кетті! Таразда ажал құшқан полиция капитаны Ғазиз Байтасовты алайық, ол көзсіз ерлікке барды. Сол ерлігі үшін «Халық Қаһарманы» жоғары атағы берілді.
Сөздің реті келген соң, мен республика бойынша болған қылмыс туралы айта кетейін. Елімізде 2011 жылы 206801 қылмыс тіркелді. Оның ашылуы - 56,8 пайыз. Енді 2010 жылы тіркелген қылмыс - 131896. Және қылмыстың ашылуы да жоғары. Бұл көрсеткіштерге қарап, қылмыстың саны көбейіп, оның ашылуы төмендеп кетті, дейтін боларсыз. Бірақ олай емес. Әдетте қылмысты ашу көрсеткіші сала қызметкері қызметінің көрсеткіші іспетті. Ал, қылмыстың жүз пайыз ашылуы мүмкін емес. Сондықтан қылмысты ашу көрсеткіші тым төмен болып кетпеуі үшін қылмыстың бәрін бірдей тіркемей, санын азайтып, жеңіл-желпі қылмысты жасырып қалу амалдары болатын. Содан Ішкі істер министрі болған кезінде Зауытбек Тұрысбеков ауыр, жеңілдігіне қарамастан қылмыс атаулының бәрін тіркеу керектігін міндет етіп қойып, біреудің тауығын ұрлап кетті ме, тірке, халықтың сенімінен шығуымыз керек. Біз жұмысымызды қылмыстың ашылу көрсеткішімен емес, халықтың сенімі арқылы бағалауымыз қажет. Біздің жұмысымызға бағаны халық берсін. Егерде, халық оң қабақ танытып, дұрыс бағасын беріп жатса, қылмыстың ашылу көрсеткіші неге төмен кетті, деп, жазғырып, жазаламаймын», деп өз «төңкерісін» жасады. Содан кейін қылмыстың бәрі тіркелетін болып, қылмыстың саны күрт өсіп, ашылуы төмен түсіп кетті. Сол кезде мен қылмысты іздестіру бөлімінің бастығы болған едім. Біздің жедел іздестіру қызметкерлері қылмысты жасырып қалуды емес, болған қылмысты ашуды ойлап, аса белсенділікпен жұмыс істеп, қылмыстық топты он шақты эпизодпен әшкерелейтінбіз.
Кейін министрдің ауысуымен бұрынғы көрсеткіш қуған қалпымызға қайта көшсек, Қасымовтың министр болып келуімен электронды жүйемен қылмыстың бәрін тіркеу қолға алынды. Міне, көрдіңіз бе, 2011 жылы неге қылмыстың саны өсіп, ашылуы төмендеп кетті, десеңіз, оның бір себебі - осында. Шынына келгенде, қылмыс ашылмай қала ма, деген сөз болмауы керек, қылмыс болды ма, ол ауыр қылмыс болсын, жеңіл болсын, ол қылмыс болған соң, бәрі тіркелуі тиіс. Егерде, қылмыс көбейіп кетсе, оның себебі не, соны анықтау қажет. Мысалы, Астананың Сарыарқа ауданында ұрлық көбейіп кетті дейік, оның себебі не? Мүмкін бір гастролерлер жүрген шығар, немесе топ бар шығар. Оны халық біледі. Ал, біздер статистикалық көрсеткішті қуып, қылмысты жасырып қалатын болсақ, онда бір емес, он рет аттестациялау болса да, жағдай түзелмейді. Біздің бірінші мақсатымыз --қылмыстың алдын алу, егер болған жағдайда оның ізін суытпай ашу. Сондықтан комиссия белгілі бір ауданның ішкі істер басқармасының бастығын сен басқаратын ауданда қылмыс ашылмайды екен, демек, жұмыс істемей отырсыңдар деп, қылмыстың ашылу көрсеткішіне қарап аттестациялаудан өткізбесе, ол дұрыс болмайды.
Меніңше, комиссия әр қызметкерді жеке қарауы керек. Бір қызметкер тамаша спортсмен болғанмен, қылмысты ашу жұмысына құлықсыз қарайды, дейік, екіншісі өз кәсібін жетік меңгерген маман болғанмен, спорттан ақсап тұр. Осылай аттестациялау сынақтарының бірінен өтіп, бірінен сүрініп жатқандар алдына келгенде комиссия әділ бағасын беріп жатса, осы жолғы аттестациялаудың өзіндік ерекшелігінің бірі - осы.
Жемқорлық сылып тастайтын жара емес
- Өткен жылы Ішкі істер министрлігінің кеңейтілген алқа Мәжілісінің жұмысына қатысқан Республика Президенті өз сөзінде жол қауіпсіздігі саласында тәртіп орнатуды, біріншіден, жолдағы коррупцияны тыюды міндет етіп қойды. Сондай-ақ, «2011 жылы басқа елдердің, соның ішінде көршілердің тәжірибесі зерттеліп, өзімізде қолданылсын. Жол полициясы қызметінің статусы мен ұйымдастыруды өзгерту қажет. Полиция қызметкерлерінің жол қатынасына қатысушылармен тікелей байланысын мейлінше азайту керек. Бүгіннің өзінде техникалық құралдар бар жерде барлық заңсыздықтардың үштен бірін анықтау мүмкіндігі бар. Қызметкерлерді жұмысқа қабылдауда құқық қорғау құрылымы арасында бірінші болып нақ осы жол полициясында полиграф, немесе өтірік детекторы пайдаланылуы тиіс. Мұндай техникалық құралды пайдалануды заңдастыру қажет болады» дегені есіңізде болар. Осы жолы аттестациялауға орыстар сияқты полиграф неге қолданылмады?
- Біріншіден, полиграфты пайдалану заңмен бекітілмеген. Екіншіден, жүз пайыз дұрыс анықтайтынына өзім сене қоймаймын. Меніңше, полигарфтың орнына комиссияның құрамында білгір психологтың болғаны дұрыс және оның сөзі өтімді болуы керек. Өйткені психолог аңғарымпаздығымен, сезімталдығымен, сергектігімен басқалар аңғармай қалғанды қалт жібермейді.
Айналып келгенде, аттестациялау ішкі істер органдарын парақорлар мен жемқорлардан біржола тазартпағанмен, біразын сыпырғыға іліктірсе екен, деп отырған жоқпыз ба.
- Жалпы, ішкі істер қызметкерлерінің арасында коррупцияның үлес салмағы қаншалықты?
- Бір мың адамға шаққанда ішкі істер қызметкерлеріне қозғалған сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыстық істің деңгейі 2011 жылы 0,73 пайыз болса, қазір - 0,74 пайыз. Құқық қорғау қызметкерлері арасында кешегі коррупция бүгін де бар. Ертең де болады. Оны азайтқанмен, ешбір мемлекет тамырымен отап тастай алған жоқ. Ал, қалай азайтуға болады? Азайту үшін жемқорлықтың себеп, салдарын біліп, ол бойынша тиісті шараларды жүзеге асыруымыз қажет.
Ішкі істер органына қызметке келген адам Отанына адал қызмет ететіні туралы ант қабылдайды. Ал, сол антын неге бұзады? -- дейсіз ғой. Расымен, полиция қызметкері жемқорлық қылмысымен күресудің орнына сол қылмысқа неге өзі барады? Басқа әлеуетті құрылымдарға қарағанда ішкі істер орандары қызметкерлерінің саны көп. 110 мың қызметкер. Осы сала қызметкерлерінің арасында жоғарыда Сіз айтып өткендей жол полициясы қызметкерлері пара алудан аты шығып отырса, оның себебі не? Оның да отбасы бар. Бала-шағасымен дем алғысы, қонаққа барғысы келеді. Тойып тамақ ішіп, киінгісі келеді. Оны жалақысы көтере ме? Ішкі істер министрлігінде басқарма бастығы болған кезімде қатардағы қызметкерден бір күні: «Асқар, сенің жалақың қанша?» - деп сұрадым. Оның жалақысы жүз мың теңгедей екен. Кредиті бар, пәтерақысы бар, бала бақшаның ақысы бар, басқасы бар, есептей келгенде, тамаққа қалатыны 15-20 мың шамасында ғана. Бір ай бойы бұған қалай күн көретінін сұрағанымда, қажетті азық-түліктің бәрін Астананың шетіндегі көтерме сауда базарынан сатып алып, қысып ішіп, бір жалақыдан бір жалақыға дейін ілдебайлап зорға жеткізетінін айтқан-ды.
Мен Сізге енді мынаны айтайын. Одақ кезінде осы салада жұмыс істеген кезімде бізге 12 түрлі жеңілдік берілді. Соның бірі - Сарыағашта Ішкі істер министрлігінің «Арман» шипажайына берілетін тегін жолдама. Ол шипажай қазірге дейін бар. Егерде кезекті еңбек демалысымызда оған барып, дем алмай қалсақ, бармаған себебіңді сұрап, түсініктеме жаздыратын. Жол жүру, қала ішілік көлікте жүру, коммуналдық қызмет, телефон қызметі тегін болатын. 1999 жылы Үкімет бұл жеңілдіктердің бәрін жойып, тек бір ғана жеңілдік қалдырды. Ол қандай жеңілдің дейсіз бе? Ол коммуналдық қызметке берілген жеңілдік ретінде қызметкердің ай сайынғы жалақысына қосып төленетін 3500-дей теңге. Полиция қызметкері жемқорлық әрекетке жетіскендіктен бармайды, жетпегендіктен, әлеуметтік қолдаудың жоқтығынан барады. Сонда алатыны - 2-3 мың теңге, көп дегенде 5 мың теңге. Одан соң 5 жылға сотталып кетеді. Егерде, жалақысы ішіп-жеміне жеткілікті және әлеуметтік қолдау жасалса, жол полициясының қызметкері де, көші-қон қызметкері де тәуекел етіп, мұндай әрекетке ешуақытта да бармас еді. Міне, коррупцияның төркіні қайда жатыр. Сол себепті осы аттестациялаудан кейін Елбасы айтқандай, Парламентте тиісті заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, жалақы өсіп, әлеуметтік қолдау жасалса, жағдайдың қалай жақсыға өзгергенін мен айтпай-ақ, өзіңіз көресіз.
- «Адамның көзі тек топыраққа ғана тояды» деген сөз бар емес пе? Болған үстіне бола түссе екен, деп, құлқынның тоймауы да мүмкін ғой. Солай емес дей аласыз ба?
- Сіз «періште де алтын көрсе жолдан таяды» дейсіз ғой. Солай дейік. Әйтсе де мен Сізге бір мысал айтайын. Атырауда қызмет істеген кезімде көші-қон полициясының аға инспекторын қаржы полициясының қызметкері 4 мың теңге пара алғаны үшін ұстады. Осы аға инспектордың тұрып жатқан үйін барып көргенімізде, үйдің астынан су шығып жатыр. Үйдің қабырғалары көгеріп кеткен. Қазақтың жалпақ тілімен айтқанда, ит байласа тұруға болмайды. Ал, сол үйде екі айлық жөргектегі сәбиді аға инспектордың әйелі емізіп отыр. Мен қаржы полициясы қызметкерлеріне 4 мың теңге пара алған шығар. «Мен жазаламау керек демеймін, жазалансын. Бірақ сот процесінен бұрын тұрып жатқан үйін барып көріңіздер» деп өтіндім. Осындай жетпегендіктен жолдан тайқып кететіндер бар. Ал, тойымсыздар, ашкөзділік басқа.
Негізінен, жемқорлық кесіп, сылып алып тастай салатын жара емес. Ол - дерт. Ол дерт бүгін қоғамға сіңісті болып отырса, одан айықтыру керек. Қалай айықтырамыз? «Батпандап кірген дерт мысқалдап шығады» дегендей, коррупцияны азайту оп-оңай бола салмайды. Ол үшін идеология болуы тиіс. Кезінде біздер жалақы берілетін күнді асыға күтіп, басқадай қосымша табыс табуды ойлаған емеспіз. Өйткені идеология сондай болды. Сыбайлас жемқорлықтың идеологиясы - өзінің материалдық жағдайын жақсарту. Мемлекеттің осыған алдын-ала тосқауыл қою идеологиясын жүргізуі керек. Жалақыын өсіргенмен, бәрібір пара алуды қоймайды, деген дұрыс емес. Жалақы көтеріліп, әлеуметтік қолдау көбейсе, сала қызметкерінің қай-қайсысы болсын, өзінің жұмыс орнынан айрылып қалмауды ойлайды. Біріншіден, күнкеріс жағдайы жақсарған соң, қанағатсыздық көрсетсе, барын жоғалтып алатынын түсінеді. Екіншіден, қылмысты іздестіру қызметкерлері болсын, жол полициясының қызметкерлері болсын, уақытпен санаспайды. Бірақ оларға тиісті жұмыс уақытынан артық жұмыс істегені үшін қосымша жалақы төленбейді. Ресейде біздегідей емес. Артық жұмыс істеген уақытыңа қарай қосымша жалақы жүреді. Ішкі істер органдары туралы жаңа заң жобасы дайындалды. Осы жобаның Мәжіліске түсетін күні қашық емес. Онымен жете таныса қойған жоқпын, әйтсе де көптеген оңды тұстары бар сияқты. Осы жобада мұны да бір ізге келтірген дұрыс. Міне, көрдіңіз бе, өзі мазасыз, әрі жалақысы төмен болған соң, қазір заңгерлік білімі бар білікті мамандардың талайы ішкі істер саласына келгеннен гөрі басқа салаларда қызмет істегенді қалайды. Жағдай жақсарған соң, бұрынғыдай емес ішкі істер қызметіне келуге мүдделілер көбейіп, олардың маңдайынан шертіп таңдау жасау мүмкіндігі туады. Ал, шынымен, барына тоқмейілсімей, пара алып қойды ма, өз обалы өзіне, жазасын алсын.
Қалай десек те, қазіргі жағдайда бірінші кезектегі жағдайды жасамасақ, парақорлық азаймайды. Айталық, қылмыстың ең көбі - ұрлық. Өткен жылы болған қылмыстың жартысынан көбі осы ұрлыққа қатысты. Рас, ұрлық жасап, әккі болған ұрылар бар. Дегенмен бір бөлке нан болсын, біреудің бір тауығы болсын ұрлап, қолға түсетіндер де жоқ емес. Олар ұрлыққа еріккендіктен, немесе қызық көргендіктен барды, дей алмаймын. Сарапшылар осы ретте адамның қылмысқа шарасыздықтан, өмірден өз орнын таппағандықтан, яғни жұмыссыздықтан баратынын айтады. Азын-аулақ пара алу да осындай. Сондықтан тағы да қайталап айтамын, бүгінгі өтіп жатқан аттестациялау Елбасының жолдауында атап айтылған шараларды жүзеге асырудың алғышарты болады, деп ойлаймын.
Бұл - не қылған бітпейтін реформалау?
- Еркін Мәжитұлы, осы салада реформалаудың жүргізілгеніне он жылдан асып кеткен шығар. Қылмыстық-атқарушылық жүйені Ішкі істер министрлігінен алып, Әділет министрлігіне беру, одан қайтадан Әділет министрлігінен алып, Ішкі істер министрлігіне беру, одан медициналық айықтырғышты Денсаулық сақтау министрлігіне, жасы кәмелетке толмағандардың уақытша оқшаулау, бейімдеу және оңалту орталықтарын Білім және ғылым министрлігіне беру секілді құрылымдық ауыс - түйістерден басқадай реформалаудың қандай оң өзгерістер бергенін көре алған жоқпыз. Басы бар да, аяғы жоқ бұл - не реформа?
- Өз басым медициналық айықтырғыш пен жасы кәмелетке толмағандардың уақытша оқшаулау, бейімдеу және оңалту орталықтарын Ішкі істер министрлігінен алып, басқа министрліктерге берілгенін құптаймын. Әркім өз ісімен айналысуы керек, дей тұра, мынаны айтсам деймін. Кезінде қазіргі Төтенше жағдайлар министрлігіне қарайтын өрт сөндіру қызметі, айтып отырған қылмыстық-атқарушылық жүйе, жол полициясы, қазіргі қаржы полициясына балама бұрынғы құрылымдардың бәрі бір қолда болды. Бас басымызға би болмай, бәріміз қылмысты болдырмау, болған қылмысты ашу мақсатында жұмыла бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, жұмыс істедік. Жаман жұмыс істеген жоқпыз. Кейін бірнеше қайта құрылымдық өзгерістер болды. Одан жұмыс бәлендей жақсарып кеткен жоқ. Шынына келгенде, ненің тиімді, ненің тиімсіз екенін уақыт көрсетеді. Және құрылымдық өзгерістер жасауды көбейткенмен, ол пайдалы бола бермейді. Сол сияқты реформалау барысында қаншалықты өзгерістер болғанмен, біздер сонау Кеңестер Одағы кезінде алғаш рет құрылған, өзін өзі ақтаған құрылымға қайта келе жатырмыз.
Мен айтар едім, құқық қорғау органдарының ішінде халыққа ең жақыны - ішкі істер органының қызметкерлері. Сол себепті олар халықтың көңілінде күмән туғызбай, сенімділігін орнықтыру үшін тыныштығы мен қоғамдық тәртіпті қырағылықпен қорғап, міндеттерін адал орындауы тиіс. Мысалы, 1-9 мамыр аралығында ғана Атырауда қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін 53 адам ұсталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылыпты. Қылмыс осындай әдетте көзге іле бермейтін тәртіп бұзушылықтардан басталады. Егерде, қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін жауапкершілік сұралса, ол адам заңды аттап өткені үшін жазасыз қалмайтынын түсініп қана қоймай, заңды құрметтеу керектігін біледі. Елбасының сөзінен кейін қолға алынған бұл жұмыс тек науқаншылдық сипат алмаса жарады. Туы желбіреген ел болғымыз келсе, әрқайсысымыз қоғамдық тәртіпті сақтап, қылмысты болдырмауды ойлайық.
Жеке детективтік қызметке сұраныс бар
- Кезінде Парламент депутаттары жеке детективтік қызмет туралы заң қабылдау туралы бірнеше рет бастамашылық жасағанмен, оны қабылдамаған Үкімет Елбасының осыдан екі жылдай бұрын жеке детективтік қызмет институтын енгізу туралы тапсырмасын орындауға да асығатын емес. Бұл мұндай қызметке Қазақстанда қажеттілік жоқ деген емеурін бе?
- Неге қажеттілік болмасын. Әрине, жеке детективтік қызмет институты құрылса, оған сұраныс болады. Бүгін тек жоққа жүйрік жетпейдінің керімен, ондай қызмет түріне жете алмай отырғандар да аз болмас. Мұндай қызмет түрінің болғанын қолдаушылардың бірімін. Осы кешеуілдетіп отырған қызмет түрінің құратын кезі тым алыс емес. Өйткені Мәжіліске келіп түсетін заң жобаларының тізімінде жеке детективтік қызмет туралы заңның жобасы да бар. Сіз полиция қызметкерлері қылмысты іздестірмейді, сенімсіз, деп отырсыз ғой, осы ретте жеке детективтік қызмет балама болады. Алайда заңда кейбір мәселелерді ескеру қажет. Мысалы, жеке детективтік қызметпен айналысу үшін лицензияны кез келген адамға, соның ішінде заңгерлердің бәріне бірдей беруге болмайтыны туралы шектеулер қою.
- Заңгерлік білімі болса, неге беруге болмайды?
- Бізде кезінде күзетпен айналысуға да лицензия алушылар көп болғанмен, қазір олардың толыққанды жұмыс істейтіндері санаулы ғана. Сол сияқты заңгерлік дипломы бар екен деп, жеке детективтік қызметпен айналысуға лицензияны таратып бергенмен, олардың толыққанды жұмыс істейтініне қандай кепілдік бар? Кепілдік жоқ. Біздер мұнымен бүгінгі әр бұрыштағы үйдің маңдайшаларындағы «Адвокат», «Нотариус», деген жазумен жарыстыра «Жеке детективтік қызмет» дегенді көбейтеміз. Санды көбейткеннен не пайда? Мен, құрған соң жақсы жұмыс істесе екен, халықтың сұранысына қарай қызметін ұсынып, беделді болса екен, деймін. Сондықтан заңға халыққа пайдалы қызмет көрсететіндей нормалар нақтылы көрсетілуі керек. Соның ішінде лицензияны жедел іздестіру-тергеу қызметінде жұмыс істегендерге беру. Ал, ол өзіне қандай қызметкер алады, оны өзі шешеді. Және құқық қорғау органдары қызметкерлерімен тығыз байланыста жұмыс істегендерін қалар едім. Әрине, заң жобасын әлі көрген жоқпын. Қалай десек те, заң жеке детективтік қызметін институтын енгізу үшін ғана емес, оның толыққанды жұмыс істеуін қарастыратын заң болуы тиіс екені анық.
- Еркін Мәжитұлы, әңгімеңізге үлкен рахмет.
Рәзиға Әшеева.