Шпанов
Еркін
Мәжитұлы

Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі

Депутатқа хат
21.07.2012. № 83. "Атырау" газеті. КӨП ПАРИЯЛЫ ПАРЛАМЕНТ: ТИІМДІЛІК НЕДЕ
21

 

 

21.07.2012. № 83. «Атырау» газеті

 

КӨП ПАРИЯЛЫ ПАРЛАМЕНТ: ТИІМДІЛІК НЕДЕ

 

Көп партиялы Парламент несімен тиімді болды? Және оның атқарған жұмысы қандай? Ұжымдық Қауіпсіздік туралы шарт ұйымы және оның Қазақстанның сыртқы геосаясаттағы қауіпсіздігіне әсері, атышулы «Арқанкерген» оқиғасы, ұлттық қауіпсіздік жайы бүгінгі өзекті мәселелердің бірі. Каникулға шығып, облысымызға келген мәжілісмен Еркін ШПАНОВПЕН осы мәселелер төңірегінде ой бөлісудің сәті түскен еді...

 

Еркін ШПАНОВ,

Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаты:

 

ХАЛЫҚТЫҢ МҮДДЕСІ - БАСТЫ КЕЗЕКТЕ

 

- Тәуелсіз Қазақстан тарихында тұңғыш рет құрылған көп партиялы Парламенттің жарты жылдағы жұмысын қалай бағалайсыз? Заң қабылданарда әріптес партиялардың ұсыныстарын, пікір-таластарды ескеру жағы қаншалықты көрініс таба алды?

            - Бесінші шақырылымдағы Парламент Мәжілісінің бірінші сессиясының жұмысы жаңа саяси белесте – көп партиялылық жағдайда өтті. Жүргізілген демократиялық реформалар нәтижесінде өркениетті парламентаризм үлгісіндегі көп партиялы Парламент қалыптасты. Біз Мәжіліс депутаттары Парламент жұмысында ел Президентінің «бәсекелестік – жақсы нәрсе, бірақ, халықтың мүддесі – басты кезекте болуы керек» деген сөзін басшылыққа алып келдік.

            Саяси көзқарастарымызға қарамастан жекелей әңгімелесу кезіндегі Комитет, Мәжіліс отырыстарындағы түрлі ұстанымдар мен пікірлер тоғысының, қабылданар заңдардың сапасын арттыратынын біз жақсы түсіндік. Міне, басты нәтиже – біз түрлі көзқарас, ұстанымдарды саралай отырып, жұмыс істеуді үйрендік.

            Таңдалған жұмыс стилі оңды қадам болды. 70-тен астам заң қаралған уақытта, халықаралық 19 келісімді ратификациялау кезінде әріптестеріміз - ҚКХП-мен, «Ақ Жол» демократиялық партиясымен арада ешқандай келіспеушіліктер орын алған жоқ. Сауалыңызға жауабымды аяқтай отырып, Парламент Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулиннің «көп партиялы Парламент өзінің тиімділігін дәлелдеді. Түрлі саяси көзқарастар, ұстанымдар мен ой-пікірлер шешім қабылдар кезде ортақ пәтуаға келуге кедергі болған жоқ» деген сөзін қайталағым келеді.

- Өзіңіз мүше болып табылатын Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті соңғы алты айда қандай мәселелермен айналысты?

- Комитетте ауқымды жұмыстар атқарылды. Сондықтан, барлығын бірдей тізіп отырғаннан гөрі, шешімін тапқан кей мәселелерге қана тоқталғым кеп отыр. Өткен сессия барысында Комитетте барлығы 57 отырыс өтті. Ол отырыстарда бірнеше заң жобалары қаралып, Мәжілістің қарауына ұсынылды. Бұдан басқа, халықаралық 19 келісім-шарт жан-жақты қаралды. Сондай-ақ, комитетте көшпелі отырыс форматындағы жұмыс түрі белсенді түрде қолданылды, мәселен, наурыз айында Ішкі істер министрлігінде, сәуірде Ұлттық қауіпсіздік комитетінде болып өткен көшпелі отырыстарда қауіпсіздік, қорғаныс, ішкі тәртіп саласында күрделі мәселелер талқыланды. Бұдан басқа, Комитет мүшелері халықаралық қатынастар мәселесімен көп айналысты.

 

ЕУРАЗПОЛИЦИЯ КЕРЕК ПЕ?

 

- Бұқараға биылғы Жолдауында Президент Кедендік Одақтан бастау алған Бірыңғай экономикалық кеңістік аясында Еуразиялық полиция құру мәселесін көтерген болатын. Осы мәселе қазір қалай шешіліп жатыр?

- Қылмыста шекара жоқ және ол ұлтқа бөлінбейді. Соның ішінде ұйымдасқан қылмыс бүгінгі заманның басты қауіп-қатерінің біріне айналып отыр. Демек, Қазақстан Президентінің Бірыңғай экономикалық кеңістік аясында тарнсұлттық қылмыспен күресті күшейту жолында Интерпол үлгісіндегі Еуразиялық полиция құруды ұсынуы - заңды құбылыс. Дейтұрғанмен, біз мұндай органның қалыптасуы, өте күрделі әрі ұзақ уақытты қажет ететін процесс екендігін түсінуіміз қажет. Бұл орайда Мемлекет басшысы тиісті құрылымдарға қажетті ұсыныстарды жасақтап, Бірыңғай экономикалық кеңістік мүшелеріне жолдауды тапсырған болатын. Бүгінде тапсырма орындалды. Енді қазір кешенді дайындық жұмыстары жүргізілуде. Әрине, мұндай кешенді процесске Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті де белсене қатысатын болады.

 

ЖИЫРМА ЖЫЛДАҒЫ ЖЕТІСТІК НЕДЕ?

 

- Биыл Ұжымдық Қауіпсіздік туралы шарт ұйымының (Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан елдері мүше) саясат сахнасына енгеніне жиырма жыл толды. Әсіресе қорғаныс саласында көп ерік-жігерді, біріккен күшті талап етіп отырған ұйым жиырма жылда не тындырды? Ұйым әсіресе Қазақстанның сыртқы геосаясаттағы қауіпсіздігіне қалай әсер етті?

-  Ұжымдық Қауіпсіздік туралы шарт ұйымы қызметінің жиырма жылдағы жұмысының нәтижелері бағаланған саммитте ұйымға мүше мемлекеттердің басшылары ұйымның өз-өзін ақтағандығын, халықаралық қауымдастық тарапынан мойындалған салмақты ұйымға айналғандығын ерекше атап өтті. Сауалыңыздың екінші бөліміне қарай ауыса отырып, Қазақстанның бүгінгі таңда әбден қалыптасып, бекіген сыртқы серіктестермен арадағы қатынастарға, үшінші елдермен арадағы интеграциялық процестерді дамыту мәселелеріне аталмыш ұйымның ешқандай теріс әсерінің болмағандығын айрықша атап өткім келеді.

Қазақстанның сыртқы саясатта ұстанған басты бағыты – елімізде ерекше қарқынмен жүзеге асырылып жатқан жаппай индустрияландыруды жүзеге асыруға бірлесе әрекет ететін негізгі сыртқы ресустары, технологиясы мен тәжірибесі шоғырланған мемлекеттермен арада тұрақты түрде бейбіт және әріптестік қатынас орнату болып табылады.  Қазақстан Президенті айтпақшы, әлем үшінші ғылыми-техникалық төңкеріс қарсаңында тұрғанда, елімізді индустрияландыру, шет елдердің технологиясы мен тәжірибесін меңгеру аса маңызды.

Осы орайда, тағы қайталаймын. Қазақстанның Ұжымдық Қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүшелігі мемлекетіміздің халықаралық аренадағы стратегиялық дербестігін шектеген жоқ. Бұл сөзіме мемлекетіміздің және Президентіміздің жеке басының әлемдік қауымдастықтағы зор беделі дәлел бола алады.

 

НАТО НЕ БЕРЕДІ?

 

- Атаулы датаға орай ұйымға мүше мемлекеттердің басшылары қатысқан Мәскеудегі жиын барысында Ұжымдық Қауіпсіздік туралы шарт ұйымының НАТО-мен әріптестік орнату мүмкіндігі де талқыланды. Сіздіңше ұйымның НАТО-мен арада әріптестік қатынас орнату мүмкіндігі қандай?

- Өкінішке орай, әлемдегі ахуал тұрақтылық ауылының алыста екенін көрсетіп отыр. Терроризм, наркотрафик сынды қауіп-қатерлер күн санап күшейіп келеді. Мұндай қауіп-қатерлер сөзсіз НАТО-ға мүше елдермен біріккен түрде күресуді қажет етуде.

Демек, Ұжымдық Қауіпсіздік туралы шарт ұйымының НАТО-мен арада әріптестік орнату қаншалықты мүмкін деген мәселені талқылағаннан гөрі, бүгінгі таңда әріптестік байланыс орнату аса қажетті қадам дер едім. Ауғанстан территориясынан шығып жатқан қауіп-қатерлердің күн санап күшейе түсуі, тәжік-ауған шекарасының нығайтылуы, сондай-ақ, халықаралық күштердің Ауғанстаннан жүк тасымалдауды ұйымдастыруы Ұжымдық Қауіпсіздік туралы шарт ұйымының НАТО-мен арада әріптестік орнату қажеттігін одан әрі көрсетіп отыр.        

           

«АРҚАНКЕРГЕН» САБАҒЫ  ҚАНДАЙ?

 

- «Арқанкергеннен» басталып, Қазақстанның біраз шекара бекеттерінде жалғасқан оқиғалар шекараның әлсіз қорғалатындығын, жалпы Қазақстан әскеріндегі ішкі тәртіптің құлдырағандығын көрсетіп берді. Мұның артында әрине мемлекеттің, тұтас ұлттың қауіпсіздігі жатыр. Сіздіңше енді не істеу керек?

            - «Арқанкерген» шекара бекетіндегі қанды оқиға мемлекеттік деңгейдегі трагедия болды. Сондықтан да болар, тәуелсіздік тарихында ел Президенті тұңғыш рет ұлттық аза тұту күнін жариялады.

            Біздің тарихымыздағы бұл қайғылы бет қоғамда әлі күнге талқыланып келеді. Біреулер әшейін қызығушылықпен талқыласа, біреулер бұл жағдайдан саяси ұпай жинап қалғысы келеді.

            Меніңше бұл жердегі ең басты мәселе – мұндай жағдайды енді қайта болдырмас үшін де, болған оқиғаның себебін объективті түрде анықтау қажет. Тергеу органдарының алғашқы қорытындылары мемлекеттік шекараны қорғаудағы бірқатар кемшіліктерді айғақтап берді. Сол себептен де біздің Комитет жақын арада «Мемлекеттік шекара туралы» жаңа Заң қабылдау жөнінде ұсыныспен шықты.

            «Арқанкергенде» басталып, Қазақстанның біраз шекара бекеттерінде жалғасқан оқиғалар жалпы Қазақстан әскеріндегі ішкі тәртіптің өте төменгі деңгейге дейін құлдырағандығын, Жарғыға сәйкес емес қатынастардың күшейгендігін көрсетіп берді деген сөзіңізбен келіспеуге болмайды.

            Әскери тәртіп - әлеуметтік-саяси категория, оның үстіне бұл жерде адамгершілік мәселесі жатыр. Өйткені, Отанды қорғау алдындағы жауапкершілік,  азаматтық парызды түйсіне білу мәселелерінің негізі ең алдымен адамгершілікке келіп тіреледі. Сондықтан, бұл мәселеге тек қана армия проблемасы деп қарау жеткіліксіз.

Әскери тәртіпті күшейту мәселесі - әскери дайындық процесін  тиянақты ұйымдастыру, қатаң жарғылық тәртіп, қарамағындағыларға қамқорлық көрсетуді жоғары деңгейде талап ету, пайдалы тәрбиелік жұмыс жүргізу сынды кешенді шараларды қажет етеді. Мұның барлығы командирлер мен басшылардың жоғары моральдық қасиеті мен жауапкершілігі және жоғары кәсіби деңгейлері болғанда ғана мүмкін дүниелер деп ойлаймын.

-         Ой-пікір бөліскеніңізге бек рахмет!

Әңгімелескен: Баян ЖАНҰЗАҚОВА.