ЕЛІМІЗ ТАҢДАҒАН ЖОЛ ҚАЗАҚСТАНДЫ ӘЛЕМДЕГІ ДАМЫҒАН ОТЫЗ ЕЛ ҚАТАРЫНА ҚОСАДЫ
11.01.2013. «Атырау» газеті
Мақсатымыз айқын, межеміз биік
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Қазақстан-2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты халыққа Жолдауын ел арасында насихаттап, үгіт жұмыстарын жүргізу мақсатында облысымызға ҚР Парламенті Сенаты төрағасының орынбасары Қайрат Ищанов, Парламент Сенатының депутаттары Әділ Ахметов, Ғарифолла Есім, Сәрсенбай Еңсегенов және Парламент Мәжілісінің депутаттары Алдан Смайыл, Асхат Бекенов, Еркін Шпанов, Жалғас Дүйсенғалиев келді. Облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің қабылдауынан соң халық қалаулылары «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалы активінің жиналысына қатысты.
Актив жиналысын облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов жүргізіп отырды. Алғашқы болып баяндама жасаған ҚР Парламент Сенаты төрағасының орынбасары Қайрат Ищанов Елбасы Жолдауының басым бағыттары мен басты мақсаттарына тоқталды.
- Бұл мақсат-меже кездейсоқтық емес. «Қазақстан-2030» бағдарламасы қабылданған кезде болашақта жаңа, мүлдем күтпеген, экономикалық және геосаяси жағдаяттар туындайды, өз көлемі жағынан теңдесі жоқ әлемдік қаржы-экономикалық дағдарыс төнеді деп ешкім күтпеген еді. Осыған сәйкес, әлемдегі өзгерістер мен өмірдің өзіндік түзетулері ескеріле отырып, Елбасының тапсырмасы бойынша жаңа жағдайдағы Қазақстанның орны мен мүмкіндіктері сараланған жұмыс тобы құрылып, ол екі жылдай жұмыс істеді. Президент осы талдау жұмыстары қорытындыларын ескере отырып, Қазақстанның бүгінде әлемдік қауымдастық бағдар ұстап отырған нақты мерзім – 2050 жылға дейінгі жаңа саяси бағытын жасауды ұсынды, оның ішінде «Қазақстан-2030» стратегиясының міндеттерін орындау да өз жалғасын тауып отыр, — деген Қайрат Қыдырбайұлы жаңа Жолдаудың Қазақстанның алдындағы жаһандық стратегия мен мүмкіндіктерге жол салған, әлемдік геосаяси және экономикалық үдерістермен үйлескен маңызды құжат ретінде бағаланып отырғандығын да баса айтты.
Қазақстан үшін ендігі меже – 2050 жылға қарай әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына кіру. Елбасы атап өткендей, біздің еліміздің оған мол мүмкіншілігі бар. Экономикалық, қаржылық ресурстар жеткілікті, әлем елдерінің ең озық университеттерінен дәріс алып, шетелдіктермен бәсекелесе алатындай білімді, білікті мамандар қалыптасты. Ең маңыздысы – көп ұлтты халықтар арасындағы татулық пен достық берік сақталған берекелі Отанымызда саяси тұрақтылық бар.
ҚР Парламент Сенаты төрағасының орынбасары Қ.Ищанов әрі қарай мемлекеттік тіл, интеллектуалды ұлт қалыптастыру, әлеуметтік-экономикалық жаңғырту, кәсіпкерлік, ұлттық саясат, ұлттық идеология мәселелеріне тоқталды. Сондай-ақ, жастар мәселесіндегі өзекті жайларды да атады.
Елбасының кешегі Жолдауы әлемнің көптеген сарапшылары мен ел зиялыларының бас қосып, ұзақ уақыт сараланып, талдауының нәтижесінде дайындалғандығын баса айтқан Парламент Сенатының депутаты Әділ Ахметов стратегиялық құжатта көңіл бөлінбеген сала жоқтығын да нықтап жеткізді.
- Жолдау бұған дейін қабылданған бағдарламалардан оқ бойы озып тұр. Ол аға буынның да, орта буынның да, жастардың да санасынан саңылау тапты. Қазақта «елу жылда ел жаңа» дейтін сөз бар. Десек те, Қазақстан 15 жылда жаңа ел болуға болатындығына әлемнің көзін жеткізді. Егер 2030 жылға белгіленген стратегияның негізгі бағыттары іске асырылған болса, 2050 жылға дейінгі белгіленген стратегияның да уақытынан бұрын орындалатындығына еш күмән жоқ, — деген депутат одан әрі сыртқы саясат мәселелеріне тоқталды.
Бүгінде тәуелсіз Қазақстанның дүние жүзіндегі алпауыт ұйымдарға мүше екенін әлем біледі. Соның бірі – Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық ұйымы. 2010 жылы еліміз аталмыш ұйымға төрағалық етсе, одан кейінгі жылдары да көптеген ұйымдарға төрағалық етіп, Қазақстанның мүмкіндігінің зор екендігін әлемге мойындатып келеді. «Елімізде кадр даярлау ісі дұрыс жолға қойылған. Сондай-ақ, Елбасы генетикалық кодты, яғни ұлттық тіл мен діл, салт-дәстүрді көзіміздің қарашығындай сақтау қажеттігін баса айтты. Біздің жастарымыздың білімге құштар болып, математика, физика, химия секілді ғылымдарды жетік меңгеруі – генетикалық кодымыздың мықтылығынан. Салт-дәстүрінен айырылған, тілі мен ділін жоғалтқан мемлекет ел болмайды. Сондықтан, осы мәселеге терең мән беріп, жас буынды мақал-мәтелмен сусындатып өсіруіміз қажет», — деді Сенат депутаты.
Ал, Парламент Мәжілісінің депутаты Алдан Смайыл Елбасының бұл Жолдауында ұлт зиялыларына айрықша міндет жүктеліп отырғандығын айтты. Олардың ең үлкені, әрі жауаптысы – қазақ тілін барлық салада дамыта отырып, әр қазақ бір-бірімен қазақша сөйлесе отырып, қазақ тілін басқа ұлт өкілдерінің санасына сіңіре отырып, қазақ тілін ғылым мен білімнің, экономиканың барлық саласында енгізе отырып, оны шын мәніндегі мемлекеттік тіл мәртебесіне көтеріп, Қазақ мемлекеті деп атайтын дәрежеге жеткізу. «Бүгінде қазақ тілін өзге ұлт өкілдері мойындап отыр, Қазақстанда тұратын барлық ұлт өкілдері қазақ тіліне қарай бет бұрды», — деген халық қалаулысы Елбасының «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша да тапсырма бергендігін жеткізді.
- Президентіміздің біздің алдымызға қойып отырған ендігі міндеті – осы мұраларымызды қайта зерделеп, жаңа әдебиеттермен байытып, көне әдебиеттерді жаңғырту. Қазақтың тілі де, рухы да жаңғыруы керек. Бүгінде экономикамыз мәдениет пен саясатқа қызмет ете алатын дәрежеге жетті. Сондықтан, бүгінгідей тарихи дәуірге қадам басқан кезеңде ұлт алдындағы жауапкершілікті сезіне отырып, бірлесе қызмет етуіміз қажет, — деді А.Смайыл.
Актив жиналысын облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов қорытындылады.
- Ел экономикасын көтеру үшін кезінде қабылданған «Қазақстан-2030» стратегиясы мезгілінен бұрын орындалып, Елбасы өткен жылдың 14 желтоқсанында «Қазақстан-2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауын жариялады. Жолдау — еліміз үшін стратегиялық маңызы ерекше тарихи құжат. Елбасының көрегендігі мен тынымсыз еңбегінің арқасында Қазақстан дүние жүзіне танылды. Қазақ деген халық бар екенін, ол халықтың мемлекеті бар екенін әлем білді. Бүгінгі активте де Парламент депутаттары еліміздің осы жетістіктерін атап айтты, - деген аймақ басшысы Жолдаудан туындайтын басым бағыттарды анықтап, еліміздің ішкі, сыртқы саясатын, экономикадағы негізгі мәселелерді баяндап берген Сенат және Мәжіліс депутаттарына ризашылығын білдіріп, рахмет айтты. Сондай-ақ, халық қалаулыларын Елбасының алға қойған міндеттерінің Атырау облысында ойдағыдай жүзеге асатындығына, әрі оған атыраулықтардың да сүбелі үлестерін қосатындығына сендірді.
Әлпеш САДЫҚ.
Суреттерді түсірген
Ерлан АЛТЫБАЕВ.