10.12.2014. 10--00 Мәжілістің жалпы отырыс залы
«Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Әзербайжан Республикасының Үкіметі арасындағы Азаматтық қорғаныс, төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы бойынша
Құрметті төраға! Құрметті депутаттар!
Аталған Келісім төтенше жағдайлардың алдын алу мен оларды жою кезінде өзара көмек көрсету жағдайларын жақсартуды көздейді.
Төтенше жағдайлардың алдын алу мен оның салдарын жою, халықаралық ынтымақтастық пен өзара көмегін талап ететін – техногендік апаттар, табиғи апаттар, төтенше жағдайлар осы заманғы қатерлердің бірі болып табылады.
2010 жылдың сәуір айында Мексика шығанағында мұнайдың төгілуі қазіргі заман тарихында қалатын - табиғатқа орасан зор зиянын тигізген апат болып табылды. Апаттан 11 адам қайтыс болды. Шикізаттың төгілуін тоқтату үш айға созылды. Осы уақыт аралығында шығанаққа бірнеше миллион баррель мұнай төгілді. Қаншама шаралар жасалып жатқанымен, осы жылдың 20 қарашасында Мексика шығанағының мұнай платформасында тағы жарылыс болды.
Осындай оқиғалардан кейін. Каспий теңізі бассейні мен оның жағасындағы аумақтарында мұнайдың төгілуі және апаттық мұнаймен ластану – бұдан өзге де жағдайларға әсер етпей қоймайды.
Бұл Келісім мұнайдың апаттық төгілу зардаптарын жоюға байланысты тиісті құрылымдық бөлімшелер арасында бірлескен оқулар өткізуге және мұнайдың төгілуіне байланысты төтенше жағдайлардың зардаптарының алдын алуға, онымен қоса, осы жағдайларды жою бойынша халықаралық нысаналы бағдарламаларды іске асыру шараларын қолға алуға ықпал етеді.
Осындай жағдайлар барысында бұл заң жобасы бізге өте қажетті және Қазақстан Республикасының ұлттық мүддесіне сай деп айта аламын.
Аталған Келісімнің маңыздылығын және жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, құрметті әріптестер, қаралып отырған заң жобасын қолдауларыңызды сұраймын.
Назарларыңызға рахмет.