2015 жылғы 14 қаңтарда жарияланды
Қазақстан Республикасының
Премьер - Министрі
К. Мәсімовке
Депутаттық сауал
Құрметті Кәрім Қажымқанұлы!
Өзіңізге белгілі, Атырау облысы – тарихы терең, шежіресі - бай, талай ұлылар кіндік кескен киелі өңір. Жылыой ауданында - Ақмешіт дейтін қасиетті мекен бар. Киелі Ақмешіт жерінде 19 ғасырдың бас кезінде, Жем өзенінің оңтүстік бетінде, биік төбенің басында орналасқан Бекет ата салған жер асты мешіті бар. Бұл Бекет атаның кіндік қаны тамған қасиетті жер. Атасы Жаналы, әкесі Мырзағұл мен анасы Жәния, ұлы Тоғай мәңгілік тыныстаған мекен бұл.
Ақмешіт - өткен ғасырдың әсем өрнегіндей бүгінгі мешіттердің көріктісінің бірі. Осы киелі жерге сыйынып, бабаның басына түнеп, оның рухы желеп-жебей жүрсін деген сеніммен, еліміздің түкпір түкпірінен, одан қалса көршілес Ресей жері мен өзге де шетелдерден жылына сан мыңдаған халық тәу етуге барады.
Қаншама азаматтар бабаның басына жету үшін жол азабын тартып отыр. Өйткені бабаның басына барар жолды тіпті жоқ деуге болады.
Ұлт болып ұйығанымыздың белгісі ретінде, арғы-бергі тарихымыздың ірі тұлғаларына баға берудің нақты тарихи мүмкіндіктері ашылған тұста, біз барымызды бағалай білуді үйрену үшін, осындай озып туған ардақтыларымызды, рухани көсемдерімізді есімізден тыс қалдырмау керекпіз.
Сондықтан да, Егеменді еліміздің киелі жерлері мен ұлтжанды бабаларымыздың тарихын өскелең ұрпаққа жеткізу үшін, Құлсары – Ақкиізтоғай аралығындағы 34 шақырым тас жолын жөндеуден өткізуге, Ақкиізтоғай - Ақмешіт аралығындағы 31 шақырым қазба жолының /грейдер/ орнына тас жол салып, бабалардың басына барушылардың кедергісіз жету мүмкіндігіне көмек беруіңізді сұраймыз.
Ізгілікпен,
Қазақстан Республикасы
Парламент Мәжілісінің
Депутаттары Е. Шпанов
А.Смайыл
Ж.Дүйсенғалиев
А. Бекенов
Орын: Ә.Юсупова 746406