6-11-1048
11.06.2015.
Қазақстан Республикасы
денсаулық сақтау және
әлеуметтік даму министрі
Т. Дүйсеноваға
Құрметті Тамара Босымбекқызы !
Атырау облысында сайлаушылармен кездесулер өткізу барысында, аймақ тұрғындары күн санап онкологиялық аурулардың өршіп бара жатқандығы, осы ауруға қарсы жасалатын профилактикалық, диагностикалық жұмыстары сапасының төмендігі және оны емдеу әдістеріне көңілдерінің толмайтындығы жөнінде көп айтады.
Қазіргі уақытта халық арасында, онкологиялық аурулардың ресми деректеріне сүйенер болсақ, ол расында да болып жатқан жағдайлармен тура келмейді деген ой қалыптасқан.
Тек, 2014 жылдың өзінде 846 адамда осы аурудың алғашқы белгілері табылған болса, облыстық онкологиялық диспансерде бар болғаны шамамен 3000-дай адам есепте тұр, ал бірінші скринингтік бағдарлама (скрининговая программа) 2008 жылдан бері басталған.
Онымен қоса, «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы аясында алынған медициналық жабдықтар тәжірибелі мамандардың жоқтығынан тиімсіз қолданылатынын; әсіресе, шалғай ауылдарда тұратын көптеген тұрғындар ақысыз скринингтік бағдарламаның бар екендігі жөнінде ақпараттың жоқтың қасы екендігін; ал, осы бағдарлама аясында өз еркімен тексерілуге келген азаматтар дәрігерлердің бұл тексеріске немқұрайлы және шала-шарпы қарайтындығын; рак ауруларын емдеу барысында алдыңғы қатардағы емдеу әдістері мен жаңа дәрі дәрмектерді қолданбайтындықтарын айтады.
Мұнай өндіруші аймақ ретіндегі ерекшеліктерін ескере отырып, халық рак ауруларының пайда болуы жөніндегі зерттеу мәліметтерінің жоқтығына алаңдайды.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына кіретін, онкологиялық ауруларды зерттеу Халықаралық агенттігінің (IARC) эксперттері 2013 жылдың қараша айында, адамдардың рак ауруына ұшырауының басты себебі, ауаның ластануы деп мәлімдеген болатын.
Жоғарыда айтылған жағдайларға байланысты, алдағы уақытта халықпен кездесу барысында, оларға нақты жауап беру үшін, Атырау облысындағы онкологиялық аурулар: олардың көбеюі, себебі, оны емдеу мен алдын алу үшін жасалып отырған шаралар мен оның нәтижесі жөнінде, ресми деректерді өзге аймақтармен салыстырмалы түрде беруіңізді сұраймын.
Ізгілікпен, Е.Шпанов
Орын: Ә.Юсупова 746406