2024 жылдың 4 ші қаңтары. Өңірлерді аралаудың екінші күніндегі жұмыс сапарым Теміртау қаласындағы сүт өнімдерін өндіретін “Ren Milk” және “Аян М” компанияларында жалғасты. Менімен бірге Қарағанды облыстық маслихатының депутаты, “Ауыл” партиясы мүшесі Аян Болатұлы және Теміртау қаласы әкімінің орынбасары Уманцев Андрей зауытты аралады. Василий Рычков басқаратын “Ren Milk” компаниясы 1998 жылы тіркелген. Ауылдардан сүт жинап, одан түрлі өнімдерді шығарумен айналысады. 500 ге тарта жұмыскерлері бар сүт зауыты өнімдерінің жарамдылық мерзімі 7 ден 10 күнге дейін. 2017 жылы 16235 тонна сүт өнімдерін өндірген. Дегенмен компания басшысының айтуынша жұмыс күші жетіспейді екен. Оған себеп нақты мамандардың жоқтығы және жалақы мәселесі. Автогараж меңгерушісі Олег Сабитұлы кредит мәселесі жайлы, бухгалтер Айгүл Рахимова онкологиялық аурумен мүгедектігі бар жандарға санаториге жолдама берілмейтіндігін айтып өтті. "Аян М" компаниясы басшысының орынбасары Воробьева Светлана да жұмыс күшінің аздығы жайлы өз ойын айтты. Дегенмен зауыт жұмысы ойдағыдай. Аудандардан толықтай сүт жиналмаған жағдайда құрғақ сүт қолдануға тура келетіндігін де жасырмады. Орташа жалақы 150 мың теңге шамасында. Дайын өнімдерді облыс көлеміне жеткізу үшін жолдың нашарлығы көп кедергі келтіреді екен. Зауыт қызметкерлері мектепке байланысты, ескі қалада балалар демалатын орынның жоқтығы, қаңғыбас иттердің көптігі, көше автобустарының аздығы, газ, жарыққа байланысты өз сұрақтарын да қойды. Әрине, бұл аталған мәселелердің кейбірін жергілікті атқарушы органдарға жеткізер болсам, кейбір күрделі мәселелерді Парламент қабырғасында да қозғайтындығымды айттым.
Зауыт қызметкерлерімен кездесуден соң, Теміртау қаласының әкімі Таурбеков Ораз Қайсаұлымен кездесіп, сұхбаттастық. Жұмысшылар жолдаған мәселелерді қала әкіміне жеткізе отыра өзім де өңір жайлы біршама ақпарат алдым. Ел үшін атқарылып жатқан жұмыстарға сәттілік тілеп, жылы қоштастық. Жалпы қай- қайсымыз болмасын, әр салада атқарып жатқан жұмысымыз, еңбегіміз ел игілігі үшін емес пе. "Ерім дейтін ел болмаса, Елім дейтін ер қайдан болсын" деген сөз осындайда ойға оралады. Ері елі үшін, ал азаматтары елге адал қызмет ете берсін. Алдағы күндерден тек жақсылықтар күтеміз!