ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ
ПРЕМЬЕР–МИНИСТРІ
С.Н. АХМЕТОВКЕ
Құрметті Серік Нығметұлы!
Біздің депутаттық сауал жолдауымызға Алматы облысы, Алакөл ауданының тұрғындары мен аудан мәслихаты депутаттарының «Бескөл» бекетінде жаяу жолаушыларға арналған темір жол үстінен өтетін аспалы көпір салуға қаржы бөлуді ықпал етуді сұраған өтініш-хаттары себеп болып отыр.
2012 жылы Алматы облысы, Алакөл ауданында іс-сапармен болған кезде жергілікті халық өзекті мәселелердің бірі - «Бескөл» бекетінде аспалы көпір салу қажеттілігін көтерген еді.
Осы өтініш бойынша 2012 жылы 31 қазанда «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамына, 2013 жылдың 14 наурызында Қазақстан Республикасының көлік және коммуникация министрлігіне хаттар жолдадық. (Хаттардың көшірмесі қосымшада). Алайда, бұл мекемелердің жауаптары бізді қанағаттандырмады, 2013 жылы жазда Алакөл ауданына іс-сапармен барып, «Бескөл» бекетінің жағдайын көріп қайттық, өзекті мәселе бүгінгі күнге дейін шешімін таппаған.
«Бескөл» кентінде 8 мың халық тұрады, «Бескөл» бекетінде 6 - тармақ темір жол саласы бар, темір жолдың екі жағында 3 мектеп орналасқан, бұл мектептерде 1200 бала оқиды, бекет ғимаратының өзі қатты ескірген, көп жылдар бойы жөндеу жүргізілмеген, бекеттен күн сайын Алматы - Достық, Алматы – Үрімші, Астана - Үрімші поездары жүреді, сонымен бірге жазда Алакөлге Алматыдан қосымша поездар қатынайды. Бескөл кенті тұрғындарына, балаларға мектепке баруы үшін жолда тұрған поездың астынан өтуге тура келеді, бұл адамның өміріне өте қауіпті екені айтпаса да түсінікті. Бірнеше рет темір жолда адам өлімі фактісі де тіркелген. «Бескөл» бекетіндегі нақты жағдайды біліп, тұрғылықты халықпен кездесуге «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы басшыларының барып, өз көздерімен көріп қайтқаны орынды болар еді.
Құрметті Серік Нығметұлы, жоғарыда айтылған мәселенің адам өмірінің қауіпсіздігіне тікелей қатысты екендігін, Ата заңымызда мемлекеттің ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі деп нақты белгіленгенін ескере отырып, осы шұғыл мәселеге қатысты қаражат бөліп, шешілуіне ықпал етуіңізді сұраймыз.
«Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Конституциялық Заңның 27-бабы, 4-тармағына сәйкес жазбаша түрде жауап беруіңізді өтінеміз.
Қосымша: Алматы облысы Алакөл ауданы мәслихаты депутаттарының хатты; «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамына хат; Қазақстан Республикасының көлік және коммуникация министрлігіне хат, барлығы – 5 бетте.
Құрметпен,
Н. СУЛЕЙМЕНОВ
Л. ТҰРЛАШОВ
М. АЛТЫНБАЕВ
Орын: Тайболатов Қ.Қ.
тел: 74-73-21,
+77017107076