Әлтай
Аманжол
Дүйсенбайұлы

VIII сайланған
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Аграрлық мәселелер комитетінің мүшесі

Депутатқа хат
ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Е.Л.Тоғжановқа бағытталған қосымша білімге қатысты депутаттық сауал

 

Қазақстан Республикасы

Премьер-министрінің орынбасары

Е.Л. Тоғжановқа

2022 жылғы 4 мамырда жарияланды

Депутаттық сауал

Құрметті Ералы Лұқпанұлы!

    Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бұқаралық спорт және мәдениетті дамытуға жағдай жасау тапсырмасына байланысты 2021 жылдың 1 мамырынан бастап, жергілікті атқарушы органдар балаларды мәдениет және спорт бағытындағы қосымша біліммен, спорт және шығармашылық үйірмелер үшін мемлекеттік тапсырыстың жан басына шаққандағы механизмін жүзеге асыра бастады. 2022 жылдан бастап аталған екі бағыттан басқа білім және ғылым бағытындағы үйірмелерге де мемлекеттік тапсырыстар орналастырылуда. Бұл – өскелең ұрпақты жан-жақты дамытуға, адами капитал сапасын арттыруға бағытталған жақсы шешім.

    5,8 млрд қаражат қарастырылған. 1523 мектептен тыс қосымша білім беру ұйымында 1.1 млн. бала үйірмелерге қатысады. Жалпы 2022 жылы қосымша білім берумен қамтылған балалар 2 461 775 баланы құрайды. Оның 43,68% – 1 502 951 қалада тұратын балалар, 26,7 % – 958 824 ауыл балалары.

    Дегенмен, бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде балалар үшін қарастырылып жатқан осы қаражаттардың игерілуі жайында керағар ақпараттар бар. Мақсатты қарастырылған қаражаттың жұмсалуына сенімсіздік білдірген ата-аналар да көптеп кездеседі. Сонымен қатар, мемлекеттік тапсырысты алып отырған заңды тұлғалардың көпшілігі сол мемлекеттік тапсырысты орналастырушы органның қызметкерлерінің туысқандары, таныстары екенін де жиі айтады. Оқушыларды формальді түрде тіркеп қойып, мемлекеттік тапсырысты талан-таражға салуға жол берілмеуі тиіс.

    2022 жылдың наурызынан бастап тіркелу реестірінде үйірме жұмысын ұйымдастырушы-поставщиктердің тым көбеюіне және келіп түскен өтініштердің барлығын қанағаттандыруға жоспарланған қаражаттың жетіспеуіне байланысты 8 өңірде: Ақтөбе, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облыстары және Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында спорт бағытында мемлекеттік тапсырысты орналастыру тоқтатылған. Шығармашылық үйірмелер 14 өңірде тоқтатылған, тек 3 өңір: Ақмола, Ақтөбе және Пвлодар облыстарында шығармашалық үйірмелерге қатысу өтініштері қабылдануда.

    Келесі ұсыныстарды енгіземіз:

  • ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен Білім және ғылым министрлігі тарапынан қосымша білімге бөлінген қаражаттың тиімділігін бағалау және есеп беру критерийлері анықталсын.
  • Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым Министрлігіне қарасты НОБД Ұлттық білім берудің мәліметтер базасындағы мәліметтерімен спорт және шығармашылық үйірмелер үшін мемлекеттік тапсырыстың жан басына шаққандағы механизмін жүзеге асыратын artsport.edu.kz платформасының мәліметтері біріздендірілсін.
  • Еліміздің келешегі, ұлт болашағы болып табылатын балалардың несібесіне қол салуға жол бермеуіміз керек. Мемлекеттік тапсырысты алып отырған заңды тұлғаларға қойылатын талаптар күшейтілсін.
  • Қосымша білім беруге орналастырылған мемлекеттік білім беру тапсырысын бақылау, мониторинг жүргізу тетіктері бекітілсін.
  • Қосымша білім берудің бір бағыты ретінде тарихи, мәдени мұраны, ұлттық құндылықтарды насихаттайтын, отансүйгіштік, патриоттық сезімдерді дамытатын үйірмелер жұмысын жолға қою қарастырылсын.
  • Мемлекеттік тапсырысты алып отырған заңды тұлғалардың балаларға ұсынатын бағдарламалары сараптамадан өтіп, бекітіліп, авторлық құқық негізінде реестрлерде халыққа қолжетімді болуы қамтамасыз етілсін.
  • Қосымша білім алу мен тегін үйірмелер, спорттық секциялар ауыл балалары үшін қолжетімді болу механизмдері ойластырылсын.
  •     Өмірдің өзі дәлелдегендей, адамзат дамуындағы халықты мұратқа, ата-ананы бақытқа, мемлекетті өркениетке жетелейтін ең қастерлі де маңызды инвестиция – жас ұрпақтың білімі мен тәрбиесіне жұмсалған қаржы. Ал, ол қаржыға қол салуға, талан-таражға түсіруге жол бермеу бәріміздің ортақ парызымыз. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының «Жастардың оқу-тәрбие жұмысы түзелмей, жұрт ісі түзелмейді» деген сөзін естен шығармайық.

        Осы депутаттық сауалға жауапты заңнамада көрсетілген мерзімге сәйкес жазбаша беруіңізді сұраймыз.


    Құрметпен,

    депутат, «AMANAT» партиясы

    Фракциясының мүшелері                                                                                                                                                                                                                          А. Әлтай

    Ж. Сүлейменова

    Ә. Әбсеметова

    «Қазақстан Халық партиясы»

    Фракциясының мүшесі

    И. Смирнова