Әлтай
Аманжол
Дүйсенбайұлы

VIII сайланған
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Аграрлық мәселелер комитетінің мүшесі

Депутатқа хат
ҚР Премьер-министрі Ә. А. Смайыловтың атына жолданған депутаттық сауал

 

Қазақстан Республикасы Премьер-министрі

Ә. А. Смайыловқа

2022 жылғы 15 маусымда жарияланды

Депутаттық сауал

Құрметті Әлихан Асханұлы!

         Қазіргі уақыт - сапалы жоғары білім мен өмірлік қажеттіліктерді шешуге септесе алатын ғылым дәуірі. Бұл ретте еліміздегі жоғары білім ордаларына жүктелер міндет аса ауқымды.

         Мәселеге осы тұрғыдан келсек, еліміздегі университеттерге қатысты шешімін күтіп тұрған түйткілді жәйттер бар екенін байқаймыз. Солардың бірі – Ұлттық университет мәртебесіне байланысты.

         Бүгінде Қазақстандағы Ұлттық университеттердің бәрі Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында ғана орналасқан.

         «Жаңа Қазақстан дегеніміз – әділетті Қазақстан» - деп мемлекет басшысы айтқандай, Ұлттық университет мәртебесін беруде аталған қалалардан басқа жерлердегі жоғары оқу орындары назарға ілінбей қалуы әділеттілікке жатпайды.

         Шындыққа жүгінсек, Елордамыздағы негізгі кадрлық сұраныстың басым бөлігін өңірлердегі әлеуетті білім ордаларында дайындалып келген білікті мамандар өтеп отырғанын мойындауымыз керек. Олай болса, еліміздің дамуына салмақты үлес қосқан аймақтардағы университеттер өзіне лайықты Ұлттық мәртебе иеленуі тиіс.

         Әділін айтайық, еліміздің өңірлерінде Ұлттық университет мәртебесін иеленуге әбден лайық білім ордалары бар. Олар қазіргі Ұлттық университеттермен иық тіресе бәсекелесіп қана қоймай, жекелеген көрсеткіштер бойынша озық тұр.

         Өңірлердегі университеттер арасында мемлекетімізді беделді әлемдік рейтингтерде танытып, жоғары академиялық беделге ие болып жүрген оқу орындарын ескеруіміз қажет.

         Атап айтқанда: 13 809 студент білім алатын, 58 ғылым докторы, 77 PhD докторы, 269 ғылым кандидаты еңбек ететін Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды университеті, 29 401 студент білім алатын, 64 ғылым докторы,
94 PhD докторы, 521 ғылым кандидаты еңбек ететін М. О. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті, 15 203 студент білім алатын, 30 ғылым докторы, 26 PhD докторы, 230 ғылым кандидаты еңбек ететін Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік білім шаңырағы Ұлттық университет мәртебесін алуға әбден лайық.

         Бұлардың үшеуі де 2021 жылғы республикалық конкурстың қорытындысы бойынша мықты өңірлік университеттер қатарына кірген классикалық көпсалалы білім ордалары.

         Сайып келгенде, өңірлерде жоғары нәтиже көрсетіп жүрген университеттердің Ұлттық мәртебе иеленуі сол оқу орындары үшін ғана емес, олар орналасқан өңірлер үшін де экономикалық, әлеуметтік тұрғыдан зор серпін береді. Әсіресе, сол университеттерде білім алатын талапты жастардың өз өңірлерінде тұрақтап қалуына әсер етері сөзсіз. Сондай-ақ, өңірлердегі университеттер арасында шынайы бәсекелестіктің орнығуына жол ашады.

         Ел Президенті Қ. К. Тоқаев: «Қуатты өңірлер – қуатты мемлекет», - деп атап көрсеткендей, әр өңірде ірі Ұлттық университеттің болуы мемлекет көлемінде алға тартылып отырған өңірлерді дамыту жөніндегі стратегиялық мақсаттардың нәтижелі орындалуына үлкен үлес қоспақ. Өңірлердегі жоғары білімге, жаңаша ғылыми ізденістерге, адам капиталын жан-жақты дамытуға жасалған бүгінгі инвестиция ел көлеміндегі болашақ игілікті нәтижелерге жол ашады.

Құрметпен,

депутаттар, «AMANAT» партиясы

фракциясының мүшелері                                                                                                                                                                                                                          А. Әлтай

А. Қожахметов

Г. Бижанова

Ю. Жулин

Т. Адамбеков