Әлтай
Аманжол
Дүйсенбайұлы

VIII сайланған
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Аграрлық мәселелер комитетінің мүшесі

Депутатқа хат
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрдің орынбасары А. Көлгіновке ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ

Біздің елімізде 31-мамыр ашаршылық және саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні болып белгіленген.

Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаев: «Біз саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарының рухына тағзым етіп, есімдерін мәңгі есте сақтаймыз», – деп атап өткендей, тағдыры қасіретке толы, зұлмат жылдардың құрбандарына айналған
ата-бабаларымызды ұмытпауға тиіспіз.

Өкініштісі сол, тоталитарлық жүйенің қанды қасабына іліккен миллиондаған жандардың ауыр тағдырына ойлана қарап, аяулы есімдерін ардақтай еске алып, шын көңілімізбен лайықты құрмет көрсете алмай келеміз.

31-мамыр күні алаш арыстарының рухына жасап жүрген құрметіміз олардың ескерткіштері мен мемориалдық орындарға гүл шоғын қоюдан аспай тұр.

Сауалымызға негіз болған ең басты себептің бірі – Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2022 жылғы 12-тамыздағы № 363 бұйрығына сәйкес, орта білім беретін мектептердегі соңғы қоңырау 31-мамыр болып бекітілуі. Алаш арыстарының мұратын жалғастырып, аманатын ұрпақ санасына сіңіруге тиісті министрліктің 31-мамыр күнінің маңызына мән бермегені қандай өкінішті.

Арыстарымыздың рухына бір күнді де қимай, апыл-ғұпыл аза тұтқансып, іле-шала той тойлап, думандатып кете беретін болсақ, елдігіміз қайсы?!

Сондықтан мектептердегі соңғы қоңырау күнін 30-мамырға, не болмаса
1-маусымға ауыстыру керек. Бұл – ешқандай талқылауды қажет етпейтін әділетті талап.

Мемлекеттің тірегі – халық! Ал халық миллиондаған жеке адамдардан құралады. Сондықтан да бүгінгі қоғамдағы әр адам өткеннен сабақ алып, атаулы күннің мәні мен маңызын терең сезінуі тиіс. Ең болмаса, 31-мамыр күні адамдарды әлеуметтік желілердегі елдің бірлігіне, мәдениетіне нұқсан келтіретін  теріс әдеттерден тиылуға шақырамын.

31-мамыр – ғайбаттаудың арты – күнә, жаланың арты – жамандық, өсектің арты – өкініш, қарғыстың арты – қасірет, бөлінудің арты – бүліну екендігін сезінетін, бір-бірімізді қаралауға емес, бағалауға ұмтылатын күн.

31-мамыр – азаттық үшін арпалысып өткен, мемлекет құру жолында мерт болған, ұлт үшін атылған, ұрпақ бақыты үшін азап шеккен асыл бабалар алдындағы парызымызды пайымдайтын, алаш аманатына адал болуға құлшынатын күн.

Үкімет осы күннің мән-маңызына лайықты шараларды іске асыруы тиіс.

Құрметті Алтай Сейдірұлы!

Атап айтқанда,

1. «Жалпы халықтық үнсіз еске алу минуты» шарасы дәстүрлі өтуі керек. Сол сәтте ел аумағындағы бүкіл көлік қозғалысы тоқтатылып, бір минуттық үнсіздік арқылы саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу қажет.

2. Мектептердегі соңғы қоңырау күні 31-мамырдан басқа күнге ауыстырылсын.

3. Телеарналарда әзіл-қалжың, шоу бағдарламалар, эстрадалық концерттер тоқтатылып, оның орнына ел тарихындағы қасіретті күндерді жас ұрпақтың түсінуіне жол ашатын мазмұнды бағдарламалар көрсетілуге тиіс.

Ақпараттық құралдарда атаулы күннің тарихи салмағын, тағылымдық мағынасын жан-жақты жеткізетін мақалалар жариялансын. Сол күні мейрамханаларда той өткізуге тыйым салынсын.

4. 31-мамыр күні әр ата-ана отбасындағы тәлімді әңгімесін, ұстаз сабағын, дін өкілдері уағызын, министрліктер мен әкімдіктер, мемлекттік мекемелер жұмыс күнінің басын ашаршылық пен қуғын-сүргін құрбандарын еске алумен бастағаны дұрыс.

5. Балабақшалар мен мектептерде, жоғарғы оқу орындарында балалар мен жастарға арнаулы дәрістер, пікірлесу сағаттарын, зиялы қауым өкілдерімен кездесу кештері өткізілсін.

Жауапты заңнамада белгіленген мерзімде жазбаша ұсынуыңызды сұраймын.