Баққожаев
Анас
Ахатұлы

VIII сайланған
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің

Депутатқа хат
Кезекті пленарлық отырыста Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Нұрбек Саясатқа енгізілетін "Ғылыми этика" нормасын іске асыру тетігін егжей-тегжейлі түсіндіру үшін сұрақ қойдым

Заң жобасы ғылыми қоғамдастықтағы ашықтықты арттыруға және сенімділікті нығайтуға ықпал ететін зерттеу қызметін ұйымдастыруда шешуші рөл атқаратын "ғылыми этика" ұғымын енгізіп отыр. Бұл ереже орынды, әрі қажетті қадам болып табылады.

Осы норманың қалай жүзеге асырылатынын түсіндіріп беріңізші?

Қолданыстағы заңнамада ғылыми этика нормалары бойынша талаптар бар ма?

Ғылыми қызметте этика нормаларын бұзғаны үшін жауапкершілік қарастырылған ба?


2007 жылы Дүниежүзілік ғылым қоры Ғылыми этика бойынша тәуелсіз зерттеулер өткізген екен. Оның нәтижесі көпшілік күтпеген фактілерді ашты. Мысалы, ғалымдардың 20 пайызы ғылыми фактілерді фальсификация жасайтынын мойындаған, ал 38 пайызы мұндай жолға ғылыми зерттеулерге берілетін гранттардың өзі итермелейтіндігін айтқан.

Жалпы, ғылыми этика деген мәселеде нақты мысалдарды келтірген дұрыс. Соны таразылай отырып, Қазақстандағы жағдай қалай деген сұраққа жауап табуға болады.

Этиканы бұзудың ең сорақысы плагиат. Біреудің еңбегін өзінікі етіп шығару. Мұндай амалдарды дәл осы шақта әшкерелеу қиын емес. Цифрлік технологиялар дамыған сайын, көп плагиаттың бетпердесі ашылып жатыр. Алдағы уақытта жасанды интеллект жұмыс істей бастаса және біздегі қолданылатын базалар шетелдік ақпарат қорларымен біріксе жағдай жақсарады деп ойлаймын.

Екінші бір нақты мысал жасанды мәліметтер беру. Ғылыми еңбек барысында өткізілетін тәжірибелік жұмыстардың нәтижесінде алынатын ақпарат қаншалықты сапалы тексеріліп жатыр? Мұны ешкім білмейді. Әрине, ғылым институттарымен жұмыс істейтін базалық шаруашылықтардың саны аз. Оның үстіне тексеру жұмыстарына қажет қаражат жоқ. Іссапарға бөлінетін ақша негізгі жұмыстың өзінен артылмайды. Ал ғылыммен айналысатын жеке орталықтардың тым көбейіп кетуін ескерсек, мәліметтің қаншалықты ақиқатқа жақын екенін өздеріңіз таразылай беріңіздер.

Үшінші мысал ғылыми қолжазбаларға тиесілі. Бір емес, бірнеше баспаларға жіберіп қойып, кім бірінші басып шығады екен деп отыратын ғалымдар да жоқ емес. Әлбетте, мақаланың көп шыққаны құптарлық емес пе деген заңды сұрақ туындайды. Бұл ғалым үшін жақсы. Алайда, ғылыми баспалар үшін бұл үлкен проблема. Шығып қойған материалды қайта шығару баспа үшін өліммен тең! Ал оны кім бақылайды? Демек, тап таза этиканың аясында реттейтін мәселе.

Қысқасы, айта берсек проблема жетерлік. Ендігі ретте заң аясында енген «Ғылыми этика» нормасының нәтиже беруін қамтамасыз ету аса маңызды. Ғылыми орталықтар, институттар, ғалымдар, тіпті академия өз ұсыныстарын беріп, Ғылым министрлігін «мүйіздеп» тұрғаны керек. Және де ғылыми этиканы бұзған азаматтарға қатаң жазаларды да қарастырған жөн болар. Әйтпесе мұның бәрі бекер болмақ.