Баққожаев
Анас
Ахатұлы

VIII сайланған
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің

Депутатқа хат
ПРЕМЬЕР-МИНИСТРДІҢ ОРЫНБАСАРЫ - ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРІ Н.С.БАЙБАЗАРОВҚА ЖІБЕРІЛГЕН ӘЛЕУМЕТТІК КӘСІПКЕРЛІК КОРПОРАЦИЯЛАРДЫҢ МӘРТЕБЕСІ ЖӘНЕ ОЛАРДЫҢ АГРОӨНЕРКӘСІПТІК КЕШЕНДЕГІ КООПЕРАЦИЯНЫ ҚОЛДАУҒА БАҒДАРЛАНУЫ ТУРАЛЫ ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ

Қазақстан Республикасы

Премьер-Министрінің

орынбасары –

Ұлттық экономика министрі

Н.С. Байбазаровқа

ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ

Құрметті Нұрлан Серікұлы!

Елімізде 18 жыл бойы Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар (бұдан ары – ӘКК) жұмыс істеп келеді. Әу бастан өңірлердің спецификасын ескере отырып, әлеуетін үдетіп, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту үшін құрылған бұл мекемелер бүгінгі күні Үкіметтің назарынан тыс қалды деп айтуға болады.

Біріншіден, ӘКК-лардың айрықша функциялары жоқ. Қызметінің барлық түрлері республикалық деңгейдегі басқа даму институттарының функцияларын қайталайды. Орталық атқарушы органдар мен әкімдіктер әртүрлі жұмысты тапсыра берген соң, бастапқы мақсатынан ажырап, мүлде «адасып» қалған. ӘКК-лардың тек өзіне тән функцияларын айқындайтын заң жоқ. Олардың барлығы тек жарғының негізінде жұмыс істейді. Нәтижесінде корпорациялар жергілікті биліктің «қалтасына» айналып, бюджет қаражатын теспей сорып, оларды белшесінен қарызға батырды. 2016 жылы жалпы шығын көлемі 4,2 млрд тенге болса, 2020 жылы ол көрсеткіш 14,7 млрд тенгені құраған.

Екіншіден, корпорациялар 2006 және 2012 жылдары Үкімет бекітіп берген кешенді жоспарларда қойылған мақсаттарды орындаған жоқ. Солардың бірі кластерлік жүйе құру арқылы, ауыл шаруашылығында шикізатты жинақтап, оны терең өңдеуді ұйымдастыру болатын. Мемлекет басшысы терең өңдеу деңгейін 70 пайызға дейін жеткізуді тапсырып жатқанда, корпорациялардың бұл мәселеге бейқамдық танытуы түсініксіз. Мұнымен қоса олар 2021 жылы Президентіміздің трансформация бойынша берген тапсырмасын назардан тыс қалдырған. Демек, корпорацияларда да, әкімдіктерде де тұшымды идеялар жоқ деген сөз!

Үшіншіден, корпорациялардың әлеуметтік маңызы бар тауарларды қамтамасыз ету бойынша жасап жүрген жұмысын тіпті тиімсіз деп айтуға болады. Оған дәлел – Ұлттық экономика министрлігіне қарасты Экономикалық зерттеу институтының қорытындысы. Бұл жағдайды біз өз көзімізбен көрдік. Мысалы, «Алматы» ӘКК бюджеттің қаражатын 0,01 пайызбен сауда орталықтарына таратып берген, ал олар өздерінің күнделікті сатып жүрген өнімін арзандатылған бағамен қойып, алған ақшаны айналым капиталы ретінде қолданып жүр. Фермерлер өндіріске қажет арзан несие таба алмай сабылып жүрген шақта, алып сатарларға берілген осындай тегін кредитті агросалаға жасалған қиянаттың нақты мысалы деп есептейміз. Мұндай фактілер көп өңірлерде орын алған.

Мұнымен қоса ӘКК өз активінде бар мүлікті әкімдіктердің балансына қайтарып берудің орнына оларды әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын сатамыз деп, жеке кәсіпкердерге жалға беріп жүр. Айта кететіні сол дөңгершектерде азық-түліктің 19 түрінің бағасы арзанырақ болса да, сапасы сын көтермейді. «Алсаң осыған қарық бол, алмасаң өзің біл» дегендей. Сондай ақ, сол тауарларды кім сатып алып жатқаны мүлдем қадағаланбайды.  Арзан бағаға мұқтаж болсын не болмасын, кез-келген адам сатып алып, кете береді. Қысқасы арзан тауар бар деген аты ғана!

Осыған орай, «Ауыл» партиясының фракциясы төмендегідей ұсыныстарды енгізеді және солар бойынша нақты позицияңызды беруіңізді талап етеді.

Біріншіден, ӘКК-лар өзінің қазіргі функцияларын толығымен тоқтатып, бір ғана бағытты ұстануы тиіс. Ол – шикізат базасын құру арқылы қайта өңдеуді дамыту. Қай сала болмасын, өңірдің спецификасын ескере отырып, экономиканың бірінші мен екінші секторын бір-бірімен байланыстырып, қосымша құны бар тауарлардың өндірісін арттыруы тиіс. Бірден айтайын, бұл тың бағыт және бәсекелестік принциптеріне керағар емес. Жылдар бойы шешілмей келе жатқан кооперацияның да кластерлердің де механизмдері осы бағыттың негізгі құралы ретінде пайдаланылуы керек.

Екіншіден, корпорациялардың статусы мен өзіне ғана тән бағытын айқындау мақсатында арнайы заң қабылдау қажет. Бұл құқықтық акт корпорациялардың ауыл шаруашылығы кооперативтерін құруға ауадай қажет алғашқы капиталын құруға заңды мүмкіндік беруі тиіс. Сонымен қатар, ӘКК берген алғашқы капиталы арқылы азық-түлік сататын кооперативтік дүкендерді ашу керек! Кейін олар тұтынушы қоғамдардың қалыптасуына мұрындық болып, дамыған елдердегі моделге сәйкес солардың меншігіне (қаражаттың қайтарылуы арқылы) өткені абзал. Азық-түлік дүкендері бір ғана қожайынның емес, мыңдаған адамы бар тұтынушы қоғамның меншігінде болса ғана коммерциалық мақсат жойылып, баға арзандайды әрі тұрақтанады. Кезінде дәл осы принциппен Несие серіктестіктері өз жұмысын бастаған болатын. Тұтынушы қоғам мен кооперативтік дүкендер бойынша ұсыныстарымыз ҚР Сауда және интеграция министрлігіне беріліп, алдын-ала қолдау тапқан болатын. Айта кету керек, кооперативтік дүкендер әлеуметтік осал топтарға арналған азық-түліктік карталар шығарып, арзан тауарларға жол ашатыны сөзсіз.

Бұл жобаны пилоттық режимде іске асыруды талап етеміз және ол оң нәтижесін берсе, арнайы пайлық инвестициялық қор құру қажет. Шығынды үнемдеу де пайданың бір түрі екенін ұмытпағанымыз жөн. Демек, бұл механизм негізінде халықтың қолында бар ақшасын банктердегі депозиттерге емес (10-12%), кооперативтік дүкендердің ашылуына бұрып, сол арқылы азық-түлік сатып алуда үнемдеуге (25-30%) жол ашуға болады. Пайлық инвестициялық қордағы салымдар кооперативтік дүкендерді ашып, соның тұтынушысы болуға ғана емес, адам пайдаланатын барлық тауарлар мен қызмет көрсету орындарының (азық-түліктік емес тауарлар, шаштараз, фитнес және т.б.) дәл осы кооперативтік принциппен құрылуына бағытталса тіпті жақсы. Үнемдеу көлемі еселеп артады.

Халық өз қаражатын сеніммен тапсыруы үшін Пайлық инвестициялық қордың салымдары банктердегі депозиттер іспеттес мемлекет тарапынан кепілдендірілуі тиіс! Ондағы артық қаражат кооперативтік дүкендер арқылы сатылатын азық-түліктің өндірісі мен терең өңдеуіне бағытталса, агробизнестің инвестициялық қажеттілігі өтелетін болады. Мұндай объектілердің өнімдері кооперативтік желі арқылы сатылса, олар алаңсыз жұмыс істеп, құйылған инвестиция өз салымшыларына тұрақты дивиденд әкелері сөзсіз.

Мінекей, осындай шаралар ғана баға нарығына нарықтың принциптерін бұзбай, тікелей әсер ете алады. Және ӘКК-лар осы бағытта жұмыс істеуі тиіс!

Құрметпен,

ҚР Парламенті Мәжілісіндегі

«Ауыл» партиясы фракциясының

депутаттары                                                                 А. Баққожаев

С. Егізбаев

Қ. Әбден

Н. Арсютин

Ж. Дайрабаев

А. Зейнуллин

Е. Саурықов

Т. Серіков