Бейсенбаев
Елнұр
Сабыржанұлы

VIII сайланған
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі

Депутатқа хат
Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында Қазақстан Республикасы Үкіметінің және Қазақстан Республикасының жоғары аудиторлық палатасының 2022 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы жөніндегі есебіне қатысты баяндама жасадым

Құрметті Ерлан Жақанұлы! Құрметті әріптестер! 

Былтыр еліміз күрделі жағдайға тап болды. Жыл басындағы оқиғалар халыққа әділ жағдай жасау туралы көптен бері қордаланып келген қоғам талабын айқындады.

Әлемдік экономикалық кризис пен көршілес елге экономикалық санкция салынуының салдарынан дәстүрлі логистикалық байланыс үзіліп, әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасы бұрын-соңды болмағандай қымбаттады. Бұл Үкіметтің жұмысын тежеп, жүйелі шешімдердің тұралап қалуына соқтырды.

Әріптестер, үш жылдық бюджет қағаз бетінде қалғаны бәрімізге түсінікті. Оны қалыптастыруға көп уақыт кетеді. Оны орындау барысында тек алғашқы базалық жыл ғана нақтыланып, түзетіледі. Кейінгі жылдардың бетін де ашып қарамаймыз.

Келесі кезеңге арналған кезекті жоспарлау кезінде бұрын қолдау көрсетілген шығындардың кейбірі жаңа бюджетті бекіту барысында мүлдем көрініс таппайды. Соның салдарынан аяқсыз қалған нысандар пайда болады.

Сонымен қатар, 2022 жылдың қорытындысы бойынша инфляция деңгейі 20 проценттен асты. Осыған байланысты, отандастарымыз барлық негізгі азық-түлік өнімдерін тұтыну көлемін қысқартуға мәжбүр. Халық тапқан-таянғанының жартысынан көбісін азық-түлікке жұмсауға мәжбүр. Бізді осы орнаған жағдайдың өзгермей отырғаны алаңдатады. Бұл бір.

Екіншіден, халықтың мемлекет тарапынан әлеуметтік қолдауға тәуелділігі әлі де жоғары деңгейде екені байқалады. Еліміздегі әрбір азаматтың еңбек табысының 3/1 бөлігі осы қолдаумен жамалып отыр.  Бұл пандемияға дейінгі кезеңнен едәуір жоғары (2022 жылы – 31%2018 жылы – 29%, 2015-2016 жылдары – 23%). Оған қоса, халықтың несие алу деңгейі де өте жоғары. Мысалы 2022 жылы тұтынушылық несие – 30 процентке, яғни 13,2 трлн теңгеге дейін өсті. Бұл бюджетке түсетін салықтық түсімдермен шамалас қаражат. Яғни, аталған көрсеткіш – халықтың төлем қабілетінің төмендеуінің көрсеткіші, яки бір қарызды екінші қарызбен жамап жүрген халықпыз.

Үшіншіден, жұмыссыздық мәселесін де ерекше атап өткім келеді. Бұл көрсеткіш кейінгі 5 жылда 5% шамасында сақталып отыр. Бұл көрсеткішке ешкімнің сенбейтіні анық. Алайда, тәуелсіз сарапшылардың бағалауы бойынша, Қазақстандағы жұмыссыздықтың шынайы деңгейі 9-10%-дан кем емес. Бұл – кемі 900 мың адам деген сөз, яғни екі есеге көп. Ал бюджеттен бөлінетін қаржы тек уақытша жұмыс орындарын ашуға, оның ішінде әлеуметтік-экономикалық тиімділікті сақтау үшін жұмсалып отыр.

Төртіншіден, 2022 жылы бюджеттік және салықтық әкімшілендіру жүйесінде бірқатар кемшілік тіркелді: тиісті жоспарлау, болжау және мониторинг жүйесінің болмауы, бюджетке қатысты тәртіп деңгейінің әлсіздігі байқалуда. Республикалық бюджеттің тек 49 проценті ғана нақты табыспен, тұрақты қаражатпен қамтамасыз етілген. Бұл қауіпті көрсеткіш.

Сондай-ақ, мұнай секторынан Ұлттық қорға түсетін түсімдерді  республикалық бюджетке алып қою үрдіске айналды. 2015 жылдан бастап Ұлттық қордағы қаржы өте белсенді пайдаланылып жатыр. Мемлекет басшысының республикалық бюджет Ұлттық қордың қаражатын пайдалануға негізделмеуі тиіс деген тапсырмасына қарамастан, 2021 жылы 4,5 трилион, 2022 жылы 4,6 трилион теңгеден астам қаражат жұмсалды.

Бүгінде республикалық бюджеттің 28%-і Ұлттық қордың қаражатынан жабылды. Бұл бюджеттің үштен бір бөлігі.

Оған қоса, бүгінде Ұлттық қордың активтері 56 миллиард АҚШ долларынан асса, ал мемлекеттің қарызы 54 миллиардтан асады. Бұл сомаға квазимемлекеттік сектордың тағы 42 миллиард доллар қарызын да қосуға болады. Баланс теріс. Үкіметтің қарызы Ұлттық қордағы қаражаттан асып кетті.

Бесіншіден, өңірлерге бөлінген бюджет қаражатын тиімді пайдалануда проблемалар бар. Әкімдіктер тарапынан қойылған мақсаттар мен индикаторларды жүзеге асыру мониторингінің сапасыз орындалуы байқалады. Нәтижесінде нысандарды пайдалануға беру мерзімінің кешігу фактілері, жобалардың қымбаттауы бар.

Мемлекеттің экономикаға араласу үлесін азайту, сондай-ақ квазимемлекеттік секторды басқару тиімділігін арттыру бойынша қабылданған шаралар да тиісті нәтижелерін бермей отыр.

Республикалық бюджеттен квазимемлекеттік секторды қаржыландыру көлемі (722,2 млрд теңге) 2021 жылмен салыстырғанда 42%-ға өсті.

Квазимемлекеттік сектордың барлық субъектілері таза кіріс сомасынан республикалық бюджетке дивидендтер аударымдарының 70% мөлшерін қамтамасыз ету жөніндегі Мемлекет басшысының тапсырмасы тағы орындалмады. Әлі күнге дейін оларды сүйреп келумен әлекпіз.

Құрметті Үкімет мүшелері!

Иә, сөз басында біз бюджеттің орындалуындағы проблемаларға назар аудардық, бірақ сонда да болса Үкімет үлкен жұмыс атқарғанын атап өткен жөн.

Мұнымен қоса, есепті жылы республикалық бюджеттің орындалуы, сыртқы саяси-әлеуметтік, экономикалық жағымсыз факторлардың әсерінен жүзеге асырылғанын объективті түрде атап өткен жөн.

Соған қарамастан:

Біріншіден, елімізде ұлттық экономиканың 3,3%-ға нақты өсуі байқалады.

Екіншіден, республикалық бюджетке түсетін түсімдер өткен жылғы деңгейге қарағанда 24%-ға ұлғайып, толық көлемде орындалды.

Үшіншіден, республикалық бюджеттің халық алдындағы әлеуметтік міндеттемелері толық көлемде орындалды.

Жоғарыда айтылғандарға сүйене отырып, «AMANAT» партиясының Фракциясы Үкіметтің 2022 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебін аталған ескертулермен бекітуге болады деп есептейді.

Назар аударғаныңызға рақмет!Image titleImage title