Бейсенбаев
Елнұр
Сабыржанұлы

VIII сайланған
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі

Депутатқа хат
ДЕПУТАТ ҚР ҚАРЖЫ НАРЫҒЫН РЕТТЕУ ЖӘНЕ ДАМЫТУ АГЕНТТІГІ ТӨРАҒАСЫНЫҢ АТЫНА ИНТЕРНЕТ-АЛАЯҚТЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРІ БОЙЫНША ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ ЖОЛДАДЫ

Депутаттық сауал

Құрметті Мәдина Ерасылқызы!

Еліміздегі онлайн-қызметтердің көбеюіне қатысты интернет алаяқтық бойынша қылмыс түрлері өткен жылмен (10,2 мың) салыстырғанда 2 есеге артып, 17,8 мыңнан астам істі құрап отыр. Бұл істердің аясында 25 мың адам 8,2 млрд теңгеден астам қаржыға зардап шеккен.

Осыдан 7 ай бұрын халыққа онлайн несие берумен байланысты алаяқтық жағдайларының жиілеп кеткендігін көтеріп, арнайы депутаттық сауал мен нақты іс-шаралар тізбегін ұсынған болатынбыз. Оның ішінде, Агенттікке клиенттің биометриялық ерекшеліктерін сәйкестендіру процедураларын күшейтуді, нақты уақыт режимінде кескінді тексеру және растауды, екі сатылы аутентификацияны енгізуді көздеуді ұсындық.

Бірақ, қабылданған іс-шаралар тізімі әлі де, агенттік тарапынан жұмыстың бірізді жүйеге қойылмағандығын аңғартуда. Оған нақты негіз ретінде алаяқтар тарапынан азаматтардың жеке деректерін пайдалана отырып, онлайн несиені өзге адамға заңсыз рәсімдеуі болып отыр.

Дәлел ретінде, қыркүйек айындағы Мемлекет Басшысы кезекті халқына Жолдауында:  «...қылмыспен күресудің практикалық мәселелерін назардан тыс қалдырмау керек. Алаяқтықтың көбеюіне байланысты азаматтардың наразылық білдіруі орынды», – деп Бас прокуратураға алаяқтыққа байланысты кешенді шаралар әзірлеуді тапсырған болатын.

Дегенмен, жуырда ғана елордалық тұрғын өзге адамдардың жеке құжаттарын пайдалану арқылы Алматы, Атырау, Нұр-Сұлтан қалаларының азаматтарына, олардың қатысуынсыз 10 миллион теңге онлайн-несие рәсімдеген. Азаматтардың сеніміне заңгерлік көмек көрсету арқылы кіріп, олардың жеке ақпараттарына ие болған.

Одан бөлек, алматылық жас азамат Kcell телефон операторының тұтынушыларының атынан 2 миллионнан астам теңгені құрайтын 5 заманауи смартфондарды онлайн рәсімдеген. Бұл екі мысалдың сорақылығы, мүдделі азаматтың қатысуынсыз, яғни оның жеке деректерін пайдалану арқылы несиенің рәсімделуінде.

Өздеріңізге мәлім, 2019 жылдан бастап кез-келген тұрғын өзінің SIM картасын ЖСН нөмірі арқылы өз атына тіркеу міндеттелген. Соған қарамастан, алаяқтар үшінші адамға өзге нөмірді қолдану арқылы аталған қылмысты қиналмай орындап келеді.

Жоғарыдағы көрсетілген нақты мысалдар жеке тұлғаны сәйкестендіру рәсімдерін реттеу жүйелерінің толық пысықталмағанын көрсетіп тұр.  Осы орайда, жауапты мемлекеттік органдарға клиенттің сәйкестендіруін анықтауды күшейту бөлігі бойынша онлайн несиелер берудегі рәсімдерге қосымша ұсыныстар енгізуді сұраймыз, оның ішінде:

Біріншіден, Агенттікке тиісті мемлекеттік органдармен бірлесіп онлайн кредитті рәсімдеу барысындағы оның жеке деректері мен телефон нөмірінің оператор желісімен идентификация жасалуын енгізуді;

Сондай-ақ, тез арада барлық микроқаржылық ұйымдардың «Сәйкестендіру деректерімен алмасу орталығының» ақпаратымен идентификация жасауды ұйымдастыруды сұраймыз. (ақпарат үшін – 20 МҚҰ тек 13-і ғана, ал 22 банктің тек 15-сі ғана қолдана алады.)

Екіншіден, көтерілген мәселенің қауіптілігін ескере келе, Бас прокуратура және тиісті құқық қорғау органдарымен бірлесе интернет-алаяқтықты жою бойынша жедел әрекет ету қадамдарын ұйымдастыруды сұраймыз.

Қазақстан Республикасы

Парламенті  Мәжілісінің Депутаты,

«Nur Otan» партиясы

Фракциясының мүшелері                                        Е.Бейсенбаев

                                                                                     Ж. Әшімжанов

                                                                                     М. Ахметов

                                                                                     Ә. Әбсеметова

                                                                                     Ф. Қаратаев

                                                                                     Н. Ожаев