Бейсенбаев
Елнұр
Сабыржанұлы

VIII сайланған
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі

Депутатқа хат
Депутат гуманитарлық ғылымдар мәселесіне қатысты Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің атына депутаттық сауал жариялады

Депутаттық сауал

Құрметті Саясат Нұрбекұлы!

Өздеріңізге белгілі, даму мен өркендеудің, қоғам, мәдениет пен өркениеттің бастауында ғылым тұр. Ғылымсыз білім де, тәрбие де, тәлім де тұл. Адамзат жеткен игіліктің барлығында ғылыми негіз бар.

Ұлттық статистиканың мәліметіне сәйкес Қазақстанда ғылым саласында
21 мыңнан астам адам жұмыс істейді, оның ішінде 1700-ге жуығы ғылым докторы, 3843 ғылым кандидаты болса, PhD докторлардың саны 1900 адам, оның ішінде ғалымдардың 34 пайызы – 35 жасқа дейінгі жастар. Ғылымды қаржыландыру да соңғы жылдары шамамен екі есеге өсті.

Дегенмен, оның ішінде техникалық, жаратылыстану ғылымдарына жұмсалатын шығындар гуманитарлық ғылымдарға қарағанда бес есеге көп. Яғни, 2023-2025 жылдары қаржылай қолдауда нақты ғылымдарға 62 млрд. теңге бөлінсе, гуманитарлық салаға небәрі 18 млрд. теңге қарастырылған.

Бүгінде философия, тарих, саясаттану, журналистика, әлеуметтану, психология және тағы басқа гуманитарлық ғылымдар түрлі себептерге байланысты екінші орынға ығысып кетті.

Бұл мәселе кадрлардың арасында тұрақсыздықтың орын алуына әкеп соқтыруда. Қоғамдық-гуманитарлық саладағы жас ғалымдар жыл санап азайып, ғылым докторларының тек 15 пайызы ғана 40 жасқа дейінгі азаматтар. Бұл теріс сальдолы тенденцияның гуманитарлық ғылымға тигізер залалы көп.

Біле білсеңіздер, гуманитарлық ғылым тез арада пайда табудың, коммерциялизацияның объектісі бола алмайды. Керісінше, адамзатқа ақыл-ой, рухани ілім мен білімді сіңіру үшін қоғам дамуында билік пен халыққа қажетті сұрақтарға жауап іздейтін бағыт. Университеттердің деңгейінде жастарды қатаң қағидалардан, догматтардан арылту үшін де керегі осы сала.

Сол үшін, гуманитарлық пәндерге «қалдықты принциппен» қарауды тоқтатып,  керісінше бұл ғылым қоғамдық және әлеуметтік үдерістердің мәнін түсінуге бағыттайтын сала екенін ескеретін уақыт жетті.

Құрметті министр!

Біріншіден, гуманитарлық ғылымдар қоғамдық және әлеуметтік процестердің мәнін көруге, тұтас дүниетаным мен жастардың рухани және саяси мәдениетін қалыптастыруға бағытталады. Сондықтан да, жоғары оқу орындарында әлеуметтік-гуманитарлық пәндерді сапалы, әрі барлығына бірдей оқыту қажет. Бірінші кезекте маман емес, адам болу концепциясын үйрететін философиялық пәндерді 1 курс студенттеріне аса маңызды.

Екіншіден, гуманитарлық ғылымдарды дамытуға бағытталған қаражатты ұзақ мерзімді зерттеулерге бөлу қажет. Тарихи, гуманитарлық зерттеулердің кешенді орындалуы үшін зерттеу жүргізу уақытын 5 жылға дейін ұзартуды ұсынамын.

Үшіншіден, гуманитарлық саладағы мақалалардың халықаралық рецензияланатын ғылыми журналдардағы процентиль көрсеткішін қайта қарау керек. Өйткені қазақ әдебиеті мен тарихы бойынша зерттеулер тек қазақ ғылымына керек екенін білетін уақыт келді. Бұл гуманитарлық ғылымдар бойынша ізденушілер үшін белгілі бір қиындықтар туғызады, атап айтқанда мақалалардың ұзақ қаралуы, қаржылық шығындар.

Төртіншіден, ғылым саласын жүйелі цифровизациялауды жеделдету мен ғылыми жобаларға мегагранттар бөлу мәселесін ұйымдастыру.

Жоғарыда айтылғандардың негізінде, әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар саласының мәселелері бойынша орын алған жүйелік проблемалардың шешу жолдарын қарастыруыңызды және осы депутаттық сауалға заңнамада көрсетілген мерзімде нақты жазбаша жауап беруіңізді сұраймыз.

Құрметпен,

«AMANAT»  партиясының

Фракция мүшелері, депутаттар                                      Е. Бейсенбаев

                                                                                             Ж. Сүлейменова  

                                                                                             Л. Рамазанова   

                                                                                             Г. Нұрымова

                                                                                             М. Тажмағамбетова