Бейсенбаев
Елнұр
Сабыржанұлы

VIII сайланған
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі

Депутатқа хат
Студенттік жатақханалардың тапшылығына қатысты Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі А. А. Смайыловтың атына депутаттық сауалды жарияладым

Құрметті Әлихан Асханұлы!

Елімізде 1 миллионнан астам студент білім алады. Бүгінде студенттерге жатақхана жетіспеушілігі 70 мыңнан астам орынды құрап отыр. Яғни 70 мың студент пәтер жағалап, оқуды емес, керісінше пәтерақының қамымен жүргені анық.

Соңғы 3 жыл бойы «AMANAT» партиясы студенттердің жатын орын мәселесін жүйелі көтеріп, шешіп келе жатыр. Жылда ең болмағанда тағы 10 мың студенттің жағдайын жақсарту партиямыздың «ХАЛЫҚПЕН БІРГЕ» бағдарламасында арнайы көрсетілген.

Ол үшін біз 2023 жылдан бастап жатақхана құрылысы үшін мемлекеттік тапсырыс төлемін 1,5 есеге, ал мегаполистерге шамамен 2 есеге көтеріп, әкімдік тарапынан жер учаскесін қайтарымсыз беру мәселесін де пысықтадық.

Бірақ, биыл тағы да мәселе ушығып тұр. 2023 жылдың жоспарына сәйкес 11 400 орындық 34 жатақхана іске қосылуы тиіс еді. Бірақ, бұл процесстің өте баяу, әрі тиімсіз шаралардың әсерінен орындалмай қалу қаупі жоғары.

Біле білсеңіздер, студенттік жатақхана – бұл ең маңызды әлеуметтік нысан екенін ескеретін уақыт жетті. Жыл бел ортасына жетсе де, 6 айда 11 мың орыннан астам салынуы тиіс жатақханалардың тек 900 орындық екеуі ғана, яғни 8 проценті ғана іске қосылды. Бұл бір.

Екіншіден, сол тізімдегі жатақханалардың 2,2 мың орны мүлдем салынбай қалу қаупінде тұр. Яғни қойылған меже де, берілетін студенттік жатақханаларда салынбайды деген сөз.

Дәл осы мәселені депутаттар өз қаперінен жіберген емес. Алайда, Үкіметте еститін құлақ жоқ секілді әрдайым проблеманы айтып, оны бірге шешуге мәжбүрміз.

Үшіншіден, жергілікті әкімдіктер әлі де болса студенттік жатақханаларды салуға мүдделі емес екендіктерін нақты көрсетуде. Оның ішінде, білім беру ұйымдарына жер бөлу, ғимараттардың нысаналы мақсатын өзгерту, қажетті құжаттарды реттеу бойынша жұмыстарды бюрократияға айналдырудың қажеті жоқ.

Меніңше, Үкімет тарапынан жатақхана салу бойынша «қалдықты принципті» ұстану, жас студенттерге жасалған әділетсіздік деп санаймын.

Биылғы сайлау науқанында «AMANAT» партиясы студент жастармен бірнеше рет кездесті, олардың стипендиясын көтеру мен әлеуметтік мәселелерін шешу бойынша ұсыныстарын орындайтынымызды жеткізгім келеді. Ол үшін біз қолдаған Үкімет 24 сағат жұмыс жасауға дайын болуы керек. Жастың мәселесін қаперден шығармаймыз да, шығартпаймыз да.

Осы ретте, аталған мәселенің маңыздылығын ескере келе келесіні ұсынамыз:

Біріншіден, Жатақхана мәселесі ушығып тұрған аймақтардың әкімдіктері мен орталық мемлекеттік органдар тарапынан тезарада бірлескен нақты іс-қимыл жоспарын бекітуді ұсынамыз.

Екіншіден, инвесторлармен жүйелі жұмысты ұйымдастырып, алдағы жаз айларында құрылыс жұмыстарының қарқынын күшейту керек. Ол үшін жергілікті әкімдіктердің де мүмкіндектерін заң аясында пайдалануды қарастыру.

Үшіншіден, студенттік жатақхананы әлеуметтік маңызы бар нысан ретінде қарастырып, жатақхана салу мәселесінде арнайы мемлекет пен жекеменшік әріптестік деңгейіндегі жаңа бағдарламаны іске қосу қажеттігінің уақыт келгенін жеткіземіз.

         Күздік оқу науқанында вокзалда, далада қонған жас ауылдастарымызға аянышпен қарамау үшін, нәтижелі жұмыстарды пысықтау керек.


Құрметпен,

Қазақстан Республикасы                                                   

Парламент Мәжілісінің депутаттары,                    

«AMANAT» партиясының

Фракция мүшелері

Е. Бейсенбаев

Ж. Әшімжанов

Ү. Шапақ

Е. Сатыбалдин

Жалпыұлттық социал-демократиялық

Фракция мүшесі

Н. Әуесбаев

«Қазақстан Халық партиясының

Фракция мүшеcі                                                               

К. Сейтжан

Жеке мандатты депутат                                                

Д. Қасқарауов