Бейсенбаев
Елнұр
Сабыржанұлы

VIII сайланған
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі

Депутатқа хат
БАЛАЛАР ҚҰҚЫҒЫН ҚОРҒАУҒА ҚАТЫСТЫ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ А.А. СМАЙЫЛОВТЫҢ АТЫНА ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ ЖАРИЯЛАНДЫ

Қазақстан Республикасының

Премьер-Министрі

Ә.А. Смайыловқа

Қазақстан Республикасының

Бас прокуроры

Б.Н. Асыловқа

Депутаттық сауал

Құрметті Әлихан Асханұлы!

Құрметті Берік Ноғайұлы!

Мемлекет басшысы халқына Жолдауында: «...кәмелетке толмағандарға жасалған зорлық-зомбылықтың кез келген түріне қатысты жазаны күшейтуді талап етемін» – деп нақты айтты.

Президенттің бұл мәселеге қайта тоқталуы, қоғам үшін үлкен дабыл.

Президенттің бұл позициясын «АМАНАТ» Фракциясы толығымен қолдайды. Және аталған мәселені соңына дейін жеткізу үшін біз бар күш жігерімізді саламыз.

Өкінішке қарай, күн сайын балаларға қарсы жасалған жантүршігерлік қылмыстар туралы жаңалық оқып жан-дүниеміз бен сана-сезіміміз сансыз соққылар алуда.

Бұл қылмыстар әлемнің басқа түкпірінде болып жатқан жоқ!  Өзіміздің елде, өз балаларымызға қарсы болып жатыр.

Халықтың ниеті мұндай қылмыстарға үйренбеуі керек. Сондықтан, біз бүгінгі депутаттық сауал арқылы қоғамның назарын бала құқығын қорғау мәселесіне аударуды жөн көріп отырмыз.

Мәселен, Жыл сайын елімізде балаларға қарсы 2000-ға жуық қылмыс жасалады екен. Яғни, күн сайын кемі 6 қылмыс тіркеледі. Бұл – өте қорқынышты статистика!

Сонымен қатар, жыл сайын 4 мыңнан астам бала бейімдеу және оңалту орталықтарына жеткізіледі екен.

Жыл сайын 150-ге жуық сәби қараусыз қалғандықтан көпқабатты үйлердің терезесінен құлап кетеді.

Мәселенің Президент деңгейіне дейін көтерілуі – жағдайдың расымен де ушығып кеткенін көрсетеді.

Осы депутаттық сауалымды жазып отырған сәтте Ақмола облысындағы мектептердің бірінде 5-сынып оқушысының зорланғаны туралы жаңалықты оқып, төбемнен жай түскендей болды. Өкінішке қарай, мұндай оқиғалар біздің қоғамда жиілеп барады. «Бала біздің болашағымыз, еліміздің ертеңі» дейміз. Бейкүнә балаға қол көтерген азаматтар, арам ойдың алдында осыны ойланса екен!

Мұндай қылмыс жасағандарға «бостандығын шектеу» деген жаза қолдану тиімсіз екенін көріп, көзіміз жетті. Қылмыскерді бостандыққа жіберіп, оның тағы басқа қылмыс жасауына өзіміз жағдай жасап береміз. Сарыағаштың Жібек Жолы ауылындағы кішкентай Еркежанның өлімі осы сөзіме дәлел бола алады.

Сондай-ақ, ата-ана қамқорынсыз қалған балалардың көбірек зәбір көретіні де белгілі. Өгей әке-шешеден зорлық-зомбылықтың жиі болуы – әлеуметтік қорғауда жүйелі жұмыстың жоқтығын көрсетеді. Яғни, учаскелік инспекторлардың, кәмелетке толмаған балалармен айналысатын мамандардың жұмысына сын көп.

Қоғам да бей-жай қарамауы керек. Мәселен, Алматыда өгей анасының қолынан қайтыс болған 7 жасар Каринаның жанұшыра айқайлаған дауысын көршілері естіген, бірақ ешбірі ара түспеген!

Кеше ғана Алматы қаласында 44 жасар әкесі 2 жыл бойы өз қызына көрсеткен зорлығы үшін 20 жылға сотталды. 20 жылға ғана, бұл нонсенс. Мұндай қылмыскерлер өмір бойына бас бостандығынан айрылуы керек. Бұл – аксиома.

Мектептегі буллинг пен кибербуллинг мәселесі де толастар емес. Кеше ғана Алматы облысындағы 13 жастағы жеткіншек мектептегі әлімжеттіктің себебінен өз-өзіне қолжұмсамақ болғанын естідік. Заң бар, бірақ орындалуы әлсіз.

Құрметті Әлихан Асханұлы!

Құрметті Берік Ноғайұлы!

Қоғамдағы бұл қылмыстың бәрі бөтеннің емес, біздің балаларға қарсы жасалып жатыр. AMANAT партиясының фракциясы бұл мәселені өз назарында жіті ұстайтын болады. Осы ретте, біздің Фракция Заң жобасына қажетті өзгерістерті енгізіп, тағы да қатаңдатанын жеткіземіз.

Дегенмен, Үкімет пен әкімдік тарапынан алдын-ала жасалатын жұмыстар бар

Нақты айтқанда:

1. Балалардың терезеден құлау фактілеріне байланысты, әкімдіктер, КСК тарапынан түсіндірме жұмыстары күшейтілуі тиіс.

2. Отбасындағы ішімдікке немесе наркотикалық тәуелділікке салынған азаматтардың барлығы қатаң бақылауға алынуы тиіс. Олармен пробациялық жұмыстарды жүйелі деңгейде өткізу маңызды.

3. Бала қауіпсіздігін сақтауда барлық мемлекеттік органдар бірлесіп, жүйелі әрі жылдам жұмыс жасауы қажет.

Құрметпен,

Қазақстан Республикасы                                                   

Парламент Мәжілісінің депутаттары,                    

«AMANAT» партиясының

Фракция мүшелері

Е. Бейсенбаев

М. Жайымбетов

С. Имашева

Тау Н.

У. Шапак

Ж. Амантай

С. Пономарев

Н. Сәрсенғалиев

Д. Исабеков

Қазақстан Халық партиясының

Фракция мүшеcі

«Ауыл» халықтық-демократиялық

патриоттық партиясының

Фракция мүшесі                                                                 

Г. Танашева

К. Сейтжан

Т. Серіков

«Ақ жол» Қазақстан Демократиялық

партиясының Фракция мүшесі                                                                 

Қ. Иса