Бейсенбаев
Елнұр
Сабыржанұлы

VIII сайланған
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі

Депутатқа хат
ВАКЦИНАЦИЯҒА ҚАТЫСТЫ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ Т.К. ДҮЙСЕНОВАНЫҢ АТЫНА ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ ЖАРИЯЛАНДЫ

Қазақстан Республикасы

Премьер-Министрінің

орынбасары

Т.Қ. Дүйсеноваға

Депутаттық сауал

Құрметті Тамара Қасымқызы!

Дені сау ұрпақ – ұлт болашағы. Оған, ең алдымен, әрбір баланың ата-анасы мен мемлекет жауапты. Алайда соңғы кездері балалар арасында түрлі аурулардың дендеп бара жатуы алаңдатып отыр. Соңғы екі аптаның ішінде елімізде 17 мыңнан астам қызылшамен ауырған адам тіркелсе, олардың 82 проценті балалар болды. Шырылдаған 30-дай бала жансақтау бөлімінде емделуде. Ал, оның көпшілігі вакцина алмаған балалар.

Бұл – дабыл қағарлық жағдай. Қызылша асқынып кетсе, баланың денсаулығына қауіп төндіретіні белгілі. Сондықтан мұны тек денсаулық сақтау саласының өкілдеріне ғана ысырып қоймай, бүкіл қоғам болып күресу қажеттігі айқын.

Ғасырлар бойы балаларды өрттей жайпаған небір індеттердің вакцина ойлап табылып, жаппай егілгеннен кейін беті қайтқаны белгілі. Мәселен, оба адамзат тарихында ең қатерлі жұқпалы дерт болып, 100 миллион адамның өмірін жалмаған. Дәл солай өкпе дерті – туберкулездің де талай жұртты жалмағанын білеміз.

Адамзат осындай жұқпалы дерттерден вакцина егу арқылы ғана қорғанды. Әріге бармай-ақ, күні кеше ғана әлемді жайлаған коронавирус індетінен де вакцинаның арқасында құтылған жоқпыз ба?!

Демек, вакцина – балаларды жұқпалы аурулардың зардабынан қорғаудың бірден-бір тиімді жолы. Әзірше оған ешқандай альтернатива жоқ.

Осының бәрін көре-біле тұрып, ХХІ ғасырда өмір сүріп жатқан бірқатар ата-аналардың өз баласын міндетті егуден бас тартуын қалай түсінуге болады?! «Бауыр етің балаңа» осылай жаулық жасауға бола ма?!

Бұл жағдай қоғам мүшелерін де алаңдатып, тіпті белсенділер петиция жариялағанын білдік. 

Кейбір ата-аналардың балаларына екпе салдыруға құлықсыздығынан қызылшаның өршіп отырғанын көріп отырмыз. Олар дәлелді себепсіз вакцинациялаудан бас тарту арқылы өз балаларына ғана емес, жалпы қоғамға да қауіп төндіріп отыр.

Бұл жағдайға антиваксерлердің де теріс үгіт-насихаты әсер етіп отырғаны жасырын емес. Осындай үгітшілер пандемия кезінде пайда болып, бүгінде олар қозғалысқа айналды. Халық денсаулығын саудаға салушы, арзан хайп іздеген «антиваксерлерден» келетін қауіптің зор екенін көріп отырмыз.

Осы ретте, вакцинациялауға қарсы негізсіз, дәйек-дәлелсіз теріс үгіт-насихат таратушыларға әкімшілік шараны күшейтетін уақыт келген сияқты.

Сондықтан, мамандардың сөзіне құлақ аспай, балалардың денсаулығымен ойнауды доғару керек деп есептейміз.

Дана халқымыздың «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деуі тегін емес. Сол үшін ата-аналар вакцинациялауға қатысты түрлі алып-қаш сөздер мен негізсіз деректерге сүйенбей, тек осыған жауапты дәрігерлердің ғана кеңесін басшылыққа алғаны жөн.

Бұл ретте, халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын кеңінен жүргізудің маңызы зор.

Құрметті Тамара Қасымқызы!

Жоғары айтылғандарды ескере отырып, келесі мәселелерді қолға алуды ұсынамыз.

Бірінші.     Елімізде балалардың вакцинациялануы бойынша толық түгендеме жүргізіп, олардың арасындағы ауру түрлеріне жан-жақты сараптама жасау.

Екінші.      Жергілікті атқару органдарымен, дін қайраткерлерімен және бұқаралық ақпарат құралдарымен бірлесе отырып, халық арасында кең көлемді ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу.

Үшінші.     Осы кезге дейін түрлі себептермен егілмей қалған балаларды және дүниеге келіп жатқан сәбилерді вакцинациялаудан өткізуді қолға алу.

Құрметпен,

Қазақстан Республикасы                                                   

Парламент Мәжілісінің депутаттары,                    

«AMANAT» партиясының

Фракция мүшелері

Е. Бейсенбаев

Ү. Шапақ

«Ауыл» халықтық-демократиялық

патриоттық партиясының

Фракция мүшесі                                                                 

Т. Серіков

А. Зейнуллин

Жеке мандатты депутат                                                

Д. Мұқаев