Бейсенбаев
Елнұр
Сабыржанұлы

VIII сайланған
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі

Депутатқа хат
ДЕНСАУЛЫҚ САЛАСЫНА ҚАТЫСТЫ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ А.А. СМАЙЫЛОВТЫҢ ЖӘНЕ БАС ПРОКУРОРЫ Б.Н. АСЫЛОВТЫҢ АТЫНА ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ ЖАРИЯЛАНДЫ

Қазақстан Республикасының

Премьер-Министрі

Ә.А. Смайыловқа

Қазақстан Республикасының

Бас прокуроры

Б.Н. Асыловқа  

Депутаттық сауал

Құрметті Әлихан Асханұлы!

Құрметті Берік Ноғайұлы!

        Күні кеше Қарағандыда болған оқиға – соның айқын дәлелі. Айдың күннің аманында өз қызметін адал атқарып жүрген жедел жәрдем жүргізушісін қанжоса етіп соққыға жығу – барып тұрған бассыздық.

Құқықбұзушы Нұрболат Дәкебаевтың бұл әрекеті – жәй ғана қылмыс емес, бүкіл қоғамға, заң мен тәртіпке ашық қарсылық, не істей аласың деген дөңайбат.

 Өзін бейнетаспаға түсіріп жатқанын біліп тұрса да, ешқандай айылын жимай жұдырық сілтеп, қызметтегі адамды қанға бөктіруі – әбден шектен шыққандық, нағыз қаныпезерлік.

         1 жасар сәбиге көмекке келген медицина қызметкерлерін ашықтан-ашық, куәгерлердің көзінше ұрып-соғу не деген сұмдық?

Осындай оқиғалар елімізде жетерлік. Осы күнге дейін Депутаттық корпус бірнеше рет медицина жүйесінің қызметкерлерін қорғау үшін арнайы статус бекітуді ұсынса да, Үкімет әлі күнге дейін шешім қабылдамады.

Адам өмірін сақтау үшін арпалысатын ақ халатты жандарды арнайы қызмет көрсетуші өкіл ретінде заңмен қорғауымыз керек. Бұл уақыт күттірмейтін шешім! 

         Бұл бір ғана оқиға емес. Алматыда автобус жүргізушісін соққыға жығудың қандай қайғылы жағдайға соқтырғанына бәріміз куә болдық. Бұл жария болғандары ғана. Жабулы қазан жабулы күйінде қалғандары қаншама.

Сондықтан мұндай жағдайға мүлдем жол беруге болмайды. Бүгін Дәкебаев, ертең кім болады сонда?!

         Бұл жағдай нені көрсетіп отыр?

Ең алдымен, тиісті органдардың өз жұмысына салғырт қарап, құқық бұзушылықтардың алдын алу шараларын дұрыс ұйымдастырмағанын көрсетеді. Оған дәлел қылмыскер әлі ұсталмады.

Екіншіден, көпшілік қарапайым ғана құқықтық қағидаларды білмейтінін байқатады. Олар өз құқығын былай қойғанда, заң алдындағы міндеттері мен жауапкершілігінен де хабарсыз. Заң мен тәртіп бәріне бірдей қағидатын ұстану – әрбіріміздің міндетіміз. Бұл өзгермейтін – аксиома!

Үшіншіден, Ұлттық құндылықтардан ада, қазақи әдеп пен ар-ұятты ұмытқан, адамшылыққа жат ойлармен санасы уланған азаматтар қалыптасып келеді.  Салдарын көріп отырмыз. Түбінде, бұл ешқандай жақсылыққа апармайды.

Біз заң мен тәртіп үстемдік ететін, әрбір азаматтың құқығы қорғалған, өз өмірі мен денсаулығына қауіптенбейтін әділетті Қазақстанды қалаймыз және міндетті түрде оны құрамыз.

         Президентіміз айтқандай: «Бізде заң мен тәртіпбұзушылыққа мүлдем төзбейтін жағдай қалыптасуы керек».

         Сондықтан уәкілетті органдарға келесі шараларды қолға алуды ұсынамыз:

         1. Құқық қорғау органдары қылмыс жасаған Дәкебаевты тез арада табуы тиіс.

         2. Оған қатысты сотты ашық жүргізіп, қатаң жаза тағайындау және оның барысы мен қорытындысы туралы бұқаралық ақпарат құралдары арқылы халықты түгел хабардар ету.

         3. Соңғы уақыттары адамның жеке басына қауіп төндіретін, тіпті оның өмірін қиятын қылмыстар қоғамдық сипат алуда. Сондықтан, тез арада кез келген қылмыстарға қоғамда мүлдем төзбеушілік мәдениетін жаппай қалыптастыруымыз қажет.

Құрметпен,

Қазақстан Республикасы                                                   

Парламент Мәжілісінің депутаттары,                    

«AMANAT» партиясының

Фракция мүшелері

Е. Бейсенбаев

М. Жайымбетов

С. Мусабаев

Ж. Сүлейменова

С. Пономарев

Д. Исабеков

Қазақстан Халық партиясының

Фракция мүшеcі

«Ауыл» халықтық-демократиялық

патриоттық партиясының

Фракция мүшесі                                                                 

И. Смирнова

К. Сейтжан

А. Зейнуллин

Жеке мандатты депутат                                                

Д. Мұқаев