Дементьева
Наталья
Григорьевна

VIII сайланған
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі

Депутатқа хат
Жаңа бағдарлар

2024 жылғы 25 сәуір


    Президенттің төрағалығымен «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІІ сессиясы өтті.

    ҚХА-ның баспасөз қызметінің ақпараты бойынша, жиынға Парламент Сенатына ҚХА қатарынан сайланған депутаттар, республикалық этномәдени бірлестіктердің жетекшілері мен мүшелері, Ассамблеяның еріктілері, сондай-ақ бейнебайланыс арқылы Парламент Мәжілісінің депутаттары, мемлекеттік органдар өкілдері, Ассамблеяның өңірлердегі делегаттары қатысты.

    Қ.К. Тоқаев еліміздің бірнеше аймағындағы табиғат апаты салдарын еңсеру үшін жүргізіліп жатқан ауқымды жұмыстарға тоқталып, су тасқыны басталғаннан бері Қазақстан халқы Ассамблеясы да ортақ істен шет қалмай, белсенді әрі үйлесімді жұмыс істеп жатқанын атап өтті. Мұның бәрі өзара жанашыр және тілеулес болудың айқын көрінісі екенін айтты.

    Президент еліміз түрлі сын-қатерге қарамастан, стратегиялық мақсат-міндеттерінен айнымайтынына назар аударды. Аз уақыт ішінде жүргізілген саяси реформалар нәтижесінде биліктің барлық тармағы адамның заңды мүддесін, құқығы мен еркіндігін қорғауға және оны ілгерілетуге негізделген жаңа жүйе бойынша жұмыс істей бастады. Ендігі міндет – әділдік, инклюзивтілік, прагматизм қағидаларына негізделген және халықтың әл-ауқатын арттыруды көздейтін жаңа экономика үлгісіне көшу.

    Мемлекет басшысы Ассамблея жұмысын еліміздің жаңа гуманитарлық идеологиялық доктринасымен үйлестіру қажет деп санайды.

    Сондай-ақ Қ.К. Тоқаев бүгінде жаһандық катаклизм белең алып, түрлі мемлекеттер арасында әскери-саяси, сауда-экономикалық текетірес, тіпті мәдени-гуманитарлық тартыс күшейіп бара жатқанына тоқталды. Мемлекет басшысы қоғамда ұлтына қарай ерекшеленуге, оқшаулануға ұмтылған кез келген әрекетке, әсіресе, азаматтарды тіліне, ұлтына, дініне немесе мәдениетіне бола арандатуға, я болмаса кемсітуге мүлде жол бермейтін орта қалыптастыру маңызды екенін айтты.

    Президент Ассамблеяның институционалдық әлеуетін нығайту мәселесіне арнайы тоқталып, ұйымның мемлекеттік органдармен, Парламентпен және мәслихаттармен қарым-қатынасын жақсарта түсу керек екенін атап өтті. Ассамблея жетекшілеріне мемлекеттік шешім қабылдау үдерісіне және реформаларды ілгерілету ісіне белсене қатысу, этно-әлеуметтік шиеленіс ошақтарын анықтау және ондай оқиғалардың алдын алуға баса мән беру, Ассамблеяны әлеуметтік интеграция мен отаншылдықты дәріптейтін институт ретінде нығайту міндеттері жүктеледі.

    – Тарих тоғыстырған тағдырымыз – бір, сеніммен қадам басатын келешегіміз – бір. Біз біртұтас ұлт ретінде әрдайым бабалар аманатына адал боламыз. Қасиетті қара шаңырағымыз – Қазақстанның жарқын болашағын бірге жасаймыз. Біздің мақсатымыз – айқын, бұл – Әділетті Қазақстанды құру. Мен Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігін қорғауды Президент ретіндегі ең басты міндетім деп санаймын, – деді Қ.К. Тоқаев.

Image title


    Президенттің баяндамасын қолдау пікірі ретінде депутат Н.Дементьева әлеуметтік желіде өз жеке парағында бөлісті:

    «Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті ХХХІІІ сессиясы биыл онлайн форматта өтті. Оның себебі бәрімізге белгілі. Еліміздің бірқатар аймақтарында табиғи апат – су тасқыны болды, Дәл сол кезде халқымыздың бірлік пен ынтымағы айқын көрінді. Құтқарушылар, волонтерлер, мемлекеттік қызметшілер, сарбаздар, тәртіп сақшылары, қоғам белсенділері, бизнес өкілдері және жастар зардап шеккен азаматтарымызға көмек көрестуге жұмылды.

Image title


    Бүгінгі Ассамблея сессиясында Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөйлеген сөзін бүкіл Ассамблея мүшелері ерекше күтті. Тасқын басталғаннан бері Қазақстан халқы Ассамблеясы белсенді әрі үйлесімді жұмыс істеп жатыр. Оған бүкіл ел куә. Ел Президенті өз сөзінде көптеген мәселелерге тоқталды: Ассамблеяның жаңа жұмыс форматы, идеологиялық сұрақтар, реформалардың әрі қарай жүзеге асырылуы, ұлт құру тұжырымдамасы, тіл мәселесі, азаматтардың құқықтары мен бостандықтары, қоғамда арандатушылыққа жол бермеу, тағы басқа маңызды мәселелер.

Сессияның негізгі бағыты – ЕЛ БІРЛІГІН САҚТАУ идеясы!

Еліміздегі қазіргі қиын ахуалы кезінде Ассамблеяның жасалып отырған жұмысы өте нәтижелі. Қиын жағдайға тап болған азаматтарымызға көмек беріп, қол ұшын созып, қолдау көрсетудің өзі – нағыз қайырымдылықтың белгісі!

«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дейді халық. Халқымыз, этносқа қарамастан, қиын жағдайда болған адамдарға әрқашан қол ұшын созып, қолдау білдірген!

«БІРЛІГІМІЗ – ӘРАЛУАНДЫЛЫҒЫНДА» қағидаты біздің, қазақстандықтардың негізгі принципіне айналды! Солай бола бермек!!!».