Дементьева
Наталья
Григорьевна

VIII сайланған
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі

Депутатқа хат
Өзекті

2023 жылғы 31 мамыр                                                            Астана қаласы

    Депутат Н.Дементьева «Қазақстан Республикасындағы адам саудасына қарсы күрес туралы» заң жобасы мен оған ілеспе түзетулердің таныстырылымына қатысты

    Адам саудасы мәселесі қазақстандық қоғамда және бүкіл әлемде өзекті мәселе болып қалуда. Осы дертпен күресу мақсатында «Қазақстан Республикасындағы адам саудасына қарсы күрес туралы» заң жобасы әзірленіп, оның тұсаукесері Мәжілісте өтті. Тұсаукесер отырысын Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрайымы С.Имашева жүргізіп, бұл мәселеге жүйелі және кешенді көзқарасты жетілдіру, мемлекет пен қоғамның бірлескен іс-қимылдары арқылы өзекті мәселелерді заңнамалық тұрғыдан шешудің мүмкіндігі мен жолдарын табу қажеттігін атап өтті.

    Заң жобаларын депутаттарға Ішкі істер министрінің орынбасары Е.Сәденов таныстырды. Ол Ішкі істер министрлігі адам саудасымен күресу бойынша профилактикалық және практикалық шараларды қолға алып жатқанын айтты. Жыл сайын 100-ге жуық қылмыс тіркеліп, азаматтарымызды одан әрі қанау мақсатында басқа елдерге әкететін арналар жойылуда. 50-ден астам сарапшының қатысуымен өткізілген заң жобасын әзірлеу барысында халықаралық конвенциялар, ТМД, БҰҰ үлгі заңдары, ұлттық және шетелдік тәжірибелер зерделенді.

    Заң жобасында алғаш рет «адам саудасының құрбаны», «адам саудасының ықтимал құрбаны», «осал жағдай», «адам саудасына қарсы күрес субъектілері» сияқты және басқа да ұғымдар енгізілген жаңа тұжырымдамалық аппарат қамтылған. Осы саладағы қоғамдық қатынастарды құқықтық реттеудің негіздері айқындалған.

    Жалпы, арнайы заңның әзірленуі және қабылдануы кідірістің жоғары дәрежесін және тәуекелдерді барынша азайтуды ескере отырып елдегі жағдайды талдауға, ынтымақтастық, алдын алу, қылмыстық қудалау және адам саудасының құрбандарының құқықтарын қорғау сияқты маңызды қарсы шаралардың өзара байланысын белгілеуге мүмкіндік береді, – деді Е.Сәденов. Сондай-ақ ол Қылмыстық кодекске ілеспе түзетулер аясында қылмыстардың жаңа санаты – адам саудасымен байланысты қылмыстар енгізілгенін айтты. Мысалы, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған ұйымдар жаңа туған нәрестелерді тастап кеткені туралы прокуратураға хабарлауға міндетті, әйтпесе олар әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Баяндамадан кейін депутаттар заң жобасын әзірлеушілер мен мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдеріне сұрақтар қойды. Заң жобалары бойынша одан әрі жұмыс Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі М.Бәшімов жетекшілік ететін жұмыс тобы аясында жалғасатын болады.