Дементьева
Наталья
Григорьевна

VIII сайланған
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі

Депутатқа хат
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің атына орыс тілінде оқытатын мектептерде қазақ тілін оқытуға қатысты депутаттық сауал

2021 жылғы 10 ақпанда жарияланды

Қазақстан Республикасының

Білім және ғылым министрі

А.Қ.Аймағамбетовке

Депутаттық сауал

Құрметті Асхат Қанатұлы!

Ұлттың ұлы ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы: «Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» деген еді. Кезінде сондай қауіптің қазақ тілінің басына да төнгенін біз бәріміз жақсы білеміз. Ата мен немере екі тілде сөйлесетін күйге түскенін, республиканың астанасы Алматыда қазақ тілінде оқытатын жалғыз мектеп болғанын ұмыта қойған жоқпыз. Шүкіршілік, тәу етер жалғыз киеміз – Тәуелсіздік ол қауіпті сейілтіп, қазақ тілінің бағын ашты.  

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің Жолдауында: «Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін. Бірақ мұндай дәрежеге жету үшін бәріміз даңғаза жасамай, жұмыла жұмыс жүргізуіміз керек» деген еді. Дәл солай етуге тиіспіз.

«Тәрбие тал бесіктен басталады» дегенді ұмытпаған жөн. Ал тілдің тал бесігі не? Ол, әрине, мектеп. Мектептерде мемлекеттік тілді оқытудың жағдайы қай деңгейде? Осы мәселелерге назар аударсақ, талай нәрсенің көңілді көншітпейтінін көріп, жанымыз жабырқайды. Қазақстандағы орыс мектептерінде қазақ тілі 1958 жылдан бастап тұрақты түрде оқытыла бастаған екен. Алпыс жылдан асқан тәжірибе бола тұра, әлі күнге дейін орыс мектептерін бітірушілердің арасында қазақ тілін еркін меңгергендер саны аз. Оқушылар да, мамандар да қазақ тілін оқыту әдістемесінің сапасына қатысты сын айтады. Жаңа оқулықтар жылда шығады,  қаражат бөлінеді,  әдістемелер, жаңа контенттер толып жатыр. Бірақ балаларымыздың қазақшасы бәрібір нашар. Әрине,   мектептерде  әртүрлі іс-шаралар өткізілмейді емес, өткізіледі, бірақ олар баланың санасына қаншалықты сіңісуде  деген сұраққа қатты қиналамыз. Оқулықтардың сапасы сын көтермейді. Жаттығулары өте күрделі. Қарапайым ауызекі сөйлеу дағдысы қалыптаспаған балаға үйіп-төгіп қиын грамматикалық тапсырмалар беріледі. Мағынасы ауыр өлең-тақпақтарды айтпай-ақ қояйық.

Бұл мәселені шешудің мынандай жолдарын ойластыруды ұсынамыз:

Біріншіден, оқушылардың қазақша еркін сөйлеп, қазақ тілінде өз ойын еркін жеткізе алуы үшін мұғалімдер тарапынан айтылым тапсырмаларын  сабақ үдерісінде жиі қолдану, оқушының ауызекі сөйлеуіне басымдық беру, осыған қол жеткізуге мүмкіндік жасайтын әдіс-тәсілдерді әзірлеу;

Екіншіден, қазақ тілі оқулығындағы айтылым, оқылым, жазылым, тыңдалым тапсырмаларының тақырыптарға сай келуін бір жолға қою.

Үшіншіден, қазақ тілін еркін меңгеріп, күнделікті өмірге толыққанды енгізу үшін әр мектепте тілдік орта құру. Бұл орайда Назарбаев зияткерлік мектептеріндегі тілдік ортаға бойлау сыныптарының іс-тәжірибесін әр мектепке енгізуді қарастырған жөн болар еді.

Түптің түбінде қазақ тілінің қазақстандықтардың ортақ тіліне, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын уақыты келеді. Қазірше оны қолдан жылдамдатудың, осы мәселені оңайлатудың қажеті жоқ. Бірақ сол мақсатқа бастайтын қадамдарды осы бастан қолға алу қажет. Ал оны алдымен қолға алатын да, алдымен жүзеге асыратын да – мектеп.

Құрметті Асхат Қанатұлы! Біз қазақ тілінің орыс тілді мектептерде оқытылу сапасына мемлекеттік деңгейде мән берілуі міндетті деп санаймыз. Осы депутаттық сауалымызда көтерілген мәселені барынша жан-жақты қарастырып, заңда көзделген тәртіп бойынша жауап қайтаруыңызды сұраймыз.