Дементьева
Наталья
Григорьевна

VIII сайланған
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі

Депутатқа хат
«Қазақ тілі» пәнін оқытуды жетілдіру жөнінде жазған депутаттық сауалға жауап

2021 жылғы 10 ақпандағы

№ ДС-37 хатқа


Құрметті депутаттар!

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Cіздердің қазақ мектептері және «Қазақ тілі» пәнін оқытуды жетілдіру жөнінде жазған депутаттық сауалдарыңызды қарастырып, қосымшаға сәйкес ақпаратты жолдайды.

Қосымша: 2 бет

  

  Министрдің міндетін атқарушы                 Ш. Каринова


Білім беру ұйымдарында мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілінің оқыту сапасын арттыру, оны қолдану мен дамыту міндеттері басты мәселелердің бірі. Елімізде қазақ тілінде оқытатын мектептер және білім алушылар саны ұдайы өсуде. Атап айтқанда, ана тілінде оқитын ұлты қазақ балаларының саны бүгінгі таңда 85 %-ды құрайды (ұлты қазақ балалар - 2 568 068, 2 173 141-і қазақ тілінде оқиды), бұдан басқа 50 мыңнан астам өзге ұлт өкілдерінің балалары қазақ сыныптарында білім алуда.

2020-2021 оқу жылында елімізде 6 957 мектеп, оның ішінде 3733 мектеп қазақ тілінде, 1160-ы орыс тілінде, 2047-і аралас тілдерде, 17 мектеп өзбек, ұйғыр тілдерінде оқытуда. Соңғы бес жылда қазақ тілінде білім алушылар санының көбеюіне байланысты аралас тілде оқытатын мектептер саны артуда және аралас тілде білім беретін мектептер бірте-бірте қазақ тіліне қарай дамуда (аралас тілді мектептердегі білім алушылардың 50 %-ы қазақ тілінде, 44 %-ы орыс тілінде, 6 %-ы өзбек/ұйғыр/тәжік тілдерінде білім алады).

«Шет тілін меңгерудің жалпыеуропалық құзыреті» негізінде әзірленген қазақ тілінің деңгейлік оқу бағдарламалары 2010-2011 оқу жылынан бастап оқу процесіне енгізілді. Алайда, қолданыстағы оқулықтардың деңгейлік бағдарламаларға сәйкес келмеуі оқушылардың қазақ тілін тиісті деңгейде меңгеруіне қиындық туғызып келді.

Осыған орай, Министрлік тарапынан мемлекеттік тапсырыс негізінде
2016 жылы алғаш рет қазақ тілін оқыту әдістемесіне базалық негіз болған «Жалпы білім беруге арналған қазақ тілінің жиілік сөздігі» әзірленді.

Жиілік сөздік ең жиі қолданылатын сөздерден бастап қолданыстағы ең аз сөздерге дейін құрылған. Жиілік сөздік негізінде жаңартылған оқу бағдарламасының тақырыптарына сәйкес орыс, өзбек, ұйғыр, тәжік тілдерінде оқытатын мектептерде қазақ тілін оқытудың лексика-грамматикалық минимумы бекітілді. Бірінші деңгейде балалар қарым-қатынас үшін ең қажетті сөздер мен сөз тіркестерін меңгеретін болады. Келесі деңгейлерде біртіндеп сөздер саны артады, сөз тіркестері мен сөйлемдер күрделенеді. Қазіргі уақытта, 1-11 сыныптарға арналған «Қазақ тілі мен әдебиеті» оқулықтары осы лексика-грамматикалық минимумдар негізінде жазылуда.

Сіздердің ұсынған қазақ тілін еркін меңгеріп, күнделікті өмірге толыққанды енгізу үшін Назарбаев зияткерлік мектептерінің тәжірибесіне сүйеніп, мектептерде тілдік орта құру жайлы ұсыныстарыңызды қолдаймыз. Бұл бағытта бірқатар жұмыстар атқарылып жатыр, атап айтқанда, «Бір ел – бір кітап», «Кітап оқу сағаттары» және т.б. жобалар жүзеге асырылуда.

Сонымен қатар, қазақ тілін дамыту мақсатында «Оқуға құштар мектеп» жобасы шеңберінде білім беру ұйымдарының кітапханаларын көркем және қосымша әдебиеттермен толықтыру, оларды цифрландыру іске асырылуда, міндетті оқуға ұсынылатын көркем шығармалар тізбесі қалыптастырылуда. Жоба шеңберінде мемлекеттік тілдегі классикалық және қазіргі заманғы әлем әдебиетінің қолжетімділігін қамтамасыз етуге ерекше назар аударылатын болады.

        Қазіргі таңда, 2023 жылдан бастап 12 жылдық білім беруге кезең-кезеңімен көшу бойынша жұмыстарды жүргізу шеңберінде барлық оқу бағдарламаларының мазмұны қайта қаралуда.

«Қазақ тілі» пәнінің оқу бағдарламасына грамматикалық тақырып пен сол тақырып аясында қарастырылатын грамматикалық материалдар енгізілуде. Лексикалық тақырыпты грамматикалық тақырыппен сәйкестендіру, грамматиканы жүйелеу, оны  меңгертуге басымдық беру, «шиыршық қағидаты» тұрғысынан қайта қарау жұмыстары жүргізілуде.

«Қазақ әдебиеті» пәнінің оқу бағдарламасында шығармалар мазмұны ауыстырылып, әлемдік әдебиет шығармаларын енгізіліп, оқу мақсаттары жетілдірілуде.

        Осыған орай, Министрлік оқу пәндерінің құрылымын талқылау барысында қазақ тілін оқыту бойынша берген ұсыныстарыңызды назарға алатын болады.