Мәжілісте ауқымды мәселені талқыға салған Парламенттік тыңдау өтті.
Ол мыңдаған қазақстандықтарды мазалап жүрген «Халықтың шамадан тыс кредит алуының негізгі мәселелері және жеке тұлғалар банкроттығының проблемалары» туралы болды.
Тыңдауға Үкімет мүшелері, агенттіктер мен құзырлы мекемелер басшылары арнайы шақырылды.
Соңғы жылдары біз ел азаматтарын несиелендіру деңгейінің тым артып кетуі жағдайына тап болдық.
Қазіргі таңда халықтың 84 пайызында, яғни 8,4 миллионнан астам адамның қарызы бар екен. Соңғы бір жарым жыл ішінде бұл көрсеткіш 27 пайызға өскен. 90 күннен кешіктірілген қарыз көлемі –шамамен 1,4 трлн. теңгені құрайды. Яғни, 1,7 миллион адам қарызын уақытылы төлей алмай отыр деген сөз. Осының бәрі несие проблемасының қаншалықты асқынып кеткенін көрсетеді.
Микроқаржы ұйымдарының қарыздары проблемалық қарыз алушылардың негізгі көзі болып табылады.
Осыған орай бүгінгі Парламенттік тыңдаудың нәтижелері бойынша банктер, микроқаржы ұйымдар мен коллекторлық агенттіктердің қызметін реттеу және жеке тұлғалардың банкроттығы мен алаяқтыққа қарсы іс-қимыл бойынша бірқатар ұсыныстар ұсынылды.
Атап айтқанда:
- 90 күннен астам мерзімі өткен берешегі болған кезде азаматтарға тұтынушылық қарыздар беруге тыйым салу;
- банктер мен микроқаржы ұйымдарының жеке тұлғалардың кредиттерін коллекторлық агенттіктерге сатуына тыйым салу;
- коллекторлардың бұрын берілген кредиттер бойынша реттеу рәсімін жүргізу міндетін енгізу;
- кредиттері бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің шекті мәнін 42 % деңгейіне дейін төмендету;
- барлық қолданыстағы тұтынушылық кредиттерге, оның ішінде 2022 жылғы 1 шілдеге дейін жасалған қарыздарға 90 күнге мерзімін өткізіп алғаннан кейін сыйақы есептеуге тыйым салу;
- кәмелетке толмаған балалары бар отбасыларға жылу беру маусымында жалғыз тұрғын үйден шығаруға тыйым салуды белгілеу және т.б. ұсыныстар.