ЕСПАЕВА
Дания
Мәдиқызы

VIII сайланған
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Төрағасының орынбасары

Депутатқа хат
ЖАЛПЫ ОТЫРЫС

Бүгінгі Мәжілістің жалпы отырысында әлеуметтік маңызды заң жобасын мақұлдадық. 

Ол Мемлекет басшысының тапсырмаcымен әзірленген  «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы».  

Бұл заң жобасында азаматтардың көпшілігін толғандырып жүрген біраз мәселелер қарастырылды.

Оның ішінде, медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілігін міндетті сақтандыру тетігін жетілдіру үшін сақтандыру ұйымдарына сақтандыру жарналарын төлеуді медициналық қызметтер көрсетуге арналған тарифтерді ұлғайту есебінен денсаулық сақтау субъектілері ғана жүзеге асыратындығы туралы норма енігізілді.

Пациенттердің өтініштерін қарау тәртібі аясында тәуелсіз сараптама жүргізу талабы көзделді, оның қорытындысы сақтандыру жағдайының басталу фактісін растау үшін ғана қолданылатын болады.  

Сондай-ақ, сақтандыру фактісі расталған кезде сақтандыру төлемдерінің мөлшері нақтыланды, ол пациенттің өмірі мен денсаулығына зиян келтіру дәрежесіне байланысты болмақ.

Және осы сала қызметкерлерінің әлеуметтік кепілдіктерін күшейту мақсатында мектепке дейінгі балалар ұйымдарында орын бөлу кезінде медицина қызметкерлерінің балаларына басым құқық беру,  қызметтік міндеттерін атқару нәтижесінде қаза тапқан немесе мүгедектігі белгіленген медицина қызметкерлерінің балаларына жоғары оқу орындарына мемлекеттік білім беру грантын бере отырып, конкурстан тыс қабылдау және медициналық мамандық бойынша әскери қызмет өткеру құқығын беру немесе әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру жөніндегі нормалар қаралды.

Бұдан басқа, Президенттің медициналық қызметкерлерді қолдау және медицина қызметкерлерінің мәртебесін арттыруға қатысты берген тапсырмасына орай, біржолғы 500 айлық есептік көрсеткіш көлемінде төлей отырып, «Мамандықтың үздігі» атағын беру қарастырылған.

Ауылға жұмыс істеу үшін келетін медицина қызметкерлеріне 100 ең төменгі жалақы мөлшерінде біржолғы ақшалай төлемді жүзеге асыру жөніндегі нормалар қабылданды.

Бұнымен қоса  заң жобасында вейптерді әкелуге, өндіруге, сатуға және таратуға толық тыйым салынды.

Бұдан басқа бүгін депутаттарымыз өздері бастамашы болған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне байланыс, цифрландыру және ақпараттандыру саласындағы инвестициялық ахуалды арттыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын мақұлдадық. Онда байланыс саласын дамыту, цифрландыруды ұлғайту, инновацияларды қолдау қарастырылып, салалық шешімдерді цифрландыру үшін құқықтық жағдайлар енгізілмек.

 Жалпы айтқанда, байланыс желілерінің құрылысы жеделдетіліп, қызмет сапасы жақсарады, қамту аймақтары кеңейіп, абоненттер саны артады, операторлар арасында бәсекелестік дамиды.

Жаңа спутниктік байланыс жұмыс істей бастайды және инвестициялық ахуал жақсарып, экономикадағы инновациялардың үлесі артатын болады.

Бұл заң жобасы еліміздегі цифрлық дамуды құқықтық сүйемелдеу бөлігінде Мәжіліс жүргізетін жүйелі жұмыстың бір бөлігі болып табылады.